• Бизнес & Қоғам
  • 24 Қаңтар, 2013

Айырықша маңызы зор семинар-кеңес

Таяуда Оңтүстік Қазақстаннның орталығы Шымкент қаласында Қазақ ұлттық аграрлық университеті өкілдерінің қатынасуымен «Оңтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіп кешенінің инновациялы дамуы – проблемалары, болашағы» атты тақырыпта семинар-кеңес болып өтті. Осынау айырықша маңызы зор іс-шараны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзхметов пен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполовтар ұйымдастырып, ортақ мақсатқа қалың қауымды ойдағыдай жұмылдыруға белсенділіктерімен атсалысты.

      Семинар-кеңес барысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов облыс көлемінде аграрлық сала бойынша қол жеткізіп отырған жетістіктерімен қатар, кезек күттірмейтін проблемалардың түйінді мәселелеріне жан-жақты тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, аграрлық салаға баса көңіл бөлініп отырғандығы, облыс экономикасының осы бағытта алға басып келе жатқандығын аңғару қиын емес. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығында заманауи жаңа технологиялардың, индустриялдық-инновациялық бағдрламалардың басымдылығы бар екендігі қуантады.

       Расында да ауыл шаруашылығының қалтқысыз қаймағы болумен абыройы мен мәртебесі аспандап келе жатқан облыстың көңіл толарлық көрсеткіштері кімді болсын бей-жай қалдыра алмайды. Қазірдің өзінде аталған аймақта ауыл шаруашылық құрылымдарының саны 81034 болса, егістіктің жалпы көлемі 713309 гектарды құрайды. Ал, ауылшаруашылық кәсіпорындары 4800, оның 76234, талдамалы түрде айтар болсақ, 94,1 пайызы шаруа қожалықтары. 257486-ы қосалқы шаруашылықтар. Осының өзі-ақ  халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының алтын қазығы деп айтуға тұрарлық.

       Бұдан кейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі әрі вице-президенті Тілектес Есполов «Білім және мамандыққа үйретудегі қазіргі білім беру құрылымындағы кадрлар даярлау, қайта даярлаудағы негізгі бағыттар» атты тақырыпта байыпты баяндама жасады. Ол сөзінің басында Қазақстанның қарқынды экономикасымен, өте сауатты саясатымен, халықаралық жоғары беделімен мықты мемлекет болып қалыптасқанын, «Қазақстан - 2030» стратегиясында алға қойылған негізгі бағыттар мен тапсырмалардың мерзімінен бұрын абыроймен орындалғанын орынды түрде атап өтті.

       Сонымен қатар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы да алдымызға принципті түрде жаңа мақсаттар, биік асулар қойып отырғанын да назарынан тыс қалдырған жоқ. Осы тарихи құжатта білім мен ғылым саласында жасампаздық жағдайында жаңаша даму жолын қалыптастыруға, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру Қазақстан экономикасының және еңбек нарығының талаптарына сай болу қажеттігіне де ерекше тоқталды.

       Тілектес Исабайұлы экономика талаптарына Қазақстан ғылымы да бағытталғанын, зерттеулердің әлемдік деңгейге көтеріліп келе жатқандығын, ғылымның инновациялық үдеріске қосылып отырғандығын нақты дәлелдермен көпшіліктің алдына көлденең тартты. Сондай-ақ, білім мен ғылымның өндірістен арасы ажырамай, аграрлық саланың тығыз байланыста интеграциялануы  әрі индустриялдық-инновациялық негізде азық-түліктен экспорттық өнімдердің көлемін ұлғайту жағын да жан-жақты әңгімелеп берді.

       Есполов сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысының ең ірі өндірістік-аграрлық аймақ екенін, елді мекендерінің барлығында нарықтық инфрақұрылымның негізі қаланғанын, жерінің құнарлылығының арқасында бау-бақша өнімдерінің, астықтың, мақтаның және төрт түліктің молығып жатқандығын облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың толығынан мағұлмат беріп кеткендігін де ретін қарай тіліне тиек етіп, жанды мысалдар келтірді.

       Ең бастысы – Астанада болып өткен еліміздің экономикалық төртінші форумында мемлекеттің бәсекелестік деңгейін анықтайтын үш көрсеткіш: технология, қоғамдық институттар және микроэкономикалық орта. Осы көрсеткіштер неғұрлым жоғары болса, елдің бәсекелестік деңгейі соған сәйкес жоғары болмақ. Инновациялық технологияны игеру экономикалық саясатымызда ерекше белгіленген. Енді қоғамдық институттардың: фермерлер одағы, кәсіпкерлер қауымдастықтарының белсенділігін арттыру керек. Шет елдердің тәжірибесінде олар басқару жүйесінің құрамына енгізілген қабылдайтын шешімдерге ықпал жасап, кәсіпкерліктің мүдделерін қорғауға қол жеткізген. Ол осынау көкейкесті мәселелерді елімізде де талапқа сай жүргізудің түйіндерін түпкілікті түрде тиянақты орнықтыру жағына да баса тоқталды.

       Бұдан соң ол сөзін 82 жылдан астам тарихы бар, сан мыңдаған ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап шығарған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кешегісі мен бүгінгісімен сабақтстыра жалғастырды. Өзі басқарып отырған ұлттық статусы бар университеттің жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып үш деңгейде: бакалавр, магистр, доктор PҺD мамандарын дайындауды қолға алған. Қазіргі уақытта университет бакалавриат бағдрламасы бойынша 40, магистрліктен 39, докторантурадан 16 мамандарды даярлау үстінде. Мемлекеттік білім гранттары бойынша қабылдау да бұл оқу орнында жылдан-жылға көбейу кезеңінде екен.

       Қазақ ұлттық аграрлық университетіне деген мектеп бітірушілердің ынтасы мен ықыласы да ерекше. Оңтүстік Қазақстан облысының өзінен ғана түсушілер 20 пайызды құрайды. Тек Сарыағаш ауданынан былтыр түскен түлектер 5 пайыз болып отыр. Осылардың бәрі де ауыл жастары. Бүгінгі күні университетте «Агробілім» және «Кіші академия» құрылып, ол аграрлық білім бойынша үздіксіз: мектеп (лицей), колледж, университет жүйесі бойынша «Өмір бойы оқумен» принципімен жұмыс істеу қалыптасқан дәстүрге айналған. Бұл жағына да ректор тереңдеп тоқталды. Сонымен бірге ол университет өмірінің сан-салалы қырлары мен халық біле бермейтін беймәлім жақтарын да ашып көрсетті.  

        Мәні мен маңызының алатын орны бөлек болып табылатын семинар-кеңесте университеттің аппарат жетекшісі, профессор Аюп Ысқақов аграномиялық, жер, өсімдік шаруашылығы жұмыстарының барысына тоқталып, осыған қатысты ойларын ортаға салды. Сол сияқты елімізге белгілі академик Рахымжан Елешев пен профессор Сергей Олейченко майлы дәнді дақылдар мәдениеті мен жемс өнімдерінің еуропалық моделдегі үлгілерін жаңа технологиялар арқылы игеру жағынан көпшіліктің назарын аударды.

       Сөйлеушілер арасынан университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Шоқан Әлпейісов Қазақ-Жапон ғылыми-зерттеу орталығы жайлы айта келіп, мал шаруашылығы мен ветеринария салаларына арналған ғылыми жобаларды ұсынды. Сол сияқты ғалым Ю.Батраковтың су мен топырақтың сапасын зертханалық зерттеулерден өткізуінің нәтижесі жайындағы, академик Сәбит Байзақов орман шаруашылығын алға тарту, профессор Марат Хазимовтың жеміс дақылдарын отырғызудың мәдениетін көтеру туралы, профессор Жарылқасын Садықовтың, академиктер А.Раудың, Н.Ивановтың, профессорлар Нұрлан Ахметсадықовтың, Гүлнар Шабдарбаеваның, Төлеухан Садықұловтың, тағы басқалардың өмірге әкелген жағымды жаңалықтары ешкімді де бей-жай қалдырмады. Олардың аграрлық саланы жеделдете даиытуға деген қабілет қарымдары жиналғандарды қайран қалдырды.

       Семинар-кеңестің қортындысында Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі белгіленген тараптар мен мемлекеттік аясында экономикалық аграрлық салада бәсекелестік қабілеттілікке жеткізетін ғылым мен өндірісте үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бойынша ғылыми-өндірістік консорциумдарын құру, инновациялық технологиялар бағытын жасау және енгізу мақсатындағы келісімдер жасалды.

       Сол күні-ақ университет өкілдері Кіші Академия жұмысын осы өңірдің екі ауданында бастап кетті. Мұнда олар ең алдымен ауыл шаруашылығының тұтқасын ұстап отырған шағын және орта бизнестегі фермерлермен, кәсіпкерлермен басқосулар ұйымдастырып, бәсекеге қабілетті аграрлық сала мамандары жөнінде көкейкесті мәселелерді қозғады. Сонымен бірге мектеп бітіргелі отырған түлектермен болған кездесулерде осы оқу орнына түсуге ұмтылыс жасап отырған болашақ талапкерлердің сауалдарын қанағаттандырды. Білім басқармаларымен өзара келісімдерге қол қойылды. Мұның бәрі де аграрлық саланы дамытудың анық та айғақты жолдары болып табылады.

      Оның орындалуы мен жүзеге асырылуы алдағы күндердің еншісінде. Берік сеніммен жасалған бұл қадамға деген бетбұрыстың берер нәтижесі көп болып, ойдағыдай орындалатынына олардың тарапынан күмән болған жоқ.

 Қанат ТӘКЕБАЕВ, ҚазҰАУ баспасөз хатшысы

489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы