• Бизнес & Қоғам
  • 10 Қаңтар, 2013

ТЕКТІК ҚОР ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Ауыл шаруашылығы тұқымдарын жетілдіру мен одан әрі дамыту сала қызметкерлері алдындағы басым міндеттердің негізгі бөлігін құрайды. Бұл бағытта ғалымдарымыз бен тәжірибелі мамандарымыз жан-жақты ізденістер үстінде. Құрылғанына 65 жыл толған Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары қазақстандықтардың сұранысын толық қанағаттандыра алатын, отандық нарықта өзінің лайықты орнын иелене алатын көкөністің жаңа түрлерін өсіру мақсатында едәуір жұмыстар атқаруда. Осы орайда біз институт директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Теміржан Ерқасұлы Айтбаевпен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

–       Теміржан Ерқасұлы, республикамызда көкөніс-бақша дақылдары өнімдерінің түсімділігін арттыру, егістік ал­қаптардың көлемін ұлғайтып, өсімдік шаруашылығы саласын әртарап­тандыруды қамтамасыз ету өзекті мәселе екендігі белгілі. Осы бағытта картоп және көкөніс дақылдарының селекциялық жетістіктері көкөніс өсірушілерді қазақстандық сортпен қаншалықты қамтуда?

–       Тағамдық құндылығы жоғары, асқа күнделікті және  жыл бойына қолданылатын, кең тараған ауылшаруашылық дақылы – картоптың халық арасында «екінші нан» аталуы тегін емес. БҰҰ-ның өзі 2008 жылды Халықаралық картоп жылы деп жариялаған болатын. Бүкіл әлем бойынша картоп негізгі тағам түрінде бидай, күріш және жүгеріден кейін төртінші орында тұр. Ал көкөністерге келер болсақ, олар өздерінің құрамындағы дәрумендерімен, көмірсутектерімен, минералдық заттарымен, басқа да қоректік заттарымен, емдік қасиеттерімен ерекшеленеді. Сондықтан да көкөністер мен бақша өнімдері «дәрумендер қоймасы» деп аталады. Бүгінгі таңда республикамызда картоп 170-180 мың гектар, көкөністер 120-130 мың гектар, бақша дақылдары 45-50 мың гектар егістік алқаптарда өсіріледі. Жыл сайын республика бойынша 2,5-2,7 млн тонна картоп, 2,3-2,5 млн тонна көкөністер, 0,6-0,7 млн тонна бақша өнімдері жиналады. Бұл елімізде картоп және көкөніс-бақша өнімдеріне деген ішкі нарықтың сұранысы толық қанағаттандырылып отырғандығын көрсетеді. Қазақ тамақтану академиясының ұсыныстарына сәйкес, еліміздің әрбір тұрғыны жылына 100 кг картоп, 120 кг көкөністер және 26 кг бақша өнімдерін тұтынуы тиіс екен. Осы медициналық нормалар тұтастай алғанда сақталып отырса да, біз жыл бойына тағамға негізінен тек 5 дақылдың қолданылатынын мойындауымыз керек. Олар – картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз және қызылша. Маусымдық кезеңде қияр мен қызанақты тұтынамыз. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Сол себепті де өсімдік шаруашылығын әртараптандырудың өзекті мәселе екендігі рас. Ол үшін көкөністердің басқа түрлерінің, мысалы, тәтті бұрыш, баялды (баклажан), сарымсақ, асқабақ, кәді (кабачок), патиссон, көкөністік бұршақ (соя овощная), маш, салат дақылдарының егістік көлемі мен жалпы өндірісін арттыру қажеттілігі туындайды. Нақтырақ айтқанда, осы дақылдардың сорттарымен және сапалы тұқымдарымен өндірісті қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы орынға қойылып отыр. Осы орайда сіздің селекциялық жетістіктер жайында қойған сұрағыңызды өте маңызды деп білемін. Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына өткен жылы 65 жыл толды. Қазақстан Кеңестік дәуірде небәрі 5-6 дақыл түрімен селекциялық жұмыстар жүргізген, олар – картоп, пияз, қызанақ, қауын, қарбыз болса, олардың қатарына кейіннен қияр қосылған. Ал басқа көкөністермен селекциялық бағдарламалар басқа одақтас республикаларда жүзеге асырылған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекеттік сорттізбеде біздің институттың небәрі 10 сорты ғана болды. Көптеген пайдалы көкөніс түрлері бойынша, атап айтқанда, қырыққабаттың барлық түрлері, сәбіз, асханалық қызылша, тәтті бұрыш, ашық танапқа және жылыжайға арналған қияр, жылыжайлық қызанақ, баялды, кәді, патиссон, шалқан, көкөністік бұршақтар, жасыл көкөністер және т.б. көптеген дақылдар бойынша өзіміздің сорттар жоқ еді. Соның есебінен елімізге шетелдік сорттар мен будандардың жаппай әкелінуі орын алды. Ал шетелдік тұқымдардың бағасы отандық сорттардың тұқымдарынан 10-15 есе қымбат. Бұл өнімнің өзіндік құнын көтереді. Ең жағымсыз тұсы – шетелдік сорттарға тәуелді етеді. Осыған жол бермеу үшін, тәуелсіз елімізде селекциялық жетістіктерге қол жеткізіп, шаруашылықтарды картоп және көкөніс-бақша дақылдарының барлық түрлері бойынша отандық сорттармен қамтамасыз ету үшін ҚазККШҒЗИ алдына үлкен мақсат-міндеттер қойылды. Бірінші кезекте институт тектік қор (генофонд) қалыптастыруды қолға алды. Тектік қор – селекцияның алғы шарты. Ол неғұрлым бай, сан алуан болса, жаңа сорттарды сұрыптаудың мүмкіндігі соғұрлым артады. Өйткені тектік қордағы бір сортүлгі жоғары өнімділігімен ерекшеленсе, екіншісі жоғары сапалық көрсеткіштерімен, үшіншісі қолайсыз ауа райына бейімділігімен, төртіншісі ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді. Ал басқа сортүлгілер ұзақ мерзімді сақтауға немесе қайта өңдеуге жарамды болады. Негізгі тектік қордағы топтамада сортүлгілер көптеген қасиеттерге ие. Қазақстанда көкөніс-бақша дақылдарының тектік қорын қалыптастыру 1995 жылы басталды. Содан бері өткен 17 жылдың  ішінде институтымызда әлемнің 95 мемлекетінен 10700 сортүлгі жиналды. Бұл өте үлкен нәтиже. Ал картоптың тектік қорын қалыптастыру жұмыстары 2003 жылдан қолға алынды. Қазір біздің мекемеде 35 елден жиналған 1750 картоп тектік қоры бар. Яғни, тәуелсіз мемлекетімізде картоп және көкөніс-бақша дақылдарының 12500 сортүлгісі бар тектік қор қалыптасты. Бұл – қазақстандық тектік қор. Ол еліміздің болашағы үшін, жаңа сорттар сұрыптау үшін және ел тәуелсіздігіне қызмет етеді. ҚазККШҒЗИ тектік қоры жыл сайын шаруашылық-бағалы қасиеттері бойынша сынақтан өтіп, ерекшеленген сортүлгілер селекциялық жұмыстарға тартылады. Отандық сорттарды шығарудың маңызын ескере отырып, институтта селекциялық жұмыстардың ауқымы кеңеюде, түбегейлі, терең зерттеулер жүргізілуде. Бұл жерде мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілгенін ерекше атап өту қажет. Тектік қорды қалыптастыру және селекциялық зерттеулерді дамыту бағдарламалары қабылданып, ғылыми жұмыстарды қаржыландыру 4-5 есе артты. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгроИнновация» АҚ арнайы қаржы бөліп, институтымызда көлемі 3420 шаршы метрді құрайтын селекциялық жылыжай салынды. Еңбекақы көтерілгеннен кейін ғылымға дарынды жастар көптеп келе бастады. Олардың шетелдерде біліктілігін арттыруына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, институтта заманауи ғылыми қондырғылардың болуына ерекше мән берілді. Аталған оң істердің бәрі өз нәтижесін беріп, тәуелсіздік жылдары ҚазККШҒЗИ ғалымдары картоп және көкөніс-бақша дақылдарының 100-ден аса жаңа сорттарын шығарды. Соңғы 5-6 жыл шамасында, біз Қазақстан тарихында тұңғыш рет қырыққабаттың, сәбіздің, асханалық қызылшаның, тәтті және ащы бұрыштың, кәдінің, баялдының, патиссонның, көкөністік бұршақтың, үрме бұршақтың, маштың, салаттың, базиликтің, жылыжайлық қызанақ пен қиярдың, черри қызанағының алғашқы отандық сорттарын сұрыптап шығардық. Бүгінде «Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген ауылшаруашылық дақылдардың Мемлекеттік тізбесінде» (Астана, 2012 ж) картоп және көкөніс-бақша дақылдарының 25 түрі бойынша 120 отандық сорттары енгізіліп отыр. Яғни, біздің селекциялық жетістіктеріміз 10 еседен асты. Қорытып айтсақ, Қазақстанда картоп және көкөніс-бақша дақылдарының өте бай, саналуан тектік қорлары қалыптасып, барлық негізгі түрлері бойынша отандық сорттары сұрыпталды. Бұл – тәуелсіздігіміздің жеңісі және жемісі. Бұл – институт ғалымдарының ел экономикасының дамуына қосқан өзіндік үлесі.

–       Ал осы ғылыми-зерттеу институты қабырғасында дүниеге келген картоп сорттарының ерекшелігі неде? Қазірде олардың қандай түрлері кең тараған және өндіріске нақты енгізілген?  

–       Институт қабырғасында дүниеге келген қазақстандық картоп сорттары жоғары өнімділігімен, үздік сапалық көрсеткіштерімен, жергілікті топырақ-климат жағдайына бейімділігімен, ұзақ мерзімді (7-9 ай) сақтауға және қайта өңдеуге жарамдылығымен ерекшеленеді. Шетелдік сорттардың элиталық тұқымдары 3 жыл  мерзімге ғана жарамды, көбісі ыстыққа, құрғақшылыққа, картоптың кең тараған аса зиянды ауруларының жергілікті қоздырғыштарына төзімсіз. Нәтижесінде шетелдік картоп сорттарының өнімділігі күрт төмендеп, сақталғыштығы нашарлайды. Сондықтан әр 3 жыл сайын шетелден элиталық тұқым әкеліп отыру қажет. Ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Шетелден келген 1 кг картоп тұқымының бағасы 300-400 теңге болса, қазақстандық картоп тұқымы 100 теңге деңгейінде және элиталық тұқымы 7-8 жыл өсіруге толығымен жарайды. Осы мерзім  ішінде олардың қасиеттері сақталады. Бүгінгі таңда республика бойынша картоптың Қазақстандық, Астана, Ауыл, Ақ сор, Альянс, Бірлік, Жаңайсан, Жуалы, Қоғалы, Карасайский, Мирас, Нәрлі, Орбита, Памяти Боброва, Тамаша, Тамыр, Теңіз, Тоқтар, Үшқоңыр, Ұлан, Шағалалы сорттары өндіріске кеңінен енгізілген. Сонымен қатар кейіннен сұрыпталған Беркут, Ильин, Нұр-әлем, Памяти Конаева, София, Сұңқар, Удовицкий сияқты картоп сорттарының болашағы зор. ҚазККШҒЗИ 65 жылдық тарихында 50-ден аса картоп сорттарын сұрыптап шығарды. Осы 50 сорттың 30-дан астамы ресми аудандастырылса, 10-нан аса сорттар  мемлекеттік сортсынақтан өтуде.  ҚазККШҒЗИ еліміздегі басқа да өңірлік ғылыми мекемелермен бірге 10-ға жуық картоп сорттарын сұрыптады. Кеңес одағы кезеңінде институт картоптың 5 сортын ғана шығарған, олардан 3 сорт аудандастырылған. Тәуелсіздік алған 21 жылдың ішінде 30-ға жуық сорттар аудандастырылды. Жалпы алғанда қазіргі уақытта Қазақстанның барлық облыстары бойынша картоптың 80 сорты аудандастырылған, олардың ішінде 40 сорт немесе 50% - отандық сорттар. Қалған 40 сорт шетелдік мекемелердің үлесіне тиеді.

–       Қырыққабат, баклажан, қызанақ пен қияр, сондай-ақ жасыл дақылдардың жергілікті сорттарын дамытуда инновациялық технологияларды қолдану барысы қалай жүруде?

–       Аталған дақылдардың аса маңыздылығын және қажеттілігін ескере отырып, соңғы 5-6 жыл шамасында осы және басқа да көкөністердің қазақстандық сорттарын сұрыптап шығардық. Қазір өндіріске институт шығарған қырыққабаттың 2 сорты, баялдының 1 сорты, қызанақтың ашық жайға арналған 11 сорты және жылыжайға арналған 8 сорты мен буданы, қиярдың ашық жайға арналған 6 сорты мен буданы және жылыжайға арналған 1 буданы, сәбіздің 2 сорты, асханалық қызылшаның 1 сорты, шалғамның 1 сорты, пияздың 10 сорты, сарымсақтың 3 сорты, асқабақтың 3 сорты, қарбыздың 9 сорты, қауынның 11 сорты, кәдінің 2 сорты, аскөктің 1 сорты, көкөністік бұршақтың 1 сорты, үрме бұршақтың 1 сорты, маштың 1 сорты ұсынылып отыр. Болашақта да көкөніс дақылдарының түрлері кеңейіп, сорттық құрамы толыға түседі деп сеніммен айта аламыз. Осы бағытта дәстүрлі селекциялық әдістемелермен қатар инновациялық технологиялар да қолданылады. Бұл бағытта біздің институтта мемлекеттің қолдауымен екі үлкен инновациялық жоба – селекциялық жылыжай мен биотехнологиялық кешенді зертхананың (картоп шағынтүйнектерін өндіретін зауыт) салынуы осы ғылыми-инновациялық нысандарды, жасушалық селекция және тектік инженерия, биотехнологиялық әдістемелерді қолдана отырып, селекциялық жұмыстарды жеделдетуге оң әсерін тигізуде. Сондай-ақ, ауқымды және түбегейлі зерттеулерді жүргізу мүмкіндігі арта түсті.

–       Жалпы, өнімділігі жоғары, ыстық пен суыққа төзімді, ұзақ уақыт сақталатын дақылдарды жасап шығару үшін қанша уақыт кетеді? Қалай ойлайсыз, сарапшылар су ресурстары тапшылығын, шөлді аймақтардың көбеюін болжап отырғанда, енді 10-15 жылдан кейін қандай ауылшаруашылық өнімін халық ең көп тұтынатын болады?

–       Картоп және көкөніс-бақша дақылдарының тектік (сорттық) деңгейде бекітілген шаруашылық-бағалы қасиеттері жоғары сорттарын басынан бастап, дәстүрлі әдістермен жүргізгенде жаңа сорт сұрыптап шығару үшін 10-15 жыл уақыт кетеді. Жоғары өнімді, қолайсыз ауа райына (ыстық, суық, құрғақшылық т.б.), ұзақ мерзімді сақтауға жарамды, биохимиялық құрамы үздік сорттар мен будандар шығару үшін мақсатты селекциялық зерттеулер жүргізіледі. Болашақ сорттардың (будандардың) бастапқы түрлерін алудан бастап, әр түрлі селекциялық көшеттіктердегі зерттеулерден (будандастыру, сынау, бағалау, көбейту) оларды Мемлекеттік сортсынақ ұсыну аралығында кемінде 10 жыл, ал кейбір дақылдар бойынша 20 жылға дейін мерзім өтеді. Осы мерзім ішінде селекционер-ғалымдар бастан-аяқ маңдай терін төге еңбектенеді.

Бүгінде елімізде су ресурстарының жетіспеушілігі жыл сайын сезіліп келеді. Бұл жағдайда, әрине, егін суды аз пайдаланатын ауылшаруашылық дақылдарының егістік көлемі артуы мүмкін. Олар – масақты дәнді дақылдар, мақсары, жем-шөптік дақылдар. Бірақ су қорының тапшылығын себеп қылып, картоп және көкөніс-бақша дақылдарын өсірмеуге болмайды. Адам ағзасына астық және мал өнімдерімен қатар көкөністер де аса қажет екендігі белгілі. Ал картоп және көкөніс-бақша дақылдары суармалы жерлерде өсірілетін болғандықтан су қорын үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданғанымыз абзал. Қазір тамшылатып суару және жаңбырлатып суару әдістері енгізілуде. Осыдан 5 жыл бұрын су қорын үнемдеудің заманауи озық технологиялары 1000 гектар шамасында ғана болса, биылғы жылы 17000 гектардан астам алқапқа қолданылды. Мұндай технологиялар су ресурстарын орта есеппен 35-50%, ал кейбір дақылдар бойынша 2-3 есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, топырақта ирригациялық эрозия болмайды, егістік алқаптардың фитосанитарлық жағдайы жақсарады, дақылдардың өнімділігі артады. Біздің институт 2009 жылдан бастап Қытай және Израиль мемлекеттерінде шығарылған су қорын үнемдеу технологияларын зерттеуде. Ал 2012 жылдан бастап Германия және Оңтүстік Корея елдерінің де озық әдістері сыналуда. Қазақстанның топырақ-климат жағдайында шетелдік су ресурстарын үнемдеу технологияларын жан-жақты зерттеп, бейімдеп, өндіріске ұсыныстар береміз. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы жерлерді арттыру мақсатында өте ауқымды, серпінді бағдарлама әзірлеуде. Бұрын Қазақстанда 2,1 млн гектар суармалы жерлер болса, қазір бұл жерлер 1,4 млн гектарды құрайды. Су тапшылығынан, суғару жүйелерінің бұзылуынан, су эрозиясынан, тұзданудан және басқа да себептерден ауылшаруашылық айналымнан 0,7 млн гектар суармалы егістік алқап шығып қалды. Қазір осы жерлердегі суғару жүйелерін қалпына келтіру, басқа жерлерді айналымға енгізу, топырақ құнарлылығын арттыру және тағы басқа жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бұл бағдарламаға 1,5 трлн теңге қаржы қажет. Егер ол жүзеге асса, онда ауылшаруашылық дақылдарының егістік көлемі және өндірісі күрт артады. Картоп алқаптары қосымша 75000 гектарға, көкөніс алқаптары 70000 гектарға, бақша алқаптары 31000 гектарға ұлғаяды. Әзірге бұл тек жоба күйінде. Ең бастысы нақты бетбұрыс, бастама бар. Оны жүзеге асыру үшін жан-жақты мүмкіндіктерді қарастыру қажет.

–       Әлбетте, кез келген бастама ең игі ниеттерден туары сөзсіз. Десек те, жыл сайын ішкі қажеттілігімізден артық өндірілетін картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша, пияз, басқа да дақылдарды бүлдірмей сақтап, қажетке жарату үшін қандай-іс шаралар жасалуда?

–       Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде жыл сайын 2,5-2,7 млн тонна картоп, 370-400 мың тонна қырыққабат, 330-350 мың тонна сәбіз, 390-420 мың тонна пияз, 110-120 мың тонна асханалық қызылша өндіріледі. Егістік және өндіру көлемі, тұтыну деңгейі жағынан негізгілер болып табылатын осы өнімдер қажетті мөлшерден артық өндіріледі. Соған қарамастан олардың бағасы аспандап кететін кездері болады. Мұның негізгі себебі – заманауи тоңазытқыштық қондырғылармен жабдықталған, талапқа сай, компьютермен басқарылатын картоп және көкөніс сақтау қоймаларының өте аз болуы, жетіспеушілігі. Аталған дақылдар бойынша республикамызда 4 млн тоннадан астам өнім өндірілсе, оларды сақтауға арналған қоймалардың көлемі 1 млн тоннаға да жетпейді.  Мәліметтер бойынша қазір елімізде жалпы сиымдылығы 900 мың тонна шамасында сақтау қоймалары бар. Олардың басым көпшілігі ескі, бүгінгі талаптарға сай келмейді. Сол себепті өнімнің бүлінуі, нашар сақталуы орын алады. Қойма жетіспегендіктен, көп өнім күзде арзанға сатылады, сатылмағаны қалып қояды. Ал қысқы және көктемгі маусымдарда өнімнің жетіспеуі, бағаның күрт өсуі байқалады. Осы келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін, яғни өндірілген картоп пен көкөніс өнімдерін бүлдірмей жақсы сақтап, тұтынушыға жыл бойына үзіліссіз, тұрақты арзан бағамен сатып тұру үшін жеткілікті түрде заманауи жабдықталған сақтау қоймаларын салу қажет. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Мысалы,  бір Алматы облысының өзінде жалпы сиымдылығы 80 мың тонна көлемінде жаңа көкөніс қоймалары салынды. Жалпы республика бойынша бізге сиымдылығы 1,7-2,0 млн тонна көлемінде заманауи сақтау қоймалары қажет.

–       Отандық өнімдерді көрші мемлекеттерге экспорттау бойынша мүмкіндігіміз қаншалықты?     

–       Қазақстанның топырақ-климат жағдайы картоп және көкөніс-бақша өнімдерін көп мөлшерде өндіріп, оның бір бөлігін экспортқа шығаруға толық мүмкіндік береді. Ол үшін өнім бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бұл жерде өнімге қойылатын негізгі талаптар – жоғары сапалық көрсеткіштер, экологиялақ тазалығы, төмен баға. Сонымен қатар, экспорттаудың қызметін де жақсы дамыту қажет. Картоп және көкөніс-бақша өнімдерінің шетелдерге шығарылып, сақталуы дұрыс жолға қойылса, республикамызда бұл салалардың жақсы дамып, шаруа қожалықтарының, жалпы алғанда мемлекетіміздің экономикасының дамуына үлкен үлес қосары анық.

 

–       Теміржан Ерқасұлы, пайымды да пайдалы сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Жетістіктеріңіз жылдан-жылға арта беретініне сенімдіміз.

Сұхбатты жүргізген – Ботагөз Әбдірейқызы.

1513 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы