• Бизнес & Қоғам
  • 24 Қаңтар, 2013

АЗИЯНЫҢ «ЖОЛБАРЫС» ЕЛДЕРІ КІМДЕР? Олар таңқаларлық табыстарға қалай қол жеткізді

Әлемдік қауымдастық бүгінде Оңтүстік Азия мен Оңтүстік Шығыс Азияның бірқатар елдерін бейнелі түрде «Азия жолбарыстары» деп атайды.  Өйткені,соңғы жарты ғасыр көлеміндегі бұл елдердің экономикалық өрлеуі расында да  жолбарыстың әрекеті мен секірісі секілді. Оның үстіне олар осынау керемет өсу көрсеткіштерімен  «дамудың кілті батыста – Еуропада» деген түсінікті теріске шығарып, әлемді мойындатты.  Жалпы елдерді бұлай бейнелеу дәстүрде бар нәрсе. Мысал үшін Ирландия елін «кельт жолбарысы», сол секілді Латвия, Литва және Эстонияны «балтық жолбарыстары» деседі.

Айтылып, мойындалып жүргеніндей «азия жолбарыстарының» алғашқы толқынына: Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг және Тайвань жатады. Бұлар тарихи өлшеммен алып қарғанда өте аз мерзім ішінде артта қалған мешеу елден осы заманғы озық техника мен технологияны, тіпті электрониканы жетік  меңгерген алдыңғы қатардағы индустриалды мемлекеттерге айналды.

    Мәселен, Оңтүстік Корея Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін АҚШ-тың қолдап-қуаттауымен Солтүстік Кореядан бөлінген, елуінші жылдардардың орта тұсында  берекесі кетіп, ішер ас, киер киімнің  өзін  әзер тауып отырған кедей мемлекет болатын. Дүние жүзілік банктің есебі бойынша сол тұстағы елдің ЖІӨ–нің жан басына шаққандағы мөлшері 100 доллардың шамасында ғана болған көрінеді. Ал, 1994 жылдан бастап (арада 40 жылдай өткен соң!) Оңтүстік Корея Республикасы  жоғары қарқынмен дамыған бай мемлекеттердің қатарына еніп, ЖІӨ-нің  әр адамға шаққандағы шамасы 38,5 мың долларды құрады, яғни Швейцария мен Финляндияның деңгейіне жетті.

    Бүгінде Оңтүстік Корея ЖІӨ деңгейі (710 млрд.$)  бойынша әлемде 11-ші орынды иеленеді. Елдің экономикасы кешегі 80-90 жылдары шапшаң қарқынмен дамып, жылына 8-12 пайызды құрады. Экономикалық дамудың бірден-бір көзі оған нәр беретін электр энергиясында дейтін болсақ, мұнда жалпы қуаты 17,7 гигаваттық 20 АЭС (Атом электр станциялары) жұмыс істейді.Ел территориясында су ресурстарының да мол көзі мен мүмкіндігі болғанына қарамастан ол аз пайдаланылады.

     Әйтсе де Оңтүстік Корея машина жасау, оның ішінде автокөліктер шығару өндірісі жақсы жолға қойылған, жетекші елдер қатарына жатады. Мұнда жылына 2,5 млн-нан астам автокөлік жасап шығарылады.  Басқаларды айтпағанда, біздің Қазақстанда да Оңтүстік Кореяның «Даewoo», «Hyndai» фирмалары шығарған жеңіл автокөліктер мен басқа да техникалардың кеңінен тұтынылып,  пайдаланылатыны да осының бірден бір дәлелі. Олар шығарған техникалардың бағасы салыстырмалы түрде арзандау болғандықтан үлкен сұранысқа ие болып отырады. Бұл бір жағынан тұтыну рыногында олардың маркетинг қызметінің жақсы жұмыс істейтіндігінің белгісі болса керек.Осы сияқты Корея кеме жасау ісінен де Жапониядан қалыспайды.

Сингапур да 90-шы жылдардың орта тұсында Оңтүстік Шығыс Азиядағы өндірісі жедел қарқынмен (жылына 14 %) дамыған елдердің қатарына қосылды. Бүгінде бұл елдің өнеркәсібінде роботтар кеңінен пайдаланылады. Жапония мен Гонконг ірі инвесторлар саналады. Сингапур мұнай өңдеу жөнінен дүние жүзіндегі алдыңғы орындардың бірінде. Мұнда жылына 20 млн. тоннадан астам мұнай өңделеді. Жоғары технологиялар саласында ғылымның жетістігі табысты қолданылады. Сондықтан да Сингапур компьютерлер шығару мен роботтарды өндіріске енгізу бойынша Азияда Жапониядан кейінгі екінші орында. Жыл сайын Сингапурға 5 млн. турист келіп қайтады. Олар Сингапурды «сүйкімді Азия» немесе «экватордағы Еуропа» деп атайды.

Англияның бұрыңғы премьер-министрі, «темірдей тарамыс ханым» атанған, әйгілі саясаткер Маргарет Тэтчердің: «Бір кезде Сингапур бізден үйреніп еді, біз енді  Сингапурдан үйренетін болдық» деп мойындауы біршама ойды аңғартқандай. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қарай Сингапурдан компьютер мен басқа да электроникалық тауарлар тасымалдайтын «Алси» компаниясы жемісті жұмыс істеп келеді.

    Гонконг (Сянган) бірнеше аралдардан тұратын,  ұзақ уақыт Англияның отары болып келген, тек 1997 жылдан ресми түрде ҚытайХалық Республикасының құрамына енген кең автономиялық құқықтағы бар арнайы әкімшілік аудан.Аспан асты елінің басқа аудандарынан басты айырмашылығы  таза капиталистік даму жолындағы аумақ. Сол себепті бұған қатысты «бір мемлекет - екі жүйе» деген тіркес жиі айтылады. Әрі ЖІӨ мөлшері жөнінен Қытайдың ең бай ауданы саналады, оның жан басына шаққандағы көрсеткіші (38 мың доллардан астам) және тұрғындардың сатып алу мүмкіндігі, халықтың әл-ауқаты деңгейі бойынша батыстың Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия секілді дамыған елдерін, тіпті Жапонияны да басып озды. Елдің экономикасы еркін нарықтық қатынасқа негізделген, салық мөлшері төмен, мемлекет экономикаға араласпайды. Мұнда ауыл шаруашылығына жарамды жер де аз, табиғи ресурстарға аса бай емес. Сондықтан да азық-түлік пен шикізаттың көп бөлігі, тіпті ауызсуға дейін шеттен тасымалданады.ЖІӨ 90 пайызы қызмет көрсету салаларының үлесіне тиеді. Бүгінде Гонконг тектен тек дүние жүзілік ірі қаржы орталықтарының бірі аталып отырған жоқ. Бұл жөнінен ол Азияда бірінші, ал әлемде алғашқы үштікке кіреді. Жуырда Гонконг пен  Қазақстан арасында Бейнеу-Шымкент магистралды газ құбырын салуға он бес жылдық мерзімге  1,8 млрд. доллар несие беру жөнінде келісімге қол қойылды.

Тайвань да Қытайдың провинциясы саналғанымен шын мәнінде тәуелсіз мемлекет. Ол әлемдегі капиталды ең ірі сыртқа әсіресе, Оңтүстік Шығыс Азияға шығарушылардың бірі. Соңғы бес жылда оның көлемі 36 млрд. $ жетті. Бұл елде де электр қуаты  негізінен жалпы әлеуеті 4,9 млн. КВт-тық  алты АЭС-те өндіріледі. Оған қажетті уран шикізаты Шығыс Азияның басқа елдері секілді Африкадан әкелінеді. Осы заманғы озық технологияға қол жеткізген Тайвань электрондық тауарлардан ОЕМ-құрылғысы мен оған  дисплейлер шығаруға маманданған. Кеме жасау ісіне де маманданып, әсіресе спорттық яхталарды көбірек шығарады. Сондай-ақ, бұл ел шығаратын сапалы спорттық киімдер мен аяқ киімдер, құрал-жабдықтар, теннис ракеткалары мен түрлі доптар әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие. Туризм саласы да елдің экономикасында елеулі рөл атқарады. Мұнда демалыс пен қонақ үйлерде шығысқа тән дастархан молшылығы мен батыстық үлгідегі жанға жайлы қызмет көрсету жағдайлары жасалғандықтан әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Дегенмен, Тайвань экономикасы шеттен тасымалданатын отын мен шикізаттарға тәуелді. Ал, экспортқа осы заманғы өнеркәсіп тауарлары шығарылады. АҚШ, Жапония, Германия және Гонконг елдері сауда-саттықтағы ең басты әріптестері.

Демек, бұл елдердің «азия жолбарыстары» атанып, экономикалық дамуда алдыңғы шепке шыққаны талассыз шындық.Ендеше, олар мұндай жетістік пен табысқа қалай қол жеткізді? Бүгінде өзімшіл батыстың қызғанышын тудырып, экономиканы зерттеуші сарапшыларының басын қатырып отырған басты сұрақ осы! Өйткені, кәзіргідей  өркениет заманында  даму мен өркендеудің бірден бір қозғаушы күші бәсекелестік болып отырғаны даусыз.

      Сарапшы мамандардың басым көпшілігі бұл елдерді мұндай дәрежеге жеткізген елде жүргізілген қатаң экономикалық саясат деседі. Бәлкім солай да шығар. Дегенмен, олардың экономикалық саясатында ортақ белгілер мен ұқсастықтар да  баршылық.

Кейбір зерттеушілердің пікірінше бұларда  басқалар тәрізді жер астының қазба байлықтары,  мол табиғи ресурстарболмағанымен, тәртіпті де тыңғылықты,арзан жұмысшыкүші бар. Олар  конфуциялық тәлім-тәрбиенің ықпалымен ғасырлар бойы күріш алқаптарында төзімділікпен, белдері бүгіле, жұмыс істеп, аз нәпақа мен барға қанағат етіп үйренген.Былайша айтқанда, салғыласпай, басшының айтқанын екі етпейтін шығыстық менталитет пен мінез-құлық қалыптасқан. Осының бәрін ескере келіп, бұл мемлекеттер өздерінің еңбек сүйгіштігі мен бар өнер-шеберліктерін жұмсап, әдемі де сапалы тауарлар жасап, сыртқа шығару, яғни«экспорттық бағытты» ұстанды. Және мұндай экономикалық таңдаулары дұрыс болып шығып, оларды тығырықтан шығарып қана қоймай, биік деңгейге көтерді. Әйтпесе, бұрыңғы жапон офицері  Пак Чжон Хи - Оңтүстік Кореяны, арғы тегі қытайлық, Кембридж университетінде оқыған адвокат Ли Куан Ю– Сингапурды, Сталиннің шақыруымен Мәскеуге келіп, Шығыс еңбекшілері университетінде білім алған, колхоздастыру ісіне қатысқан, «Уралмаш» зауытында жұмыс істеген Чан Кай Шидің ұлы  Цзян Цзинго – Тайваньды өрге сүйреп, өркендетеді, дамыған елдердің қатарына қосады  деп кім ойлаған?

Генерал Пак Чжон Хиотандастарының бір бөлігі үшін  демократияны тұншықтырушы қанды қол диктатор болса,екінші бөлігі үшін Оңтүстік Кореяны кедейшіліктен алып шыққан көрнекті реформатор,«экономикалық  кереметтің» архитекторы.Тарих қайталанады дегенрас. Жақында өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Пак Чжон Хидің қызы Пак Кын Хе Оңтүстік Кореяның президенті болып сайланды.Алпыс жастағы Пак Кын Хе өзінің алдына ел тұрғындарын жоғары жалақылы жұмыспен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Өйткені соңғы жылдары бұл елде азық-түлік бағасы бірнеше есе қымбатса да жалақы мөлшері бұрыңғы деңгейінде қалған.

Журналистердің бірі Ли Куан Ю-ге «Парақорлық пен сыбайлас жемқорлықты қалай жеңдіңіз?» дегенде, «Тәртіп орнатуды алдымен туыстарыңыздан бастаңыз. Ең жақын адамыңыздың бір-екеуін жемқорлығы үшін түрмеге отырғызсаңыз, сонда бәрі орнына келеді» деп жауап берген.

      1978 жылы қайтыс болған  диктатор әкесі Чан Кай Ши-дің орнын басқан Цзян Цзинго экономиканы түбегейлі қайта құрылымдап, инвестициялық қаражатпен ең алдымен жеңіл өнеркәсіпті өркендетуді қолға алып, Тайваньды  дамудың дұрыс жолына сала білді.

Бұл елдердің стартегиясында ұқсастық болғанымен, амал-әрекеттеріндебірқатар айырмашылықтар кездеседі. Мысалы, Оңтүстік Корея үкіметі өзінің даму бағытында соғысқа дейінгі императорлық Жапонияның саясатын ұстанып, сан салалы  қызметтер  атқаратын ірі фирмалар ашып жұмыс істете бастаған болса, Тайваньда керісінше орта және кіші бизнесті дамытуға ден қойылып, оларға барынша қолайлы жағдайлар мен  мүмкіндіктер жасалынды.Ал, Гонконг   өзімен көршілес алып мемлекет Қытайдың бар мүмкіндік пен әлеуетін өз мүддесіне пайдалануға ұмтылды.

       Азияның «жолбарыс» елдерінде  (Гонконгтан басқа) экспорттық бағыт-бағдар (мейілінше тауарларды сыртқа көбірек шығарып сатуға)  қоса, бұлардың  бәріне  тән тағы бір ортақ белгі  - мемлекет ешкімнің көңіліне қарамай экономиканың даму барысына мықтап араласып отырды. Тіпті қажет кезінде,либерализм мен демократияға қайшы келетін, қатаң авторитарлық тәртіппен де басқарылды.Мұндай жағдайда  парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың белең алатыны анық. Бұған қоса, бұл елдердің халқында мемлекеттік шенеунік міндетті түрде пара алады, қазынаның мүлкіне қол салады, онсыз болмайды, ол кәдімгі үйреншікті де қалыпты нәрсе деген түсінік қалыптасқан.

    Тағы бір айта кететіні, Азия «жолбарыстары»  елдерінің еңсе көтеріп, дамуы екі лагерьдің капиталистік және социалистік, ең бастысы АҚШ пен КСРО-ның текетіресі, яғни екі дүниенің  арасындағы «қырғиқабақ соғыс» саясаты белең алғанкезеңмен сәйкес келді.

«Құланның қасуына мылтықтың басу» демекші, бұл елдер батыстың ыңғайына жығылып, антикоммунистік саясат ұстанғандықтан АҚШ бастаған капиталистік қауымдастық  бұларға барынша қолдау мен қуаттау көрсетті. Сөйтіп, бұл елдерге қарай батыстың жеңілдетілген қарыз-несилері, инвестицияларымен бірге осы заманғы озық техника мен технология үлгілері ағылды.Әрине шет елден қарыз бен несиенің келуі бар да, оны қайтарым мен пайда беретін салаларға салу тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің  сауатты да кәделі қадам-қарекеттер жасай білгенін атап өткен жөн. Әйтпесе, ондай қарыз-несиенің құмға сіңген судай жолшыбай жырымдалып, ұрланып-жырланып, не сұғанақ шенеуніктердің қалталарына түсіп кеткен мысалдары жеткілікті.Кейбір сарапшылар, бәлкім, мұндай тарихи жағдай мен мүмкіндік болмағанда бұл елдердің экономикалық секіріс жасап,әлемдік деңгейге көтерілуі екіталай еді, деген пікір айтады. Солай болуы да ықтимал. Кейде өмірдегі немесе қоғамдағы кейбір кездейсоқ жәйттер мен оқиғалар біреулерге ақжолтай болып, бағын ашып жатады.

Дегенменде Азияның жолбарыс елдерінде 1960-90 жылдар аралығында жылма-жыл ЖІӨ-нің Тайвань мен Гонконгта 6,3 пайызға, Оңтүстік Кореяда 6,9 пайызға, ал Сингапурда 7 пайызға өсіп отырды. Әлемдік өлшеммен қарағанда бұл расында да «экономикалық керемет» деп айтуға тұрарлық  табыстар болатын.

Ал енді, Азия «жолбарыстарының» екіншітолқынына жататын Малайазия, Таиланд  және Индонезия мемлекеттеріконфуциялық мәдениет пен дәстүрдің, тәлім-тәрбиенің  ықпалынан тыс жатқандықтан бұлардағы экономикалық ілгерілеу менөркендеу басқашалау сипатта жүріп, өзгеше ыңғайда жүзеге асты. Алайда зер салып,  тереңірек үңіле қарайтын болсақ, бәрібір Оңтүстік Шығыс Азияның бұл елдеріндегі экономикалық өрлеуде  этникалық қытайлықтар–хуацяолардың айтарлықтай рөл атқарғанын аңғарамыз.  Қытайлық эмигранттар әуелден кішігірім қалаларға қоныстанып, негізінен cауда-саттықпен айналысты, біртіндеп осы саланы меншіктеп иемденіп алды. Сыртқа тауарлар шығаратын да осылар болды. Үндемей жүріп-ақ басқаларға өсімге қарыз берушілерге, кіріптар етушілерге  айналды. Сырттай қарағанда бұлардың тыныс-тіршілігі жергілікті тұрғындарға ұсақ, әрі елеусіз сияқты  көрінді. Тіпті, ауық-ауық оларға шабуылдап, дүние-мүліктерін қиратып тастау оқиғалары орын алып отырды. Әйтсе де ың-шыңсыз талай шаруа тындыратын қытайлық эмигранттардың жанкешті іс-әрекеттерінің арқасында дамудың келешегін айқындайтын индустрия мен қаржы-қаражат саласы солардың қолына көшті.

Бір айта кетерлігі, Малайзия мемлекеті өз жерінде табиғи ресурстардың мұнай мен газдың, қалайы рудаларының, басқа да сирек кездесетін металлдардың айтарлықтай қоры бар екеніне қарамастан жоғары технологиялық өнімдер,  әсіресе жаппай сұранысқа ие электроникалық тауарлар шығырып сатуға ден қойды. Оның үстіне 80-ші жылдары бұл елдің бағына атқарушы билікке «ұлттық құндылықтарға» басымдық беріп, ең бірінші кезекте жойыла жаздаған малай тілінің мәртебесін көтеруді қолға алған Махатхир Мохамад келді. Ол бас-аяғы он шақты жылдың ішінде  Малайзияны артта қалған аграрлық елден алдыңғы қатардағы индустриалды мемлекетке айналдырды.

Жасыратыны жоқ, екінші толқындағы аталған елдерде этникалық қытайлықтар үшін бірқатар шектеулер қолданылады. Мысалы, жоғары оқу орындарына түсуде немесе мемлекеттік қызметке қабылдануда. Бұл шара тіпті, Малайзияда ресми түрде мойындалған. Соған қарамастан қытайлықтар бизнес пен қаражат саласында жетекші рөлге ие. Мәселен, Индонезияда қытайлықтар тұрғын халықтың 2,5 пайызын құраса да елдегі жеке капиталдың 75 пайызы солардың қолында. Осы сияқты Таиландта тұратын 10 пайыз қытайлықтар 50 пайыз қаражатқа иелік етеді. Инвестицияның 90 пайызы солар арқылы жүреді. Филиппин елінде де капиталдың жартысына жуығы 1,5 пайыздық қытайлықтардың еншісінде. Бұған қоса, көптеген салаларда өз кәсібін жетік меңгерген білікті мамандар болып қытайлықтар саналады. Сондықтан да формальды түрде бірінші басшы жергілікті  халықтың өкілі болғанымен барлық жұмысты жалдамалы қытайлық менеджерлер мен кәсіпкерлер атқарып, солар жүргізді.

Төрт аяғын тең басқандай бәрі жақсы болды деуге болмас. Азия «жолбарыстары» өздерінің даму барысында жетістікпен қатар қиындықтарды да бастан кешті. Басқасын айтпағанда, кешегі 90-шы жылдардың аяғындағы экономикалық дағдарыс бұларды да шарпып өтті. Бұл әсіресе, Оңтүстік Корея мен Индонезияға ауырлау тиді.Шамалы уақыт ішінде корей ақшасы вон құны екі есеге, ал индонезиялық рупий  үш есеге жуық төмендеп кетті. Индонезияда парақорлық пен тамыр-таныстықтың кеңінен жайлап, асқынып кеткені соншалықты оның бір ұшы тікелей ел президентіне барып тіреліп жатты. Кейбір мәліметтерге қарағанда елдегі 1247 кәсіпорын президент Сухарто мен оның туыстарының меншігінде не жартылай иелігінде болып, олар бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдаланып отырған.Мұның ақыры төңкеріске апарып соқтырып, 1998 жылы генерал Сухартоның диктатурасы құлады. Оның орнына әлсіздеу, алауыздау болса да азаматтық билік орнады.

     Міне, осы кезде тырнақ астынан кір іздейтін, шығыстың табысына онша қуана қоймайтын батыстың кінәмшіл сарапшылары «Азия жолбарыстарының» күні бітті. Олардың жетістігі көзбояушылық болып шықты. Дамулары  интенсивті емес, экстенсивті екен. Бұларды ешқандай да еңбек өнімділігінің өсуі, өндірістің өркендеу болмаған. Сондықтан бұлардың жуық арада оңалып, еңсе көтеруі неғайбыл» деген тұжырым жасап, әр түрлі қауесеттер таратты. Бұл елдердің ұлттық ерекшеліктері мен құндылықтары - азиялық авторитаризм мен диктатураны бүркемелеу екен десті.Бірақ та, ол сәуегейлердің  тұжырымдары мен болжамдарыдұрыс болмай шықты.

Шындығында 1997 жылғы қаржылық дағдарыс Сингапур, Тайвань және Гонконгқа аса бір қиындық әкеле қойған жоқ. Дағдарысты көбірек сезінген Оңтүстік Кореяның өзі шұғыл жүргізілген шаралардың арқасында тез арада есін жиып алды. Мұнда 1999 жылдың өзінде ЖІӨ көрсеткіші 10,2 пайызға көтерілді.Малайзия мен Таиланд та тез арада қайта қатарғақосылды. Бұл орайда әйгілі реформатор Махаткир Мохамад өз елінің мұндай қиындыққа тап болуына экономика жөніндегі вице-премьерді кінәлі деп тауып, «халықаралық еврей капталын» айыптады. Ол жүргізген шапшаң реформалардың  нәтижесінде малай елінің экономикасы дағдарысты еңсеріп, ЖІӨ 1999 жылы – 5,4 пайызға, ал 2000 жылы – 7,8 пайызға өсті.

Дегенмен, кешегі 90-шы жылдардың аяғындағы экономикалық дағдарыс Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия елдері үшін үнемі ескеріп отыратындай сынақ пен сабақ болды.

   Өзінің даму барысында біздің Қазақстанның да «Азия жолбарыстарына» еліктеп, солардың тәжірибесінен үлгі алуға тырысатыны байқалады. Малайзиядағыдай «Көкжиек-2020» тәрізді бізде де «Қазақстан-2030» стратегиялық  бағдарламасының қабылданып, оның «Қазақстан-2050-ге» ұласуы, экономикада индустриалды-инновациялық бағдарға ден қойылуы осының айқын айғағы. Бұл орайда Малайзияның премьер-министрі Нәджип Тун Разақтың: «Сіздердің елдеріңіз  осы аймақта аса қолайлы инвестициялық жағдайымен ерекшеленеді. Біз Қазақстанды Біртұтас экономикалық кеңістік рыногына шығатын бірден бір жол ретінде қарастырамыз. Өз кезегінде Малайзия да Қазақстан үшін Оңтүстік Шығыс Азияға шығатын қақпа бола алады» дегені көңілге көкжиекті үміттер ұялатады. Малайзияның басқалардан бір ерекшелігі мұнда экономиканың басқарылуы бес жылдық мерзім бойынша орталықтанған стартегиялық жоспарлау үлгісіне негізделген.

«Жақсыдан үйренсең - жетерсің мұратқа» демекші, бұл елден үлгі алып, үйреніп «Азия жолбарыстарының» қатарына қосылып жатсақ нұр үстіне нұр болмақ.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, саяси шолушы.

20736 рет

көрсетілді

15

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы