• Бизнес & Қоғам
  • 17 Қаңтар, 2013

Шойын жолдың шебері

Ел мен елді, қала мен қаланы байланыстырып отырған жол қатынасының ел экономикасы үшін маңызы зор. Ал осы қатынастың басым бөлігін қамтып, ауыр жүгін арқалап отырған темір жол саласы. Осы саланың білікті маманы, бүгінде еңбек ардагері – Қалиев Амангелді 1942 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының Шорнақ ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Оның туған ауылы теміржол бойында болатын. Жас кезінде адам арманшыл келеді емес пе? Асыр салып, асық ойнап, белдесіп жүрген балалар поезд келе жатқанда бәрін тастап, жапа-тармағай жүгіретін. Ұзақ қызықтап, шығарып салатын. Поездың күнде дәл уақытта келіп-кетуі, теміржолшылардың ырғақты еңбегі Амангелдіні қатты қызықтыратын. Ата-бабасы Қойшыбай, Қали да осыдан жүз жыл бұрын Орынбор-Ташкент алғашқы теміржолының табанын төсеп, қайласын қағысқан екен. Сол себеп болды ма, орта мектепті бітіргеннен соң Қызылорда қаласындағы су шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны 1970 жылы ойдағыдай тәмамдайды. Техникум қабырғасында алған техникалық білімін біраз жыл су, құрылыс саласында абыройлы пайдаланып, инженер, прораб болып қызмет атқарады. Бертін келе Отанымыздың дамуына келелі үлес қосып отырған экономиканың күре тамыры – теміржол саласына қызмет ауыстырады.

Жас маман шойын жол саласындағы еңбек жолын Батыс Қазақстан темір жолының Шиелі бөлімшесіне қарасты № 32 разъезінде (Қарсақты елді мекенінде) қарапайым жұмысшыдан бастады. Теориялық білімін практикалық іспен толықтырып, тәжірибе жинақтады, өзін таныта білді. Ақ адал еңбегімен көпшілік сеніміне ие болып, күрделі учаскелердің бірі – № 32 разъезд – Шорнақ станциясының диспетчері болып тағайындалды. Сатылап өскен жас жігіт 1980-1983 жылдары Сауран, Талап, Бесарық станцияларында жол қозғалысын тексеруші қызметін атқарды. Қайда жұмсаса да өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, талап биігінен көрініп, тамаша ісімен көзге түсті. Әр қырынан танылды.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша елімізде «Шұбаркөл-Арқалық» және «Жезқазған-Бейнеу» теміржолдарының құрылысы басталды. Бұл құрылыстарды ғасыр жобасы деп айтуға болады. Кешегі алып империя Кеңес Одағының заманында ойға да келмеген жарқын жобалар, батыл бастамалар бүгінде тәуелсіз елімізде Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде кезең-кезеңімен нақты жүзеге асырылып келеді. «Елу жылда ел жаңа» деген осы. Бұған қалай қуанбайсың? Тәуелсіз мемлекетіміздің қадамы қарышты болып, өсіп-өркендей беруін тілеп отырамыз», – дейді болат жолдың бойына ширек ғасыр ғұмырын арнаған ардагер теміржолшы.

Жалпы, Әбекең – ең бірінші отбасының ырысы мен берекесі, арқауы болған абзал азамат. Үлкен ұлы – Ерболат жеке кәсіпкер. Екіншісі Қанат – Шорнақ орта мектебінде директордың оқу ісі бойынша орынбасары болып жұмыс істейді. Қыздары Сәбира, Шариза, Гауһар бәрі де жоғары білім алған, қазір үйлі-баранды бақытты жандар. Отанына әр салада қалтқысыз қызмет етіп жатқан абыройлы перзенттер. Сол балаларынан бүгінде 10 шақты немере сүйіп отырған ақсақалды ата.

Бір бәйтеректен бұтақ жайып, өсіп-өнген бүгінгі күні 70-тің асқарына шығып отырған Амангелді Қалиұлының өмір жолы осындай.

Иә, адамды танытатын іскерлігі, білімі, парасаттылығы ғой. Бірақ адамның еңбегі алған орден, медальдарымен өлшенбеуге тиіс. Нағыз баға жұрттың оған деген ынта-ықыласы, сенімі болса керек. Солай десек те, ол «Мінсіз еңбегі үшін» медалімен, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін басшылықтың бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазір зейнет жасындағы сыйлы да құрметті теміржолшы. Мұның өзі әріптестерінен оқ бойы озық тұрғанын айғақтағандай.

Қазіргі күні еліміздің темір жол саласында 200 мыңға тарта адам қызмет ететінін ескерсек, қазақ темір жолына қызмет етемін деуші жастардың келешегі алда. Тек болат жолдың бойында еңбегімен ел мерейіне бөленген алдыңғы толқын ағалардың қызметін жадымыздан шығармайық. Бұл жолда Амангелді Қалиұлы сынды ардагер теміржолшының өнегелі ісі үлгі болары сөзсіз.

Бектұрсын Аманқұлұлы, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы