• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2011

Диқандар төңірегіндегі дау-дамай Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Биылғы жыл диқандар үшін берекелі жыл деуге болады. Республикада астық бітік шығып, егіннен мол қор алынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің салыстырмалы мәліметіне қарағанда, егістік алқаптары толығымен орылып біткен кезде, 25 млн тоннаға жуық астық қамбаға құйылатын болады деп күтілуде.

Соңғы алпыс жыл ішінде орын алған бұл үздік көрсеткіш ел тәуелсіздігінің 20 жылында еш қайталанбаған құбылыс деп саналуда. Ресей халқы үстіміздегі жылы 100 млн тонна астық бастыратындықтарын жасырмады, оның ішінде 20-25 млн тоннасын экспорттамақ.

Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысы барысында ағымдағы жылдың жиын-терім науқаны сөз болды. ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан бидай дақылын сатуға құлшыныс болмай отырғандығын жеткізді. Себебі де жоқ емес. Өйткені өндірушілер, жуықта астықтың бағасы жоғарылайды деген көзқарастан айнымай отырған көрінеді. Осылай дей келе Өмірзақ Шөкеев: «Сол себептен де, әкімдер бұл жағдайды өз бақылауларына алып, астық сатып алу штабтарын құрулары керек. Шаруалар үшін ең дұрысы – астықтарын «Азық-түлік корпорациясына» сатып, орын алған мәселеден арылу», - деді. Осы жерде айта кету керек, «Азық-түлік корпорациясы» диқандардан астықтың әр тоннасын 170 АҚШ долларына сатып алуға дайын отыр. Мәселе тек, диқандар жағынан туындап отырғаны болмаса.

Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің сөзіне қарағанда, облыстарда «Азық-түлік корпорациясы» мен диқаншылар арасында сатып алу ісіне қатысты арнайы комиссия құрылған. Астық сатып алу шарттарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында олардың құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық және партия ұйымдарының өкілдері кірген. Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша үстіміздегі жылы астықтың тоннасын 25 мың теңгеден 5 млн тонна сатып алу жоспарланып қойған. Қазіргі күні 1 млн 300 мың тонна астықты сатып алуға келісімшарт жасалып, оның 360 мың тоннасына ақша төленген, тиісті қолхаттар «Азық-түлік» корпорациясының атына аударылып отыр. Еліміздің әр аймақтарында мемлекеттік қорға астық сатып алу тең жағдайда жүргізіледі. Мысалы, Қостанай облысының диқандарынан 1 млн 600 мың, ал Солтүстік Қазақстан облысы диқандарынан 1 млн 450 мың тонна астық сатып алынады. Қазіргі күні Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында астық сатып алу жұмыстары қолға алынса, басқа өңірлерде жеткізушілердің тізімін түзу жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылы 16,2 млн га дәнді дақыл жиналады деп күтілуде. Облыстық әкімдіктердің ауыл шаруашылығы департаментінің ақпаратына сүйенер болсақ, бүгінде республика бойынша 12,8 млн га алқаптың астығы жиналған. Орташа шығымдылығы гектарына 15,8 центнерді құрап, 20,2 млн тонна астық бастырылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш гектарына 7,1 центнерге артық. Осыған байланысты Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков: «Бұл орайда Қазақстан астығының дәстүрлі импорттаушылары – Орталық Азия елдері, Ауғанстан мен Иран шамамен 6 млн тонна Қазақстан бидайын импорттай алады. Қалған 4 млн тонна астық Балтық және Азов-Қара теңіз бассейні айлақтары арқылы Батыс Еуропа елдеріне экспортқа шығармақ», - деген болатын.

Негізінен, Қазақстан астығына деген сұраныс жоқ емес, бар. Алайда бар мәселе оның бағасына келіп тірелуде. Министрдің сөзіне қарағанда, Орта Азия елдеріне, Ауғанстан мен Иранға астық сатқанымыз тиімді болмақ. Себебі бұл бағытқа қатысты көлік шығындары аз. Ал өзге елдерге сату жұмысына келетін болсақ, көлік шығынына байланысты ақша қолға аз түсетін көрінеді. Қара теңіз айлағында астық бағасы 280-285 долларды құрап отыр. Алайда, айлақтың өзіне шығу үшін 100-120 доллар жол қатынасына қатысты тарифтер төлеумен қоса, терминалдарда мөлшермен 20 доллар шығындануға тура келеді.

547 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы