• Бизнес & Қоғам
  • 07 Ақпан, 2013

Толағай табыстыТайвань (Тәуелсіздігі мойындалмаған мемлекет )

«Экономикалық кереметке» қол жеткізген Азияның «жолбарыс» елдері туралы сөз болғанда басқалармен қатар Тайванның да аты да аталады. Оларды кейде «кіші айдаһарлар» деп те атайды. Бұған Тайванның соңғы елу жылда өсіп-өркендеуі негіз болып табылады. Өйткені, жер көлемі жөнінен Қазақстанның бір ауданындай (мәселен, Алматы облысындағы Балқаш немесе Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының территориясындай) ғана аумақта орналасқан Тайвань қысқа уақыт аралығында о баста күріш пен қант қана өсіретін аграрлы өңірден индустриалды елге айналды. Ол ресми түрде  Қытайдың провинциясы саналғанымен шын мәнінде өз алдына бөлек мемлекет.

Тайванның бергі тарихы атақты әскери қолбасшы, генералиссмус Чан Кайшидің есімімен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың 40-шы жылдарының аяғында Қытай коммунистік партиясы мен Гоминьдан армиясы арасында азамат соғысы барысында Чан Кайши жеңіліп, қол астындағы аман қалған 600 жүз мың әскері және 1,5 млн. босқындармен бірге АҚШ-тың қолдауымен Тайвань аралына қашып, бас сауғалауға мәжбүр болды.  Ол мұнда келісімен «темірдей тәртіп»-авторитарлық режим орнатып, бәрін өзі билеп-төстеді. Оның билігі тұсында, тіпті кешегі 80-ші жылдардың аяғына дейін Тайванда сайлау өткізілмеді. Парламентте Чан Кайшидің өзі тағайындаған «депутаттар» отырды. Қытайға жауыққаны соншалықты «ат құйрығын шорт кесіп», онымен ешқандай «ымыраға, келіссөзге және байланысқа» бармайтындай қатаң саясат жүргізді. Дей тұрғанмен, Қытайдың тарапынан жүргізілген саяси және экономикалық қысым мен оқшаулауға қарамастан Тайванның тығырықтан шығып, өз бетінше дамып, өркендеуіне ең алдымен 1949-53 жылдар аралығында помещиктік жер иеленушіліктің жойылып, АҚШ-тың инвестиция салып, жан-жақты көмек көрсетуі жол ашты.

 

Қысқаша анықтама: Аумағы 36 мың шаршы шақырымдай ғана Тайвань аралын алғаш ХІІ-ХІІІ ғасырларда Оңтүстік Қытайдан келгендер қоныстанып жайлаған. 1624-26 жылдары оның оңтүстігін голландықтар, ал солтүстігін испандықтар басып алған. Алайда арада жиырма жылдан өткен соң голландықтар кескілескен шайқаспен испандықтарды аралдан қуып шыққан. Тағы жиырма  жыл өткенде голландықтардың өздері де қытайлық маньчужурлық әскери қолбасшы Чжэн Чэнгун тарапынан сондай күйді кешті. 1683 жылы Тайванды атақты Цин әулеті басып алып, Чжэн Чэнгунді әскерімен кетуге мәжбүр етті. Осы кезден Қытайдан қоныс аударушылар көбейіп, аралдың халқы 100 мыңнан 2 млн.-ға дейін жетті. 1885 жылы Тайвань Қытайдың бір провинциясына айналды. 1895 жылдан Симоносекс келісіміне сәйкес Жапонияның қарамағына өткенімен Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде 1943 жылғы Каир, 1944 жылғы Ялта келісімдеріне орай 1945 жылы қазанда Қытай иелігіне қайтарылды. Бірақ та Қытай коммунистік партиясымен  болған соғыста гоминьдандықтар жеңіліске ұшырап, генерал Чан Кайшидің бастауымен құрылықтан ығысып, Тайванды барып паналады.  Содан бастап  аралда диктатор Чан Кайши билік құрды.

 

Бір айта кетерлігі 1950 жылы  наурызда  Тайваньдағы Қытай Республикасының президенті ретінде танылған және бұл орынға 1954, 1960, 1966, 1972 жылдары қатарынан төрт рет қайта сайланған Чан Кайши өз  өкіметін батыстық үлгіде құрып, дамудың дұрыс стратегиясын таңдай білді. Елдің жағдайы мен мүмкіндігіне қарай мұнда алдымен жеңіл өнеркәсіп қолға алынып, мақта матадан тігілген киім-кешек пен түрлі мата бұйымдар шетке көптеп шығарыла бастады. Осылайша кәсіпкерлік  пен инвестиция тарту тәжірибесі жинақталған соң дамудың келесі сатысы – металлургия, кеме жасау, мұнай химиясы өнеркәсібі өндірісін дамытуға көшті. Ендігі жерде  шыны материалдар, болат арматуралар, жеміс консервілері де шығарылатын болды. Машина жасау ісі қолға алынды. Тұтыну тауарлар, оның ішінде тұрмыстық электроқұралдар, радиоэлектроника бұйымдарын шығаруға ден қойылды. Осының нәтижесінде 1953-1986 жылдар аралығында елдің экономикалық өсуі жылына орта есеппен 8 пайызды құрап, 1970 жылдан бастап Тайвань өнеркәсіп тауарларын сыртқа шығарып сататын ірі экспортердің біріне айналды.

Арғы шыққан тегі дунген саналатын Чан Кайши(1887-1975) көз жұмған соң, оның орнын (бір кездері тікелей Сталиннің шақыруымен Кеңес Одағына келіп, Шығыс еңбекшілері университетінде білім алған, Мәскеу түбінде колхоздастыру ісіне қатысқан, «Уралмаш» зауытында жұмыс істеген)  соған дейін әрбір тайвандықтың қадамын аңдыған жасырын полицияны басқарған, қорғаныс министрі, үкімет басшысы қызметтерін атқарған баласы Цзян Цинго басты. Ұзақ жылдар диктатор әкенің тәлім-тәрбиесін көрген Цзян династиялық сабақтастықты бұзбай, бұрыңғы саясатты одан әрі жалғастырғандай көрінді. Бірақ та ақиқатында болашақты болжай білген Цзянның өмірден көріп, көңілге түйгені басқаша болып шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде, яғни қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын Цзян Цзинго (1910-1988)  елдегі  қатаң әскери тәртіпті тоқтатып, демократияға жол ашты, түрлі саяси партиялардың құрылуына, шерулер мен демонстрациялар өткізуге, сондай-ақ парламентке жаңадан депутаттардың сайлануына рұқсат етті. Тайвань мен Қытай арасындағы экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынастары жанданып, мәдени байланыстар да желі тартты. Екі жақтағы ағайын-туыстардың бір-бірімен араласуына,  делегациялар мен баспасөз өкілдерінің келіп-кетуіне мүмкін туды. Өз кезегінде тайваньдық кәсіпкерлер де өз капиталдарын алаңсыз Қытай экономикасына  сала бастады.

      Міне, осыған қарағанда кейде артта қалған мешеу немесе дамушы елдің жөнге салып, қалыптастырып, алдыңғы қатарға қосу үшін басында қатаң режим мен қатал тәртіп керек шығар деген ой туады. Мұны жалғыз Тайвань емес басқа да талай елдердің тәжірибесі дәлелдеп көрсеткен тәрізді.

(Жалпы Цзян Цингоның өмірбаянында  қызықты жәйттер  көп. Ол жоғарыда аталған Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері университетінде өзінің болашақ идеялық қарсыласы Қытай реформасының атасы Дэн Cяопинмен бірге оқыған. Біраз уақыт Владимир Лениннің үлкен апасы Анна Ильинична Елизарова (Ульянованың) пәтерінде тұрған. Свердловскідегі «Уралмаш» зауытында жұмыс істей жүріп, сондағы Фаина есімді орыс қызына үйленген).

Цзян Цзингоның өмірбаянын зерттеушілердің жазуынша, ол ұстанған ең басты принцип: «Экономиканы дамыту байлық пен кедейшіліктің арасындағы алшақтықты жою, теңгермелі қоғам құру» болған. Өзінің алдына Тайваньды бай-қуатты ел емес, халқы бай мемлекет етуді мақсат етіп қойған. Әлеуметтік бағыттағы мұндай мақсат қоюына  Цзян Цзингоның жастық шағында КСРО-да білім алып, социалистік құрылыс тәжірибесін көзімен көргендігі ықпал еткен болуы ықтимал. Сондықтан да болар, оның басқарған жылдары баспасөзде «Тайванның – Жаңа экономикалық саясат жылдары» деген атауға ие болып, Цзинго өзінің басқару ісінде экономиканы алдын ала 4-5 жылға жоспарлау әдісін пайдаланып отырды. Соған қарамастан әбден қартайып, қалжыраған, өздігінен жүре алмайтындай болып, мүгедектер арбасына таңылған шақта: «Өткен өмірден көңілге не түйдіңіз? Сіз үшін өмірдегі басты мақсат не?» деген сауал қойғанда: «Мейілінше коммунизмді жою! Өйткені мен оның не екенін жақсы білемін...» деп жауап берген. Сөйтіп бір кездегі жалындаған жас большевик есейіп, қартайған шағында коммунистік идеяның қас жауына, нағыз антикоммунистке айналған. Сөйте отырып, тіршілікте ешбір байлыққа, дүние-мүлікке қызықпай коммунистерше қарапайым ғұмыр кешкен. Мемлекет мүлкіне ешқандай қол сұқпай, басқалардың да солай етуіне жол бермей, пара алудан аулақ болып, тіпті Тайвань президенті ретінде алатын жалақысын өзі жұмсамай түгелдей әйелі Фаина Ипатьевна Вахреваға(қытайша Цзян Фанлянға) беріп отырған.

Жерінде анау айтқан мол қазбай байлығы болмаса да Тайвань 2000 жылға дейін 6-7 пайыздық жылдық өсіммен дамып келді. 2001 жылы экономикасы аздап баяулағандай болды. Соның өзінде келесі жылда елдің ЖІӨ 289 млрд.-қа жуықтап, жан басына шаққанда 12900 доллардан айналды. Мұнда пайда негізінен 67,2 пайыз қызмет көрсету саласынан түседі. Өнеркәсіп ЖІӨ-нің 30 пайыздан астамын береді. Өңдеу өнеркәсібі жетекші сала саналады. Тұрғын халықтың көпшілігі сонда еңбек етеді. Тайваньда электрондықтауарлар, мақта мата шығару, химия, тамақ өнеркәсібі, кеме жасау, мұнай өндірісі жақсы дамыған. Тайвандықтар кәзіргі заманғы жетекші өндіріс - ақпараттық технологиялар өнеркәсібіне мықтап ден қойып, компьютерлер мен оларға қажетті бағдарламалар, қосалқы  бөлшектер шығару ісін жетік меңгерген. Бұл жөнінен Тайвань дүние жүзінде АҚШ, Жапония және Қытайдан кейінгі төртінші орынды иемденеді. Бір жылда мұнда 15 млн.-ға жуық компьютер мен оның қосалқы бөлшектері шығарылады. Бұл осы саланың әлемдік өндірістегі 30-дан 70 пайызға дейінгі мөлшері деген сөз. Жылына 330 мың жеңіл көліктер шығаратын, автокөлік өндірісі де қарқынды дамып келеді. Кезінде жетекші сала болған ауыл шаруашылығы: күріш пен бидай, қант құрағын, жеміс-жидек, шәй  өсіру, мал бағу мен балық аулау кейінгі  кезекке ығысып, ЖІӨ-нің 2 пайызға жуығын ғана құрайтын болды. Өйткені, тайваньдықтар қара жұмысты, яғни қол еңбегін көп қажет ететін ауыл шаруашылығын дамытып, алысқа бара аламайтындарын ерте түсінді. Әлемдік рынокта, оның ішінде біздің Қазақстанда да Тайваньда шығарылған тауарлар қытайдыкіне қарағанда жоғары сұраныспен пайдаланылады. Өзіміздегі дүкендер мен базарларда сатушы «тайвандық тауар» десе, тұтынушының көңілінде кішкене сенім пайда болатынын, сондықтан да кейбіреулердің қытайдыкін «тайвань тауары» де алдап, бүркемелеп  сататынын көріп жүрміз.

Бүгінде Тайвань дүние жүзінде капиталды молынан сыртқа шығарушылардың қатарына жатады. Соңғы бес жылда оның көлемі 36 млрд. $ жеткен. Бұл елде де электр қуаты  негізінен жалпы әлеуеті 4,9 млн. КВт-тық  алты АЭС-те өндіріледі. Оған қажетті уран шикізаты Шығыс Азияның басқа елдері секілді Африкадан әкелінеді. Осы заманғы озық технологияға қол жеткізген Тайвань электрондық тауарлардан ОЕМ-құрылғысы мен оған  дисплейлер шығаруға маманданған. Кеме жасау ісіне де маманданып, әсіресе спорттық яхталарды көбірек шығарады. Сондай-ақ, бұл ел шығаратын сапалы спорттық киімдер мен аяқ киімдер, құрал-жабдықтар, теннис ракеткалары мен түрлі доптар әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие. Туризм саласы да дұрыс жолға қойылған. Мұнда демалыс пен қонақ үйлерде шығысқа тән дастархан молшылығы мен батыстық үлгідегі жанға жайлы қызмет көрсету жағдайлары жасалғандықтан әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Дегенмен, Тайвань экономикасы шеттен тасымалданатын отын мен шикізаттарға тәуелді. Ал, экспортқа осы заманғы өнеркәсіп тауарлары шығарылады. АҚШ, Жапония, Германия және Гонконг елдері сауда-саттықтағы ең басты әріптестері.

  Біздің Қазақстанда кәзір жиі айтылып жүргендей Тайванның экономикасын өрге сүйреген саланың бірі - шағын және орта кәсіпкерлік. Өйткені бұл саланың ірі кәсіпкерлікпен салыстырғанда бірқатар артықшылықтары мен тиімді жақтары бар. Рыноктың өзгерісіне мен сұранысына тез бейімделіп, икемделіп, аз мөлшердегі тауарларды шапшаң шығарып бере  алады, жұмысқа от басы мүшелері тартылып, әр түрлі мамандар жұмыс істейді. Монополияға жол берілмейді. Тауар шығарушы мен сатып алушы арасында жылы да тығыз қарым-қатынас орнайды. Мұның бәрі сайып келгенде бәскелестікті күшейтіп, өнім сапасын жақсартады, экспорттық әлеуетті  нығайтады. Көп жағдайда Тайванды экономикалық дағдарыстан құтқарып қалған осы шағын және орта кәсіпкерлік десе болады.

Тайванда бизнес үшін қажетті жағдай байланыс желісі  мықтап дамыған. Ел территориясы түгелдей телефонмен қамтылған. Мұндағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолдарында ұялы телефон ұстайды. Халықтың үштен бірі интернет желісін пайдаланады. Сауда-саттықта сыртқы сауданың үлесі басым. Ішкі сауда да елеулі рөл атқарады. Енді Тайванның  саяси жүйесі мен мемлекеттік құрылымы туралы бірер сөз.

Тайвань әлі күнге сонау 1947 жылдың 27 желтоқсанында Чан Кайшидің тұсында қабылданған Конституциямен жұмыс істейді. Сол бойынша Тайвань өз алдына дербес республика аталғанымен, әлемдік қауымдастық тарапынан әзірге мойындалмаған мемлекет. Соған қарамастан Тайвань 17 халықаралық ұйымның оның ішінде ДСҰ (Дүние жүзілік сауда ұйымы), АТЭҚ (Азия-Тынық мұхиты экономикалық қауымдастығы), АзДБ( Азия даму банкі) т.б. мүшесі.

     Тайванның мемлекеттік құрылымы: заңнамалық, атқарушы, сот, емтихандық және бақылаушы деп аталатын биліктің бес тармағынан тұрады. Елдің ең жоғары билік органы - Конституцияға өзгеріс енгізе алатындай құзыретке ие Халық жиналысы. Кейінгі кезге дейін елдің президенті мен вице-президентін осы өкілетті орган сайлап келді. Тек беріде 1991 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістен кейін Тайвань президентін тікелей және жасырын дауыс беру арқылы жалпы халық сайлайтын болды.

Айырықша айта кететіні, Қытай Халық Республикасы Тайванды және оған жапсарлас жатқан ұсақ аралдарды да өзінің құрамдас бөлігі деп санайды. Сондықтан да Тайваньды басқалардың «тәуелсіз мемлекет» ретінде танымауын талап етеді. Жаңа тарихи кезеңде Қытайдың қарқынды дамуын бастап берген әйгілі  реформатор Дэн Сяопин кезінде «бір мемлекет – екі жүйе» ұстанымымен, Тайванның өз алдына бөлек қарулы күштері бар, орталық үкіметте өкілі болатын ҚХР-ның иелігіндегі ерекше әкімшілік аудан ретінде қосылу тұжырымын ұсынған. Алайда ол Тайванның өзінің қарсылығымен және де басқа да факторлардың ықпалымен әзірге қолдау тауып, жүзеге асырыла қойған жоқ.

Қуатты экономикалық дамуға қол жеткізген Тайвань ХХІ ғасырда өз алдына «Жасыл талшықты арал» бағдарламасын қойып отыр. Мұндағы басты мақсат қарыштап дамып бара жатқан экономика мен қоршаған ортаның арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Алдағы он жылдыққа бағдарланған, елдің экономикалық саясатының негізгі өзегі болып табылатын бұл бағдарлама: 1) «білім» экономикасын дамыту; 2) қоршаған ортаның қалпын сақтау; 3) әділетті қоғам сияқты маңызды міндеттерді қамтиды. Сондықтан да бүгінде Тайвань биотехнологияны, «жасыл» энергетиканы, ауыл шаруашылығын, туризмді, ғылым мен мәдениет индустриясын дамытуға инвестиция тартуды алдына мақсат етіп қойып отыр. Осылайша өз мекендерін өңірлік сауда-саттықтың, инвестиция мен инновацияның ірі орталығына айналдырмақ.

Осы  орайда біздің елде де «жасыл» экономикаға жете мән беріліп, арнайы «Жасыл даму» бағдарламасының қабылданып, ол бойынша бірқатар іс-шаралар мен жұмыстардың атқарылып жатқанын айтуға болады. Ал, таяуда үкіметте жасалған өзгерістерге сәйкес «жасыл экономика» бағытындағы мемлекеттік саясатты жүргізу міндеті ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктелді.

 Әшірбек АМАНГЕЛДІ, саяси шолушы.  

1385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы