• Бизнес & Қоғам
  • 14 Желтоқсан, 2012

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні ТӘУЕЛСІЗДІК – МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚ Рымтай САҒЫНБЕКОВА

           16-желтоқсанда аталып өтетін Тәуелсіздік күні – Қазақ елінің ең басты мемлекеттік мерекесі, ұлттың ұлы күні. Бұл – еліміздің ұлттық тарихындағы айрықша тарихи дата. Еліміз Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына қадам басқан биылғы жыл – жаңа дәуірдің басы.

       Тәуелсіздік – кез келген халық үшін өте қадірлі ұғым. Азаттықты ғасырлар бойы аңсаған халқымыз былтыр асыл арманы орындалған ұлы күн – Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығын салтанатпен атап өтті. Үш жүз жыл бойғы бодандық бұғауынан азат болған қазақ халқы тарих көшімен салыстырғанда қас-қағымдай осынау уақыттың ішінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен төрткүл дүниеге танылды, әлем мойындаған егемен ел болды.  Ежелгі қазақ даласында өзіне тән барлық институттары бар түбірінен жаңа демократиялық-құқықтық мемлекет құрылды.

       Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың сәуірі – Республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны – Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларация, 1991 жылдың тамызы – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны – алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан – «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы – ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу.

       Еліміз Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына қадам басқан биылғы жылдың 1 желтоқсанында алғаш рет аталып өткен жаңа мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күніне орай сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Тәуелсіздік жолындағы шежіреде Қазақстан халқы сол бір тағдыршешті кезеңде жүріп өткен үш шешуші тарихи белес айрықша маңызды. «Бірінші – біздің еліміздің алғашқы абсолютті егемен мемлекеттік актісі – Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қою. Ол сол сәттен бастап Қазақстанның бүкіл аумағында тек бір ғана юрисдикция – қазақстандықтардың өздерінің және туындап келе жатқан егемен Қазақстан мемлекетінің ерік-жігерінің іс-қимыл жасайтынын білдірді. Оған қоса Семей сынақ полигонын жабудың тек жалпыұлттық қана емес, сонымен бірге жаһандық та мәні бар.

       Екінші белес – 1991 жылдың 1 желтоқсанында біздің халқымыздың бүкіл тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы.

Бұл оқиғаның тарихи мәні мен патриоттық құндылығы көзге ұрып тұр және ешқандай талас тудырмайды.

Бұл күні Қазақстан халқы биліктің шынайы қайнар көзі болудағы, билікті қалыптастырып, оның саясатын айқындаудағы өзінің егемен құқығын алғаш рет жүзеге асырды.

      Үшінші белес – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның қабылдануы.

       Бұл біздің халқымыз үшін ең басты тарихи, ұмытылмас оқиға болды. Біз бүкіл ата-бабаларымыздың арманын жүзеге асырдық. Бүкіл қазақстандықтардың ортақ еңбегімен бізге бұған дейін әлем картасында болмаған жаңа ұлы елді құру міндеті тұрды.

       ХХI ғасырда біздің жерімізде экономикалық өсім жемістері азаматтардың басым көпшілігіне тиесілі болатын айрықша, топтасқан және динамикалық социум құру біздің тарихи миссиямыз болып табылды. Онда заң мен құқық тәртібінің үс­темдігі қамтамасыз етілуі тиіс. Онда ұлттық дәстүрлер мен құндылықтар инновациялық дамумен, Қазақстанның жаһандық және өңірлік интеграцияларға қатысуымен үндесе үйлесім табады.

      Бұл бір-екі жылдың, бір-екі онжылдықтардың міндеті емес еді. Біздің алдымызда қазақстандықтардың қазіргі және болашақ ұрпағының асқақ міндеті тұрды.

     Еш күмәнсіз айта аламын, егер халық шыдамдылық танытып, біртұтас мақсат жолында жұмылмағанда, егер біздің мемлекетіміз мақсаты әрбір отбасы және бүтіндей елдің әл-ауқаты болып табылатын реформалар жолын қаламағанда, эко­номикалық және әлеуметтік күйреу нәтижелері бұдан да гөрі ауырырақ және қауіптірек болар еді.

Дәл сондықтан да 1991 жылдың күзгі айларында Қазақстан тәуелсіздігін эконо­мика салалары, кәсіпорындар, инфрақұрылымдар, сыртқы экономикалық қызмет үстінен заң жүзінде ресімдеген іс жүзінде күн сайынғы режімде жаңа заңдар мен жарлықтар қабылданды. Осылайша, біз апаттық жағдайда Тәуелсіздікті орнаттық».

        Содан бергі өткен тәуелсіз дамудың жиырма жылы ішінде елімізді дүниежүзі танып, Елбасымыздың сындарлы саясаты мен ерен еңбегі арқасында саяси, экономикалық-әлеуметтік табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік алдық.

      Тәуелсіздік жылдары елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. Егемен еліміздің демократиялық ұстанымдарға негізделген саяси жүйесі қалыптасты, 2012 жылғы сайлаудың нәтижелері бойынша үш фракция жасақталған тиімді жұмыс істейтін екі палаталы Парламент құрдық. Жаңа елордамыз – Астана қаласы бой көтерді. Бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы және жаңа Қазақстанның жарқын символы – біздің елордамыз халықаралық саясаттың аса ірі орталықтарының біріне айналуда. Елбасы атап өткендей, «Астана бүгін біздің Тәуелсіздігімізді нығайтуда және дамытуда. Алматы Тәуелсіздігіміздің бесігіне айналса, Астана – болашақтың бесігі. Астана арқылы біз Қазақстанды бүкіл әлемге паш еттік».

      Қазақ қарулы күштері, Республикалық ұлан, шекаралық әскерлер және әскери-теңіз флоты пайда болды. Қазақстан өз аумағында ядролық қаруды пайдаланудан өз еркімен бас тартып, өзін ядролық қарусыз ел ретінде жария етті. Жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қарқынды жүргізу арқылы нарықтық қатынастар мен институттар құрылды, этносаралық үйлесімділік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз еттік, әлемдік дағдарыс жағдайында экономикалық дамуға қол жеткіздік.    

       Тәуелсіздіктің біз үшін айрықша құндылығы – ұлттық мүддені қорғау негізінде ішкі және сыртқы қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға, мемлекет құрушы және қоғамды іштей топтастырушы қазақ ұлтының  дамуына тарихи мүмкіндік туды. Бодандық құрсауында ұлттық идеяны ту етіп көтерген,  ғасырлар бойғы арманы – азаттықтың ақ таңына жеткен халқымыздың ұлттық санасының жаңғыруы, өзінің бай, ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін, біртуар ұлттық тұлғалары мен құндылықтарын қастерлеп-құрметтеуі арқылы өзін-өзі тануы және өзгеге танытуы, рухани мол қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында атқарылған және  одан әрі жалғасын табар ауқымды істер.

      Еліміздің халықаралық саясаты мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігінің дүниежүзілік кепілдігіне қол жеткізуге бағытталды. Ауқымды әрі жемісті жұмыс жасалды. Қазақстан БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның толық құқылы және белсенді мүшесі болып отыр, сондай-ақ еліміз Еуроодақ, Еуропалық қайтақұру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры, Халықаралық атомдық энергия агенттігі, Қызыл крест және жарты ай, ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО сияқты аса беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын күшейтуде.

      Қазақстан әлемнің 140 мемлекетімен қарым-қатынас орнатып, дамытуда. Өзінің даму қарқыны, экономикалық қуаты, адами әлеуеті бойынша Қазақстан Орталық Азия мен ТМД-да көшбасшы позицияға ие болып отыр. Қазақстан тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде ықыласпен зерттелуде. Қазіргі таңда Елбасының еуразиялық ықпалдастық туралы идеясы жүзеге асырылып, Қазақстан Ресеймен және Беларусьпен бірге Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруда. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру жолы.

       Еліміз АҚШ, Қытай және Еуроодақпен стратегиялық әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуда. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ сияқты аса ірі халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес туралы Қазақстан көшбасшысының идеясы ойдағыдай жүзеге асырылуда.

       Бар болғаны екі онжылдық ішінде тарихта ешбір мемлекет осындай халықаралық беделге ие бола алған жоқ. Мұның бәрі – осыдан тура 21 жыл бұрын Қазақстан халқы жасаған тағдыршешті, тарихи таңдаудың нәтижесі. Екі онжылдық ішінде қазақстандық жол жаңа тәуелсіз елдер үшін үлгіге айналды. Өйткені біз – тәуелсіздігімізді нығайту, экономикалық жүйемізді түбірінен жаңарту, демократиялық ұстанымдарды орнықтыру, мемлекеттік, ұлттық және мәдени бірегейлену сынды күрделі-күрделі үдерістерді басымыздан өткізген елміз, бабалар өсиеті мен елдік, азаттық мұраттарына адал ұландармыз.

     Тәуелсіздік жылдары біздің мемлекетіміз бен қоғамымыз осындай өзгерістердің биік белестерінен өтті. Бұл, әрине, қоғамдағы орнықты саяси ахуал жағдайында, халықтың рухани және мәдени жаңаруы арқасында қол жеткізген ортақ жеңістеріміз. Тәуелсіз дамудың екі онжылдығын абыроймен өткерген, батыл өзгерістердің жаңа кезеңіне қадам басқан егемен Қазақстан әлемдік қауымдастықта дербес даму жолымен нық жүріп келеді.

2657 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы