- Экспорт
- 02 Ақпан, 2023
Қолдау көрсету көлемі артты

Жедел деректер бойынша, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткішке – 259,1 млрд теңгеге жетті. 2021, 2020 жылдары бұл көрсеткіш 204,7 млрд теңгеден және тиісінше 134 млрд. теңгеден аспаған болатын. Ұсынылған экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 20,02 млрд теңгені құрады.
«KazakhExport» басқарма төрағасы Аслан Қалиғазиннің айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрақсыз экономикалық жағдайға байланысты көптеген елдердің экспорты айтарлықтай төмендеді, екінші жартыжылдықта қазақстандық компаниялар өзгерістерге бейімделіп, өздерінің сыртқы сауда операцияларын қалпына келтіре алды. «2022 жылы KazakhExport 80 экспорттаушыға қолдау көрсетті. Олар 526 шетелдік сатып алушымен сауда қатынастарын орнатты. Қазақстандық экспортқа қолдау көрсетуге бюджет қаражатын пайдаланбай, «KazakhExport» сақтандыру өтемімен қаржы институттарынан 166,2 млрд теңге сомаға қаражат тартылғанын атап өткен жөн», – деді Аслан Қалиғазин.
Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзербайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия және Түркия сияқты елдер бар. Салалар бойынша тамақ өнеркәсібі – 42% (май-тоң май өнімдері, сусындар, тұз, ұн, жарма, крахмал, кондитерлік, шұжық және ет өнімдері). Машина жасау мен металлургияға 24,4% және тиісінше 14,4%, көрсетілетін қызметтер экспортына – 5,3%, химия өнеркәсібінің тауарларына – 3,4%, агроөнеркәсіптік кешен өнімдеріне – 2,4% келеді.
АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

43276 рет
көрсетілді0
пікір