• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2011

Мал өсірем деген ағайынға мүмкіндік мол Мақпал САҒЫНДЫҚ

Халықтың әл-ауқатының жақсарып, тұрмыстық жағдайының көш ілгері болуына қорадағы малдың көптігі барынша әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында да ерекше айтып, мал басын көбейту және одан алынатын өнім түрін сыртқы экспортқа шығаруға байланысты тапсырма берген болатын. Үкімет бекіткен «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы осы олқылықтарды жөніне келтіру мақсатында еліміздің әр аймағында өздігінше жүзеге асуда.

Қабылданған бұл бағдарламаға сәйкес, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ биылғы жылдан бастап, агроөнеркәсіп нысандарына етті дамыту бағытындағы жас малдарды өсіру үшін ірі қара мен тұқымдық бұқаларды сатып алуға несие беруді ұйғарды. Қор тарапынан берілетін несие «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын болады. Ауылды жерлердегі ірі қара жануарын көбейту жұмысын көздеген бағдарлама – Батыс өңірінің мал шаруашылығын көбейтуде барынша жағдай жасап отыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның батыс өңіріндегі филиалының директоры Қайриден Жәкиев: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» несиені мал сатып алып немесе бау-бақшамен айналысу арқылы жағдайын жақсартқысы келем деген әр азаматқа беріледі. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге де қаржылай мүмкіндік беріліп отыр. Батыс Қазақстан облысындағы қордың филиалы 2005 жылдан бастап несие бере бастаған болатын. Бастапқыда 60 мыңнан басталып, кейінгі уақытта 400 мың теңгеге дейін қаржылай көмек ұсынылып жатыр. Қазіргі таңда жеке тұлғаларға берілетін несиенің көлемі 1 миллион теңгеге жетті», - деп бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.

Өңірде шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2009 жылдан бері қазынадан қаржы бөлініп, берілетін несиенің көлемі бүгінде 12 млн теңгеге жетіп отыр. Облыс бойынша он екі аудан мен 460 елді мекеннің шаруаларын бірдей несиелендіріп отырған филиал, бүгінгі уақытта бес бағдарлама негізінде несие беруді қолға алып келеді. «Сыбаға» әлеуметтік бағдарламасының несие берудегі артықшылығы – үстеме пайызы төмен және қайтару мерзімі ұзақ болмақ. Ең алдымен несие берілмес бұрын, қарызгердің әлеуметтік жағдайы толығымен зерделеніп, мемлекет тарапынан берілетін қаржының қандай мақсатқа жұмсалатындығы және уақытылы төленуі бақылауда болады. Несие тек мал шаруашылығымен айналысатын, оның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіретін жеке кәсіпкерге, шаруа қожалықтарына беріледі. Бір ескеретін жәйт, берілген бұл қаржы көзі тек етті бағыттағы сиырлар мен ұрықтандырушы аталық мал, яғни асыл тұқымды бұқалар алуға жұмсалуы қажет. 1 миллион теңгеден 7,5 млн теңге аралығында жеті жыл пайыздық үстемемен берілетін несие тарапынан қарызгерге қойылатын талап - қаржылық жағдайының тұрақтылығы. Себебі, төлем қабілеті несие беру кезінде ескеретін басты қағиданың негізі болмақ. «Сыбаға» бағдарламасының ұсынған несиесіне сәйкес, қарызгердің меншігінде мал басы болуы шарт. Және малдың саны несиеге алынатын мал басының 50 пайызын құрауы керек. Аталған осы жағдаяттар толығымен реттелген болса, әр тұлға несие алуға құқылы саналмақ.

Мал шаруашылығын дамыту мақсатында ел өңірінде бағдарламаның аясы кеңеюде. Мәселен, Жаңақала ауданында биылғы жылы «Сыбағаға» сәйкес, 1 млн теңгеден 7,5 млн теңге аралығында 7 жылға несие берілген. Жылдық сыйақы мөлшері – 6 пайызды құрайды. Ауданда қазіргі таңда 13 шаруа қожалығы бағдарлама бойынша несие алып, мал басын көбейту жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан алынған 75,4 млн теңгеге шаруа қожалықтары 432 бас аналық, 10 бас асыл тұқымды аталық мал сатып алуды көздеп отыр. Бағдарламаның жүзеге асуының нәтижесінде ауыл-аймақта мал өсірумен айналысушылар саны ұлғайып, несие алушылардың қатары көбейіп келеді. Еліміздің экономикасын көркейтуде бұл үрдіс қуантарлық жағдай болмақ.

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы