• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2011

Сапалы құрылғы өзімізден шығады Мақпал САҒЫНДЫҚ

Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген сәттен бастап, елімізде отандық өнім өндірудің сан түрлі бағыты серпін бере бастады. Талдықорған қаласында орналасқан «Азия-Электрик» акционерлік қоғамы - егемендік алған кезеңде ашылған алғашқы компаниялардың бірі. 1991 жылы іргетасы қаланған кәсіпорын нарыққа екі жылдан соң, яғни 1993 жылы есептеуіш құрал шығаратын маңызды жұмыспен айналысуды қолға алды. Бастапқыда кәсіпорынға қажет құрал-жабдықтар мен шикізат көздерін Ресей елінің Санкт-Петербург қаласынан жеткізіп отырды.

«Азия-Электрик» АҚ 1996 жылдан бастап, алюминийді сымдау және құрастыру ісін қолға алып, дамытудың жан-жақты қырларын меңгере бастайды. Тоқырау кезеңде ашылған компанияның бүгінгі жағдайын жаман деп айтуға келмес. Ел экономикасына өздігінше үлес қосып отырған алты мекеменің басын құрап, бірге қызмет етіп жатқан компанияның қазіргі таңдағы атқарар шаруалары жетерлік. Құрамындағы «Кабель-сым өнімдерін құрастыру», «Электр қуаттылығын есептейтін құралдар шығару», «Жабдықтарды ретке келтіру және шикізатты сырттан әкелу», «Өнімдерді нарыққа шығаратын сауда үйі», «Автобазалық мекеме» сынды беделді орталықтармен бірлесе атқарған еңбек бүгінде жемісті нәтижесін беруде. Мәселен, «Азия-Электрик» акционерлік қоғамы былтырғы жылы 1 млрд 816 млн теңгеге сауда жасаған. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 6 млн теңгеге артқандығын дәлелдейді. Компания басшылығы ағымдағы жылы өнім мен шикізаттан алынатын ішкі кіріс көзін 3 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. «Азия-Электрик» АҚ басшысының бірінші орынбасары Несіпбек Дәуітәлінің айтуынша, қазір өндіріс ошағында 370 жұмысшы қызмет етеді. Және олардың айлық жалақысы 35-40 мың көлемінде уақытылы беріліп отыратын көрінеді. Электр қуаттылығын есептейтін құрылғының 16 түрін шығаратын отандық кәсіпорында білікті маман тапшылығы белең ала бастаған. Талдықорған қаласының өзінде осы салаға қатысты арнайы шағын оқыту орталықтары болмағандықтан, жастар тарапынан бұл мамандыққа деген сұраныс төмен деңгейде. Ал жалпы алғанда, өндіріс ошағының өмірі күн өткен сайын жаңару, даму үстінде. Еңселі еліміздің тәуелсіздік алған 20 жылдық мерекесі қарсаңында «Азия-Электрик» АҚ ұжымы аймақ экономикасының өзгеріп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына өздігінше үлес қосып келеді.

743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы