• Бизнес & Қоғам
  • 24 Қаңтар, 2013

Сәулетке де ұлттық концепция керек

Соңғы жылдары елімізде құрылыс жұмыстары өрістей түскені белгілі. Тіпті «Астана қаласы әлемді таңдандыратындай болып салынып жатыр» дегендей пікірлерді де жиі еститін болдық. Өзге қалалар мен ауылдар да да құрылыстар бой көтере бастады. Әрине бұл қуанарлық жайт, құптарлық бастама. Алайда осынау қаптап салынып жатқан құрылыстардың сәулеті мен сәні қандай? Осындай сауалға жауап іздесек әсіресе, ұлттық сипат, ұлттық сәулет пен сән, ұлттық нақыш жетіспей жатқаны еріксіз ойға оралады. Сонымен қатар құрылыс салуға сәулетшілерді қатыстырмау, жобалауға қазақ сәулетшілерінің пікірін, талабын ескермеу салдарынан кемшіліктер де бар екенін айтпауға болмас. Өйткені алдағы уақытта құрылыс жұмыстары ұлғая түспек. Сондай-ақ Астанада ЕХРО-2017 бүкіләлемдік көрмені өткізу үшін 5 млн адам келетіндей құрылыс жұмыстары қауырт қолға алынбақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған ЕХРО – 2017 қуатты серпіліс беруі тиіс» деп мәлімдеді. Сондықтан құрылысқа тың серпін беру үшін сәулет саласындағы олқылықтарды айтудың пайдасы мол болмақ деп ойлаймын.

Жалпы мәдениеттің ішінде, ең негізгісі сәулет өнері деп білемін. Бұл өнердің ерекшелігін танытатын – бейнелеу өнері. Ғимараттар мен алаңдардың сәулеті мен сәні монументалдық жеке тұрғызылған мүсін, немесе монументалдық (ғимарат қабырғаларындағы) әртүрлі әр тақырыптағы нақыштар мен суреттер болып табылады.

Әр қала, ауылдың сәулеті мен дәулеті сәні мен мәні бірдей болмайды. Елді мекеннің орналасқан жеріне, тұрғындар санына, негізгі өндіріске, ауа-райына т.б. жағдайларға қарай сәулеттендіру ерекшілігі болмақ. Бірақ қандай үлкен немесе кіші елді мекенде болсын сәулетшілердің басты мақсаты – тұрғындардың талғамына, өмір-тіршілігіне орай жобалар жасау. Мысал ретінде, Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының сәулетіне тоқталайық. Қала Іле Алатауының бөктерінің ең көрікті жеріне орналасқан. Бұрын Алматы қаласы оңтүстіктігінде Тимирязев көшесі, шығысында Кіші Алматы өзені, солтүстігінде – қазіргі Райымбек көшесі, батысында – Ж.Сайын көшелерімен шектелген. Сол кезде қала тұрғындарының өмір-тіршілігі қолайлы болатын: ауасы таза, тұрғындар жұмыс орындарына 30-40 минутта жететін. Тау бөктеріне дейін, желекті жерде мал бағылатын, бау-бақша, жеміс-жидек, көкөніс, әсіресе дүние жүзіне атағы шыққан «апорт» алмасының бақтары мол болатын. Алматының сәулетіне қоса көше бойлап таудың самал желі қала ауасын тазартып өмір сүруге қолайлы болатын.

Сол кезде, сәулетшілердің алдында бірақ мақсат болатын. Ол барлық қала тұрғындарына бірдей қолайлы өмір сүруге жоба жасап жүзеге асыру. Сондықтан тау бөктері, тау шатқалдары, оның тамаша сұлу табиғаты, мөлдір, сарқыраған сулары барлық тұрғындарға демалуға да қолайлы болған.

Ал соңғы жылдары қалай болды? Алатау бөктерінің құнарлы жеріне құрылыс салынды. Қаланың іші жаңа ғимараттарға толып кетті. Жүздеген жылға шыдайтын тұрғын үйлер, ғимараттар қиратылып орнына зәулім құрылыстар жүргізілді. Бұл үшін қаншама қаржы жұмсалды десеңізші! Сондай-ақ қазір көшелерді қанша кеңітсе де, жол айрықтарды қанша салса да, автокөліктің көптігінен алматылықтардың өмір тіршілігі оңалар емес. Осындай шығынға батпай-ақ, қала шекарасын  кеңейтіп жазық, бос жатқан жерлерге құрылыс жүргізуге болар еді. Сөйтіп Алматы қаласын сол бойы өзгеріссіз қалдырып, шекарасын анықтап берген ең оңтайлы жол еді?

Ал құрылыс қалай салынып жатыр? Мұндағы жоба, сәулет қалай? Бұрын Сәулетшілер одағының мүшелері жиналып, қалада қандай ғимаратты қолайлы жерге тұрғызатынын талқылайтын. Сөйтіп қай жерге ғимаратты қалай орналастыру белгіленетін. Бірде мен «Самал» тұрғын ауданында 10 мың адамға арналған спорт кешенін салуға қарсы пікір білдіріп оны нақты дәлелдеген едім. Ақырында бұл құрылыстың темір қаңқасы көтерілсе де, кейін оны бұзып, спорт кешені «Самалда» салынбайтын болды.

1984 жылы Алматы қаласының сәулеті жөнінде мәселе  көтеріп «Социалистік Қазақстан» газетіне «Қала құрылысы және табиғат» атты мақала шығардым. Мақаламды талқылау нәтижесінде Абай даңғылында самал желді өткізбейтін биік ғимараттарды тұрғызбайтын болды. Көшелерде сауда-саттық, мәдени, асхана, кафелер т.б. тұтынушылардың құрылыс орындарын тұрғын үйлердің бірінші қабаттарына орналастырмай, автобус, трамвай жолдары кеңейтілді. Бұл сәулет әдісі – тұрғындарға шудан, шаңннан, көлік газынан қорғайтын қалқан болды. Ол кезде баспасөзде жарияланған өзекті мақалаларды атқару органдары талқылап шешім шығаратын.

Соңғы жылдары «салынған зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлердің ұлттық сәулеті мен сәні қандай?» дегендей сауалды жиі естіп жүрміз. Мұндай сауалға кәсіби маман ретінде пікір білдірудің мәні зор болуы мүмкін. Жаңадан салынған ғимараттар мен тұрғын үйлердің басым көпшілігінде шетел сәулет үлгілері басым. Сонымен қатар өткен ғасырлардағы Еуропаның сәулет стилдерінің үлгілері (готика, классицизм, модерн, эклектика) жиі ұшырасады. Өзіміздің ұлттық ізденіс тапшы. Ғимараттар топтасқан жерде көркемдік үйлесімді (ансамблді) құрмайды. Әр ғимарат өзімен өзі жеке дара болыр тұр. Түгел әйнектелген ғимараттар, мұнараларға ұқсайды. Олардың қайсыбірі сауда-саттық орны болса да терезелері жоқ – бекіністерге ұқсайды. Бір-біріне өте жақын орналасқан, не болмаса көшеге тақап салынған. Ғимараттардың ішіндегі жағымсыз иіс қолқаны атады. Мысалы Алматыдағы «Орбита» ықшам ауданында «Алма» аталатын ғимараттың терезелерін түгел жауып тастаған. Осы көріністер нені айғақтайды? Бұл сәулетшілердің білімсіздігін көрсетеді. Адам тіршілік ететін бөлмелерге күн түспесе –  рахит, туберкулез, көз аурулары пайда болатынын сәулетшілер аңғара алмағаны таңдандырады. Тіпті, Ақсай шағын ауданында Сайын данғылы бойындағы көп қабатты зәулім тұрғын үйлердің қабырғаларына крест белгісі салынғаны шектен тыс сорақылық болса да оны өшіріп тастауға ешкімнің күші жетпейтіні қалай?

Астананың қала сәулетіне келсек, бұрынғы Целиноград аталатын кезде,  сауатсыз, шовинистік көзқарастағы қала сәулетшілерін өткір сынға алған едік. Олар тарихын, мәдени ескерткіштер мен үйлерді бұза бастағанда «Лицо города» («Казахстанская правда» газетінде 1978 ж.) «Архитектура және тарих» («Социалистік Қазақстан» газетінде 1978 ж) мақала жазып оларға тоқтам салуға үлес қосқан едім. Сөйтіп қиратылудан аман қалған ескерткіштер осы күнге дейін сақталып келеді. Қазіргі кезде, Сәкен Сейфуллиннің мүсіні Астананың төрінде тұр.

Сондай-ақ ауылдар мен шағын қалалар сәулеті сын көтермейтін болып барады десем жаңсақ айтқандық болмас. Алматының жанындағы елді мекендерге көз жүгіртсек 1-2 қабатты үйлер қатарымен немесе қатарсыз, қалай болса солай, бір-біріне жабысып ретсіз сала бергенін көресіз. Көшелері тар, мәшине зорға өтеді. Арнайы жаяу жүретін жолдар жоқтың қасы. Қиылысқан көшелер өте аз болғандықтан, көлік те жеке жаяу адам да, келесі көшеге өту үшін, ұзақ айналым жасап жүру керек. Балалар ойнайтын, тұрғындар демалатын, орталық (мәдени, сауда, түрлі кеңселер) алаңдары жоқ. Мысал ретінде Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашты алайық. Мұндағы жерде базар, автобекет ғимаратынан ешқандай сәулет өнері сезілмейді. Араласып жатқан 1-2 қабатты ғимараттар. Қайсысы үй, қайсысы дүкен, кеңсе айырмашылығы шамалы. Қазақстанда осы күнге дейін, көптеген елді мекендерінің жобалары сын көтермейді. Егер дұрыс жобасы болса, оны орындамайды. Бұл соның салдары.

Бір сөзбен айтқанда, қала мен ауыл сәулеті мүшкіл жағдайда деуге болады. Мұның бір себебі сәулетшілер дайындайтын оқу орындарында қазақ тілін, төл мәдениетін, бейнелеу өнерін білетін ұстаздар саусақпен санарлық. Басым көпшілігі қазақтың тарихын, мәдениетін білу былай тұрсын, қазақша зорға сөйлейді. Батыстың мәдениеті мен өнеріне ғана табынатындар. Мұндай жағдайда олардан не күтуге болады?

1972-75 жылдары Қазақ политехникалық институты, сәулет факультетінде сабақ бере алмайтын, білімі шектеулі ұстаздарды жұмысынан босату жөнінде тіпті мәселе де қозғаған едім. Қынжыларлығы сол, бұл үшін оларды емес, өзімді жұмыстан босатты. Ол кезде ғылыми кеңестің шешімін сотта қарамайтын. 1975-80 жылдары Целиноград қаласында сәулет кафедрасының меңгерушісі де болдым. Кейін Алматыда жоғары оқу орындарында сәулетке қатысты пәндерден сабақ бердім. Сәулет ғылымы саласынан диссертация қорғадым. Әсіресе, Алматы қаласын сәулеттендіру жөнінде көптеген ұсыныстар жасадым. Олардың дені басшылыққа алынды. Ал тәуелсіз ел болғаннан бері сәулет өнері жөнінде әсіресе, құрылыста жұртшылықтың да, мамандардың да пікірлері ескерілмейтін болды.

Міне, осындай жағдайларда сәулет саласындағы мәселелер шешілмейді. «Бақылаусыз білімде ешқандай сапа болмайды» атты мақаламды («Қазақия» газеті 5.05.2011 ж) газетке жариялап Білім және ғылым министрлігіне  жібергенмін. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Мен оларға «бас десем, олар маған құлақ» дейді. Ал жалпы оқу орындарындағы сәулетшілерді дайындаудың ұлттық сапасын арттыру керек. Ал қазір бұлардағы білім беру сын көтермейді. Мен күмәнсіз айтар едім, егер кәсіби, әділетті комиссия осыларды тексеріп, дұрыс шешім шығарса, онда 3-4 оқу орындары ғана сәулетшілерді дайындауға рұқсат алар еді. Жалпы ұлттық өнер белгілері киім кешектен бастап, төсек орындар мен үй жабдықтарына дейін, үйлердің іші-сырты мен көшелерінен бастап сарайлар мен алаңдарына дейін көрініс беріп тұруы елдің мәдени дамуын білдіреді.

Алдағы уақытта ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге арналып салынған құрылыстар кейін Қазақстан тұрғындарының мекеніне айналмақ. Демек мұндағы әр ғимарат жанында спорт, ойын алаңдары, бақша, мал, құс өсіруге арналған ауқымды орындар жасауға қазақ жерінің кеңдігін пайдалануға мүмкіндік мол. Сондай-ақ мұнда салынатын ғимараттарды қазақтың ұлттық сәулет өнерімен безендіру, Астананың, тіпті бүкіл қазақ елінің ерекшелігін танытатындай зәулім монумент тұрғызу мәселесін ойластыру қажет. Мұндай алып монументтің іші-сырты жұртшылық қызықтайтындай болып, айналасына демалатын, көңіл көтеретін орындар мен бақтар, ойын-сауық, спорт алаңдары жасалса, Қазақстанның ерекшелігін шет жұрттар ажырататындай болса қандай ғанибет болар еді. Осындай үлгіні Қазақстанның өзге қалалары мен ауылдарына да өнеге ету қажет. Қазақтың жері кең. Демек әр тұрғын үй жанынан бау-бақша, мал өсіруге кеңінен орын бөлу дәстүрге айналғаны жөн.

 Төлеубек Қарамендетегі, Сәулет ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Сәулетшілер одағының және Журналистер одағының мүшесі.

901 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы