• Бизнес & Қоғам
  • 14 Желтоқсан, 2012

Жетісу өңірінің өркенді жетістігі

Еліміздегі ең ірі әкімшілік басқару аймақтарының бірі болып саналатын Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдіс қалыптасып отыр. Соңғы жылдардағы өркендеу өрнегі көңіл тоғайтатын жағдайда. Мемлекет басшысының бастамасымен, Үкіметтің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан индустриялды-инновациялық жобалар бойынша да басқа өңірлерге үлгі ретінде ұсынарлық қарқынның көрініс беріп отырғаны да ақиқат. Кейінгі екі жылдың өзінде облыстың ғана емес, республиканың дамуына зор ықпал етіп отырған бірнеше жобаның жұмысқа кірісуіне  қатысты өткізілген салтанатты шараға Елбасының өзінің қатысып, басқару тетігін өз қолымен іске қосуының өзі Жетісу жерінде  болашағы зор, еліміздің өркендеуіне өзіндік оң әсерін тигізетін жобалардың жүзегі асырылып отырғанының жарқын дәлелі бола алады. 

Бұрындары аграрлы облыс аталатын Алматы облысын бүгінде агроөнеркәсіпті өңір деуге болады. Өйткені, қазіргі кезде ауыл шаруашылығы саласы алға дамып қана қоймай, өнеркәсіп те өркендеп, шығарып отырған өнімдері өз елімізде ғана емес, шет елдерде де үлкен сұранысқа иелік ететін іргелі кәсіпорындар да қарқынды қадамдарымен қуантуда. ТМД елдерінен асып, алыс шет мемлекеттерге де өз өнімдерін жөнелтетін өндіріс орындарының тұтас легі пайда болды. Олардың көшбасында заманында Кеңестер Одағындағы аккумуляторлар өндірісінің алдыңғы қатарында болған «Қайнар – АКБ» ЖШС сынды іргелі де ірі зауыт тұр. Сонымен бірге ауыл шаруашылығында қайта өңдеу де жолға қойылып, жетісулық дихандар өздері өсірген, өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін өзімізде дайын өнімге айналдыруды жолға қоюда. Жалпы Жетісу жерінің даму мүмкіндігі аса зор. Қазіргі кезде сол мүмкіндік ретімен пайдаланылуда. Құрылыс қарқын алып, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жаңғыртылуда. Жолдар жөнделіп, елді мекендер абаттандырылуда. Ауыз су мәселесі біртіндеп шешімін тауып, ауылдарға көгілдір отын жеткізілуде. Өсімдік шаруашылығы өркен жайып, бір кезде оталып кеткен жеміс бақтары мен жүзімдіктер қалпына келтірілуде. Басқа аймақтармен, шет елдермен іскерлік қарым-қатынас қанатын жайып, шекаралы аудандарда нақты шаралар жүзеге асырыла бастады. Айта берсе, Алматы облысының биылғы жылдың өзінде ғана бағындырған асулары баршылық, жетістіктері жетерлік. Төменде шамамыз жеткенше, солардың негізгілерін саралап көруге тырыстық.

Ағымдағы жылдың он айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 268 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24 млрд. теңгеге артқан. Сонымен бірге шаруалардың еңбегіне дем берерлік мемлекеттік жәрдемнің көлемі де жыл сайын ұлғаюда. Осы мақсатта биыл мемлекет қазынасынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 18 млрд. теңге қаржы бөлініп, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Аталған қаражаттың 70 пайызы немесе 11 млрд. теңгесі шаруаларға демеуқаржы (субсидия) ретінде беріліпті. Масақты дәнді дақылдарды өңдеуде ылғал сақтау технологиясын пайдалану көлемі өткен жылғыға қарағанда, 1,2 есеге артып, 112 мың гектарды құраған. Сондай-ақ, тамшылатып суару әдісі 4 мыңнан астам гектарға қолданылуда. Мұның сыртында, егістікті суаруға берілген су көлемі 447 млн. теңгеге субсидияланыпты. Ауыл шаруашылығы дақылдарын қоректендіруге 31 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілген, оның құнын арзандатуға жергілікті бюджеттен 191 млн. теңге субсидия берілген. Жыл сайын облыс фермерлері 600 данадан астам жаңа, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуда. Десек те, бүгінде өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы ескіргенін де естен шығармаған абзал. Сондықтан алдағы жылдары осы бағыттағы жұмыстарды одан ары дамытып, қолдауды барынша арттыру қажет.   Бұл мәселенің түйінін тарқату үшін соңғы екі жылда облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың тікелей қолдауымен, облыста 9 сервистік-дайындау орталықтары құрылып, олардың базасында машина-технологиялық стансылар ашылып, қажетті маманданған техникалармен қамтылған. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын өз деңгейінде, ұйымшылдықпен өткізуді қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жетісу өңірінің ауыл еңбеккерлері биылғы құрғақшылыққа қарамастан жиын-терін науқанын да өз деңгейінде орындап, астық, жем-шөп, жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша дақылдары бойынша мол өнім алды. Мәселен, дәнді дақылдардың гектар берекелілігі 24,3 центнерден айналып, қамбаға 1 млн. 62 мың тонна астық құйылды. Сондай-ақ, экономикалық тиімді майлы дақылдардың өндірісі де жылдан жылға артуда, тек биылғы өндірілген өнім көлемі былтырғымен салыстырғанда 23 мың тоннаға, көкөніс түсімі 94 мың тоннаға, картоп 16 мың тоннаға ұлғайған. Бағбандық саласында да өнеркәсіптік бау-бақшалардың бой көтеруіне басымдық беріліп отыр. Бұл істі қолдауға биыл бюджеттен 335 млн. теңге қаражат қарастырылып, жаңадан 581 гектарға бақ, 56 гектарға жүзімдіктер отырғызылды. Маусым аралығында шетелдік өнімдерге тәуелді болмай, халықты отандық көкөніс және жеміс-жидекпен қамту бағытында нақты іс-шаралар қабылдануда. Бүгінде облыста жалпы алаңы 50 гектар болатын 429 жылыжай жұмыс істейді. Олардан көктем айында себілген көкөніс тұқымынан 6468 тонна өнім алынса, қазір екінші рет отырғызылғандары өнім бере бастады. Қосымша жоғары технологиялы 20 жылыжай салынуда, олардың жалпы көлемін 70 гектарға жеткізу көзделуде. Қазіргі кезде заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген көкөніс, жеміс-жидек, картоп сақтайтын қоймалар салу, қолда барын қайта жаңғырту ісі қолға алынып, бұл да жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Тек, үстіміздегі жылы жалпы сыйымдылығы 3000 тонна жаңа типті қойма салынып және 11-іне жаңарту жүргізілді. Өңір бойынша картоп, көкөніс, жеміс-жидек сақтауға арналған қойманың қуаттылығы 150 мың тоннаға жетті. Қазақ – төрт түлік мал өсіріп, жаз жайлауын, қыс қыстауын сағалап, қорасы малға толып, қазаны майланған халық. Яғни, мал шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай табыстар аз емес. Өткен жылғымен салыстырғанда мал басы едәуір артып, ет, сүт және жұмыртқа өндірісі ұлғайған. Қайта өңдеуші өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштердің өсімі де көңіл толтырарлық. Бүгінде облыста 156 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс істейді. Мал тұқымын асылдандырып, өнім сапасы мен өнімділігін арттыруға биыл бюджеттен 8 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Асылдандыру шаруашылықтарын құруға шет елден 933 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алыныпты. Оларды жеткізуге шыққан шығынды өтеуге бюджеттен 594 млн. теңге қаражат қарастырылған. Сонымен бірге етті мал шаруашылығын дамытуға «Сыбаға» бағдарламасы да айтарлықтай ықпал етуде. Аталмыш бағдарлама аясында сатып алынған 15 мыңға жуық ірі қараға селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізуге биыл бюджеттен 475 млн. теңге қаражат бөлінсе, сиыр еті мен сүтін өндіруші шаруашылықтарға 1,1 млрд. теңге субсидия берілген. Былтырдан бері жалпы қуаттылығы 8100 басқа арналған ірі қараны бордақылау нысандары іске қосылды. Қой шаруашылығын дамытуда басымды бағыт – олардың өнімділігін арттырып, шаруашылықтың барлық санатында селекциялық асылдандыру ісін жүргізу. Осыған орай, облыста «Жетісу асыл тұқым» дистрибъютерлік орталығы құрылып, асыл тұқымды қошқарлар сатып алынуда. Бұл істі қолдауға бюджеттен 100 млн. теңге бөлінген. Мұның сыртында, қой еті мен жүнін өндірушілерге 110 млн. теңге қаражат қарастырылыпты.Облыстың қайта өңдеу саласындағы негізгі басымдығы - өндірістік қуаттылықты игеруді барынша арттыру және өндірілген өнімнің бәсекеге қабілеттілігін көтеру. Бүгінде Жетісу өңірі бойынша бір мыңға жуық қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп, жылына 250 млрд. теңгенің дайын өнімін шығарады. Жыл басынан бері 8 кәсіпорын іске қосылып, 4-уі өндірісін кеңейтті. Өндірістің бәсекеге қабілеттілігін растайтын сапа менеджменті 39 қайта өңдеу кәсіпорындарына енгізілген, биыл осы бағытта және 4 кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Қайта өңдеу саласын дамыта отырып, аграрлық секторға индустриялды-инновациялық бағдарламаларды енгізу шаралары жүзеге асырылуда. Осы тұрғыда, құны 53 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба әзірленіп, оның бүгінге дейін 35-і өндіріске енгізілді. Сонымен бірге, биыл облыста 700-ге жуық жеке, заңды тұлғалардың қатысуымен 47 ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, дайындау және өңдеу бойынша ауылдық тұтыну және 10 мыңнан астам шаруа қожалығының бірігуімен 99 су пайдаланушылар кооперативі құрылған. Экологиялық таза, сапалы азық-түлік өнімдерінің денсаулық үшін пайдасы зор. Осыған орай, жыл бойына бағасы қолжетімді ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда ауыл еңбеккерлері табан ет, маңдай терімен өндірген өнімдерін қала халқына ұсынып, базарлы күннің шырайын келтіруде. Осы орайда биыл 1068 жәр¬меңке ұйымдастырылып, 2,2 млрд. теңгенің, ал, Алматы қаласында өткізілген 221 жәрмеңкеде 651 млн. теңгенің өнімі саудаланыпты. Халыққа көктем-жаз айларында Қымызхана сауда үйі қызмет көрсетеді. Биылғы маусымда 111 қазақ үй тігіліп, барлығы 460 млн. теңгенің саудасы жасалған. Алматы облысы әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Тынышбай Досымбековтің айтуына қарағанда, барлығы ойдағыдай болса биыл жылдың ақтық қорытындысында ауыл шаруашылығында өндірілген өнім құны 300 млрд. теңгеден артады. Жалпы 2015 жылға дейін саладағы еңбек өнімділігін 2 есеге арттырып, аталған мерзімге 436 млрд. теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Бұл үшін егін шаруашылығында бірқатар ауқымды іс жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, озық технологияларды кеңінен енгізу, соның ішінде ылғал сақтау технологиясын қолдану көлемін 128 мың гектарға және тамшылатып суаруды 5 мың гектарға жекізу. Сондай-ақ, бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 381 мың гектар жерді кезең-кезеңімен айналымға енгізу, жердің құнарлылығын арттыру, суару жүйелерін жағырту. Сол сияқты жаңадан 2 мың гектарға алма бағы мен 250 гектарға жүзімдік отырғызу, жоғары технологиялы жылыжай кешенінің жалпы алаңын 70 гектарға жеткізу бағытында жұмыс жүргізу алдағы міндеттердің қатарында. Сонымен бірге, асыл тұқымды малдың үлесін 20 пайызға дейін жеткізу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдаланып, олардың суландыру жүйесін қалпына келтіруге және мал азығы базасын нығайтуға көңіл бөлінбек. Алдағы уақытта ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2016 жылға дейін фермерлік шаруашылықтарға 18,2 мың аналық бас және асылдандыру шаруашылықтарын құру үшін шет ел селекциясынан 6100 бас етті бағыттағы асыл тұқымды мал сатып алу, жалпы қуаттылығы 12 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңдарын іске қосып, экспортқа 8700 тонна сиыр етін шығару міндеті қойылған. Ал, қой шаруашылығында жоғары өнімді етті және етті-жүнді тұқымдарын өсіру үшін қолдан ұрықтандыру ісін жандандыруға ден қойылмақ. Сондай-ақ, қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындардың қызметін халықаралық сапа стандартына сәйкестендіру, тұтыну кооперативтерін құру, негізгі тамақ өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті азайтып, экспорттық әлеуетті іске асыру, маркетингтік және сауда-саттық инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға ден қойылмақ. Осы орайда Алматы облысында ауыл шаруашылығы жылының озаттарын лайықты түрде мараапттау дәстүрге айналғанын атап өткен жөн. Үстіміздегі жылы  бірінші орынға ие болған ізген Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «LADA-21214-193» автокөлігінің кілті табыс етілсе, Алакөл ауданындағы «Ұшқын» шаруа қожалығына «ARLAN SG-244» тракторы сыйға тартылды. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары арасынан Еңбекшіқазақ ауданынан «Есік көкөніс өңдеу зауыты» акционерлік қоғамы, ал, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі бойынша Панфилов ауданы, «Үздік қымызхана» байқауында Іле ауданы, ауылдық округтерден Іле ауданына қарасты Күрті ауылдық округі 1-орынды иеленіп, аталған аудан, кәсіпорын басшылары ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыста тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және өңірді газдандыру да қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру екі негізгі бағытта қолға алынған. Оның біріншісі, көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарымен қамтамасыз етуге арналса, екіншісі, газ, электр және жылумен қамтамасыз етуді, инженерлік желілерін жаңғыртуды қамтиды. Жалпы, облыста 3125 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 2 251-і жөндеу жұмысын қажет етеді. Биылғы жылы екі бағыт бойынша облыстағы 51 көпқабатты тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 812,5 млн.теңге бөлінді. Бүгінгі күнде бөлінген қаржының 497,9 миллионы игерілді. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасын іске асыру барысында 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жергілікті бюджеттен 733 көп қабатты тұрғын үйлердің техникалық төлқұжаттарын дайындауға 67,7 млн. теңге бөлінді.

Жылу энергиясын жыл сайын тұтыну мөлшері облыс бойынша орта есеппен 132 мың Гкал немесе 15 пайызға өсуде. Алайда ғимараттардың жылу энергиясын тұтыну тиімділігі өте төмен деңгейде. Осыған орай, бюджеттік бағдарлама әкімшіліктері, аудан және қала әкімдері жаңа нысандармен ғимараттардың құрылысын жүргізу кезінде энергия үнемдеу шараларын ескеруі тиіс. Сондай-ақ, пайдаланудағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға энергоаудит жүргізіп, соның қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын атқару керек. Сонымен қатар, жылу энергиясын есептеу құралдарын орнату жұмыстарын қатаң бақылауға алуы қажет. Бұл шығын мөлшерін 35-37 пайызға үнемдейді. Алматы облысын 2020 жылға дейін кешенді газдандыру өңірлік бағдарламасы бойынша табиғи газға қазіргі таңда 75 елді мекен қосылған, газдандыру деңгейі 10 пайызды құрады. Газ желілерінің жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырымға жетті. Соның ішінде ұзындығы 264,8 шақырым болатын «Алматы – Талдықорған» магистральды газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаны іске асыру облыстың 3 қаласын және 7 ауданның 409 мыңнан астам халқын газдандыруға мүмкіндік береді. Қазір құбыр тарту жұмыстары басталып кетті.

«Алматы-Талдықорған», «Алматы-Байсерке – Талғар» газ құбыры өңір жұртшылығын табиғи газбен қамтамасыз ететін тарихи жобалардың бірі. Көгілдір отын Талдықорған келгенше Жамбыл, Іле, Балқаш, Кербұлақ, Көксу аудандарының тұрғындары да газбен қамтылады.

Сөз басында айтып өткеніміздей, өңірде өнеркәсіпте де өзіндік өркендеу бар. Соның арқасында биылғы он айда өнеркәсіпте 407,4 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Жыл соңына дейін бұл көрсекіш шамалы болса ада артары сөзсіз. Алға жылжыған жылдармен бірге облыста жаңа нысандаріске қосылуда. Үстіміздегі жылдың өткен айларында ғана 25 кәсіпорын жұмысқа қосылып, өнімдер шығара бастады. Сонымен бірге 16 өндіріс орны кеңейтілді. Осылардың есебінен екі мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Индустрияландыру картасы жөнінде айтқанда, соңғы жылдары Алматы облысында республикалық индустрияландыру картасы аясында жүзеге асқан Жетіген – қорғас халықаралық теміржол желісі, «Мойнақ» су электр стансысы сынды мемлекеттік тұрғыда маңызы бар жобаларды айрықша атап өткен жөн. Сонымен бірге бүгінде Жетісу жерінде отандық жүк көліктері мен автобустар шығару жолға қойылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуден өткізіп, тұтынығу дайын өнім түріне жеткізетін кәсіпорындар қатары да біршама артты. Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін құру аясында 33,5 млрд.теңгеге 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, жыл соңына дейін 5,8 млрд.теңгеге 7 жоба іске қосылады

Облыста жыл басынан бері 635 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылғыға қарағанда баспана тұрғызу  6,6% пайызға өсті.

 «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша Талдықорған қаласы мен Қарасай ауданында 363 пәтерлік екі үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша  биылғы жылы 76 сумен жабдықтау нысанының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, соның нәтижесінде орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 68,5% жетеді.  

Биылғы жылдың 10 айында облыс экономикасына 299,4 млрд.теңге инвестиция салынды. Мемлекеттік бюджет жоспары 111,0% орындалды, болжанған 110,9 млрд.теңгенің орнына 123,1 млрд.теңге түсім түсті. Облыс бюджеті 248 млрд.теңгені құрады. Экономиканың барлық салаларында он жеті мың жұмыс орны құрылды.

«Жұмыспен қамту  – 2020» бағдарламасына 6,0 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде оқытумен қамтылғандар – 3597. 1957 адам оқуын аяқтап, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1545 адам жұмысқа тұрғызылды.

Болат Абаған, Алматы облысы.

543 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы