• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2011

Озық өнімдер өзімізде ШЫҒАРЫЛУДА

Президент тапсырмасымен қолға алынған «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы дағдарыстан кейін шағын және орта бизнестің тамырына қайтадан қан жүгіртіп қана отырған жоқ. Сонымен бірге, елімізде бұрын-соңды болмаған не болмаса сирек саналатын өндірістерді көптеп ашуға көмектесуде. Төменде аталмыш бағдарламаның шеңберінде Павлодар облысында жүзеге асырыла бастаған бірегей бизнес-жобалар туралы кеңінен әңгімелеп бермекпіз.

Еуропалық құралды жөндеу еш қиын емес!

«Гидропривод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінде айы оңынан туып келеді. Фирманың атқарушы директоры Евгений Аникьевтің айтуынша, 2004 жылы ғана өндірісте 4-5 адам жұмыс істеген. «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде банктен алған 13,5 млн. теңге несиесін субсидиялауға қол жеткелі бері өндірісте 60 адам еңбектеніп жүр.

Бастапқыда тек жөндеу қызметін көрсетумен ғана шектелген «Гидропривод» ЖШС қазір ұсақ бөлшектерді дайындап шығаруға жеткен. Онда да анау-мынау емес, экскаватор, жүк көтергіш кран секілді екінің бірі бара бермейтін гидравликалық құрал-жабдықтарды жөндеп, қажет бөлшектерін әзірлеуге батыл кіріскен.

-Бағдарлама аясында ұсынылған жеңілдіктерге ие бола отырып, қызмет көрсету ауқымын кеңейтуді және шығаратын бөлшектердің көлемі мен түрлерін көбейтуді көздедік, - дейді атқарушы директор.

Қазірде аталмыш серіктестік ресейлік гидравликалық құрал-жабдықтармен қатар, еуропалық, яғни импорт техникаларды жөндеуді қолға алып отыр. Немістің әйгілі «Бош» маркасы секілді әлемдік ірі өндірушілердің цилиндрлері, насостары мен редукторларына қажетті қосалқы бөлшек заттар жергілікті мамандардың қолдарынан шығатынына бастапқыда сену де қиын. Өндіріске өзіңіз барып көргенде ғана көзіңіз жетеді.

Бізден шыққан бұйымдар сапа бойынша шетелдіктен ешқандай кем түспейді. Соған қарамастан, олардың бағасы да шетелдік өндірушілерге қарағанда әлдеқайда арзан. Әрине, шетелдіктер өздерінің ұсақ бөлшектерін қалай дайындайтынын біздікілерге бүкпесіз айтып беруі мүмкін емес. Ешкім де технологиясын басқаға ашпайды. Бірақ, павлодарлық технолог-мамандар импорт құралдың «ішек-қарнын» ақтарып отырып, қандай бөлшекті осында шығаруға мүмкін болатынын зерттеп, есептеп, ойластырады. Кейін арнайы сызбаға сүйене отырып, дайын өнімге қол жеткізеді.

Атқарушы директордың сөзіне қарағанда, әлемдік зауыттардың осындағы сервистік қызмет өкілдіктері істен шыққан импорт гидравликалық құралдарды кем дегенде үш ай бойы жөндейді. Онда да жарамсыздарын Еуропаға қайта салып, кейін ол жақтан жөнделіп келуін сарғайып күтеді. Ал «Гидропривод» серіктестігінің қызметкерлері болса, бүлінген құралды әрі кетсе төрт-бес апта дересінде ұзаққа шыдайтындай сапалы етіп жөндеп бере алады. Қолдан жөнделіп шыққан құралдың қалтқысыз қызмет ететініне компания алты айлық кепілдік те береді. Айтпақшы, аталмыш фирма Екатеринбургтің «Пневмастроймашина» ААҚ-ның сервистік орталығы болып есептеледі. Мұндай сенім мамандарды қанаттандыра түскені анық.

- Әрбір кәсіпорында кемінде бір-екі кран, бірнеше экскаватор болады. Сол себепті, біздің қызметімізді пайдаланатындар қатары көп. Тек қана тау-кен, жол құрылысы өнеркәсіптері ғана емес, сонымен бірге, басқа да салалар жөндеу қызметіне мұқтаж. Себебі, азық-түлік өндірісінде де сондай техникалар мен құралдар қолданылады, - дейді мән-жайды түсіндірген кейіпкеріміз.

«Гидропривод» серіктестігі секілді гидравликалық құрал-жабдықтарды жөндеуге маманданған фирмалар еліміз бойынша жоқ емес, бар. Бірақ, барлығы бірдей отандық және шетелдік өндірушілердің құрал-жабдығына қажетті бөлшектер шығармайды. Жергілікті кәсіпорынның басқа да ерекшелігі бар. Мәселен, әзірге елімізде жоқ насостың тербетілмелі торабын шығаруды осындағы мамандар меңгеріп алған. Ол үшін пайдаланылатын қола шикізаты Балқаштан әкелінеді.

Соңғы кезде серіктестік өз қызметін кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарлама көмегімен өндірістік құрал-жабдықтар сатып ала бастаған. Өндіріске жаңадан ресейлік қырнаушы станоктар орнату шешілген. Оның біреуін қазірде іске қосып үлгерсе, екіншісі таяу арада жеткізілуге тиіс. Олардың әрқайсысы 30 мың АҚШ доллары тұрады.

- Мұнда барлық жұмыс автомат-тандырылған жүйемен іске асады. Арнайы бағдарламаға қажетті тапсырма енгізіледі де, әрі қарай станок бәрін өзі атқарады. Бұрын мұндай станок бізде болған емес, - дейді осы құралдың тізгінін қолына алған оператор В.Вергелес.

Сондай-ақ, өндіріске жақында Қытайда құрастырылған индукциялық балқыту пеші орнатылады. Онда 50 килограмға дейін шойын, сонша көлемде қоланы балқытып, кейін одан қажетті бұйым түрін құйып шығаруға мүмкіндік болады.

Бүгінде «Гидропривод» серіктестігінің қызметін тұрақты пайдаланатындар қатарында «Қазақстан алюминийі», «Қазхром», «Вторчермет», «Кастинг» секілді Павлодар облысымен қатар Семей өңірінің кәсіпорындары бар. Алдағы уақытта республика көлеміне шығу жоспарланған.

Ұсынылған мемлекеттік бағдарламаның игілігін сәтімен қолдануға көшкен өндіріс орны дамуға жұмсалған қаржының небары 4 жыл ішінде ақталатынына сенімді. Ең бастысы, бұл жобаның іске асуы бұрын шетелдерден сатып әкелінетін гидравликалық насостар мен басқа да құралдардың қосалқы бөлшектерін өзімізде жасап шығарылатын болды. Жаңа технологияны енгізу нәтижесінде шығарылатын өнім көлемі 10 пайызға ұлғайып, жұмсалатын шығын көлемі азаяды.

Неміс технологиясы неліктен ұтымды?

Павлодар қаласында соңғы жылдары тасын өрге домалатып отырған кәсіпорынның бірі - «Казстрой-меридиан» ЖШС. Қайбір жылдары өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқын алғанда, оған пайдаланылатын құрылыс заттарын өзімізден таппай, дал болғанбыз. Шығыстағы Семей мен орталықтағы Қарағандының өндірушілерінен кірпіш пен бетон плиталарды үздіксіз тасымалдауға мәжбүрлік туған. Осы кезде «құрылыс материалдарын жергілікті кәсіпорындар неге өндірмейді?» деген заңды сауал туындаған болатын. Қазіргідей нарық заманында шеттен тасып әкелгенше өзімізде өндірген әлдеқайда тиімді екені айтпаса да ұғынықты.

Осы тұрғыдан алғанда, сөз етіп отырған серіктестіктің қолға алған бастамасы құптарлық. Осы кәсіпорында шығарылған кірпіштер мен бетон плиталарды қазірде жергілікті құрылыс фирмалары пайдалануға көшкен. Солардың қатарында он екі қабатты тұрғын үй салуға кіріскен «Жәрдем» мердігер фирмасы да бар. Құрылысшылардың айтуынша, Павлодар жерінде шығарылған құрылыс материалдары сапасы жағынан басқалардан озық, ал бағасы арзан. Сұраныс көбейген сайын өндіруші кәсіпорында жұмыс қыза түскен.

«Казстрой-меридиан» ЖШС өндіріс цехының бастығы Николай Косткиннің әңгімелеуінше, мұндағылар ең басты мақсат тұтынушылардың көңілінен шығу деп біледі. Кәсіпорын бетон плита өндірісіне былтырғы күзден бастап кіріскен. Барлық технология немістерге тиесілі. Өндіріске сол елден жеткізілген құрал-жабдықтар, машиналар қолданылады. Олар бастан-аяқ автоматты жүйеге құрылған.

- Құм, цемент секілді қоспаларды арнайы құралмен әбден араластырып алған соң, ол тиісті қалыпқа біркелкі жағдайда, тегіс құйылады. Плитаның жоғарғы және төменгі қатарында ішінен сым арқан тартылады. Бұрын жіңішке арматура темірлер өткізілуші еді ғой. Қазіргі кезде болат арқан өткізілуі себепті оның жүк көтеру қабілеті күшейе түседі, - дейді өндірістік цех бастығы.

Шетелдік технология негізінде жасалатын плиталардың артықшылығы бұл ғана емес. Кеңес өкіметі тұсында әртүрлі ұзындықтағы плиталарды табу қиын болатын. Соның кесірінен кейбір ауылдарда әлі күнге дейін төбесі жабылмай қалған ғимараттар кездеседі. Мұны айтып отырғанымыз, жаңа кәсіпорын тың технологияның арқасында ұзындығы 1 метрден 9 метрге дейін жететін бетон плиталардың өндірісін еш қиналыссыз толық меңгеріп үлгерген.

- Кейде жеке тұрын үй салушылар өздерінің қалауын айтып келеді. Біз, әрине, клиенттің өтінішін екі етпейміз. Қажетті ұзындықтағы плиталарды жасап береміз. Көлігімен жетсе болды, дайын өнімді тегін артып береміз, - дейді мұндағылар.

Айта кетерлігі, осыған дейін құрылысшылар плиталардағы сым ілмектердің әрлеу кезінде қолайсыздық тудыратынына амалсыз көніп келді. Бұл ілмек әу бастан құрылыс материалын жоғарыға кранмен іліп көтеруге, яғни монтаждауға есептелгені мәлім. Бірақ, ғимаратты салып болғаннан кейін ол ілмек жөндеу кезінде кедергі келтіретін. Ендігі жерде павлодарлық кәсіпорын тапсырыс берушінің қалауы бойынша бетон плитаны ілмексіз-ақ шығара береді. Ондай жағдайда оларды көлікке тиеу үшін арнайы қапсырма құрал да қоса ұсынылады. Неміс технологиясы бойынша жасалатын материалдың ұзындығы ғана емес, асты-үстінің кедір-бұдыр емес, тегіс болуы да әрлеу кезінде шығынды аз жұмсауға жағдай тудырады екен.

Алдағы уақытта кәсіпорын ұзындығы 12 метрді құрайтын плиталарды өндіруге кіріспек. Әзірге мұнда күніне жалпы ұзындығы 360 метрге жететін бетон плита шығарылады. Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін оңтайлы пайдаланудың арқасында жаңа жобаны 2012 жылдың көктеміне дейін толық іске қосу жоспарланған. Бүгінде мұнда 9 маман жұмыспен қамтылған. Оларға жаңа технологиямен жұмыс істеудің жолдарын германиялық зауыттың өкілдері үйреткен.

Айтқандай-ақ, кәсіпорын керамикалы кірпіштер шығарумен де айналысады. Немістердің әдісімен күйдіріліп шығарылатын кірпіштер қазір кеңінен қолданылатын болған. Себебі, олардың бағасы арзан. Цех бастығының айтуынша, құрылыс заттары Орал, Семей секілді басқа да аймақтарға жөнелтіледі.

- Бетон плита өндірісіне қажетті құм, цемент тәрізді шикізаттың барлығы – өз еліміздің өндірушілеріне жеткізіледі, дейді Н.Косткин. Яғни, мемлекеттік бағдарлама тек жаңа технологияға негізделген озық кәсіпорынның қатарын көбейтуге ғана емес, сонымен бірге, отандық өнімдердің үлесін арттыруға да серпін қосып отыр.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы