• Бизнес & Қоғам
  • 06 Желтоқсан, 2012

ОТАНЫМЫЗ – ӘР ЖҮРЕКТІҢ ЛҮПІЛІНДЕ Рымтай САҒЫНБЕКОВА

      1 желтоқсанда алғаш рет аталып өткен мемлекеттік мәртебеге ие мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан патриоттарының «Менің Қазақстаным» атты V жалпыұлттық форумы өтті.

       Форумға мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

       Жыл сайын өткізілетін патриоттар форумы өзінің азаматтық және өмірлік айқын да белсенді ұстанымы, ерік-жігері мен қажыр-қайраты, білімі мен жасампаз еңбегі арқылы туған еліміз – кеңбайтақ Қазақстанды одан әрі көркейтіп, гүлдендіру жолында маңдайтерін төгіп, нағыз отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп жүрген мыңдаған қазақстандықтардың басын қосады. Келешектің асқарына ұмтылған халқымызға тән барлық жақсы қасиетті бойына жиған олар – мықты спортшылар, әйгілі әртістер,белгілі ғалым-жаңашылдар, жоғарыбілікті мамандар, қоғамдық пікір жетекшілері. Бір сөзбен айтқанда, әлем әміршісі – Еңбек адамдары.  

      Өзінің форумға қатысушыларға арнаған сөзінде мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай  атап өткендей, патриоттардың бұл жолғы басқосуы еліміз үшін шын мәнінде тарихи маңызы зор күні болып өтті. Бұл күні бүкіл еліміз тұңғыш рет мемлекеттік мәртебеге ие болған Тұңғыш Президент күнін атап өтті.  Жылдар озған сайын бұл тарихи датаның маңыздылығы арта береді. Осыдан тура жиырма бір жыл бұрын, дәл осы күні тәуелсіз Қазақстан халқы елдің тағдырын, өзінің тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына тапсырған еді.

        Жұбан ақын айтқандай, қазақ "мың өліп, мың тірілген" халық. Бірақ кешегі сақ, ғұн, көк түрік, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында дәл бүгінгідей атағы аспандап, абыройы асқақтап көрген емес. Халқымызға осы атақ пен абыройды әперген – мемлекеттік қайраткерден  Ұлт көшбасшысына айналған Нұрсұлтан Назарбаев. Сол себепті де Тұңғыш Президент күні – барша қазақстандықтар үшін аса қажетті мереке. Ол біздің ертеңгі күніне сенімді, жалпы құндылықтар басын біріктірген ұлтымыздың кемелдігі мен бірлігінің өлшемі іспеттес. Бұл мейрам біздің тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы елең-алаң кездеріндегі қиындықтарына дұрыс баға беруге бағытталған патриоттық тәрбиеміздің маңызды факторларының бірі болып табылады. Бұл күн – Қазақстан халқының ата-бабаларымыз егемен елдің еңсесін көтеру жөніндегі ғасырлар бойы аңсаған асқақ армандарын жүзеге асырған Тұңғыш Президентімізбен, Ұлт Көшбасшысымен бірге жасаған ерліктерін жадымызға қайта оралтуға қызмет ететін сәт.

        Дархан Мыңбай бұдан әрі тәуелсіз еліміздің бүгінгі таңдағы басты жетістігі оны мекен ететін көптеген  ұлттар мен ұлыстардың арасындағы  ауызбіршілік пен келісімде екендігіне тоқталды. Ал Президент Қазақстан қоғамының құқықтық және адамгершілік толеранттылық негізінде қаланған тұрақтылығына кепіл болып табылады.

      Бүгінде Тұңғыш Президент – қазақстандықтардың барлық қиындықтарды жеңудегі символы. Тұңғыш Президент күнін тойлау болашақ ұрпақты жеңіс пен жасампаздық рухында тәрбиелеу, Қазақстанның әрбір азаматының жүрегіне ертеңгі күнге деген сенім отын ұялату үшін қажет, деді министр бұдан әрі. «Тұңғыш», «алғаш», «бірінші рет» – біздің жаңа тарихымыздың көптеген беттері, Мемлекет басшысының дәуірлік салмағы бар ірі шешімдері мен тәуелсіз Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы орасан зор табыстары тап осы сөздермен тығыз байланысты. Қазақстан бүгінде мызғымастығы айқын көрініп тұрған өзінің ұлттық тарихындағы бірінші егемендігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізді. Елбасының өзі атап өткендей, «бар болғаны 20 жылдың ішінде біз күшті мемлекет, жаңа экономика, тұтас қоғам сынды Ұлы мұра жасап үлгердік». Тәуелсіздік жылдары бейбітшілік пен жасампаздықтың жылдарына, тарихтың күре жолымен ілгері жылжыған қуатты кезеңге айналды.

        Қазақстан – бейбітшіліксүйгіш, еңбекқор, білімді, кемел келешекке ұмтылушы, өзінің жерін шексіз сүйетін, көп қырлы тұрқымен біртұтас қалыпқа түскен халықтың нендей тірліктер жасауға қабілетті екенін жеке өнегесімен көрсеткен ел, деді Дархан Мыңбай одан әрі. Қазақстан – Шығыс пен Батыс, өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үнқатысуға бастамашы болған, әлемдік және дәстүрлі діндердің, басқа да маңызды халықаралық форумдардың өткізілер орнына айналған ел. Бүгінде бүкіл адамзат баласы этностар мен конфессиялар арасындағы келісімге, бірлікке, қауіпсіздік пен болашаққа деген сенімге айрықша мұқтаж болып отыр. Елбасымыз әрдайым атап өтетіндей, бұл біз бүгінге дейін қол жеткізген, сонымен бірге, барша қазақстандықтар алдағы уақытта да бәрінен жоғары бағалауға тиісті құндылықтар болып табылады. Біздің отандастарымыз бұл жетістіктің Президенттің терең адамгершілікпен үйлесімін тапқан саясатының жемісі екенін жақсы біледі.

     Қазақстан – тәуелсіздіктің ең күрделі жылдарында өзіне жол көрсететін шамшырақ – дамудың 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясын жасап алған ТМД елдері арасындағы бірінші мемлекет, деді Д.Мыңбай. Стратегияның өткен 15 жыл ішіндегі нәтижелілігін екі цифрмен ғана атап көрсетсек жетіп жатыр: жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім осы уақытта 16 есеге өсіп, 12 мың долларға жетті! Бұл – біздің Көшбасшымыз таңдап алған елдің жаһандық деңгейдегі және ұдайы инновацияға бағдар ұстаған бағыттың нәтижесі. Қазақстанның бірінші және басты келбеті – бұл таңғажайып батыл қиялымыз арқылы Еуразияның қолмен жасалған үздік туындысы – біздің балғын елордамыз Астана. Ол жаңарудың, халықтың өз күшіне деген сенімінің, жетістіктеріміздің мақтан тұтар символына айналды. Астана ұлттық рухымыздың өршілдігін, тереңдігі мен кеңдігін өз бойына сіңірді. Астана – біздің Көшбасшымыз бен халқымыздың тарихи көрегендігі мен жасампаздық күш-қуатының көрінісі.

     Бүгін – ұлттық мақтаныш күні, деп сабақтады сөзін министр. Біз өз елімізбен мақтанамыз! Біз Тұңғыш Президентімізбен, Елбасымызбен мақтанамыз! Біз өзіміздің орасан жеңістерімізбен мақтанамыз! Біз батырларымызбен мақтанамыз. Біз алдымызға жаңа биіктерді белгілейміз. Және бұл биіктерді бағындыра алатынымызды да білеміз, өйткені біз Елбасымызға, қазақстандықтарға, Қазақстанға сенеміз. Өйткені, Қазақстан дегеніміз, еліміздің патриоттары – сіздерсіздер. Қазақстан елімізді биік мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылулары арқылы өзінің білім-білігімен, күнделікті еңбегімен және шығармашылығымен, асқақ арманымен және күш-қуатымен ерекше көрінетін азаматтардан құралады.

        Рас, Отаныңның нағыз патриоты болу үшін міндетті түрде батыр немесе ертегідей ерекше кейіпкер болу шарт емес. Бұл үшін өз жеріңді қарапайым ғана қалпыңмен сүйіп, білім алып, еңбек етіп, жұртқа шапағатыңды төгіп, яғни еліңнің, өзіңнің және жақындарыңның алдындағы жауапкершілікті сезініп, лайықты отбасын құрып, жақсы адамдарды тәрбиелей білгенің жеткілікті. Осы жерде мен Рузвельттің «Сенің өз елің үшін өлуге дайын болғаның маңызды-ау, бірақ сенің ол үшін өмір сүруге дайын болғаның одан да гөрі маңыздырақ», деген қанатты сөздерін айтып өткім келеді, деді министр.

      Форум жұмысының қорытындысында қалыптасқан дәстүрге сәйкес, еліміздің гүлденуі жолында  терең білімі, жасампаз еңбегі, ізгі істерімен танылған, жүрек лүпілі Қазақстан  деп соққан  бір топ отандастарымыз «Қазақстан патриоты»  ерекше белгісімен марапатталып, төрт түрлі аталым бойынша үздік деп танылды.

484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы