• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2011

Жүлдегерлер жұмыспен қамтылды Мақпал САҒЫНДЫҚ

Қыркүйектің соңғы күндерінде Астана қаласында өткен «Инновациялық Қазақстан» байқауы өз мәресіне жетіп, жүлдеге ие болған жеңімпаздарға «Самұрық-Қазына» қорына қызметке тұруға үлкен мүмкіндік жасалды. Дарынды жастар арасында өткізілетін бұл байқауда біліктілігі мен тапқырлығы арқасында сурылып шығып, топ жарған он жүлдегер мен екі жеңімпаз алдағы уақытта компания қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасайтын болады. Ел ішінде жүрген озық ойлы жастарды табу мақсатында ұйымдастырылған байқау өз нәтижесін беріп отыр.

Сайыс барысында ақтық сынға шыққан қатысушылардың инновациялық идеяға толы жұмыстары кәсіби деңгейде орындалғандығын айғақтады. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Гүлмира Райысова сайыс жайында: «Бүгінгі таңда кез-келген компанияға серпінді күш, тың идеялардың генераторлары мен алға жылжытушылары қажет деп ойлаймын. Сайысқа қатысушы ақтық мәредегі ондықтың қатарына ілігіп, оның инновациялық идеясы белгілі бір салаға тың дүниені әкелетін болса, оны неліктен жұмысқа алмасқа?», - деп өзіндік ойын жеткізді.

Байқаудың шешуші кезеңіне аяқ басқан оқушылар мен студенттерді қор ұжымы кадрлық резервке қою мәселесін қарастыруға, сонымен қатар, еншілес ұйымдардың бірінде жазғы өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасайтындықтарын білдірді. Алдын-ала хабарланған мәліметке сәйкес, байқау қорытындысы бойынша талантты, білгір жастардың ұйымы және «идеялар мен жобалар топтамасы» құрылатын болады. Қазіргі уақытта республиканың 150-ден астам оқу орындарында «Инновациялық Қазақстан» конкурсының талаптары түсіндіріліп жатыр. Байқау негізінде жүргізілген сараптама жұмыстарының нәтижесінде Астана мен Алматы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының 15 пен 18 жас аралығындағы жастары ерекше белсенділік танытып отырғандығы байқалды. Байқауға 80-нен астам өтініш келіп түскен.

499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы