- Аймақ тынысы
- 02 Ақпан, 2023
Инвестиция игілігі
Ақ Жайық өңірінде еліміздің сүт белдеуіне айналуға ұмтылыс бар. Дүниежүзіндегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орны – Қарашығанаққа малданып, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын түсініп, экономиканы әртараптандыруға бағыт ұстаған елдің тірлігі бұл. Етті мал өсіруге қолайлы облыста сүтті сиыр ұстап, оның өнімін өңдеу арқылы табиғи сүт тағамдарын өндірсек, еш ұтылмайтынымыз айқын.
Теректі ауданының Подстепное ауылдық округіндегі Юбилейный ауылында «Ringo-Milk» ЖШС сүт өндіру кешені жобасы 2018 жылдан бастап қолға алынды. Осы ауылда кәсіпкер Ибрагим Жақсымбетовтың бордақылау алаңы жұмыс істейді. Негізінен етті мал, соның ішінде герефорд, ангус тұқымын өсіретін әке ісін ұлы Айдос жалғастыруда. Қазір тауарлы сүт фермасы жобасын іске асыруға 4 миллиард теңгенің үстінде инвестиция жұмсады. Осылайша «Жас келсе, іске» демекші, жас кәсіпкер зейнеткерлікке шыққан әке ізін қуып, етті және сүтті мал өсіруде. Қос тізгінді тең ұстауға бағыт ұстанған Айдос Жақсымбетов өткен жылдың соңына таман құрылыс жұмыстарының аяқталғанын айтты. Былтырғы қазан айынан бастап жаңа кешенге асыл тұқымды мал басы әкеліне бастады. «Фермамыз 640 бас аналыққа арналған. Гольштейн-фриз тұқымды малдың 332 басы Германиядан әкелінді. Енді қалған жартысын алдырамыз. Мұндай тұқым сүтті, әлем елдеріне сүтті тұқым ретінде танылған. Қазір еуропалық сиырлар жергілікті ауа райына бейімделіп жатыр. Құнажын қашарлардың алды бұзаулай бастады. 70 шақты бұзауға тиісінше жағдай жасалуда. Қалған қашарлар ақпан айының ортасына дейін төлдеп болады», – деді аталмыш тауарлы сүт фермасының басқарушысы Мейірман Арыстанов.
...Атшаптырым ауладағы ең шеткі қорада мал тұрса, ортадағы блок сүт сауу орталығы. Орталыққа таңғы сағат 6-да бір мезетте 40 сиырды айдап әкеліп, сауады. Сиырды кеңес заманындағыдай қолмен күрпілдетіп шелекке саумайды, швециялық «DeLaval» компаниясының заманауи жабдықтарының көмегіне жүгінеді. Ғимараттың екінші қабатына көтеріліп, сүт сауу үрдісін басқаратын орында болдық. Оператор инновациялық сиыр сауу орталығын терезеден қарап отырып, компьютермен басқарады. «Қорадан айдап әкелінген сиырлар айналма шарбаққа өтіп, орындарына тұрады. Сауыншылар малдың желінін майлықпен сүртіп, үрпісіне аппаратты кигізеді. Сүт құбырлармен ағып келіп, танкерге құйылады. Ешкім шелекпен сүт тасымайды. Барлық жұмыс үрдісі компьютермен бақыланады, онда нөмірленген әр сиырдың салмағы, жеген жем-шөбінің шамасы, қанша сүт бергені жазулы тұрады. Басында сиырларды сауын орнына кіргізу қиын болды. Бірақ мал емес пе, біртіндеп үйренді, қазір өздері шұбап келіп, орындарына тұра қалады. Сауылатын уақытта желіндері сыздайтын шығар. Бұл сиырларға айқайлап ұрсуға, таяқпен ұруға болмайды. Өйткені сүті қайтып кетеді», – деді ферма басқарушысы.
Шынында да, ферма ішінде сиырлардың күйіс қайырған дыбысы мен пысылдап демалғаны болмаса, бөгде шуды ести алмадық.
Кешенде сауын және төлдейтін сиырлар бөлек тұрады. Сауылған сиырларға құнарлы жем мен шөп араластырылып беріледі. Оған қажетті мөлшерде дәрумендер қосылады. Зеңгі баба түлігінің ащылауына деп тұздар қойылған. Ұңғымадан сорғымен алынатын су жылытылып беріледі. Малдың қасынуы үшін арнайы үлкен щеткалар ілініп қойылған. Сиыр сүйкенсе болды, дөңгелектей зырылдап, денесін қасиды. Осының барлығы сиыр күйінің жақсы болуына, сүтті мол беруіне әсер етеді. Малдың асты аутоматты желімен тазартылады, жем-шөп трактормен салынады. Сиырдың көңі арнайы орынға жиналып, көктемде егістікке тыңайтқыш ретінде пайдаланылады.
Мейірман Үмбетқалиұлының айтуынша, асыл тұқымды қара ала сиырдың шыққан жері Голландия болса, АҚШ пен Канадада оны өнімділігі бойынша іріктеу нәтижесінде гольштейн-фриз тұқымы шығарылды. Ондай асыл малдың ата-тегінің тарихы 2000 жылға кетеді. Әдетте ондай сүтті сиыр күніне үш мәрте сауылады. Сонда бір аналық күніне 70-80 литр сүт береді. Ал жергілікті сүт фермасының басшылығы бір сиырдан жылына 7000 литр немесе 7 тонна сүт алуды жоспарлап отыр. «Ringo-Milk» – біздің облыс бойынша осындай ауқымды көлемдегі, стандартқа сай жабдықталып салынған алғашқы ферма. «Сырт көзге сиырдың барлығы бірдей секілді көрінгенмен, бәрінен бірдей сүт бермейді. Бірақ асыл малдың да ауруы бар, желіні мастит болады, өнебойы бір орында дымқыл жерде тұрған соң, тұяғы осал келеді. Сондықтан фермада 4 ветеринар, екі зоотехник жұмыс істейді. Малдың кетілген тұқайын кесіп, маникюр жасайды, емдейді», – деп әзілдей күлімсіреді Мейірман Үмбетқалиұлы.
Мұнда да сүтті сиырдан туған ұрғашы бұзауды алып қалып, еркегін алты айдан кейін саттыққа шығарады. Бұлардың екі айлық бұзауы жайын малдың алты айлық төлімен пара-пар, ірі келеді. Бұзауды туған бойда енесінен айырады. Оған күніне 8 литр сүт беріледі. Екі ай бойы арнайы орында жеке-жеке бөлек бағылады. Содан кейін салқын жерге шығарылады. Өңкей қара ала, ақ бұзаулар тұрған орынды көрдік. Байқұс бұзаулар енесінің жылуын іздейтіндей көрінді. Біреуіне жақындап жылы сөз айтып едік, қолымызды жалап, сипағанымызды тәуір көретінін байқатты. Мал екеш мал да мейірімге шөліркейді-ау... Ойымызды ферма басқарушысы бұзды: «Ана сиырлар туғалы неміс тілін естіген соң ба, бастапқыда қазақшамызға түсінбей, бағытқа жүрмей қинады. Енді малшыларға бұзауларға қазақша сөйлеңіздер, бағып-қағуларыңызға жеңіл болады деп айтудан жалықпаймын», – деп күлдіртті әзіл-шыны аралас.
Қазіргі кезде тауарлы сүт фермасындағы сиырлар күніне екі рет сауылып, әрқайысы орташа есеппен 40 литрден, майлылығы 4-5%-дан сүт беруде. Бұдан да көп берері сөзсіз. Әзірге жаңа орынға бой үйретуде. Фермаға қалған 340 бас алдағы маусым айында әкелінбек. Алдымен әкелінген малды жергілікті ауа райына үйретіп, жерсіндіруді көздеді. Әрі екінші қораның әлі 30 пайыздай бітпеген құрылыс жұмыстары бар. Соны да толық аяқтау қажет. Серіктестіктің малын күтіп-бағуға осы айналадағы Шаған, Барбастау, Подстепное, Юбилейный ауылдарынан жұмысшылар тартылған.
Аталмыш серіктестіктің бес ауылдық округте (Подстепный, Покатиловка, Шаған, Новопавловка, Ұзынкөл) 4,5 мың га жері бар. Оның ішінде 1000 гектар суармалы жерде алты фрегат, су сорғы стансасы қойылған. Көктемгі-далалық жұмыстарға дайындық басталған. Жалпы 400 га алқапқа жүгері, жоңышқа, арпа, қарабидай, судан шөбі өсіріледі. «Сиырдың сүті – тілінде» деген, малды азықтандыруға, пішендеме дайындау, сүрлем салу арқылы түліктің өнімділігін арттыруға мән-маңыз берілген. Сүтті сиырлар тәулік бойы емес, тек соның 10 сағатын қоректенумен өткізіп, қалған уақытта жатып демалып, сүт жинайды. Бір аналық күніне 30 келі азықты қорек етеді. Осының өзі мал азықтық жем-шөп қорының берік болуын талап етеді. Серіктестікте қажетті техника паркі жасақталған. Алдағы 2024-2025 жылдары сүт өңдейтін шағын зауыт салу жоспарланған. Сүзбе, йогурт, сүт-қаймақ және басқа өнімдер өндірілмек.
Қазір ірі кешенде 50 адам жұмыс істейді. Малшылар мен механизаторлардың жалақысы – 150 мың, мамандардың айлығы – 300 мың теңге. Жұмысшылар жеткілікті дегенмен, әлі де сауыншылар жетіспейді. Өндірілген сүтті өңірдегі ірі жеке компаниялар, «Каверин» жеке кәсіпкерлігі сатып алуда. Өнімнің литрі 350 теңгеден, келешекте сауын сиыр басы өсіп, өнімді өздері өңдейтін болса, баға бұдан төмендемекші. Әсілі, ауылға, мал шаруашылығына озық технологиялардың енгізілуі құптарлық іс. Ол тек еңбек адамдарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды. Сонымен қатар өндірілетін өнім түрлерін молайтуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға көмектеседі. Тоқетерін айтсақ, ауыл дамымай, экономикамыз өрге баспайды. Сондықтан ауыл-аудандарда мұндай өміршең жобалардың көп болғаны жақсы.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы
37403 рет
көрсетілді0
пікір