• Бизнес & Қоғам
  • 02 Ақпан, 2023

Туризмді тұрақты дамыту – басымдық берілген бағыттардың бірі

Жетісудың табиғи-климаттық жағдайы туризмді өркендетуге қолайлы. Соның ішінде рекреациялық, мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорттық, эко- және агротуризмді дамытуға мүмкіндік бар. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, осы мақсатта қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы жылдары да жалғаспақ.

Атап айтқанда, Алакөл және Рай көлдері жағалауларында, Тамшыбұлақ бұлағы, «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында және басқа да танымал туристік орындарда шағын сәулеттік формалар, орындықтар, бағыттағыш белгілер қою, абаттандыру бағытындағы басқа да жұмыстар атқарылады, сол сияқты «Сиверс алмасының гүлдеуі», «Алакөл қанаты», «Koksu Water Fest» сияқты танымал фестивальдер түрінде оқиғалы туризмді дамытуға ден қойылуда. Мәселен, «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту бағытындағы инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Қазіргі кезде онда шолу алаңы, самалжай, кемпингтер, ақпараттық қалқандар, навигациялық бағыттағыш белгілер, құрғақ әжетхана орнатылған. Визит-орталық салына бастады, бұл нысан келесі айда аяқталуы тиіс. Жұмыс аяқталғанда салынған инвестиция көлемі 2 млрд теңге болады деп күтілуде. Жобаның инвесторы мен іске асырушысы – «QazaqGeography» РҚБ мен «Assemtal» ЖШС заңды тұлғалар консорциумы.

Сол сияқты Сарыбұлақ ауылынан «Алтынемел» МҰТП №1 БӨП-ге дейінгі қиыршық-тас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл ретте 2022 жылдан Шеңгелді – Қапшағай автожолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні автожолдың 5 шақырымы жөнделді. Осы жылдың наурыз айынан жөндеу жұмыстары қайта жанданады. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркіне көлікпен баруға қолайлы жағдай жасау үшін ұзындығы 20 шақырым болатын «Тополевка-Жалаңаш» автокөлік жолына жөндеу жүргізілуде. Биылғы жылдың күзінде аяқталатын автокөлік жолына жөндеу құрылысының жұмыстарының жалпы құны – 281 млн. теңге.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы­ның облысқа келген сапарында эколо­гиялық туризмді дамыту, Қора шатқалына туристерге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу туралы берген тапсырмаларын орындау мақсатында Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға бюджеттік тапсырыс дайындалуда. Сонымен бірге Ескелді ауданы мен Текелі қаласы аумақтарындағы «Tekesu Outdoor Сenter» тау-шаңғы курортының іргесін кеңейту жобасын іске асыруға жағдай жасау үшін тау-шаңғы курортына алдағы уақытта шаңғы-биатлон кешенін салуға қажетті инфрақұрылымның құрылысы жөнінде Жол картасы әзірленді.

Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Жетісу облысының туристік әлеуетін ілгерілету үшін қазақстандық және халықаралық туристік көрмелерге, роуд-шоуларға қатысу, отандық және шетелдік туристік компаниялар өкілдеріне арналған В2В форматында воркшоп ұйымдастыру, облыстағы туризм саласы өкілдері үшін оқыту курс­тарын, мастер-кластар, семинарлар өткізу, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Ескелді аудандарындағы, Текелі қа­ласындағы туристік локацияларда, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында ақпараттық турлар ұйымдастыру, сол сияқты балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдау, туристік саланы цифрландыру, брендталған жарнамалық өнімдер дайындау мен шығару жұмыстары жоспарланған.

 

САЯЖАЙЛАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШЕШІЛЕДІ

Талдықорған маңындағы «Үйтас» саяжайының тұрғындары табиғи газбен қамтылады. Бұл – екі мыңнан астам саяжай тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді деген сөз. Сол сияқты наурыз айында Қызылтас және Қаратал саяжайының 6 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізбек. Бұл туралы журналистерге баспасөз мәслихатын өткізген Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев айтты.

«Қаладағы 8-шағын ауданға газ құбырын тарту жұмыстары былтырғы жылдың күзінде басталған, осы жылдың наурыз айында аяқталады деп күтілуде. Сөйтіп, көпқабатты 16 тұрғын үй көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алады. Биыл 2 нысан бойынша жобалау жұмыстары өз мәресіне жетпек», – деп атап өтті Ә.Масабаев.

Айта кету керек, әлі де 4 мыңға жуық көгілдір отынмен қамтылмаған тұрғын үй секторы бар. Бұл Қаратал, Қызылтас, Мерекелік, Балықты, Сарыбұлақ, Алмалы, Ащыбұлақ, 1-бөлім саяжай қауымдастықтары. Жетісу облыстық энергетика басқар­масының мәліметінше, бұл учаскелерге газ тарту бойынша жобалау жұмыстары биыл басталмақ.

Сонымен қатар облыс ор­талығында биылғы жылы 85,2 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарланған. Биылғы жылдың 2-жартысында 141 көшеде ұзындығы 71 шақырым су және кәріз желілерін салу жөніндегі жоба іске асырылады. Сондай-ақ, Ұлан әскери қалашығында, Жастар  және Еркін ауылында желілерді салу және реконструкциялау қолға алынады.

«Ащыбұлақ саяжайында сумен жабдықтау желілерінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, 700-ге жуық тұрғын таза сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, наурыз айында Қызылтас және Қаратал саяжайының 6 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізбек.

 

ТІГІН БҰЙЫМДАРЫМЕН ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ТӘНТІ ЕТТІ

Жетісу өңірінде ұлттық өнерді кәсібіне айналдырған қыз-келін­шектер бүгінде аз емес. Солар­дың бірі – текелілік Қарлығаш Долашева мен Жазерке Мұсабекова. Текелі қалалық әкімдігі анасы мен қызының «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грантқа ие болып, цехқа қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарын толықтырып, өз істерін ашқанын айтады. Ал сарқандық Назигүл Батырхан алғашқы тігін өнерін құрақ көпеден бастап, қазір өз қолымен тігілген үй интерьерін безендіруге арналған стильді аксессуарларын тұтынушыларға ұсына бастады.

Тігін шеберлері жеке іс ашудың алғашқы баспалдақтары қалай басталғанын айтып берді. «Құрақ құрау, текемет басу, сырмақ тігу сынды ұлттық дәстүрімізді бала кезден бойымызға сіңіріп өстік. Апаларымызға қолғабыс етіп, тігін техникасын үйрендік. Жалпы тігін тігу шеберлігі – маған анамнан дарыған өнер. Алғашында тек үйде тапсырыс қабылдап, кейін халықтың көңілінен шығып, сұраныс ұлғайған соң тігін шеберханасын ашу туралы ой келді. Қызым да менің бастамамды қолдап, өз кәсібімізді жолға қою үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға сұраныс білдірдік. Ұсынған жобамыз жеңіске жетіп, өз ісімізді бастап кеттік. Шеберханада 6 адам жұмыс істейміз. Құрақтың түрлі өрнектерін айшықтап, тұтынушы­ның талғамына сай тапсырыстар қабылдаймыз. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы бұйымдарымызға, әсіресе, қыз жасауы мен көрпеше, жастық, қоржындарға сұраныс жоғары», – дейді Қарлығаш Долашева.

Анасына қолдау жасап жүрген жас кәсіпкер Жазерке Нағызбекқызы құрақ тігу өнерінің қыр-cырын жақсы меңгеріп келеді. «Жаңадан кәсібін ашып, бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, сатуды жолға қою – мұның бәрі оңай шаруа емес. Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Бізде анаммен бірге кәсіп ашу туралы шешімге келіп, өз ісімізді аштық. Әрине, алғашқы айларда бірқатар қиындықтармен кезігіп, сол арқылы біраз тәжірибе жинадық. Қазір жаңа технологиялардың заманы. Мен анама тек тігін тігу жағынан ғана емес, дайын өнімдерін әлеуметтік желілерге орналастыруға да көмектесемін. Жарнама нарығын да зерттеп, халыққа қолайлы қызмет түрін ұсынуға күш салудамыз. Қолөнер орталығымызда түрлі заманауи үлгідегі материалдарды пайдалана отырып, той-томалақ­тарға арналған сый-сыяпаттарды да дайындауға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ тігіншілеріміздің жұмысын жеңілдету мақсатында құрал-жабдықтарымыздың қорын кеңейту қажеттілігі де туындап отыр. Цехта әртүрлі бұйымдарды жедел әзірлеу үшін жаңа станоктар мен дәнекерлеуші лазер құрылғылары қажет. Сол мақсатта тағы бір мем­лекеттік бағдарламаға қатысып, нәтижесін күтіп отырмыз. Халық алғысын алу, өз ісіміздің нағыз шебері атану – басты мақсатымыз. Сол бағытта аянбай еңбек етуге әзірміз», – деді ол.

Шеберхана ұжымының  өнімдері тек Текеліде ғана емес, туристердің де арасында сұранысқа ие. Мәселен Түркия, Германиядан келген қонақтар қазақи нақыштағы бұйымдарға тапсырыс беріп, қызығушылық танытқан. Шет елдерге кәдесый ретінде ұлттық бұйымдарын алатын тұрақты тұтынушылары да аз емес. Нарықта өздерін орнықтырып келе жатқан қолөнер шеберханасының ұжымы жуырда облыс орталығында өткен іскер әйелдердің өңіраралық форумына қатысып, «Құрақ көрпе» номинациясы бойынша арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталған.

Дәл осы форумда «Құрақ көрпе» аталымы бойынша марапат алған тағы бір қолөнерші – Назигүл Батырхан. Алғашқы тігін жұмыстарын құрақ көрпе тігуден бастаған көп балалы ана тауар түрлерін бірте-бірте көбейте түсті. Қазір тұтынушыларға үй интерьерін безендіруге арналған стильді аксессуарлар ұсына бастады. Солардың бірі – «Үй тұмары». Ұлттық тұмарлар Назигүлдің тігін өнеріндегі өзіне тән ерекшелігі десе де болады. Олардың әрқайсысы тек түс үйлесіміне ғана емес, сонымен қатар семантикалық мазмұнымен де өзгешеленеді.

Алдымен Назигүл тек өзінің отбасы мен туыстары үшін тігетін, бірте-бірте сүйікті ісі табыс әкелетін шағын бизнеске ұласты. Әзірге тапсырыс­тар өзі тұратын Сарқан қаласының тұрғындарынан түседі, бірақ ісін жаңа бастаған әйел мұнымен шектелмек­ емес. Бірінші кезекте Сарқан ауда­­нының іскер әйелдер кеңесінің құрамына кіріп, әріптестерін нәтижесімен қуантты. Жақында Талдықорғанда өткен «Өңірдің тұрақты дамуындағы әйелдер бас­тамалары» атты өңіраралық іскер әйелдер форумына қатысып, өз жұмыстарын таныстырып, форум аясында ұйымдастырылған «Құрақ көрпе» байқауының жеңімпазы атанды. 100 мың теңгенің сертификаты мен дипломын алып, лайықты марапатқа ие болды. Жалпы бұл байқауға Жетісу облысы мен Алматы облысының 57 қолөнершісі қатысып, 150-ден астам жұмыс ұсынылған болатын.

«Тігін цехын ашуды армандаймын, онда көрпеден бөлек, түрлі ұлттық киімдер мен үйге арналған әшекейлер жасайтын боламын. Осылайша дәстүрлі қазақ қолөнерін сақтауға және құрақ тігуді насихаттауға үлес қоссам деймін. Қазір балаларға арналған ұлттық киімдер мен үйге матадан жасалған тұмарлар тігемін. Олар ұлттық өрнектермен, ашық түсті моншақтармен, үкі қауырсындарымен безендірілген түрлі пішінде, әрқилы түсте дайындалады. Мысалы, шаңы­рақ немесе домбыра түріндегісі де бар. Бұл жай ғана безендіру емес, табысқа жеткізетін, өркендеуге бастайтын, сондай-ақ жағымсыз энергиядан қорғайтын тұмарлар деуге болады. Себебі, адамның өз қолымен жасаған заттарында қол еңбегі ғана емес, өнерпаздың рухани энергиясы да мөрленіп тұрады», – дейді Назигүл Батырхан.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

35046 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы