• Бизнес & Қоғам
  • 04 Қаңтар, 2013

Биік мақсат - жетістіктің желкені

            Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсыновтың «Бүгінгі заман, кешегі заманның баласы, болашақ заманның атасы», деп айтқан керемет бір сөзі бар. Олай болса, арттағыны қозғап, алдағыны болжап отырсақ, ешқашан ұтылмайтынымыз анық. Осы ретте, бүгінгі әңгімеміздің түп төркіні болашақ тарих қойнауына жол тартқан 2012 жыл төңірегінде болмақ. Әңгімені мына бір жайттан бастасам ба деймін.

            Әдетте қазақтар қоңыр түске ден қояды әрі бұл тіптен кездейсоқ емес. Табиғатта 7 түрлі түстен тұратын спектр бар. Олар өзара араласқанда қоңыр түске айналады екен. Демек, қазақ табиғаттың сырын терең түйсініп, оның ажырамас бір бөлшегі болып өмір сүрген. Қазір де сол әдетінен еш жаңылмай өркениет дамуының сара жолымен жүріп келе жатыр. Жапондық «Toshiba» корпорациясының өкілі Акихира Токубо былайша ой қорытады «Егемендігін жариялағаннан бергі қысқа мерзімде өзінің дамуымен, сындарлы саясатымен, жарқын болашағымен бүкіл әлемді мойындатқан бірден бір ел – Қазақстан». Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен жүргізіліп отырған мемлекетіміздің ұтымды ішкі және сыртқы саясатының үлкен жеңісі деп қабылдаған жөн. Осы орайда 2012 жылдың елдің жаңа бір есею жылы болғанын атап өту ләзім әрі оған «тұңғыш рет» деген теңеулерге толы мына деректер куә.

            2012 жылдың шымылдығы маңызды саяси оқиғамен – кезектен тыс Парламент сайлауы өтуімен ашылды, сөйтіп еліміздің тарихында тұңғыш рет көппартиялы парламент жасақталып, үш фракциялы Мәжіліс өзінің жұмысын бастады. Түптеп келгенде, бұның мемлекет дамуына қажетті деген заңдардың дер кезінде және жоғары сапалы деңгейде қабылдануына әсері болары сөзсіз. Мемлекеттілікті нығайтудың осындай маңызды қадамының тағы да бірі, 2012 жылы құқықтық саладағы реформалар аясында тұңғыш рет барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өтті. Жүз мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам бұл сынақтан өтпей қалды және органдардан босатылды. Мұндай сұрыптау алдағы уақытта тұрақты жүргізіліп отыратын болады.

            2012 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстанның, Беларусь пен Ресейдің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іс жүзіндегі кезеңі басталды. Жиынтық Ішкі жалпы өнімі  2 трлн. АҚШ доллары болатын 170 миллион тұтынушыны біріктіретін осынау үлкен ауқымдағы нарық біздің бизнесті бәсекеге қабілеттілікке үйретуі тиіс. Бұл ретте, мынаны есте ұстаған жөн. Қазақстан егемендігіне бір мысқал да нұқсан келмейді, саяси тұрғыдан ешбір қысым көрсетілмейді. Экономикалық қуаты жағынан Украина тәрізді іргелі мемлекеттен асатын, ал экономикалық жедел даму тұрғысынан әлемде Қытай және Катар мемлекеттерінен кейінгі үшінші орынды иеленіп отырған Қазақстан ешкімге оңай шағыла қойылатын жаңғақ емес. Мұның сыртында, Қазақстан БҰҰ беделді мүшесі, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция, Қытай мемлекеттері тарапынан тәуелсіздігінің мызғымай сақталуына халықаралық деңгейде кепілдігі бар, әлемнің барлық елдерімен достық қарым-қатынастағы ел екенін есте ұстаған жөн.

            Жалпы біз 2012 жылдың қорытындысы бойынша Ішкі жалпы өнімінің көлемі бойынша дүниежүзінің 50 ірі экономикасы қатарына еніп отырмыз. Бұл осыдан алты жыл бұрын алдымызға қойылған әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіру жөніндегі міндеттің үдесінен шыға білдік деген сөз. Тарқатып айтсақ, жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Шетелдік инвестиция тарту көлемі жағынан ТМД көшбасшысы ретінде мойындалып, ол 9200 АҚШ долларын құрап отыр. Үдемелі индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде 2010 жылдан бастап құны 1797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 миллионнан астам жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» іске асырылған екі жыл ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге сомасындағы кредит болатын барлығы 225 жоба мақұлданды. «Өзен - Түркіменстан шекарасы» теміржол желісі іске қосылып, Парсы шығанағы мен  Үлкен Шығыс елдеріне жол ашылды. «Қорғас – Жетіген» жолы төселіп Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына енуге, сөйтіп Шығыс қақпасын айқара ашуға мүмкіндік туды, «Жезқазған - Бейнеу» теміржолын салу қолға алынды.

            2012 жылы «Халықтық IPO» бағдарламасын, нақтырақ айтқанда «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын құнды қағаздар нарығына шығару жүзеге асырыла бастады. Ол ең алдымен ұлттық байлықты халықтың қолына таратылып берілуін көздейді. Мысалы, аталмыш компания бойынша 28 млрд теңге көлемінде акция орналастырылғалы отыр. Кезінде, ағылшын премьер-министрі Маргарет Тэтчер төрт жыл мерзім (1984-1988) ішінде акциясы бар британдықтардың санын үш еседен аса өсіруге қол жеткізді. Нәтижесінде, акцияны сату арқылы табысты ұлғайтып, өнімнің өзіндік құнын арзандатты. Инфляция екі-үш есе төмендеді. Миллионнан астам британдық азаматтар үйлі болды.

            2012 жылдың ауыз толтырып айтарлық тағы бір жаңалығы, ол тұңғыш рет Астана қаласының Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталығында жүрек алмастырылды. Баласының рұқсатымен ми зақымынан қайтыс болған Галина Воротникованың жүрегі Жәнібек Оспановқа салынды.   

            Сайып келгенде, осы және басқа да көптеген жетістіктер халықаралық қауымдастықты «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізуді Қазақстан пайдасына шешіп беруге бірден бір себепкер болды десек әсте қателеспейміз. Сонымен, тұңғыш рет Орталық Азия аймағында және ТМД елдері бойынша Астана қаласы ауқымды да аса мәртебелі халықаралық көрмені өткізетін болады. Алғаш рет 1851 жылы Лондонда ұйымдастырылған бұл ірі форумды өткізу тек АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Алмания, Жапония, Канада, Қытай тәрізді экономикалық алпауыт мемлекеттерге бұйырғанын ескерсек, 2012 жыл қазақ елі үшін құтты жыл болды деп айтуға толық негіз бар. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» аталып, балама энергия көздерін пайдаланудың мәселелері қаралады. Бұл  көрме елімізге аса қажетті әрі тиімді жаңа технологияларды іске кірістіруге жол ашатын болады.

            Қазақстанның қарыштап дамуы 2012 жылғы Лондон олимпиадасында біздің спортшыларымыздың 205 ұлттық құрама арасынан 12-ші орын алып, ірі державалар қатарынан көрінуге мүмкіндік берді. Ең бастысы, бұл жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, қазақстандық патриотизмнің ұлы күшін танытты.

            Осындай ұлы жасампаздықтың бастауында Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғаны, ол кісінің ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғандығы бұлжытпас шындық. Сондықтан 2012 жылы тұңғыш рет Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні бүкіл ел болып және халықаралық деңгейде атап өтілді. Бұл күннің еліміздің тарихына қазақстандықтардың Бүкілхалықтық Таңдауының Бірлігі күні есебінде енетіні анық. Мәселен, 130 жылдан астам уақыттан бері жыл сайын АҚШ бірінші президенті Джордж Вашингтонның құрметіне Президент күнін атап келеді.

            Әрине, 2012 жыл тарихқа Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауымен алтын әріппен жазылып қалары сөзсіз. Басты мақсат – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құрып, әлемнің озық үлгілі 30 елінің қатарына ену. Халық мақалында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені. Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді». Ол үшін бізге адам ресурстарының сапалы болуы, тиісті шикізат қорымен қатар, оған тәуелділікті азайта отырып жаңа технологиялық өндірісті дамыту, қазақстандықтардың бірлігін нығайту қажет.

            Осыған орай, Жолдауда Білім қоғамын орнықтыруға мән беріп, ұлт болашағы мен мемлекет қауіпсіздігі мүддесіне көмірсутегі шикізатының стратегиялық «резервін» құру туралы баса айтылған. Өйткені, ол еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы болады. Осылайша біздер ықтимал экономикалық сілкіністер жағдайында тағы бір қорғаныс шебін құрамыз.

            2012 жылы қабылданған сындарлы шешімдер қатарына мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім жатады. Сөйтіп, 2013 жылдан бастап 2533 әкім, соның ішінде селолық округтардың, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімдері сайланатын болады. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 97,1 пайызы.

            Осындай тың демократиялық бастамаларға елімізде еркін азаматтық ашық қоғамға жол ашатын, сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз етуге септігізін тигізетін Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексінің тұңғыш рет қабылдануы да 2012 жылдың еншісінде.

            Кез келген қоғамдағы тәрізді, Қазақстан келеңсіз жағдайлар мен тосын оқиғалардан тыс қалмады. Өкінішке орай, 2012 жылы шекара төңірегіндегі, сондай-ақ Іле-Алатау ұлттық саябағындағы адам өлімдеріне әкелген қайғылы оқиғалар, Алматыда тау етегінің өртке шалынуы, әскери ұшақтың және тікұшақтың апаты салдарынан ондаған кісілердің қаза болуы, бұрындары кездестірмеген лаңкестік әрекеттердің бой көрсетуі орын алды. Сонымен қатар, қоғамда адамдардың моральдық жәй-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздіктер әлі де кездесіп қалуда. Ендігі міндет, алдағы уақытта мұндай жағымсыз көріністерді болдырмаудың жолдарын қарастыру керектігі айқын.

            Игерілмеген мүмкіндіктер де жетіп артылады. Зерттеулер нәтижесі бойынша, елімізде теміржолдың – 30, әуе жолының 25, автомобиль жолының – 12, ал су қатынасы мүмкіндігінің небәрі 6% мөлшерде пайдаланылып отыр.    

            2012 жылы жасақталған жаңа Үкімет бұл бағытта қазір нақты істерді атқаруға кірісіп те кетті. 2050 жылға бет алған сәтте халық болып Үкіметке қолдау көрсете отырып, әрқайсысмыз үлес қосуымыз керек. Мұқағалиша айтсақ:

«Жол ұзақ, биік асу, сапар алыс

Жаз өтер, күз де кетер, тақалар қыс.

Қамданыңдар. Болашақ деген елге

Қандай біз сый-сияпат апарамыз».

             Ендеше іске сәт, ағайын! 

           Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы, Астана қаласы.

550 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы