• Бизнес & Қоғам
  • 31 Қаңтар, 2013

ГОНКОНГ –ЭКОНОМИКАСЫ ӨРЛЕГЕН ӨҢІР Ол таза капталистік даму жолымен ерекшеленеді

Жақында менің бір танысым Гонконгқа барып, әрі қуанып, әрі ренжіп қайтты. Қуанғаны: «ел көрдім, жер көрдім» дейді. Ренжігені: «жерінде ешқандай қазба байлығы жоқ. Керемет дамып кеткен. Ертегінің елі секілді! Жоқтан бар жасап отыр. Көл-көсір байлыққа ие біз неге солай жасай алмаймыз? Біздің олардан қай жеріміз кем?» дейді. Оның осы сөздері маған терең ой салды. Сонан соң отыра қалып, Гонконгтың қалай табысқа жеткеніне зер салып, үңілдім...

 

Қазақта: «Ешкі асығы демеңіз, қолыңа толса сақа тұт» деген  терең ойды меңзейтін қанатты сөз бар. Сол айтқандай, солтүстігінде аспан асты елімен шектесіп, батысы мен оңтүстік және шығыс жағалауын  әйгілі Оңтүстік Қытай теңізі шайып жатқан, бірнеше аралдардан тұратын аумақ екеніне қарамастан Гонконг (Сянган)  бүгінде әлемнің ең ірі қаржы орталықтарының бірі. Оны осылай  дүние жүзіне танымал етіп, мойындатып отырған оның қарқынды қадамы мен қуатты экономикасы. Сондықтан да Гонконгты Азия «жолбарыстарының» біріне балайды және солай  деп атайды.

Бір сәт географиялық картаға зер салып қарайтын болсақ бұл әкімшілік ауданның: Гонконг, Лантау, Ламма секілді ірі  және 260-тай ұсақ аралдардан тұратынын аңғарамыз. Солтүстігінде  Қытайдың Гуандун провинциясына қарасты Шэньчжэнь айырықша экономикалық аймағымен шектеседі. Зерттеуші мамандардың айтуынша: «Гонконг» сөзі - «жұпар иісті айлақ» деген мағына береді екен. Олай болатыны аралдың кәзіргі Абердин аумағында сондай атаудағы айлақта жергілікті тұрғындар ертеректе хош иісті ағаштардан  әр түрлі бұйымдар жасап сататын болған.Тұрғын халқының 98 пайызы этникалық қытайлықтар, қалған екі пайызы филиппиндіктер, португалдықтар және ағылшындар.

Осыншама дүркіреген атағына қарамастан «Гонконг елі» немесе «мемлекеті» деуге батылымыз бармай отырған себебі,ол ресми түрде Қытай Халық Республикасының қарамағындағы арнайы әкімшілік аудан саналады. Тарихқа жүгінсек, Гонконгты 1842 жылы ағылшындар басып алып, ол күні кешеге дейін Англияның отары болып келді. Бір қызығы, зерттеушілер «ағылшындардың бұл жерден алғанынан бергені көп» дегенді айтады. Тіпті, Гонконгты әлемдегі «отарлаудың үлгісі» етіп көрсетеді. 1997 жылы Ұлыбритания мен Қытай арасындағы келіссөздер нәтижесінде  Қытай Халық Республикасының иелігіне өтті. Дей тұрғанмен бұл территорияға бірлескен қытай-ағылшын декларациясына және Гонконгтың Конституция  дәрежесіндегі Негізгі заңына сәйкес 2047 жылға дейін кең автономиялық құқықтар берілген.

Қытай Халық Республикасы Гонконгтың қорғанысы мен сыртқы саясатына ғана билік етеді, қалған мәселелердің бәрін: заңнама, полиция, қаржы-қаражат, алым-салық, көші-қон саясатын сянгандықтардың өздері шешеді. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардағы өкілдіктерін сақтайды, әрі ондай әлемдік деңгейдегі іс-шараларға емін-еркін қатыса береді. Жұрттың Қытай мен Гонконгтың қарым-қатынасына қарап: «бір ел – екі түрлі жүйе» деп бас шайқап, таңқалатыны  осыдан. Келісілген декларацияға, соның негізінде қабылданған Негізгі заңға орай Гонконг арнайы әкімшілік ауданының саяси, мәдени, заңнамалық және экономикалық тәуелсіздігі болуға тиіс. Алайда Гонконг өзінің ішкі істеріне  Пекинді шектен тыс араласа береді деп кінәлайды.

Гонконг арнайы әкімшілік ауданын Қытайдың қол астына өткелі бері  оның Негізгі заңына сәйкес Бас министр басқарады. Оны іскер қауым тарапынан сайланған 800  өкіл депутаттар сайлайды. Ал, қалған заңнамалық және атқарушы билік тармақтарының барлық қызметкерлері әлгі айтқан Әкімшіліктің Бас министрдің жарлығымен тағайындалады немесе сайлаушылар арқылы іріктеліп, бекітіледі. 1997 жылы Қытай билігінің ұсынысымен алғашқы Бас министр болып,  шылқыған бай, миллиардер Дун Цзяньхуа  сайланды. Алайда, 2002 жылы шілдеде ол  екінші рет бес жылдық мерзімге сайланғанда халық тарапынан наразылық туып, оның орнына  бұған дейін Әкімшілікте Бас хатшы қызметін атқарған Дональд Цанг келді.Ал, өткен 2012 жылдың шілдесінен Бас  министр қызметіне сайлаушылардың ең көп даусын жинаған Лян Чжэньин кірісті.Ағылшындардың демократиялық тәлім-тәрбиесін алғандықтан ба, мұнда сайлау жөнінен титтей де бұрмалаушылық пен көзбояушылыққа жол берілмейді.

     Өз алдына дербес мемлекет емес, небәрі Қытайдың қарамағындағы шағын автономиялық әкімшілік аудан ғаламат даму мен өркендеуге қалай қол жеткізді деген сұрақ экономист ғалымдар менсарапшы мамандарды, былайғы жұртты да мазалап, таң қалдырады.  Сондықтан Гонконгтың экономикалық өрлеуіне қызығып та қызғанып қарайтындар және оның іс-тәжірибесі мен даму жолын үңіле зерттеп жүргендер де баршылық.

    Ендеше, Гонконг кәсіпкерлерді және жалпы көпшілікті несімен тартады. Мұнда Азияның да Еуропаның да белгілері әдемі ұштастырылған. Әрі табиғатпен үйлесімді осы заманғы қаланың үлгісі салынған. Ал, өмір сүру мен тіршілік тұрғысынан алғанда, Гонконг бір жарым ғасыр ағылшындардың билігінде болғандықтан дамудың таза капиталистік жолын таңдап, солардың басқару әдістері мен дәстүрлерін, шаруашылық пен өндірісті жүргізу әдістерін қабылдаған. Былайша айтқанда, мұның экономикасы еркін рынокқа, төмен алым-салыққа, мемлекеттің кәсіпкерлердің ісіне араласпауына негізделген. Сол үшін де Гонконгты  французша айтқанда laissez-faire, бизнестің мазасын алмайтын нағыз капитализмнің үлгісі ретінде мысалға келтіреді. Ол экономикалық еркіндік өлшемі бойынша 1995 жылдан бері қарай алдына жан салмай келеді. Дәстүрлі «Әлемдегі экономикалық еркіндік» қорытынды баяндамасында да Гонконгтың аты алдымен аталады. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, әлемнің алпауыт корпорациялары Гонконгтан өздерінің өкілдіктерін штаб-пәтерлерін ашып, мұнымен барынша тығыз бизнестік қарым-қатынас жасауға ұмтылып отырады. Сондықтан да бұл қалада дүние жүзінің ешбір елінде кездеспейтіндей 114-тен астам мемлекеттің консулдықтары жұмыс істейді.

Бір айта кетерлігі, Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі кезеңде Гонконгта өнеркәсіп жетекші саланың бірі болды. Бергі жетпісінші жылдарға қарай сыртқа тауарлар шығарудың нәтижесінде экономиканың жыл сайынғы өсімі орта есеппен 8,9 пайызды құрады. Алайда сексенінші жылдарға қарай күрт бетбұрыс жасалынып, негізгі салмақ қызмет көрсету саласына қарай ойысты.Соның нәтижесінде бүгінде ЖІӨ-нің тоқсан пайызын осы саланың еншісіне тиеді.Өндірістің басым бөлігі Қытай жеріне көшірілді.  Гонконгтың табиғи байлықтары да жоқтың қасы, тіпті ауыл шаруашылығына жарамды жері де тапшы. Соған қарамастан ол әлемдегі сауда-саттықпен жоғары деңгейде айналысатын орталықтардың бірінен саналады. Мұнда импорт пен экспорттың сомасы ЖІӨ мөлшерінен асып түседі.

Гонконг бизнес үшін барлық жағдай жасалынған, мұны керек болса, қаржылық және саудалық желі ретінде кеңінен пайдалануға болатын ашық территория. Гонконгтың негізгі кәсібі сауда-саттық. Мұнда кәдімгі қарпайым саудаға қоса, Қытайда өндірілген тауарларды үшінші бір елге шығарып сатумен де айналысуға болады. Сол себепті де Гонконг  экспортының басым бөлігін рэскпорт құрайды. Бұл жерде зауыт-фабрика салып, өндіріс орнын ашу тиімсіз. Олай болатыны шикізат көздері жоқ. Ішетін ауыз судың өзін Қытайдан тасымалдайды. Егемендігі Қытайдың қол астына өткенге дейін де Гонконг алып көршісімен сауда-саттық және инвестициялық байланыстар жасап үлгерген.Өндірісінің 81 пайызы алып көршісінің жерінде орналасқан. Әйтсе де сонда шығарылған тауарларды «Гонконгта жасалған» деген белгімен сыртқа шығарып сата береді. Әрі мұндай тауарлар Қытайдың өз тауарларына қарағанда әлемдік рынокта үлкен сұраныспен пайдаланылады. Екінші жағынан Гонконг автономиялық мәртебесі болғандықтан Қытайға баратын инвестиция мен ресурстардың қақпасы қызметін де атқарып отыр.

    Гонконгта кәсіпкерлік қызметке ешбір шектеу қойылмаған. Ол жергілікті азамат па, әлде шетелдік пе ешкім  алаланбайды. Барлығы да бірдей мүмкіндік пен құқықтарға ие. Мұндағы заңға сәйкес кәсіпкерлер  тек осында тапқан пайдасы үшін ғана 16,5 пайыз салық төлейді. Ал, капиталдан түскен табысқа, кірген-шыққан дивидендтерден, депозиттен салық алынбайды. Осы сияқты қызметкерлерді жалдағандағы дербес салықтың өзі 16 пайыздан аспайды. Қосымша құн салығы немесе сондай жанама салық дегендер атымен жоқ.

Сондықтан болса керек, таяуда ағылшындардың атақты HSBC банкі Лондондағы орталық кеңсесін Гонконгке көшіру жөнінде шешім қабылдаған. Банк менеджментінің есебінше олар өз офистерінің Англия астанасында орналасқаны үшін жылына 600 млн. доллар салық төлейді екен. Ал, Гонконгке көшетін болса миллиондаған соманы үнемдейтін болады. Қай кезде де  адам баласы өзіне  қолайлы жерді, балық судың тереңін іздейді.

 Гонконгта салық жүйесі өте қарапайым, жұмыс істеу барысында ол ешбір қиындық не кедергілер тудырмайды. Салық жүйесінің осындай  қолайлылығы мен тиімділігіне  байланысты халықаралық сауда операцияларында гонконгтық компаниялар жиі пайдаланылады. Бұдан олар зиян шекпейді. Сондай сауда-саттықтан түскен пайданың белгілі бір мөлшері сол компанияның еншісіне тиеді. Бірақ жоғарыда айтылғандай одан салық алынбайды. Пайызсыз не белсенді инвестициямен айнылысқысы, әлде материалдық емес активтер сатып алғысы келетіндер үшін Қытайды бүкіл әлеммен байланыстырып отырған Гонконг  тиімді баспалдақ қызметін атқара алады.

    Бұл өңір инновациялық және жоғары технологиялық технологияларды жасап пайдалану бизнесін ұйымдастырып, дамытуға да аса қолайлы орын. Себебі, Гонконгта әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталықтары құрылған, оларда табысты жұмыс істей алатын білікті мамандарды табуға болады. Сондай-ақ, интеллектуалдық меншікті қорғау шаралары да қарастырылған.Жергілікті үкімет тарапынан инновациялық идеяларды қолдау мен дамыту жөнінен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Әлгі орталықтар инновациялық кәсіпкерлік пен жас ғалымдарға үнемі қолдау көрсетіп отырады.

Қаржы-қаражат заңнамасы да өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Мұнда шетелдіктердің қандай да бір қаржылыққұралдарды, банкілік салымдарды, инвестицияларды иемденуіне шектеу қойылмаған. Бұл салада да салық салынбайтындықтан (жергілікті қор рыногынан сатып алынған құнды қағаздарға ғана салық салынады) гонконгтық биржа әлемдік сауданың орталығына айналып отыр. Осының арқасында Гонконг қаржыны өзіне тартатын ең ірі нүктеге айналып,  оның биржасы 1,5 трл. долларды капиталдару мүмкіндігіне қол жеткізді.Қытайдың қарамағындағы автономиялы аудан болғанына қарамастан Гонконгта өзінің ақшасы қолданылады. Ол Гонконг доллары деп аталынады. Бағамы 1983 жылдан бері АҚШ долларына қатысты есептелінеді. Американ ақшасымен оның ара қатынасы 7,75 мен 7,85 аралығында өзгеріп тұрады.

Сянганда (Гонконгта) көліктік қатынас та жақсы жолға қойылған. Олар мұны да бизнестік пайдаға жаратуға тырысады. Алым-салық алынбайтындықтан ҚХР тауар айналымының үштен бірі осы аумақ арқылы өтеді. Халықаралық Гонконг аэропорты осы заманғы ең жетілген әуе айлақтарының бірінен саналады. Ол жолаушыларға қызмет көрсетуде өзінің аса дәлдігімен және ұқыптылығымен ерекшеленеді. Ал, теңіз айлағы әлемнің 5 мыңдай айлақтарымен байланысып жатыр.

Сянгандықтар туризм саласындағы пайда мен мүмкіндік те қалт жібермейді. Мәселен, өткен бір жылдың мұнда 26 млн. турист келіп қайтқан. Бүгінде бұл көрсеткіш 22 пайызға артқан. Осының өзі аймақта туристік кәсіптің дамығандығының, жұртты өзіне тартатындай мыңдаған халықаралық көрмелер мен конференциялардың жемісті жұмыс істейтіндігінің дәлелі.

Экономикасы қарқынды дамуының арқасында Гонконг Қытайдың ең бай ауданы саналынып қана қоймай, 253,1 млрд АҚШ доллар көлеміндегі ЖІӨ-і жан басына бөлгенде 38 мың доллардан асып,  әрі тұрғындардың сатып алу мүмкіндігі, халықтың әл-ауқаты деңгейі бойынша да батыстың Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия секілді дамыған елдерін, тіпті Жапонияны да басып озды. Мұндағы орташа жалақы 9 мың доллар, көршілес Қытайға қарағанда 20 есе көп. Әлемдегі ең миллиардері көп жер де осы Гонконг. Жалпы халқының саны 7 млн болса, әр миллион тұрғынға үш миллиардерден келеді.

1998 жылғы қаржылық дағдарыс бұл аймаққа да зиянды әсерін тигізіп, экономиканың қарқыны  5,3  пайызға төмендеді. Алайда дағдарысқа қарсы қолданылған ұтымды амал-әрекеттердің нәтижесінде бәрі қалпына келіп, 2000 жылға қарай өсім 10 пайызға жетті. Әйтсе де  2003 жылы ойламаған жерден жұқпалы өкпе қабынуы ауруының ерекше түрінің пайда болып, кең етек жаюы Гонконг экономикасын әлсіретіп, сол жылғы көрсеткіш небәрі  2,3 пайызды құрады.Әлімсақтан келе жатқан ашық ақиқат, қай кезде де қиындыққа шыныққан шыдап береді. Сол айтқандай, Гонконг үшін кезекті дағдарыс 68 айға созылып, 2004 жылдың орта тұсына қарай еңсерілді. Тағы да бұларды сауатты қадам-қарекет тұңғиықтан алып шықты. Өзіндік құны төмендетілген гонконгтың тауарлары әлемдік рынокта қатаң бәсекеге төтеп бере алды.

Гонконгта кәсіпкерлікпен айналысудың оңайтылғаны соншалықты тиісті органдардан бұған қатысты сұраққа жауап өте тез, әрі қысқа мерзім ішінде беріледі. Үкіметтің барлық заңнамалары мен қағаз-құжаттары ашық, оларға  қолжетімділік қаматамасыз етілген. Оны пайдалануда осы заманғы электрониканың мүмкіндігі кеңінен пайдаланылады. Фирма не компанияны үйде отырып-ақ интернет арқылы ашуға болады. Сонан соң өз аяғыңызбен банкке барып есеп-шот ашуға ғана қалады.Мұның өзі қылмыстық жолмен табылған ақшаның  заңсыз айналымына қарсы күресетін дүние жүзілік ФАТФ ұйымының талаптарына сәйкес жасалған шара. Барлық қаржылық айналымның заңды болуын қалайтындықтан Гонконг ФАТФ ұйымының белсенді мүшелерінің бірі.

Гонконгтың өткен тарихынан хабардар жұрттың кеше ғана жемқорлық пен парақорлық жайлаған өңірдің  мұндай табысқа жетуінің сыры неде деген сұрақты қояры хақ. Мұның жауабы біреу-ақ дейді сарапшы мамандар: ол үшін даму мен өркендей бағытында дұрыс стратегия таңдап, мақсатқа жету жолында сауатты тактика мен ұтымды амал-әрекетер қолдана білуде! Әйтпесе, сырттан келіп біреу не әлдебір сыйқыршы біреудің елін көктетіп, өркендетіп бермейді.

Ал, Гонконг үкіметі «бізді табысқа жеткізіп отырған төрт  нәрсе: байланысқа қолайлы, тілдесуге ыңғайлы–ағылшын тілі, өте төмен салық, кәсіпкерлікпен айналысудың оңтайлығы мен қарапайымдылығы, сондай-ақ, кәсіптік даярлығы мен  жоғары жалақылы білікті мамандар деседі. Және өздері мақтанышпен айтатындай, жергілікті үкімет орындарының жұмысы мен қызметі барынша ашық, әрі тиімді  жүргізіледі, ештеңе жасырын емес, капиталдың, адамдардың және ақпараттың қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілген.

Гонконг мүмкіндігінше Қазақстанмен де тиімді экономикалық байланыстар жасауға ұмтылып отырады. Біздің елден жыл сайын ол жаққа туристердің ағылып барып жататыны өз алдына бөлек әңгіме. Өткен жылдың аяғында Гонконгта Қазақстандағы «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырын салуға  он бес жыл мерзімге 1,8 млрд. несие берілетіндігі туралы екі жақты келісімге қол қойылды. Ұзындағы 1500 шақырымға жуық  бұл құбыр желі ойдағыдай салынып бітетін болса,  ол еліміздің оңтүстік өңірін өз «көгілдер отынымызбен» қамтамасыз етіп, көрші мемлекеттерге кіріптарлықтан құтқаратын болады.

     Ал, бізге Гонконг автономиялық ауданының экономикалық өркендеу тәжірибесін зерттеп, пайдалы тұстарын алып қолдану зияндық етпейді.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, саяси шолушы.

2642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы