• Бизнес & Қоғам
  • 10 Қаңтар, 2013

Жаңа стратегиялық бастамалар

Бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық салаларында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел болып табылады. Әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгенімізді Қазақстан халқы мақтан тұтады. Жаңарған, серпінді дамумен алға ұмтылған бүгінгі Қазақстан – міне, осындай.   

         Тәуелсіздіктің 21 жылдығы қазақ халқының жадындағы тарихи сәттердің біріне айналуда. Олай деуге себеп: Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі Тәуелсіздік күні салтанатына арналған жиында жұртшылыққа Жолдау арнап, мәңгілік ел болудың 2050 жылға дейінгі жаңа межесін айқындап берді.

         Тәуелсіздік күні - бүкіл қазақ үшін ең қадірлі мереке. Осыдан жиырма бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев егемендігін енді алған халқын асқаралы да сындарлы белестерге батыл бастады. Көшбасшысын қапысыз таңдаған туған елі енді бүгін әлемдік қауымдастықтың бел ортасындағы беделді мемлекет болып танылды. Өркениет жолында талай өрелі іс тындырған Қазақстан татулық пен бірліктің, береке мен ырыс-құттың ордасына айналды. Бүгінгі мемлекетіміз - ішкі-сыртқы саяси-экономикалық тұрақтылық пен мәдени-рухани өрлеуден үдемелі даму жолына түскен ел.

       Біз бүгін - өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.

       Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті.

       Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды.

       Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр.

       Елбасымыз осыдан 15 жыл бұрын  қалың жұртшылыққа елдің 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берген болатын.  Осы құжатта алға қойылған міндеттердің барлығы осы кезеңге дейін мерзімінен бұрын жүзеге асырылып отыр.

        Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы Отанымызды өзінің сапалы да салмақты міндеттерімен  алдыңғы қатарлы елдерге айтарлықтай жақындатты.

       Алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесі. «Қазақстан-2030» Стратегиясының аясында жүргізілген қажырлы еңбектің арқасында қазақ елі 14 мың шақырымдық шекарасы шегенделген, мемлекеттігі мызғымас мықты елге айналды. Аумақтық даулардың туындау қаупі біржола сейілді. Ғасырлар бойы қазақ оғландарының басты мақсаты болған шекара сызығын белгілеу Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында іске асты. Шекара – біздің мемлекетіміздің заңды орнының, беделінің белгісі.  100-ден аса этнос пен 17 кон­фес­сияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ел бірлігі сақталып, нығайды. Шетелдік инвестициялар мен ішкі салымдар деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсуге қол жетті. 15 жылда ұлттық экономикамыз 1,7 триллион теңгеден 28 триллион теңгеге дейін, яғни 16 есеге өсті. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты артты. Орташа жалақы 9,3 есеге, зейнетақы 10 есеге өсті. Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа жетті. 1997 жылдан бері елімізде 942 мектеп және 758 аурухана мен өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұл – Тәуелсіздігіміздің тұғыры – елдің бірлігінің, қоғамның келісімінің арқасында жеткен жемісті жетістік.        Стратегияның Елбасы атап өткен тағы бір табысы – энергетикалық ресурстардың ел игілігіне айналуы. Мұнай-газ сала­сы­ның ІЖӨ-дегі үлесі 1997 жылғы 3,7 пайыздан 2011 жылы 25,8 пайызға өсті. «Қазақстан-2030» Стратегиясы қа­былданғаннан бергі 15 жылда 48 мың шақырым тас жол түбегейлі жөндеуден өткізіліп, жаңадан салынды, сонымен қатар, 1100 шақырым темір жол төселді. Осының бәрі елдің әл-ауқатының өскенін, әлеуметтік жағдайының жақсарғанын, өмір сапасының артқанын көрсетеді. Тәуелсіз Қазақ елінің тағы бір табысы – осы жылдарда еліміз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарудың заманауи, әрі тиімді үлгісін құруға бел шеше кірісті. Президенттік басқару институты тәуелсіздікпен бірге қалыптасып, нығая түсті. Елбасы атап өткендей, осылайша «Қазақстан-2030» Стратегиясында көзделген басты міндеттер орындалды, қалғандары табысты жүзеге асырылуда.

        «Қазақ­стан – 2030» стратегиясында  басты назар эконо­микалық өсуге аударылған болатын. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі  1997  жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы  28 триллион теңгеге  өсті. Елдің ЖІӨ  16  еседен астам өсті.  1999 жылдан бастап Қазақстанның ЖІӨ-нің жыл са­йынғы  өсуі  7,6%-ды құрап,  алдыңғы қатарлы  елдерді басып озды. Жан ба­сы­на шаққанда ЖІӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Стратегиядағы тағы бір басымдық – ел азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын арттыру болатын. Мұнда да атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі. Мәселен, орташа  айлық жалақы 9,3  есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің  орташа мөл­шері 10 есе ұлғайды.  Халықтың нақ­­­ты­лы ақшалай кірістері  16  есе өс­кен. Соңғы 15 жылда халықтың санының  14 млн-нан 17 млн адамға дейінгі өсімі де соның айғағы. 

       Жолдауда білім беру жүйесіне үлкен назар аударылған. Бұл – өте маңызды. Бүгінде Қазақстанда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Сонымен бір мезгілде, қазіргі әлемнің күрт дамуын есепке ала келгенде, Президент инженерлік және техникалық мамандықтарды дамыту, кәсіби мамандар дайындау мен қайта дайындау қажеттігін дұрыс көрсеткен. Бизнес ортаны, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарын әлеуметтік жауапкершілік танытып, өз бетінше білім алуға мүмкіндігі жоқ жастарға көмек қолын созуға шақырады.

        Мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан басшысы нақты міндеттер қойып отыр. Бұл үшін жоғары және орта білім беру жүйесін, оқытудың грант жүйесінің көп баспалдақтығын құру мақсатында мемлекеттік-жеке меншік әріптестігін қалыптастыру қажет екені атап көрсетіледі. Сонымен қатар, мамандандырылған ғылыми-зерттеу және қолданбалы білім беру, т.б. мамандандырылған білім беру жүйесін құру керектігі көлденең тартылады.

        Білім беру жүйесін дамыту – бұл ең ұтылмайтын және инвестиция түрінде қайтарым беретін үдеріс. Бәсекеге қабілетті адам капиталы – елдің болашағы.

        Сондай-ақ мемлекет білімді – жалпыұлттық басымдық ретінде тани отырып,  білім және ғылым жүйесіне ауқымды қаржы бөлуде. Білімге бөлінген қаржы 2012 жылы 1,3 трлн. теңгені құрады. 2011 жылмен салыстырғанда 312 млрд. теңгеге (31%) артты. Қазіргі таңда білім саласы барлық деңгейлерде  жаңғыртылуда. Педагог-ұстаздар беделін арттыру, олардың жалақысын көбейту бойынша жүйелі бастамалар іске асуда. Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және жоғары білімде түбегейлі өзгерістер  жүзеге асуда. Электронды оқыту енгізілуде. Білімнің жаңа инновациялық моделі әзірленіп, іске қосылды.

       Еліміздің «Білім туралы» заңы мен оған енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларда, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» еліміздегі үздіксіз білім берудің ұлттық жүйесінің қалыптасып дамуына, оны әлемдік білім беру кеңістігінің талаптарына сай ұйым­дастыруға ерекше мән беріледі. Үздіксіз кәсіби білім берудің қазақстандық моделі нарықтық экономика жағдайында болашақ мамандарға кәсіби білім берудің өзара сабақтас көп деңгейлі де икемді жүйесін қалыптастыруды көздейді.

      Жаңа міндеттерге сәйкес біздерге білім берудің барлық деңгейлерінің мазмұнын, методикасын және технологиясын түбегейлі өзгерту қажеттігі туындайды. Әсіресе қашықтықтан және онлайн оқыту жүйесін өрістету, мемлекеттік тіл мен шет тілдерін қарқынды дамыту қажет етіледі. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің 32 ЖОО-да жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мамандарды дайындау басталған. Ал 2013 жылдың  жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның барлық мектептеріндеұш тілде оқыту жүргізіледі. Сонымен қатар кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылады.

        Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы 2 жылда ғылымды жалпы қаржыландыру 2,5 есеге жуық – 2010 жылғы 20 млрд. теңгеден 2012 жылы 48 млрд. теңгеге дейін өсті. Өсімнің мұндай қарқыны бізде бұрын-соңды болмаған. Жоғары оқу орындарында ғылымды дамытуды жеделдетуге, жастарды зерттеу жұмыстарына тартуға бағыт алынды. ЖОО-да 2010 жылы ғылыми жобаларды орындау көрсеткіші 33% болса, 2012 жылы ол 57%-ға жетті. Яғни біздің университеттер ғылымды дамытудың көрігіне айналуда.

       Жақын болашақта шешуге тиіс өзекті мәселелердің қатарында  ғылыми инфрақұрылымды технологиялық жаңғырту, ғылымды инновациялық дамумен байланыстыру және ғылым мен бизнес кооперациясын ынталандыру тұрғанын айта кету қажет.

      Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді. Терең білім – тәуелсіздігіміздің де кепілі, тірегі. Президент қазіргі уақытта біздің «білім–ғылым–инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келе жатқанымызды, білімді мемлекетіміздің экономикалық ресурсы, өндіріс факторы ретінде қарастыратынымызды, халықаралық үлгі-қалыптарға жақындата отырып, ұлттық білім беру жүйесін бірізділікпен жаңартуға қадам жасайтынымызды айтты. Осы мақсатты көздей отырып, 2011 жылы 1700-ден астам шетелдік ғалымдар мен оқытушылар шақырылды, 35 ҮИИД кәсіпорындарында ЖОО студенттерінің өндірістік практикасының базасы құрылды, 350 магистрант шетелдік университеттерде білім алып қайтты, Қазақстандық 10 ЖОО халықаралық мамандандырылған аккредитациядан өтті, ЖОО-лардың 28 пайызында кредиттерді қайта тапсырудың қазақстандық моделі енгізілді, ЖОО оқулықтарын әзірлеу мен шығаруды мемлекеттік қолдау жүйесі басталды, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің 400 университетінің қатарына қосылып, секіріс жасады. Білім министрлігінің бюджеті бойынша білімге бөлінген қаражат 2012 жылы – 399 897,2 миллион теңгені құрады. Білім беру кредиттері бойынша «Қаржы орталығы» АҚ кепілдігімен 2641 студент оқытылды. Жоғарғы және ЖОО-дан кейінгі білімге 2720 ЖОО ректорларының гранты, 2375 облыс әкімдерінің гранты тағайындалды. Жалпы, Қазақстан Республикасы бойынша студенттерге 150 907 грант бөлінді, олардың 144 246 – мемлекеттік тапсырысы бойынша, 1566 – ұлттық компаниялардың гранты.

       Болашақта Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту: білім беру мекемелерін оңтайландыру; оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту; білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру сияқты үш басты бағыт бойынша жүргізілмек. Президент бұл орайда жеке және мемлекеттік білім беру мекемелері ұсынатын білім беру қызметтерінің арасындағы елеулі алшақтыққа жол беруге болмайтынын, білім беру жүйесі жалпы ұлттық күйінде қалуға тиіс екенін ескертті.

       Қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына сәйкес маманға деген сұраныс пен оның кәсіби білігі мен біліктілігіне қойылатын талаптардың өзі, бүгінгі жастарға болашақ мамандығының бағыты мен үздіксіз білім беру жүйесінде оны игерудің траекториясын дұрыс таңдай білу қажеттілігіне әкеліп отыр. Сондықтан да, кәсіби білім беруді ұйымдастыру мен оны басқарудағы бірізділік пен сабақтастықты қамтамасыз ету бастауыш, орта және жоғары кәсіби білім беру мен мамандардың білімін жетілдіру мекемелерінің басты міндеті болып табылады.

        Cонымен қатар энергетикалық ресурстар саласында, инфрақұры­лым, оның ішінде көлік пен байланыс саласындағы жеткен жетістіктеріміз мол.

        Иә,    «Қазақ­стан – 2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып отыр. Еліміз дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастыра отырып, беделі биік, абыройы жоғары, қуатты мемлекетке айналды. Әрине, жеткен жетістіктермен тоқтауға болмайды.

        Бірқатар елдермен қатар, Қазақстан да өзінің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жариялады. Жаңа стратегиялық бағдарлама - Қазақстанды Мәңгілік ел ету жолындағы Елбасының жаңа ғасырлық және жаңа дәуірлік бастамасы. Құжатта Елбасымыз 2050 жылға дейін Қазақстан қаншалықты деңгейде дамитынын, еліміздің алдында қандай мақсаттар тұрғанын, кездесетін қиындықтарды жеңу жолдарын нақты белгілеп берді. Негізгі жеті тармақтан тұратын жаңа стратегиялық бағдарлама Қазақстанның соны саяси бағдарын айқындап берді.

       Бүгінде Елбасы экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес, жоғары технологиялық жолға қайта бағдарлау жөнінде жаңа міндеттерді алға қойып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қарқын алып келеді. Азық-түлік пен энергетика бойынша Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жетекші елдер тобына кіріп отыр.

         Әлемдік дамудың тамырын дәл басып отыратын Нұрсұлтан Әбішұлы төрткүл дүниедегі: даму қарқынының еселенуі, зор демографиялық өсім, азық-түлік, ауызсу тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, индустриялық төңкеріс, әлеуметтік тұрақсыздық, көзқарастар қайшылықтары мен әлемдік жаңа экономикалық дағдарыс сияқты ғаламдық дағдарыстар мен қауіптерді басты назарға ала отырып, оған еліміздің «Қазақстан-2050» жаңа саяси стратегиялық даму бағытын қарсы қойып отыр. Болашақты алыстан болжайтын стратег-саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берді.

        ХХІ ғасыр бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болатынына сенім білдірген Мемлекет басшысы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары - ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды.

       Елбасы белгілеп берген «Қазақстан- 2050» жаңа саяси стратегиялық даму бағыты - қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылады. Енді экономикамыз жаңа принциптермен дамитын болады.

        Елбасы ауыл шаруашылығын, әсіресе ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағда­йында ауқымды жаңғырту қажеттігіне де тоқталды. Әлемдік азық-түлік на­рығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға қажетті бағдарды да қадап айтты. Егістік алқабын  ұлғайтуды, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажеттігіне тоқталды. «Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауы­мыз керек. Алынған шаралардың нәти­жесі 2050 жылға қарай ел ЖІӨ-дегі ауыл­шаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс», – деп айтып өтті.

        «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» делінген Жолдауда «Білім мен кәсіби машық - заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары» жөнінде айтылып, білім беру саласындағы жұмыстың басымдықтары мен әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту, ғылым мен бизнестің кооперациясы секілді көптеген маңызды құндылықтарды қамтыды.

Білім, ғылым және инновация саласында жаңа бағыттар бойынша ізденістер жүзеге асып келеді. Қазіргі уақытта  тікелей назарда тұратын аса маңызды мәселелердің бірі - еліміздің инновациялық тұрғыдан дамуы болып табылады. Бұл дегеніңіз - барлық салада жаңаны енгізу, үздіксіз жаңғырту, жаңаша бастау деген сөз. Әсіресе, жастардың жолын ашу басты міндеттердің бірі ретінде ерекше аталып өтті. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеуіміз және  өндіріске бейінді етіп білім алуына нақты жұмыс істеуіміз керек.  «ХХІ ғасыр – Қазақстанның алтын ғасыры» атты басымдықтарды ойдағыдай жүзеге асыру әсіресе қазақ жастарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміз жастарының жиырма шақты жылдан бері әлемнің ең мықты оқу орындарында оқып, қоғамға өз үлестерін қосып жатуы да кейінгі буын жастарға қуат беретін, келешекке сеніммен қарауына жетелейтін фактор. «Өз білімім – сәулетім, өз беделім дәулетім» деген Әйтеке бидің сөзі бүгінгі күнгі жастардың ізденіс жолындағы ұраны болуы тиіс. Сонда ғана  даңғыл даму жолының сан тарабы ашылады.

       Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы қажеттігі айтылды. Бұл ең басты қағидат – жұмыс берушілердің талабына сай мамандарды оқытып шығару. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектелмей, олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажеттігі қадап айтылды.

Еліміздегі жүріп жатқан инновациялық–технологиялық даму стратегиясының басты мақсаты өнеркәсіпті тұтастай тұрғыдан да, сондай-ақ жекелеген өндірістер тұрғысынан да қайта құрылымдау болып  табылады.  Бұл өнеркәсіп өндірісінің құрылымында оңды өзгерістерге қол  жеткізуге, бүгінгі заманға сәйкес корпоративті құрылымдарды дүниеге әкелуге және ұзақ мерзімдік ыңғайда сервисті–технологиялық экономикаға көшу үшін негіз әзірлеуге тиіспіз деген сөз. Отандық өнеркәсіп өнімінің әлемдік рыноктарда бәсекелесуге қабілеттігіне қол жеткізу ең елеулі  міндеттің  бірі ретінде алға тартылып отыр. 

Президенттің жаңа Жолдауының өзегі: 2013 жылдан бастап біз жұртымызды жаңғыртудың екінші кезеңіне қадам басамыз. Расында да, модернизацияның бұған дейін бір кезеңін еңсердік. Кешегі кеңестен қалған «қоқыстан» бас тартып, әлемдік стандарттарға ұмтылуды жөн санадық. Әлемдік, жаһандық технологияны келтіруді қолға алдық. Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа модерниза­циялау жұмыстары жанданды. Әлемдік технологияға ілесіп қана жүре бермей, жаңашылдықты өз жерімізде жөнге салатын жолды таңдадық.

Еркін экономикалық одаққа кірігіп, өзара бәсекелестік додасында тізгін қаққан Қазақстанның мақсаты, әрине, әлемдегі ең мықты дамыған 30 елдің қатарына ену болып табылады. Бастапқыда Кеден одағы аясында жүзін қайрап, Дүниежүзілік сауда ұйымына енуде өткір қылыштай жарқылдауы тиіс біздің ел Орталық Азияның айбарлы да азулы барысына айналуды көздейді. Елбасымыздың «Қазақстан – 2050 стратегиясындағы» басты мақсат та осы. Сондықтан мұнай табысына байланбас үшін бүгіндері экономикамызды әртараптандыруға басымдық берілуде. Бұл жоспар кезең-кезеңдік сипаты бар Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырыла бастады.             Алғаш рет Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасы іске қосылып, жаңа инновациялық жобаларға көлемді қаржы бөлінген кезде бұған күмәнмен қараушылар көп болды. Бірақ ұзақмерзімді инвестицияны қажет ететін жобалар бір күнде тауарға айналып шыға келмесі белгілі емес пе? Міне, бұл фак­тормен санаспай, қоғамда ши шығарғысы келетіндер асығыс пайым жасап та жатты. Алайда «Бәріне уақыт төреші» демекші, тәуелсіздігімізді экономикалық тұрғыда дәлелдей алатын жобалар біртіндеп өмірге келе бастады. Негізінен, кез келген ел өз тасымал нарықтарының тәуелсіздігін қамтамасыз етпейінше, егемендікті толық түйсінбейді. Осы жағынан алғанда, ҮИИДБ аясында алғашқы болып қолға алынған жобалардың стратегиялық маңызға ие болуы кездейсоқтық емес. Елбасымыздың сарабдал сыртқы саясатының арқасында он жыл бойына бойымыз үйренген «Ста­тойл», «Тотал», «Шеврон» секілді компания­лардың қатарына инновациялық техно­логия саласында әлемдегі озық көшбас­шылар қосылды: «Дженерал Электрик», CNNC, CGNPC, Тоshiba, Alstom Transport ТМД мемлекеттері ішінде тек Қазақстанға ғана бас бұрып, оның бірқатарымен мем­лекетаралық маңызды келісімшарт­тарға қол қойылды. Соның арқасында «ғасыр жобасы» деген атқа ие болған мұ­най мен газ саласында ғана емес, жоғары техно­логиялық машина жа­сау, мұнай-химиясын, сирек және жерүсті металдары өндірісін дамыту, атом реакторы құры­лысы, теміржол желілерін орнату, жүк тасымалына арналған вагоннан бастап оны сүйрейтін электровоз өндірісіне дейін отандық үлесті арттыра алдық. Нақтырақ айтқанда, «ғасыр жо­басы» атауына те­ңелген теңдесіз жобалар мыналар болып табылады: былтыр Мойнақ су электрстансысы мен елімізді көрші Қытаймен жақындата түсетін екінші шойын жол тармағы – Жетіген – Қорғас теміржолы желісі жобасының алғашқы кезеңдері бел­гіленген мерзімінде пайдалануға берілді. Мойнақ су электрстансысы толық қуатымен іске қосылса, оңтүстік облыстың ток сұра­нысының басым бөлігін жаба алатын болады, ал Алакөл ауданындағы Достық-Алашаңқай теміржол желісіне барып қо­сылатын Жетіген – Қорғас шойын жолының арқасында халықаралық жүк және жолаушы тасымалы артады. Бұл арада екі ел арасындағы жүк тасымалы 15 млн тоннадан астам екенін ескерте кетелік. Қазір Қазақстан, Түрікменстан және Иран елдері Өзен – Берекет – Горган теміржол желісінің құрылысын жүзеге асыруда. Қазақстандық тарап аталған теміржол желісінің 146 шақырымын құрайтын құрылысты 2009 жылы бастап, өткен жылдың соңында барлық нысанымен бірге аяқтаған еді. «Өзен – Түрікменстан шекарасы» Қазақ­станды Қытай, Кеден ода­ғындағы әріп­тестері Ресей және Бела­русь мемлекет­терімен сауда қатынас­тарын одан әрі дамытуға, Парсы шығанағы мен Иранның теңіз порттары арқылы халық­аралық нарықтарға тікелей шығуға мүм­кіндік беріп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын маңызға ие

         Әрине, ондағы міндеттердің толық орындалуы үшін баршамыз да өз үлестерімізді қосуымыз керек. Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту қажеттігі,  ЕХРО-2017 бұл процеске серпін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиістігі айтылды.  Астана ЕХРО-2017-нің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы». Бүгінде бұл бүкіл адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе екендігі даусыз. Жұмыр жерді мекендейтін жеті миллиардтан астам адамзат планетамызда энергетикалық тапшылық күннен-күнге белең алып бара жатқанын ашық мойындап, ұрпақ болашағы балама қуат көздеріне тікелей байланысты болатындығын күн тәртібіне барынша батыл қойып отыр. Ендеше, Астана ЕХРО-2017 аясында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын энергетикалық қуат көздерінің болашағы шешілмек.        Қазақстанның балама энергия көздері бойынша әлеуеті орасан зор. Экспорттық зерттеулер негізінен алғанда, еліміздің құрамына гидроэнергия, жел және күн энергиясы кіретін ресурстық әлеуеті 1 триллион кВт/сағат мөлшеріне тең деп жобалануда. Қазір елімізде өндірілетін электр қуатының көлемінде «жасыл энергияның» үлесі жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Қазақстанды индустрияландыру стратегиясында «жасыл энергияға» сара жол ашып отыр. Бізге белгілі соңғы деректер бойынша, еліміздегі «жасыл энергия» қуатын 2000 МВт-ға жеткізу жөніндегі бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы қолға алынды. Күні кеше Елбасы ашқан Астанадағы күн батареяларын шығаратын жаңа зауыт соның алғашқы қарлығашы.         Астанада ЕХРО-2017-ні өт­кі­зу елорданың, жалпы, бүкіл Қазақ­станның экономикалық және инфра­құрылымдық дамуына жаңа серпін беретіндігі сөзсіз. Басқасын былай қойғанда, ЕХРО-2017 көрмесін өткізу нәтижесінде еліміз энергетика саласында озық технологияларды өндіріске енгізу идеяларын қабылдап, бұл саланы дамытуға жаңа тиімді инвестициялар тарту үшін қолайлы мүмкіндіктерге ие болады

        Елбасының бастамасымен, Қазақстан БҰҰ-ның саммитінде «Ғаламдық энерго-экологиялық стратегия» және «Аймақаралық «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынғаны белгілі. Осы бағдарламаны іске асыруда кейбір ЖОО-дарымыз  белсенділік танытып келеді. Яғни ол университеттеріміз қазіргі таңда Рио-де-Жанейрода «Рио+20» бағдарламасын тұрақты дамыту бойынша өткен БҰҰ Жаһандық саммитінде қабылданған «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» бөлігінде қарастырылған негізгі ережеге сүйене отырып «Green campus» жобасының бастамашысы болып отыр. Жоба аясында «Экологиялық күн» атты акциялар  жариялануда.

       Әсіресе, «жасыл экономика», азық-түлік бағдарламасы сияқты елімізге маңызды салаларды дамытуымыз, оларды әрбір он жыл сайын жаңа деңгейге көтеріп отыруымыз орынды болмақ. Қазақстанды өркениетті бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосамыз десек, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, зиялы қауымға барынша жағдай жасау, соның ішінде ғылыммен айналысатындарға қолдау көрсету ең басты міндет болуға тиіс. Ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, тілімізді дамыту да назардан тыс қалмағандығын орайы келгенде айта кету ләзім.  Жолдауда ерекше көтерілген мәселе – келешекте латын әліпбиіне көшу жайы.

          Жалпы, бәрін айт та, бірін айт дегендей, бұл Стратегия болашақ ұрпаққа арналған бағдарлама, болашаққа бағдар беретін жаңа стратегиялық бастамалар.

Әбдіжапар САПАРБАЕВ, Қазақстан  Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының  академигі, экономика ғылымдарының докторы,  профессор

519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы