• Қаржы
  • 02 Ақпан, 2023

БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ ДЕҢГЕЙІ БҰРЫНҒЫДАЙ

Еліміздің бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк пайыздық саясаттың басты құралы болып табылатын  базалық мөлшерлемені өткен жылғы желтоқсанның бесінші жұлдызында жарияланған жылдық 16,75 пайыз деңгейінде сақтау жөніндегі шешімге тоқталды.

Базалық мөлшерлемені бұрынғы  дәрежесінде  қалдыру жөніндегі бұл пәрмен ішкі және сыртқы инфляция­лық үдерістер серпініне, сондай-ақ экономикалық өсу бағытына  қатысты бас банктің жорамал-болжамдарына орай қабылданды. Былтыр осы уақыттағы базалық мөлшерлеме мәні 10,25 пайыз-тын. Мөлшерлеменің бұлайша құбылуына  Еуропаның саяси сахнасындағы тосын өзгерістер салдарынан логистикалық тізбектер құрылымының өзгеріп,  экономикаға теріс ықпалын тигізуі, халықаралық шаруашылық байланыстарда сақталып отырған тәуекелдер себепкер болды. Сондай-ақ фискалдық серпін, тұрақты тауар жеткізу жолдарын қайта бағыттауға байланысты өндіріс шығасыларының өсуі, сыртқы инфляция, оның ішінде Ресей рублі бағамының күшеюі де әсер етпей қалмады. Қазіргі қалыптасып отырған ахуал базалық мөлшерлемені ағымдағы мәнде ұстауды талап етуде.

Енді инфляция мәселесіне келейік. Статистика деректеріне сәйкес өткен жылы айлық инфляция біртіндеп баяуласа да, өзінің орташа жылдық мән­дерінен жоғары күйінде қалды, ал инфляциялық күтулер тең­герімі проинфляциялық бағы­тын сақтады. Инфляцияның биылғы негізгі тәуекелдері сауда құрылымының өзгеруі,  жеделдеген инфляциялық күтулер,  жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуы, әкімшілік реттеу кезеңінен кейінгі тауарлар мен қызметтер инфляциясының артуы, Украинадағы соғысқа қатысты белгісіздік болып отыр. Осы факторларды ескере отырып, құзырлы ұйымдар инфляция болжамын қайта қарады. Базалық сценариде биыл болжам бойынша жыл­дық инфляция 20-21 пайыз дең­гейінде қалыптаспақ. Бағалау бойынша инфляцияның шарықтау шегі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында болады, деп болжанып отыр. Жоғары инфляциялық күту және дезинфляциялық сыртқы орта жағдайында сауданы құрылымдық қайта құру нә­тижесінде үстіміздегі жылға ин­фляция бойынша болжам 11-13 пайызға дейін көтерілді. Ал, алдағы 2024 жылы ішкі сұраныстың өсуіне орай  инфляция 7-9 пайыз шегінде болжануда. Инфляцияның осы бағыты инфляциялық жағдайдың жеңілдеуіне қарай және дәнді дақылдар бағасы тұрақталған cоң тарихи орташа деңгейде оралады, деп күтілуде. Мұның өзі инфляцияның нысаналы бағдарға жетуіне мүмкіндік береді. Өткен жылдың көрсеткіштеріне келсек, желтоқсандағы жылдық инфляция 20,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтер инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі және реттелетін бағалардың баяу өсуі әсер етті. Инфляцияның орнықты бөлігінің жоғары болып қалуы алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетеді. Жыл соңындағы маусымдық факторды ескермегендегі базалық ин­фляцияның жылдық көрсеткіші 22,2 пайызды құрады.

Соңғы деректерге сәйкес ин­фляциялық күтулер қарқыны басым болып отыр. Инфляцияны бағалау 21,3 пайызды құрады. Оған сәйкес  инфляцияның өсуіне сыртқы жағдай мен отын және азық-түлік бағасы себепкер. Ал, сарапшылардың пікі­рінше сыртқы сұраныстың төмен бо­луы мұнай бағасының болашақтағы деңгейіне әсер етіп, экономиканың өсімін тежеуі де ықтимал. Сөйтсе де өткен жылдың қорытындысына үңілсек, жалпы ішкі өнім 3,1 пайызға артқан, бұл жақсы көрсеткіш болып табылады. Іскерлік белсенділіктің өсуіне негізінен елдің тауар өнді­рісіндегі оң қарқын мұрындық болған. Ең көп – 9,4 пайыздық өсімді құрылыс саласы көрсеткен, ал рекордтық астық жинау аясында ауыл шаруашылығы 9,1 пайыздық көрсеткішке қол жеткізген. Қызмет секторы бойынша сауда, көлік және байланыс салаларында өсу байқалған. Осыған байланысты өткен жылғы жалпы ішкі өнім өсімі жорамалшылар болжамынан асып түскен. Бұл кезеңде үй шаруашылықтарының сұранысы оң серпінді  сақтағанымен, халықтың нақты кірістеріне жоғары инфляцияның теріс ықпал етуіне қарай өсу қарқыны баяу болды. Тұ­ты­нушылық кредиттеудің өсуі де сұранысқа әсер етті. Өткен қараша айының соңында тұтынушылық кредиттер жыл басынан бастап 7,6 трлн теңгеге дейін 24,1 пайызға ұлғайды. Бұл орайда ірі банктердің бұқара­­лық ақпарат құралдарындағы жарна­малары тұтынушылық кредиттеудің өсуіне ықпал етті, сөйтіп, бөлшек сауда айна­лымының динамикасы тұрақты өсу қарқынын көрсетті. Сыртқы эко­номикалық ахуалға келсек, өткен жылдың басынан бастап түрлі тауар нарықтарындағы құбылмалылық күшейіп келеді. Көмірсутекті шикі­зат нарығында Brent маркалы мұнай­дың белгіленген бағасы 1 баррель үшін 80 долларға жуық деңгейге дейін 7 пайызға төмендеді. Алпауыт елдер өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділіктің кемуі, АҚШ пен Еуро­падағы рецессия тәуекелдеріне байланысты алаңдаушылықтың өсуі мұнай бағасының өзгеруіне ықпал етті. Мұнай бағасының құбылуына сондай-ақ коронавирусқа шал­дық­қандардың көбеюіне алып келген Қытай шекарасының ашылуы себеп болды. Сарапшылар уәжіне сәйкес  кейіннен  Қытайдың шектеулерді алуы ұзақ мерзімді келешекте әлемдік экономиканың өсуіне түрткі болуы мүмкін. Ал, азық-түліктің әлемдік бағасы ақырындап төмендегенмен, жоғары күйінде қалып отыр. Өткен жылдың сәуір айынан бастап азық-түлік бағасының индексі кеміп келеді, мәселен, желтоқсанда  өсімдік майы, дәнді дақылдар мен ет бағасының төмендеуіне байланысты ол 1,9 пайыз­ға қысқарды. Жылдық мәнде индекс 1 пайызға төмендеді.

Сыртқы инфляциялық ортаның жеңілдеуіне қарамастан, дамыған елдердің  орталық банктері қатаң монетарлық саясат жүргізуде. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропа Орталық банкінің соңғы шешімдері мөлшерлемелерді 4,5 пайызға және 2,5 пайызға көтеруге қатысты болды. Сөйтіп, қаржылық қысымның әлсіреуіне байланысты әлемдік энергетика мен тауар нарықтарында ұзақ уақыт ішінде алғаш рет тұтынушылық инфляция баяулады. Сауда серіктестері болып табылатын елдердің көбінде инфляция бәсеңдеуде. Мәселен, Қытайдағы инфляция желтоқсан айында 1,8 пайызды құрады. Еуроодақта тұтынушылық инфляция энергия бағасының төмендеуіне орай өткен жылғы қараша айында 11,1 пайызға дейін кеміді. Ресейде инфляция 12 пайызға дейін төмендеді. Осыған орай бірқатар отандық сарапшылар осы факторлардың барлығы Қазақстандағы инфляцияны бұға­лықтауға ықпалын тигізеді деген ұйғарымға келді. Алдағыға көз жеткізу қиын болғанымен, бұл жорамалдың негізсіз емес екенін атап өту керек.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

39271 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы