• Бизнес & Қоғам
  • 02 Ақпан, 2023

Самұрық-Қазына: Кадрлық саясат қалай жүзеге асуда?

Соңғы жылдары «Самұрық-Қазына» қорының қызметі өзекті мәселеге айналып, жиі талқыға түсіп жүр. Әл-ауқат қоры тиімді операциялық орта құрып, ұтымды корпоративтік басқарудың орнына бұрынғысынша портфельдік компаниялардың операциялық және сатып алу жұмысына, кадр саясатына тікелей араласып отырғанын мемлекет басшысы қатаң сынға алған болатын. 

Президент қордың мемлекеттік сатып алу жұмысына көңілі толмайтынын айтқан. «Мемлекеттік сатып алудың ашықтығы жөнінен әзірге шынайы өзгерістерге қол жеткізіле қойған жоқ. Сонымен бірге бұл тендерді ашық өткізуге байланысты. Әдетте белгілі бір компаниялар ғана тендерді ұтып, кейін жұмысты қосалқы мердігерлерге береді. Бұл жұмыстың сапасына, баға өлшемдеріне қатты әсер етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан кейін де президент қорға қарасты ұлттық компаниялар­дың жұмысы әлі де тиімсіз сипаттан арыл­мағанын, ұлттық және квази­мем­лекеттік компанияларда әкімшілік шығыстар көлемді мөлшерде сақталып отырғанына назар аударып, «Самұрық-Қазына» басшылығының кемшілігін атап көрсетті.
Сын-ескертпелерден нендей нәтиже шығарылғанын, тапсыр­малардың қалай орындалып жат­қанын қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов баяндады. Ол 2022 жылғы жұмыстың қорытындысы мен ағымдағы жылғы жоспарлар жөнінде ақпарат ұсынды. 
Айтуынша, 2022 жылы компаниялар тобындағы басқарушы директорлардың саны екі есе қыс­қарған. Қалған бес басқарушы директордың үшеуі ауысқан. Осылайша үш басқарушы директор президенттік жастар кадрлық резервінен тартылды. Бір жылдың ішінде қорға қарасты «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Qazaq Air», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Қазына Өндеу» сияқты ұйымға 8 жаңа басшы келген. Жалпы былтыр қор тобындағы компанияларда жұмыс істеп жүрген 10 шетелдік басшының орнын жергілікті мамандар басқан. Сондай-ақ директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны бір жыл ішінде 23-тен 14 адамға немесе 40% қысқарды.
Ғибрат Ауғанов былтырдан бас­тап басшылық қызметке үміт­керлерді тағайындамас бұрын оларды шындық детекторынан өт­кізу міндеттелгенін жеткізді. Мұндай тексерістен негізінен сатып алу жұмысына қатысты мамандар өткен көрінеді. Оның қорытындысына қарасақ, қорға қарасты 52 компанияға жұмысқа тұруға өтініш білдірген 133 үміткер шындық детекторы арқылы сынаққа тартылып, 27-сі сынақтан өтпегендіктен жұмысқа қабылданбаған.
Сөйтіп, қысқартулардан үнем­делген қаражат жалпы ұжымның еңбекақысын көтеруге бағытталыпты. Ғ.Ауғановтың айтуына қарағанда, 243 мың адамның жалақысы 5-48 пайыз аралығында өскен. Әсіресе жалақысы төмен лауазымдарға баса назар аударылған.
Қор былтыр Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық жобалары арқылы ел аумағында 43 әлеуметтік бастаманы жүзеге асырып, 500 мыңға жуық адамға көмектескені айтылды. Сол жобаларды іске асыру үшін қордың қайырымдылыққа бөлетін бюджеті 40 пайыз, яғни 10 миллиард теңгеге дейін артқан. Осы жобалар аясында республика бойынша 624 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл сомаға «Қазақстан халқына» қорына аударылатын қаражатты қоссақ, қайырымдылыққа бөлінетін қаражаттың жыл сайынғы көлемі көбейіп отыр. «Биыл бұл жұмысты жалғастырамыз, сонымен қатар таза пайданың 7 пайызына дейінгі қаражатты «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аударамыз. Бұл сома шамамен 130 млрд теңгені құрайды, яғни қайырымдылыққа бөлетін бюджет кем дегенде 13 есе өседі», – дейді ол. 
Еңбекті қорғау тақырыбына келсек, қор өзіне қарасты өндіріс ошақтарында еңбек қауіпсіздігін жетілдіруге назар аудара бастаған. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы үшін 2022 жылы жарияланған «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау жылы» аясында еншілес компаниялар қормен бірлесіп көптеген жұмыс атқарды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда жұмыста жарақаттану көрсеткішін 16% төмендетті. Қор Вижн Zero халықаралық концепциясына қосылды. Өнеркәсіп қауіпсіздігін басқару жүйесін дамыту басталды. Еңбек жағдайын жақсарту бойынша шеберлік са­бақтары, жаттығулар мен курстар тұрақты өткізіліп тұрады. Қордың және өндірістік кәсіпорындардың басшылары әлемдік озық тәжірибені енгізе отырып, кәсіпорындарда жарақаттануды мүлдем болдырмауға ұмтылу туралы міндеттемеге көпшілік алдында қол қойды.
Қоғаммен байланыс саласында ашықтық қағидаты енгізіліп, өткен жылы «Самұрық-Қазына» қорында қоғамдық кеңес жұмысын бастады. Бүгінге дейін 13 отырыс өткізілді. Оларға 230 қазақстандық жетекші-сарапшы қатысып, қор басшылығына 118 ұсыныс берді. Қазір ұсыныстардың басым бөлігі қарауға алынған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

35147 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы