• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2011

Ауылды тығырықтан шығарудың бір жолы агроқалашықтардың ұлттық үлгісін қалыптастырғанымыз жөн Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында халық шаруашылығының барлық саласында еңбек өнімділігін көтеру қажеттігі айтылды.

Оның ішінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2014 жылға дейін 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе ұлғайту міндеттелді. Бұл міндеттерді жүзеге асырудың арқасында ауылдың жағдайы, халықтың әл-ауқаты жақсара түспек. Өйткені елімізде қолға алынған индустрияландыру бағдарламасына сай ауыл шаруашылығын көтеру – заман талабына сай ауылды көтеру, көркейту болмақ.

Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға индустрияландыру, яғни саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру арқылы ғана қол жеткізіледі. Кеңес дәуірінде агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі шикізат базасы болған колхоз-совхоздар таратылғаннан кейін орнында пайда болған шаруа қожалықтарының шамасы белгілі еді. 30 шақты ұсақ мал, 5-6 бас ірі қара, он шақты жылқы бұрын әркімнің жекеменшігінде болса, бүгінде шаруа қожалығы аталып отырған мұндай ұсақ шаруашылықтардың негізінде саланың өндірісті дамуын жолға қою мүмкін бе? Әрине, жоқ. Мұны сол қарапайым шаруаның өзі де жақсы түсінеді. Сондықтан үкімет соңғы уақытта ауыл шаруашылығында қазіргі заманғы технологияларға негізделген жаңа өндірістерді салу, ірілендіру жөніндегі инвестициялық жобаларды қолға алды. Осы арқылы ауыл шаруашылығының барлық саласында уақыт талабы деңгейінде жаңаша жұмыс істей алатын шаруашылық құрылымдарының қатары бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда көбейетін болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі күні осы мақсатта әзірленген кешенді шаралар іске асырыла бастаған. Соңғы жылдары бұл бағытта арнайы бағдарламалар арқылы мемлекеттік қолдау жүзеге асырылып келеді. Мәселен, атап айтқанда, қажетті техника мен жабдықтарды лизингке беру, жеңілдікпен несие беру, өндіріске жаңа технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді енгізу, аграрлық ғылымды және инновациялық қызметті дамыту секілді шаралардың барлығы ауыл шаруашылығын индустриялық негізде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижелері.

Дегенмен мемлекет тарапынан жасалып жатқан осынау қамқорлықтың шарапаты барша ауылға жетіп жатыр дей алмаймыз. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен агроөнеркәсіптік кешеннің жекелеген салаларында айқын даму үдерісі байқалғанмен, көп ауылдың бүгінгі тіршілігі қоңырқай. Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде жекешелендіруден кейін пайда болған мыңдаған ұсақ шаруашылықтардағы бар жұмыс бірді-екілі адамнан аспайды. Қора-қопсы ескі, техника жоқ, бары тозған. Жаңасын алар қаржы бұларда жиналмайды. Ұсақ өндірістің айналма қоры қаншалық болары белгілі. Қазіргі күні ауылда қалғандардың дені зейнет жасындағылар. Жұмыс іздеген жастар қалаға кетеді. Шамасы жеткендер де сәні кеткен ауылдан тіршіліктің қазаны қайнаған қалаға қоныс аударуға асық. Бұл айтып отырғанымыз өзіміз көріп, куә болып жүрген көп ауылға тән жағдай.

Алтын бесік – ауылымызды қайтсек тығырықтан шығарамыз, қайткенде бүгінгі даму үрдісіне қоса аламыз? Бұл сауалдар бүгін ауылдан шыққан жанды ғана емес, елдің болашағына алаңдар әрбір азаматты ойландырса керек. Ғылым-білімнің, озық техника мен технологияның ауыл шаруашылығына келуін, сөйтіп ауылдың замана көшінің соңында қалмай, уақыттың бар жетістігі мен жақсылығын пайдалануын белгілі ғалымдар мен мамандардың бірқатары агроқалашықтардың ұйымдастырылуымен байланыстырады. Нақ осы жобамен айналысып жүрген мамандардың бірі – агроном-экономист Амантай Қалымбергеновтің пікірінше, ауылды тығырықтан шығаратын бірден-бір жол – агроқалашықтар. Бірақ билік басындағылар көлденең тартып отырғандай Беларусь үлгісіндегі емес, қазақстандық үлгі керек. «Ауылды сақтап, жаңа технологиялар орталығы бола алатын, мал тұқымын асылдандырып, бордақылап, азық-түлік молшылығын, әсіресе, ет өндіруді индустрияландыру арнасына қоятын алаң осы агроқалашық болмақ. Елбасының, үкіметтің ауыл шаруашылығын индустрияландыру, «Еңбекпен қамту – 2020», «Нұрлы көш» бағдарламалары шеңберінде қолға алынса, мәселе орнынан қозғалады, –дейді Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында жекешелендіруден кейінгі ауылдардың жағдайын көтеру мақсатында агроқалашық ұйымдастырудың тиімділігін дәлелдеп, жобаны жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарымен белгілі маман Амантай Қалымбергенов. – Мәселен, Ақтоғайда агроқалашық ұйымдастыруға барлық селолық округтердің географиялық орталығы бұрынғы Абай совхозы қолайлы. Мұнда өндірістік ғимараттар сақталған. Бос қалған 25 екі пәтерлі үй ағымдағы жөндеуге келеді. Бұл үйлерді иесіз екенін заңдастырып, коммуналдық меншікке алса – дипломмен ауылға келгендерге, келешегі жоқ ауылдардан қоныс аударғандарға, тарихи Отанына көшіп келген оралмандарға алғашқы кезекте берер баспана болмай ма? Агроқалашықта шағын сүт зауытын, өз алдына тоңазытқышы мен лабораториясы бар мал сою орнын салуға болар еді. Сонда ең кемі 23 жұмыс орны ашылар еді». Және оның айтуынша, жоғарыда аталған өркенді өзгерістердің ауылға келуі үшін жергілікті жерлердегі әкімдер психологиясын өзгерту керек. Аудан әкімінің, ауылшаруашылық бөлімі қызметтерінің басты бағытын фермерлерге қызмет көрсетуге бұру керек. Онсыз баяғы жартас сол жартас болып қала бермек.

Иә, Елбасының Беларусь республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша былтыр маусым айында қазақстандық делегация тарапынан агроқалашықтарды құру арқылы ауылды жаңғырту мен дамыту бойынша белорусс елінің тәжірибесі зерттелді. Осы елде алынған 2005-2010 жылдарғы кезеңде ауылды жаңғырту мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында ауылды әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін жағдайлар жасауға және агроөнеркәсіптік кешен жұмысының тиімділігін арттыруға үлкен басымдықтар берілген. Осы мақсаттағы іс-шаралар жүйесі әлеуметтік және өндірістік екі бөлімнен тұратын бағдарлама бойынша ауылда әлеуметтік өлшемдерді өткізуші болып агроқалашықтар көрсетілді. Сөйтіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеру, халықтың тұрмысы мен еңбек етуі үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында белгіленген жылдар аралығында 1481 агроқалашық құру қарастырылған. Алайда Қазақстан мен Белоруссияның экономикалық жағдайларын салыстыруға болмайды. Өйткені бізде экономиканың бар саласында дерлік жекешелендіру жүргізілді. Колхоз-совхоздар таратылып, ауыл шаруашылығындағы бұрынғы кеңестік жүйедегі шаруашылық қатынастар келмеске кетті. Ауылда жер-суға, малға жеке меншік орнықты. Ал Белоруссияда бүгінге дейін жеке сектор іс жүзінде қалыптасқан жоқ. Ірі кәсіпорындардың барлығы дерлік мемлекеттің меншігінде. Мемлекет өз иелігіндегі шаруаны қалай басқарамын десе де құқылы. Сондықтан үкімет және жергілікті билік органдары әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде әкімшілік тетікті кеңінен пайдаланады.

Өзгенің үлгісі қанша озық болғанымен, ерекшеліктерімізді ескере отырып, өзіміздің қалпымызға лайықтамайынша жақсы нәтиже бере қоюы қиын. Сондықтан ауылдың жиырма жылдан бері көтеріле алмай отырған қоңырқай тірлігін жайнатып-жарқыратудың бір жолы деп отырған агроқалашық мәселесінде өзгенің тәжірибесін көшіріп алудан аулақ болып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тіршілік философиясына сәйкес өзіміздің өмір сүру үлгімізді, өз нұсқамызды жасағанымыз дұрыс болса керек.

551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы