• Бизнес & Қоғам
  • 17 Қаңтар, 2013

Алып мемлекет «қаржылық құрдымнан» құтыла ала ма?

«Қаржылық құрдым» дегеніміз – кіші Джордж Буш тұсында қабылданған салық жеңілдіктері туралы заңның мерзімінің аяқталуы және соның салдарынан қорғаныс пен әлеуметтік салаларға жұмсалатын федералды шығындарды қысқартатын амалдардың автоматты түрде іске асуы. Салық жеңілдіктері туралы заңның күші жойылатын күн – 2013 жылдың 1-қаңтары еді.

Осыған орай 2013 жылдың 1-қаңтары күні АҚШ Конгресінің Сенаты көптен бері талқыланып келе жатқан «қаржылық құрдымның» алдын алу жөніндегі заң жобасына енгізілген өзгерісті қабылдап, Барак Обама оған қол қойды. Қабылданған заң бойынша жылына 450 мың доллардан артық пайда табатын отбасылар мен жылына 400 мың доллардан артық табыс табатын жеке тұлғаларға салынатын салық 15%-дан 20%-ға өсті. Құны 5 миллион доллардан артық мүліктерге салынатын салық 35%-дан 40%-ға, еңбекақы қорына салынатын салық 4,2%-дан 6,4%-ға артты. Жұмыс таппай жүргеніне 1 жылдан асқан жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы мөлшері қысқарып, жұмыссыз жүргеніне 12 ай толмаған адамдарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейеді.

Алдағы 2013-2021 жылдар аралығында бюджет шығындарын азайту арқылы 1,2 триллион долларды үнемдеу туралы заңды қабылдау екі айға кейінге қалдырылды. Яғни, Америкадағы жұмыссыздар мен қарттар әзірге жәрдемақы мен медициналық көмектен қағылмайды деген сөз. Мұнымен қатар, қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемі де азаймады, Барак Обама қорғаныс саласына 633 миллиард доллар бөлу жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Бұл қаражат күрделі аймақтардағы елшіліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жұмсалады. Бюджет шығындарын қысқарту жөніндегі жоспар алдағы уақытта Ақ үйдің ең күрделі мәселесіне айналады деп күтілуде.

Барак Обама бастаған демократтар тобы жылына 250 мың доллардан артық табыс табатын байларға салынатын салық түрінің ғана көлемін ұлғайтуды ұсынған еді. Республикалықтар бұл шекті 1 миллион долларға дейін көтеруді сұрап қарсы шықты. Олардың пікірінше ауқаттыларға салынатын салықтың артуы елдегі жұмыс орындарының кемуіне алып келеді. Екі жақ едәуір уақытқа созылған келіссөзден соң, ұлғайтылған салық салынатын субьектілердің табыс көлемі 400 мың доллардан кем болмау керек деп шешті. Егер Демократиялық партия мен Республикалық партия келісімге келе алмаған жағдайда пайызы жоғары салық жүйесі автоматты түрде іске қосылып, сонымен бірге мемлекеттік шығыстың 600 миллиарды қысқартылып, бүкіл америкалықтарға ауыртпалықтың қамытын кигізетін еді.  

АҚШ еліндегі қаржылық дефолттың төбесі өткен жылдың басында көріне бастаған болатын. Мемлекеттің сырттан алатын қарыз мөлшері заңда белгіленген шекке тым таяу қалып, нәтижесінде ішкі әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалатын қаржыға тапшылық туындады. Бұл мәселені шешу үшін Америка үкіметінің алдында екі жол тұрды: біріншісі, сыртқы қарыз мөлшерін ұлғайту, екіншісі, салықты көтеру. 2012 жылдың 27-желтоқсан күні АҚШ-тың қаржы министрі Тимоти Гайтнер заң бойынша мемлекет қарызы 16,394 триллион доллардан аспауы керек екенін, ал елдің қазіргі қарызы 16,373 триллион долларды құрап отырғанын жеткізді. Конгресс АҚШ Президентіне мемлекеттік қарыз деңгейін реттейтін қосымша өкілеттілік беруге қарсы шығып, Барак Обама тиісті 60 дауысты жинай алмады. Конгресмендер экономикалық рецессияның алдын алатын уақытша амалдарды қарастыруға көшкен еді.

Қазіргі уақытта АҚШ-тағы ауқатты адамдар еңбекақыларының келесі квитанциясын жүрексіне күтіп отыр. Мемлекеттік емес Салық саясаты орталығының бағалауынша амарикалықтардың 77 %-ын заңдағы жаңа түзетулер бей-жай қалдырмай отыр. Өйткені бұл заң бүкіл салық төлеушілердің 115 миллиард долларын мемлекет қазынасына аудартқызғалы отыр.

 

Бейбіт Нәлібаев, экономист

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы