• Бизнес & Қоғам
  • 17 Қаңтар, 2013

Ашынса да ащы даусы шықпаған Ащысай

       Қазақтың дарқан даласы жер асты байлығымен  әлем назарында тұр. Газ бен мұнайды айтпағанда, түрлі-түсті металдар, Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтер қазақ жерінде кездеседі. Сондай қазыналы жердің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысындағы  Кентау қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан, Қаратау бойындағы Ащысай елді мекені. Тарихына үңілсек, 1697жылы Орыс елінің  Тобольск қаласындағы Семен Ремезов деген азамат «Чертежная книга Сибири» аты еңбегінде  Қазақстан жеріндегі сусыз аймақтағы жер асты байлықтарын картаға түсірген. Картада Сырдария мен Шу өзендерінің ортасындағы Қарнақ пен Созақ қалалары арасындағы таулы аймақтар қорғасын рудасына бай екенін әлгі ғалым сол XVII ғасырда-ақ бедерлеп кеткен.

        Қазақстаның түрлі-түсті металургия саласындағы ірі кәсіпорындарының бірі, Оңтүстік Қазақстандағы ертедегі Тұрлан (қазіргі Ащысай) «қорғасын мырыш» кені негізінде құрылған.  Бұл кен орны XVII ғасырдан белгілі болғанымен тек XIX ғасырдың 60-шы жылдарында ғана танымал бола бастады. Орынбор көпесі Первушин алғаш рет кішкене қорғасын зауытын ашқан. Көкқиясай өзенінің басталар жерінде 1911 жылы полиметалл кен өндірісі қаланған. Сол уақытта кен өндірісіндегі тұрғындар саны 2000-ға жуықтаған.1917 жылғы төңкеріске дейінгі 50 жыл ішінде мұнда небәрі 500 тонна қорғасын өндіре алған. Кенді игеру төңкерістен кейін өрістей түскен еді. 1919-1920 жылдары 12000 пұт рудадан 3500 пұт таза қорғасын алған, ал 1929 жылдары Ащысай полиметалл комбинаты жұмыс істей бастаған болатын.

           1933 жылдың қараша айынан бастап  Түркістан – Ащысай таулы темір жолы іске қосылып, содан бері Ащысай руднигінің негізі қаланған, ал ол 1934  жылы Шымкент қорғасын зауытын салуға түрткі болған. 1935 жылы Ащысай кеніші пайдалануға берілген. 1936 жылдан бастап қорғасын кен тасы өндіріле бастаған. 1938 жылдары Ащысай кентінде металургия зауыты, 2 мектеп пен аурухана және мәдинет үйі тағы да басқа мекемелер жұмыс істей бастады. Ащысай қорғасын мырыш кені бірнеше сатыдағы жылдар бойынша қарастырылған. Кен орнының ұзындығы 500 метр, ені 100 метр, тереңдігі 45 метрге дейін жеткен. Кен сульфит және оксид кен тастарынан құралған. Негізгі минералдары: пирит, сфалерит,гоменид, кальцит, долромид, гетит, сульфит болған.1938 жылы Ащысай елді мекені атағын алады, оған дейін «Ит қырылған сай» деп келген екен. Сол ауылдағы ақсақалдардың айтуынша, қазіргі Ақжар өзенінің бойында жүгері өсірген, сол жүгеріге жабайы доңыздар кеш қарайғанда келіп таптап кетеді екен. Сол жердегі халық жабайы доңызға тосқауыл қоймақшы болып ауыл иттерін жинаған. Содан жабайы доңыздар ауыл иттерін бір түнде бірін қалдырмай, сол сайда қырып тастапты. 1941 жылы Мырғалымсай кен орны игеріле бастайды, ал 1942 жылы Тұрлан (қазіргі Ащысай) кентінің қордағы кен байлығы бітіп, темір құрамы төмендей бастаған. КСРО кезеңінде Москваның тікелей қарауында болған Ащысайға жоғары жақ оң көзбен қараған.  КСРО түрлі түсті метал  наркомының 1942 жылғы 7-ші тамыздағы бұйрығы бойынша, Ащысай түрлі түсті метал кентінің директоры мен бас инженерінің қызметі КСРО бас қорғасын мырыш бастығының орынбасары  Шарышкинге  уақытша берілген. Жұмысты жөнге келтіру мақсатында соғыс шебін қорғасынмен қамтамасыз ету үшін жаңа басшылар және комбинат парткомы комунистерді Ащысайдың кен орындарына  жұмыс істеуге қойған. Мемлекеттің жұмыс күшінің орнын басу үшін, жас жұмысшы мамандарға ерекше көңіл бөлініп дайындау мақсатында фабрикалар, зауыттар  ашқан. Партиялық бөлімшелер аталған мектептер мен училишелерін іске қосу қызметін бақылауға алып отырған. Мінездеме үндеуінде  Ащысай кенішінің ФЗО №2 мектебінің жұмысы болып табылған. Мектептің алғашқы бітірушілері 273 жас жұмысшылардан құралса, ал екінші топ түлектерінің саны 160 адам болған. Бұл жас жұмысшылардың  айтарлықтай үлкен тобы  комбинаттың қысқартылған жұмысшыларының қатарын тез арада толтырып отырған. Комунистік партия комбинатының кеншілерін жоғары бағалаған. Ащысай кентінің өзінде 1114 инженер-техниктер Ұлы Отан соғысындағы «Қажырлы еңбегі үшін» деген медалға әр қайсысы да лайықты болатын. Өйткені,  Ащысай кен орны Қазақстаннан  Ұлы Отан соғысына кеткен әр тоғыз оқтың жетеуін өндіріп берген. Сұрапыл соғыс жылдары көптеген Ащысайлық азаматтар ерлікпен шайқасып, майдан даласында қаза тапқан. Елі үшін ерлер жауға көкірегін тосса, ал туған өлкелері өз дәрежесінде көмек қолын созған. Ұлы Отан соғысы аяқталғанда тұтқында қалған жау әскерлерін осы Ащысайға жұмыс күшіне тартқан болатын. Жапондықтар салған көп қабатты  үйлер әлі күнге дейін мызғымаған кейпінде. Ащысай жұмысшылары соғыс біткен соң  5 жылдан кейін 59 пайыз көп жұмыс істеп, 74,5 пайыз қорғасын өндірген.          

 1953 жылдан бастап  Мырғалымсай кен орны барит өндіруді қолға алып, 1964 жылдан бастап барит қоспасын шығара бастады. 1955 жылдың бірінші тамызында Кентау қаласының ірге тасының қалануына, Ащысай кен орының септігі тиді, өйткені Ащысай елді мекені таулы аймақ болып, қала салуға тиімсіз болды. Ащысай комбинатының  құрамында Западная  (1958ж), Скоповая (1963ж)  шахталары, кейінірек Кентау қаласындағы кен байыту фабрикасы мен мырыш зауыты іске қосылған (1965-84). Ащысай комбинатының құрамында төрт кеніш, үш байыту металургия фабрикасы мен темір жол цехтары болған. Ащысай кентінің кеншілері 1965 жылы көлденең қазбасынан шапшаң кен өндіру бойынша 1237,6 метрді 31 жұмыс күнінде қазып, дүниежүзілік рекорд жасаған. Ащысай түрлі-түсті метал комбинатына 1977 жылы «Октябрь Революциясының 60 жылдығы» ат-атағы берілген. 1980 жылдары екі бала бақша салынып халық игіліне берілген болатын, қазірде сол балабақшаның біреуі ғана аман қалған. Ащысай кен орнында жарты ғасыр ішінде еңбек еткен  озаттар Сах Мәуленкұлов 1970 жылы КСРО-ның Мемлекттік сыйлығына ие болып, Ащысай кен орнын 16 жыл басқарған. Екі рет Қазақ  ССР-ның депутаты болған Шыналиев Бейсембай да  Ащысай шахтасында жұмыс істеп ерен еңбегімен халық қалаулысы болған. Бір жылдық жоспарды жеті айда орындаған атақты бригадир  Нәлтаев Төребек те халық қалаулысы  ретінде танылған. Ащысай комбинатынан шыққан еңбек ардагерлері: 12  Лениндік сыйлықтың лауреаттары, 5  Соцалистік Еңбек ардагері, 4  СССР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері, 10 Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Оларды атап өтсек:  Тәттігүл Досжанова, Карамендиев, Бейсембаев, Тоянов, Аманбаев, Тембібаев, Айхолаев, Тұржанова, Байғараев, Годин, Төленов, Тәжібаев, Оразбаев, Қарабаев және тағы басқалар. Ащысай елді мекенінде атақты адамдар өмір сүріп, осында шығармалар тудырған: Олар: ақын Зияш Қалауова, жазушы Тәкен Әлімқұлов, академик Рахманқұл Бердібаев, Желеу ақын, сыншы Сайлаубек Жұмабеков және т.б. Мемлекетік сыйлықтың иегері, кинорежисер Сатыбалды Нарымбетов те Ащысайда туған. Оның  « Гамлет из Сузакка» және «Жизни писания юного оккордониста»  кинотуындыларының үзінділері осы Ащысайда түсірілген. Кинорежисер, сценарист  Роза Орынбасарова да осы жердің тумасы, қазір Санкт- Петербург қаласында тұрады.КСРО-ның кезінде он бес мың халқы болған Ащысай қазір қараусыз қалып үш мыңға жетер-жетпес халық тұрып жатыр, көбісі қарттар. Тәуелсіздік алған жылдары  шахта өртеніп,  қасында тұрған фабриканың қорғаушы майлы ағаштары екі жылдай өртенген. Егемендік алғалы зауыт жекеменшікке өтіп, мардымсыз  жұмыс жасап тұрған. Кейіннен бояу шығара бастады, одан бері әк тастарын және баяғыда қорғасын еріту үшін қолданған кокстың шлагынан темір алып отырған, қазір  зауыт пештерін біртіндеп кесіп, тасып кеткен. Баяғы зауыттың қаңқасы ғана қалған. Ащысайдың кен орындарында мырыш пен барит әлі күнге дейін бар. Мырыш кені 100 жылға есептелген, негізі толық зертеуді қажет етеді. Мемлекеттің 100 мектеп пен 100 аурухана бағдарламасымен 2010 жылы екі мектеп, бір аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жол картасы бойынша Түркістан және Созақ аудандары арасындағы тас жолдың жөнделуі сол аудандардың қақ ортасындағы Ащысайға біршама көмек болған. Қыс айларында жол ақ қарға көміліп, қаламен ара қатынасы күн жылығанша үзіліп қалады. Ауыз су мәселесі күніне бір сағаттай беріледі екен. Қазір Кентау қаласына қатынау мәселесіне келсек,  қоғамдық көлік  күніне бір рет қатынайды, кейде ол да болмай қалады. Кезінде атағы дүркіреген Ащысай қараусыз қалып, жетімнің күйін кешуде. Мемлекеттің 2020 бағдарламасына елеңдеген Ащысай халқы, бүгінде үкілі үмітпен күн кешуде!

                       Бағдат АҒЫБЕТОВ                      

1955 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы