• Бизнес & Қоғам
  • 14 Желтоқсан, 2012

ТЕГЕУРІНДІ РУДНЫЙ Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Моноқалалар мәртебесіне ие болған Қазақстанның 27 шағын шаһарында бүгінде бір жарым миллион адам тұрады. Құрылуына ірі кәсіпорындар себепші болған осы қалалардың нақты салада артықшылықтарға ие бола отырып, әлеуметтік қиындықтарды да айналып өтпейтінін өмірлік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан да шағын қалалардың келешегін таразылап, тіршіліктеріне тың серпін беру үшін дүниеге келген мемлекеттік бағдарлама қазірде осы жерлердің әл-ауқатын көтеріп, экономикасын әртараптандыруға жұмыс істеуде. 

Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Үлкен Торғайдың темір кенінің орасан қорлары болуы нәтижесінде құрылған Рудный қаласы кен игерушілердің басын қосып, қызу еңбекке, келісті тірлікке жұмылдырған орталық болды. Өңірдің інжу-маржаны – Соколов-Сарыбай кен байыту өндіріс­тік бірлестігі кезінде Одақ­тың бар­лық дерлік металлургиялық комбинат­тарын шикізатпен қамтамасыз еткені белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да әлемдегі ірі кеніштердің бірінен саналатын бұл бірлестік ел экономикасына серпін беретін қуатты қайнарға айналды. Рудный қаласындағы өнеркәсіп үлесінің 92 пайызын, салық төлемі үлесінің 94 пайызын құрайтын Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде қазірде 19 мың адам – яғни, барлық жұмыс істеуші тұрғындардың жартысы еңбек етуде. Қойнауындағы темір кенінің молдығы есебінен шаһар экономикалық әлеуеті жоғары қалалардың қатарына жатқызылған. Қостанай өңірінің ірі өндірістік ошағы облыс ор­та­лы­ғын­дағы ЖЭО-ның қуатын арттыру, металлопрокат кешені­нің, цемент зауыты және Қашар фабрикасының құ­ры­лысын салу сияқты ірі инвес­ти­циялық жо­ба­ларды ат­қа­рып, жергілікті бюджеттің толы­ғуы­на сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ бірлестік Ресеймен бірге Қытай ры­но­гына да темір рудасы концентраты мен өнім­дерін экспорттауды жылдан-жылға арт­ты­рып келеді.

Дегенмен әлемдік дағдарыстың экономикалық ахуалға теріс ықпал ету мүмкіндігін ескерсек, мұндай күрделі жағдайда бір ғана кәсіпорынның барлық проблемаларды шешіп, әлеуметтік салаға үнемі қалқан бола алмасы белгілі. Сондықтан да Мемлекет басшысы мен ел Үкіметі қазақстандық моноқалалар жағдайын жіті назарда ұстап отыр. 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы өңірде балама кәсіпорындардың көзін ашуға, шағын және орта бизнесті дамытып, өркендетуге бағытталған. Бұл міндеттер қаладағы коммуналдық инфрақұрылымды қалпына келтіру, су, жылу жүйесін жаңарту, жолдар мен көшелерге күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарын жүзеге асырумен тығыз байланысты. Осы орайда Рудный қаласына мемлекеттік бағдарлама бойынша республика бюджетінен 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, оның ішінде 147 млн. теңге жылу жүйесін жөндеуге, 196 млн. теңге жол жөндеу жұмыстарына, ал 153 млн. теңге рұқсат етілмеген қоқыстар орнын жоюға жұмсалуда.

Шағын қалаларды қолдау бағдарламасы олардың алдында жаңа перспективалардың ашылуына ықпал етері сөзсіз. Рудныйда қазір бірден бірнеше инвестициялық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Индустрияландыру картасына және «Бизнестік жол картасы-2020» бағдарламасына құны 273 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба енгізілген. 15 млрд. теңгенің 4 жобасы іске асырылып, қалғандары 2014 жылдың аяғына дейін жалғаспақ. Қаланың инвестициялық бағдарламасына алдағы жылдарға құны 126 млрд-қа жуық тағы 11 жоба енген. Бұл жобалардың барлығы қаланы жаңа даму деңгейіне көтерері анық. Сондай-ақ жаңа жұмыс көздерінің ашылуы, сапалы да өнімді кәсіптер көкжиегінің кеңеюі қосымша жұмыс қолын қажет етеді. Мұнымен қоса, Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі одан әрі даму үрдісін жалғастырып келеді. Енді бірлестік шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға жоспарлы түрде бет бұрды. Соған орай жуық жылдарда мұндай жоғары технологиялы өндіріс жоғары білікті мамандарды жұмысқа тарту қажеттілігін туындатады. Ал олар қалада әлеуметтік сала дамығанда, коммуналдық шаруашылық жақсы жолға қойылғанда ғана келері айқын. Оның үстіне қазіргі уақытта шаһарда коммуналдық төлемдердің өтелмеуі едәуір қиындықтар тудырып отыр. Облыс әкімі Н.Сәдуақасовтың айтуынша, кеншілер қаласы аймақ бойынша коммуналды төлемдерге берешегі ең көп өңір екен. Сондықтан да осы олқылықтардың орнын толтырып, өңір тіршілігіне тың нышандар енгізу үшін атқарылар іс-шаралар ауқымы кең. Рудныйда әлеуметтік сала нысандары – мектеп, балабақша, ауруханалар және тұрғын үй құрылысы қаланың келбеті мен экологиялық жағдайын жақсарту шараларымен қатар жүргізіліп, оның барлық мақсаттарға жету жолындағы тартымдылығын арттырмақ. Қалада мектепалды мекемелердің тапшылығын өтеу үшін 200 орындық қосымша 5 балабақша тұрғызылып, пайдаланылуға берілуі қажет. Емханалардың қатарын көбейту мәселесі де өткір тұр. Әлеуметтік маңызы зор бірқатар нысандар, балаларға арналған ойын алаңдары, спорт ғимараттарының барын қайта қалпына келтіріп, жетпей жатқандарын салу көзделуде.

Рудныйда жүзеге асқан инвестициялық жобалардың бірі – жылдам дайындалатын кеспе өнімдерінің кәсіпорны боп табылады. «Ақ барыс» ЖШС айына 8 миллион қалта кеспе өнімін өндіреді. Сапасы жоғары талаптарға негізделген өнімнің 4 түрі сатуға шығарылуда. Аталған жобаны іске асыруға 200 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Алдағы уақытта кәсіпорын шығарған өнімдерін тек Қостанай облысы ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріне, тіпті көршілес Ресей мемлекетіне де  шығару жоспарланып отыр. Облыста қысқы маусымдағы көкөніс өсіру мен оны сақтау орындарының жеткіліксіздігі Рудныйда жылыжай кешенін тұрғызу есебінен шешілмек. Жоба Индустрияландыру картасына енбеген. Десе де аумағы 1-1,5 гектар алаңды құрайтын, құны 204 миллион теңгеден асатын кешен іске қосылса, маусым сайын 60 тоннаға дейін өнім береді деп күтілуде. Әзірге 2 жылыжай дайын, болашақта оның қатары толыға түседі.

Рудныйдың болашағы тек жергілікті атқару органдары, кәсіпкерлер мен депутаттар ғана емес, Рудный индустриалдық институтының студенттер мен оқытушыларын да ойландырады. Қаланы өркендетуге өзіндік үлестерін қосуға олар да ерекше ынта танытып, «Сарыбай» технопаркін жасау бойынша біраз жылдардан бері жұмыс істеуде. Бұл өңір игілігі үшін перспективалы және экономикалық тиімді зерттемелерді топтастыратын, сонымен бірге мықты кәсіпкерлерді, өздерін жақсы жұмыспен, лайықты еңбекақымен қамтамасыз ете алатын жаңа орта санат өкілдерін және жалдамалы қызметкерлерді бизнес тұрғысынан өсіріп шығаратын орталық болмақ.

Қайсыбір қиындықтарға қарамастан, Рудныйдың жалпы экономикалық ахуалының орнықтылығы, шағын және орта бизнес субъектілерінің салық салу базасын өсіруге үлес қосуға бейімділігі, индустриалдық-инновациялық, әлеуметтік бағдарламалардың нақты қолға алынуы қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, табысқа бастар жолды айқындай түсеріне сенім мол.  

562 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы