• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 02 Ақпан, 2023

Ашық та айқын қатынас құру жолында

Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру бизнесті негізсіз тексерулерден қорғауға әрекет етеді. Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеу барысы баяндалды. Сонымен бірге министрлер мен әкімдердің өткен жылы қазақстандықтармен кездесулерінің қорытындысы сарапталып, халық ең күрделі деген мәселелердің шешу жолдары барын көруі тиіс деген тұжырым айтылды.

БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ «ТАЗА  ПАРАҚТАН» БАСТАЛМАҚ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келтірген мәлі­меттер бойынша, бүгінгі таңда рет­теудің барлық 44 саласы қаралған, 2 823 нормативтік-құқықтық актіге талдау жасалған. Нәтижесінде мем­лекеттің жаңа реттеуші саяса­ты­ның шарттарына сәйкес келмейтін бизнеске қойылатын 10 108 талап анықталды. Осыған байланысты өткен жылдан бастап заңға тәуелді актілер аясында оларды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осыған ұқсас процесс заңнамалық өзгерістер бөлігінде де жүріп жатыр.

Сонымен қатар реттеу салаларын талдау қорытындысы бойынша Smart Data Ukimet платформасында кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылды, ол реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісі қолданылатын болады. Ол кәсіпкерлерді талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатуды қарастырады.

Сонымен қатар министр 2022 жылы мемлекеттік бақылаудың 35 саласы автоматтандырылғанын, мемлекеттік органдардың 16 ақпарат жүйесі Smart Data Ukimet-ке инте­грацияланғанын айтты. Қалған 35 саланы автоматтандыруды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Өз кезегінде «Атамекен» палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлікті реттеу салаларын талдау жұмысына бизнес-ортадан 100-ден астам сарапшы тартылғанын хабарлады.

Премьер-министр бизнеске әкімшілік жүктемені азайту үшін барлық реттеуші актілер бойынша ауқымды талдамалық жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

«Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар тізілімі жасалды. Оны біз қажет кезде қайтадан қарап, реттеп отыратын боламыз. Бұл жерде «Атамекен» палатасы белсенді рөл атқаруы тиіс. Яғни, орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады», – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар үкімет басшысы мемлекеттік бақылау жүйесінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқанын да айтып өтті. 35 салада бұл жұмыс аяқталды. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға мүмкіндік береді.

«Жалпы «таза парақтан» реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бизнестің тұрақты да табыс­ты қызметіне бірінші кезекте, мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкер­лер осыны сезінулері керек», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, атқарылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты премьер-министр бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету, заңға тәуелді актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату және бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін айтып өтті.

Одан бөлек, Әлихан Смайылов ашықтықты арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын алушыларды іріктеу рәсімдерін одан әрі автоматтандырудың, сондай-ақ әкімдіктер мен министрліктер тарапынан өндірістің, инфрақұрылым мен электр энергиясының негізгі факторларына тең қол жеткізу бойынша жаңа бизнес-жобаларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.

Соңында үкімет басшысы мемле­кеттік органдарды кәсіпкерлердің өтініштері бойынша жедел әрекет етуге шақырды.

«Жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, салықтық әкімшілендіру, сәулет және қала құрылысы салаларында шағымдар саны көп. Жұмыстың жаңа белсенді форматына көшіп, бизнес жиі көтеретін проблемаларды шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», – деді Әлихан Смайылов.

 

ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің хабарлауынша, көшпелі кездесулер аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша, министрлер 216 жеке қабылдау өткізіп, 1498 азаматтың арыз-шағы­мын тыңдаған. Кездесуде 1679 про­блемалық мәселе көтеріліп, оның 1241-і (74%-ы) шешілді. Ал 438-і мем­ле­кеттік органдардың орындауында.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылдың ІІ жартыжылдығында әкімдердің халықпен 19,8 мыңға жуық кездесулері өткізілгенін хабарлады. Олардың барысында тұрғындар әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық ин­фрақұрылым нысандарын салу, эко­логияның жайы, жолдарды жөн­деу, жер мәселелері және тағы басқа сұрақтар бойынша 33,4 мың­нан астам (99%) мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын айтты.

Өңірлерде халықпен кездесулер өткізу қорытындысы туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.

Премьер-министр сұрақтар негі­зінен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, құрылыс, ауыл шаруа­шы­лығы жә­не жер қатынастары, сондай-ақ ба­ға мәселесіне қатысты екенін атап өтті.

«Олардың басым бөлігі министр­лердің халықпен кездесулерінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде шешілді. Ал қалған мәселелер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілді», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, олардың кейбіріне заңнамалық өзгерістер, қосымша қаржыландыру немесе басқа ведомстволардың шешімдері қажет. Сондықтан Іс-қимыл жоспарларына енгізілген проблемалық мәселелерді уақытылы шешуді қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар Ә.Смайылов бір­қатар министрліктердің басшылары кездесулерді алдын ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырып, қорытындысы бойынша арнайы брифингтер өткізгенін айтты. Ал кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ.

«Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кездесулер өткізілуі тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңыз­ды құралына айналуға тиіс», – деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде әкімдердің кездесулері жаңа форматта өткізіледі. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99%-ы шешімін табады. Бұл орайда Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы оң тәжірибені атап өтуге болады. Ал Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тұрғындардың проблемасын шешу көрсеткіштері төмен.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін азаматтардың арыздарына қарайтын болсақ, басқаша жағдай қалыптасып отырғанын атап өтті. 2022 жылы осы жүйе арқылы 1,7 млн-нан астам адам өтініш берді және қаралды. Оның 82%-ы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.

«Өткен жылдың екінші жартысында азаматтардың жергілікті билікке жолдаған арыздарының саны 16%-ға артқан. Бұдан көтерілген проблемалардың бір бөлігі жергілікті жерлерде шешімін таппағанын көреміз. Сондықтан азаматтар өз мәселелерін «е-Өтініш» жүйесі арқылы шешуге мәжбүр болған. Алматы және Астана қалаларында, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында шағымдар саны көп», – деді премьер-министр.

Оның сөзінше, тұрғындар құрылыс, көлік және коммуникация, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар қабылдаған әкімшілік актілерге, олардың әрекетіне немесе әрекет етпеуіне қатысты көп шағым айтады.

«Сондықтан әкімдіктер жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруы қажет. Сонда электронды жүйе арқылы арыздардың азайғанын көреміз», – деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, үкімет бас­шысы әрбір орталық және жер­гілікті атқарушы органдар бойынша проблемалық мәселелер картасын әзірлеуді, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізуді, сондай-ақ кездесулердің өтетіні туралы алдын ала хабарлап, өткен шаралардың қорытындысы туралы кеңінен жариялауды тапсырды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз  ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

21530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы