• Қаржы
  • 02 Ақпан, 2023

Өнімдер бағасы қатаң қадағалануы тиіс

Исатай  ҚАМБАРОВ,

журналист-сарапшы

e-mail:isakambar@list.ru

Өткен сенбіде премьер-министрдің орын­басары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мал шаруашылығы сала­сындағы кәсіпорындар басшыларымен кездесті. Фермерлер өздерін толғандырған мәселелерді тілге тиек етті. Сала еңбеккерлері бізге субсидия емес, өнімдеріміздің әділ бағаланғаны қажет деп талап қойды.

Кездесуге ет нарығының технологиялық тізбегі бөліктерін құрайтын барлық өндірістер мен ұйым­дардың: салалық бірлестіктердің және Сауда жүйелері одағының, тұқым репродукторлары мен бордақылау алаңдарының («Азат Агро» ЖШС, «Актеп» ЖШС, «Терра» КТ, «Атамекен-Агро» ЖШС), ірі қара мал өсіру, етті қайта өңдеу және консервілеу («Кублей» ЖШС, «BeefExportGroup» ЖШС, «Астана Агропродукт» ЖШС, «БИЖАН» ет өңдеу зауыты), мұздатылған өнімдер («Meat Processing Group» ЖШС), «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік органдар өкілдері келді.

Серік Жұманғарин мал шаруашылығы бизнесі өкілдерін саладағы негізгі мәселелерді атап көрсетуге шақырып, өз көзқарастарымен бөлісуді ұсынды. «Биыл біз Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесі арқасында жүзеге асқан сүт, құс еті мен көкөністер бойынша еліміздің ішкі қажеттіліктерін жабуды, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылдары мал шаруа­шылығы бойынша жобаларды қарастыруға дайынбыз. Сосын даму векторын айқын белгілеу үшін бізге сіздердің нақты сараптамаларыңыз қажет», – деді ол.

Ет өндірушілер одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев 2008 жылдан елімізде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыта бастағаннан мал бордақылау алаңдарын құру және шағын фер­мерлік шаруашылықтарды қолдауға дейінгі саланың қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері туралы айтып берді. «Соңғы үш жылда біз осы салада белсенділіктің шамамен 80%-ға жуық төмендеуін, сондай-ақ инвестиция тартымдылығының да айтарлықтай құлдырауын байқап отырмыз. Мал сатып алу шамамен бес есе азайған, кәсіпорындардың үштен бірі тоқтап тұр, қалғандары сатып алатын мал басының көлемін кәдуілгідей төмендеткен, ет комбинаттарының көбісі жұмыс істемей, тоқтап қалған. Негізгі себеп – мал мен етті экспорттауға шектеу қойылуы. Экспорттың – тірі күйдегі және ет түрінде, ет баламасында 80 мың тонна экспортқа шығарылған пандемияға дейінгі 2019 жылы тарихи максимумына қол жеткізілген болатын. Экспортты шектеу мен пандемияның салдары, бәрі-бәрі ішкі нарыққа қысым жасады, көтерме баға 20%-ға құлдырады және тізбе бойынша толқын шарпып өтті: экспорт жоқ – нарыққа қатысушылардың фермерлерден мал сатып алуға мүмкіндіктері болмады, мал басы азайып кетті – бизнесмендердің көпшілігі бұл істі тастап кетті. Мәселені түбегейлі шешетін мезгіл жетті. Біз субсидиясыз жұмыс істеуге дайынбыз, егер экспорт тұрақтылығы қалпына келсе және валюталық түсім орнықтаса», – дейді одақ басшысы.

Оны «Актеп» компаниялар тобының басшысы Нұрлан Сағыналин де қолдады. «Саламыздың дамуы үшін бізге субсидия емес, бағалардың әділ болуы қажет. Ол үшін не істеу қажет? Бірнеше нұсқасы бар: экспортты шектемеу керек, тірілей мал экспортына мүмкіндік беретін және жоғары бағамен сауда жасайтын топ-10 елге етімізді экспортқа шығаруды жан-жақты талдап беретін SWOT-сараптама қажет. Арзан мал азығы керек. Тек мал шаруашылығында ғана емес, көкөніске қатысты да статистика бойынша шешімін күткен мәселелер жеткілікті», – дейді ол.

Осы кездесудің қорытындысы бойынша оған қатысушылар мал шаруашылығы сала­сының өкілдері қысқа мерзімде саланың негізгі мәселелерін айқындап, өз ұсыныстарын түзеп жүйелеуге келісті. Олар үкімет деңгейінде қарас­тырылатын болады.

Сондай-ақ сенбі күні Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте сауда және инте­грация, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, әкімдіктердің өкілдері өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Облыстар бөлінісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы жыл басынан бері Маңғыстау өңірінде ең көп өскен (2,9%-ға), онда осы қатарға енетін 10 өнім түрі қымбаттаған. Сондай-ақ Ұлытау облысында (2,6%) және Астана қаласында ( 2,1%) ең нашар көрсеткіштер тіркеліпті.

Сауда комитетінің мәліметінше, бағаны ұстап тұру жөніндегі өңірлік комиссиялар басы артық делдалдарды анықтауда нақты нәтижелер көрсете бастаған. «Алматыда «Жұлдыз» және «Арыстан» азық-түлік базарларында басы артық делдалдардың тізбегі мен сауда үстемесін 15%-дан асырып жіберу фактілері анықталды. Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша базарлар басшылығы өз аумағына қосалқы делдалдарды жібермеуді, сол арқылы бағаның өсуіне әкелетін заңсыз әрекеттерді жоюды тапсырды», – деді сауда комитеті төраға­сының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.

23861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы