- Қаржы
- 29 Қыркүйек, 2011
Қаржы Ұлттық қор екі есеге артты Рымтай САҒЫНБЕКОВА
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар еліміздің 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетіне енгізілетін өзгертулерді мақұлдады.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Еліміздің басты қаржы құжаты болып табылатын бюджет жобасына өзгертулер әлемдік экономиканың хал-ахуалына қарай ағымдағы жылғы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерін нақтылауға және шығыстардың басым бағыттарын іске асыру үшін жылдың қорытындысы бойынша белгілі болатын үнемдеу қаражатын қайта бөлуге байланысты. Нәтижесінде 2011 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы биылғы жылға бектіліген жоспарға қарағанда 190 663 100 мың теңгеге ұлғайып отыр, яғни бұл сома 3 035 459 279 мың теңге көлемінде болады.
Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, аталмыш құжатта биылғы жылғы қаңтар-тамыз айларындағы бренд маркалы мұнайға деген орташа әлемдік баға барреліне 111 АҚШ долларын құрағандығы ескеріле отырып, 2011 жылға мұнай бағасының болжамы барреліне 65-тен 90 АҚШ долларына ұлғайтылды. «Бұл деңгей жыл аяғына дейін бағаның төмендеу қаупі ескеріле отырып белгіленді. Сонымен қатар ішкі және сыртқы жағдайлар ескеріле отырып, биылғы жылы экономиканың өсімі 7 пайызға жетеді деп белгіленді. Бұл Елбасының тапсырмасына және экономикалық өсімнің индикативтік көрсеткіштеріне сәйкес келеді», – деді министр.
Айта кететін бір жәйт, дағдарыс жылдарында экономиканы қолдауға бағытталған күш ретінде ұлттық қордың қаржысы пайдаланылды. Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, 2007 жылдан бері еліміздің ұлттық қор қаржысы осы жылдардағы пайдаланғанымызға қарамастан екі есеге өсіпті. Осының алдында Парламент Мәжілісінде өткен «Бірыңғай экономикалық кеңістікке интеграциялану және әлемдік экономиканың турбуленттілігі жағдайында Қазақстан Республикасының ортамерзімдік экономикалық саясатының негізгі аспектілері» атты дөңгелек үстел отырысында осылай деп мәлімдеген министрдің сөзіне қарағанда, ұлтық қордың қазіргі мөлшері 40 миллиард доллардан асып жығылады. Ал еліміздің халықаралық резервтері 76 миллиард доллардан асты. «Бұл біздің экономикамыздың қорының мол екендігін, соған қарай экономикамыздың беріктігін көрсетеді», – деді Қ. Келімбетов

492 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *