- Руханият
- 02 Ақпан, 2023
Мүмкіндік шектеліп қалмайды
Алматы қаласының іскер әйелдер қауымдастығы «MamaPro» қоғамдық қорымен және «ICF-Kazakhstan» қоғамдық бірлестігімен бірге ерекше баласы бар аналарға арналған «Әйелдер әйелдерге» атты әлеуметтік жобасын бастады. Алматы қаласында 22 азаматша менторлар мен коучтардың көмегі арқылы жеке кәсібін бастауға және жұмысқа тұруға мүмкіндік алды.
Жоба бірнеше кезеңнен тұрады: 2022 желтоқсаны – қатысушылар іріктелді. Белсенді кез – 2023 жылғы қаңтар мен сәуір аралығы, бұл айларда әйелдерге менторлық жетекшілік пен коучингті кәсіп иелерінің өздері жүргізеді. Жобаға қатысушылар кәсіпкерлік қызметтің негіздерін оқып, психологиялық қолдаудан өткенін атап өткен жөн. Мұнымен қатар ерекше баласы бар аналарға жеке кәсібін ашуға арналған шеберлік сабақтар мен заң тұрғысынан кеңес алу ұйымдастырылады. «Жоба екі бағдарламадан тұрады. Бастаманы қолға алушылар үш ананы жұмысқа тұрғызуды өз мойнына алады және қалған он тоғызы оқудан кейін өз бизнесін бастауға дайын болады деп үміттенеміз. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді тек жұмыла отырып шешуге болады. Инклюзия мәселесіне келгенде елімізде әлі дамытатын, атқаратын іс көп. Егер ерекше балалардың аналары кәсіп ашып, аяғына нық тұрса, онда біз осы жеткіншектер өсіп жатқан отбасындағы әлеуметтік салмақты жеңілдетеміз. «Әйелдер әйелдерге» жобасының мақсаты да осы», – деп атап өтті Алматы қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Наталья Мұхамеджанова.
САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН
296 рет
көрсетілді0
пікір