• Бизнес & Қоғам
  • 14 Желтоқсан, 2012

Атыңнан айналайын, Қарқаралы!

Ақиық Мәди ақынның қанша айтылса да жауыр болмас осынау жауһар жолдарына туған жерге деген перзенттік махаббат, елге етер еңбегің, халқыңа жасар қызметің, бәрі-бәрі сыйып тұр. Сондықтан Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының әкімі Халел МАҚСҰТОВПЕН сұхбатымызға сұранып тұрған тақырып осы жолдар болды.

 

–  Халел Мұқатайұлы, мемлекет басшысы атқарушы биліктің алдына индустрияландыру, аумақтарды теңгерімді дамыту және әлеуметтік жаңғырту міндетін қойды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі маңызды буын – аудан ауқымында осы міндеттердің жүзеге асырылу барысы қалай?

      – Бірінші кезекте, әрине, индустрияландыру бағытындағы жұмыстар ауызға ілігеді. Қазіргі таңда ауданымызда индустрияландыру бағдарламасы аясында «Көктасжал» таукен кешенін салу қолға алынды. Аудан көлеміндегі осынау ірі жобаны Көктасжал мыс кенішінде «Алтай полиметалл» кәсіпорны жүзеге асыруда. Аса ауқымды бұл шаруа қолға алына бастаған уақыттан бері 3,9 млрд теңге инвестиция игеріліп, оның ішінде биылғы жылдың 9 айында 1163,2 млн теңге қаржы жұмсалды.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2012 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 3777,8 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 251,4 пайызға жетті.

       Облыстық индустрияландыру картасына аудан ауыл шаруашылығынан 2 жоба енгізілген. Оның бірі – «Асыл тұқымды ірі қара мал басын өсіруге арналған шаруашылық» жобасын «Ынта» шаруа қожалығы қолға алды. 500 бас ірі қараға арналған бұл шаруашылыққа қажетті инфрақұрылым салу «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Мұнда тартылатын электр желілерінің жалпы ұзындығы 13 шақырым. Бүгінде бұл құрылыс жұмыстарын мердігерлер арасында жарияланған байқауда озық шыққан «Алагеум Электрик»  кәсіпорны жүргізуде.

Екіншісі, Қырғыз селолық округіне қарасты «Берік» шаруа қожалығы жүзеге асрып отырған – «400 бас ірі қара мен 1000 бас қой бордақылау алаңының құрылысы».

          Биыл ауданда республикалық бюджеттің есебінен «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар аудандық бюджеттен елді мекендерді абаттандыру, коммуналдық салалар мен жолдарды жөндеу бағытында бірқатар жобалар қаржыландырылды. Соған қоса, бюджеттен тыс көктемгі екі айлық санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары кезінде аудан бойынша  үш мыңға жуық түп ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ аудан орталғы – Қарқаралы қаласындағы сауда орындарында жөндеу жұмыстары, қала ішін абаттандыру, асфальт және тас төсеу, қоршаулар орнату жұмыстары жүргізілуде.

         Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауылдық аймақтарды жарықтандыруға да көп назар аударылуда. Мәселен, біздің ауданымыз бойынша елді мекендерді жарықтандыруға былтыр 18,8 млн теңге жұмсалса,  биылғы жылы бұдан 79  пайызға артық, яғни 33,8 млн теңге қаражат бөлінді. Жалпы аудан бойынша биыл 146 жарықшам орнатылды.

– Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында қабылданған тұрғын үй және ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың  орындалысына тоқталып өтсеңіз?

– Қарқаралы ауданы бойынша 500-1000 адамнан асатын тұрғыны бар елді мекендерге 163 шақырымды құрайтын орталықтандырылған су жүйелері орнатылып, ауыз сумен қамтылып отыр.

Абыз, Көктас және Жарлы ауылдарында басталған су жүйесінің құрылыс жұмыстары кесте бойынша одан әрі жүргізілуде. Ал Тәуелсіздік меркесі күні Абыз ауылында жаңа су жүйесін іске қосамыз деп отырмыз. Бұл жұмыстарға барлығы 190,4 млн теңге қаржы бөлінді.

Жалпы елді мекендердегі су жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне және тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен барлығы 41,4 млн теңге қаржы қаралды (2011 жылы – 18,7 млн теңге). Яғни сала бойынша былтырға қарағанда атқарылған жұмыс та көп. Өткен жылы 2,5 шақырым су құбыры жөнделсе, биыл барлығы 7,0 шақырым құбыр тартылды.

Биыл Қарқаралы қаласында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет арқылы 12 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. 2 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы және инженерлік инфрақұрылым жұмыстарына жалпы сомасы 51 млн теңге жұмсалды. Биылғы жылы барлығы 5125 шаршы метр тұрғын үй салынып, іске қосылды. Аудан бойынша 2012 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 2000,1 млн теңгені құрады.

 Бұдан басқа аудандық бюджет есебінен 2013 жылға қаржы бөлу үшін төрт 12 пәтерлі үй құрылысы мен инженерлік-коммуникация жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.

Ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары негізгі көрсеткіштердің өсуімен және қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығымен сипатталады. Біздің аудан 9 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының орындалысындағы көрсеткіштермен облыста бірінші орынға шықты. Бұл аудандағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту жолында атқарылған мақсатты жұмыстардың нәтжесі деп білеміз.

     Аудан экономикасының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығының әлеуеті қаншалық тиімді пайдаланылуда?  Халықтың шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуы, оларға қолдау көрсету қандай деңгейде?

– Ауданда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының 4-ші бағыты бойынша  республикалық бюджет арқылы жалпы сомасы 100,3 млн теңге болатын 15 жоба іске асырылуда.

Биылғы жылдың 9 айы бойынша ауылшаруашылық өнімінің көлемі 7876,8 млн теңгені құрап, жоспар 105,0 пайызға орындалды. Ауыл шаруашылығы өнімінің (қызметтердің) жалпы өндірісінің нақты көлемінің индексі 97,5 пайызды құрады.

Мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Ынталы селолық округіндегі «Ынта» шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандыруға мамандандырылған болатын. Осы бағыттағы ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде былтыр олар «Асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылық» мәртебесіне ие болды. Өткен жылы қожалықтың басшысы Ардақ Елубаев облыс көлемінде бірінші болып «Асыл-түлік» АҚ-ның ғалымдарымен келісім-шарт негізінде  ірі қара тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізді. Биыл шетелден «Герефорд» тұқымды құнажындар әкелген ынталылықтар «Асыл тұқымды өндіруші-шаруашылық» құру үшін 458,1 млн теңгеге бизнес-жоба дайындап, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен жұмыс жасауда. Бүгінгі күні Эстония Республикасынан 133 бас «Герефорд» тұқымды ірі қара сатып алуға келіссөз жүргізілуде.

        Сол сияқты ет өндіру сапасын жақсартып, бәсекеге қабілетті өнім өндіру мақсатында Қырғыз және Тегісшілдік селолық округтеріндегі «Берік», «Қарынши» шаруа қожалықтары мал бордақылау алаңдарын ашу жұмыстарын қолға алды.

        Аудан бойынша «Сыбаға» бағдарламасы басталғаннан бүгінгі күнге дейін 19 шаруа қожалығы 928 бас ірі қара мал сатып алды, оның ішінде 883-і аналық, 45-і асыл тұқымды бұқа. Жалпы қазіргі күні аудандағы асыл тұқымды ірі қара мал басының саны 1200-ге жетті.        

        Ауыл шаруашылығындағы ұтымды ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі де жаман болған жоқ. Биыл аудан диқандары егістік алқабының әр гектарынан орта  есеппен 12 центнерден бидай бастырып, қамбаға мол азық құйды. Сонымен қатар мал азығының да бір жарым жылдық қорын жинап алдық.

Биылғы жылдың тоғыз айында бюджетке салық және өзге де түсімдерден 624,1 млн теңге түсті, яғни жоспар 108,3 пайызға орындалды. Оның ішінде аудандық бюджетке 346,4 млн теңге түсті, бұл 122,4 пайыз. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 136,8 пайыз болып орындалды. Ал биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша аудандық бюджет қаржысы 99,9 пайызға игерілді.

       Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша шағын бизнес саласында барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалды. Биыл 1 қазандағы мәлімет бойынша, аудандағы шағын бизнес субъектілерінің саны 1410-ға жетті, бұл 2011 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 102,7 пайыз. Жалпы шағын кәсіпкерлікте 3 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Биыл осы салада 64 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 89 жаңа жұмыс орны ашылды. Аудан бойынша 9 айда шағын кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнім көлемі 2809,0 млн теңге құрап, 2011 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 116,7 пайызға жетті.

Ағымдағы жылда аудан кәсіпкерлеріне «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», Шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту корпоративті қоры және «Қарқаралы» несиелік серіктестігі арқылы барлығы 509,5 млн теңге несие берілді.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында биыл 15 адамды  оқуға жіберу жоспарланған болатын. Оның ішінде 5 адам он айлық дайындық курстарына (машинист, токарь, шаштаразшы мамандықтары), 10 адам –  үш айлық қайта даярлау курстарына (электромонтер, жылу және су жүйелеренің технигі, слесарь-сантехник, іс қағаздарын жүргізуші, аспазшы, электргаздәнекерлеуші, техник-электрик мамндықтары бойынша) жіберілді. Қазіргі күні  қыркүйек айында 3 айлық қайта даярлау курстарын бітіріп келген 10 адамның 9-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды.

 2012 жылы қарастырылған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытындағы іс-шаралардың нәтижесінде бүгінгі күні 6 мекеме жұмыссыз және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандар есебіндегі 13 адамды жұмыспен қамтып отыр.

        Бағдарламаның 2-бағыты бойынша бүгінге дейін ауданымыздың 46 тұрғынына 68 млн теңге көлемінде несие берілді. Енді 58 млн теңге несие қаржысын беру жайы қаралып, қазірде 71 адамның құжаты «Синтек» несие ұйымының қарауына жолданды. Сонымен қатар 40 адамға 60 300 000 теңге көлемінде несие алу мүмкіндігі жасалды, оның ішінде  9 адам жалпы сомасы 18 800 000 теңге несиені қолына алды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады.

        – Сұлу табиғаты, қазыналы тарихымен атағы алысқа жайылған Қарқаралы – туризмді кеңінен дамытуға сұранып тұрған өлке. Осы бағыттағы іс-шараларға тоқталып өтсеңіз.

– Иә, тарихы да, табиғаты да бай, көрікті өлкеміз дамыған туризм орталығы болуға әбден лайық.  Осы тұрғыда мақсатты жұмыстар қолға алынып отыр. Жергілікті атқарушы органдарының, жер телімдерін жалға алушылардың, демалыс үйлерінің басшыларымен, БАҚ және туризм саласын дамытуға қызығушылық білдірген адамдардың қатысуымен бірнеше рет дөңгелек үстел өткізілді. Бұл жиындардын қорытындылары бойынша Қарқаралы ауданында туризмді дамыту бағдарламасы әзірленген.

Қарқаралы ұлттық парк аумағы – Қарағанды облысы бойынша экологиялық туризмді дамытуға әлеуеті зор өңір. Мұнда қызықты ландшафттар мен археологиялық нысандар және жан-жануарлар мен өсімдік әлемінің сан алуан түрі кездеседі.

Парк аумағында Қызыл кеніш археологиялық ескерткіші, Беғазы-Дәндібай және т.б көне мыс дәуіріне жататын көптеген ғылыми, мәдени  құнды жәдігерлер мен ескерткіштер бар.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында «Шайтанкөл көлінің аңыздары», «Тас ертегісі», «Қарқаралы інжу-маржандары», «Тарихи ескерткіштер», «Қорық аймағының әлемі», «Үш үңгір кешені», «Үлкен палата» секілді 7 бағытта туристік бағыттар рәсімделген. Бір айта кетерлігі, бұл бағыттарда ауданымызда соңғы жылдары жаңадан ашылған № 5 кәсіптік лицейдің түлектері – экскурсия жетекшісі мамандығын алып шыққан жергілікті мамандар қызметке кірісті.

Сонымен қатар, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркі аумағында жалпы көлемі 135,6 га жалға алуға болатын, туризм инфрақұрылымдарын салуға қолайлы жер телімдері белгіленген, оның ішінде 21 жер телімі қысқа, ал 10 жер телімі ұзақ мерзімге берілді. Қысқа мерзімге берілетін жер телімдерінің 17-сі жалға тапсырылған.

Туризм – индустрияның бір саласы. Өйткені көрікті өлкеміздің мол әлеуетін пайдаланып, туризмді дамыту арқылы өңірімізге қаржы тартып, аудан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге болатына көз жеткізіп отырмыз.

 «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қазіргі заманға сай қызмет түрлерін көрсететін таудағы «Тас бұлақ»  қонақүйі туристік кешенін салу жобасы облыстық үйлестіру кеңесінде мақұлданды. Жоба бойынша 36 коттедждік үйлердің (бунгало) құрылысы жоспарланып, Еуразиялық банктен 333,0 млн теңге несие алынды. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыруға «Тас бұлақ» тау қонақүйі өз қаражаты есебінен 39,0 млн теңге бөлді.

Туризмді дамытудың бір бағыты ретінде қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында Қарқаралы қаласының іргесінде жаңа қонақ үй мен мейрамхана құрылысы бойынша ірі жобаны жүзеге асыру қарастырылып отыр. Жер мәселесі шешілген соң инвесторлар қаржысымен құрылыс жұмыстары басталады. Осы тұрғыда атап өтетін бір жайт, 2012 жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3647,1 млн теңгені құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 159,2 пайызды құрады.

      Келешегіміз – жас ұрпаққа білім-тәрбие беру, халық денсаулығын қорғау және мәдениет салаларында атқарылар істер  жалпы ел дамуының негізіне өзек болары сөзсіз. Олай болса, міндет-салмағы қашанда басым осынау салалардың бүгінгі ахуалы қандай?

– Ауданда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің барлығы, яғни 100 пайызы балалар бақшасына тартылған (3844 бала). Биыл ҰБТ көрсеткіші бойынша селолық аудандар ішінде ІІ орынды иелендік. Орташа балл – 72,19 (селолық аудандар бойынша облыс көрсеткіші – 67,18 балл) болды.

Мәдениет саласы да біздің назарымызда. Жыл сайын мәдени ошақтардың ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар, кітапханаларға жаңадан кітаптар алуға, газет-журналдарға жазылуға қомақты қаржы бөлінуде.

Жыл басынан Қарқаралы мәдени-сауық орталығының, ауыл клубтарының, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен көптеген маңызды мәдени шаралар өткізілді.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес  мамыр айында  шалғай жатқан Егіндібұлақ, Қарағайлы, Көктас, Тоқтар, Бүркітті, Жамбыл, Ақжол, Қоянды, Нүркен, Жанатоған, Ынталы, Бесоба ауылдарында Қарағанды  қаласының  жылжымалы дәрігерлік кешені болып, кардиолог, гинеколог, невропатолог, окулист, УЗИ дәрігері, терапевт, лаборант мамандары жоғары білікті дәрігерлік көмек көрсетті. Аудан бойынша 2 жерде телемедицина кабинеті  ұйымдастырылды. Қарқаралы қаласында 2010 жылдан бастап мамография кабинеті жұмыс жасайды.

Ауданымызда жастардың спорт түрлерімен кәсіби тұрғыда айналысуына және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға бар жағдай жасалған. Бұл орайда 140-тан астам спорт нысандары, атап айтқанда стадион, хоккей корттары, спорт залдары мен алаңдары, шаңғы жолы, тир және футбол алаңдары қызмет жасайды.

Жастар арасындағы спорттық жетістіктеріміз де айтарлықтай. Біздің аудан жастарының ішінен кейінгі жылдары халықаралық дәрежедегі бір спорт шебері, төрт Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына 24 үміткер, алты бірінші дәрежелі спортшы шығып отыр. Олар түрлі дүбірлі додаларда ауданымыздың атын әлемге әйгілеп, еліміздің намысын абыроймен қорғап келеді.

       Президент Н.Ә.Назарбаев өңірлердің дамуына арналған кеңесте сөйлеген сөзінде «Барлық бағдарламалардың нәтижесі айналып келгенде қарапайым адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін оятып, әр отбасының ауқатты тұруын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», деген болатын. Елбасының тапсырмаларын орындауда аудан халқының әл-ауқатын жақсарта түсу, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақты болуын қамтамасыз ету басты бағыттар болып қала бермек. Халқымыздың әл-ауқатын көтеру жолындағы барлық бағдарламалардың сапалы орындалуына қол жеткізерлік мүмкіндіктер бізде толығымен бар деп ойлаймын.

       –   Халел Мұқатайұлы, әңгімеңізге рахмет дей отырып, халық игілігі жолындағы еңбегіңізге табыстар тілейміз.   

 Әңгімелескен Рымтай САҒЫНБЕКОВА

933 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы