• Бизнес & Қоғам
  • 14 Ақпан, 2013

Әлемде жұмыссыздардың қарасы көбейіп жатыр

Халықаралық Еңбек Ұйымы «Жұмыспен қамтудың жаһандық тенденциялары» атты баяндамасын жариялап, әлемдегі жұмыссыздар саны 2013 жылы 202 миллионға жететінін айтып дабыл қақты. 2012 жылдың соңында бұл көрсеткіш 197 миллионды құраған болатын.

  Сарапшылар жуық арада екі қолға бір күрек таба алмайтындардың саны қысқармайтынын айтады, тіпті жыл өткен сайын жұмыссыздардың да саны көбейіп 2014 жылы 205 миллион адам, 2017 жылы 210,6 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Жұмыс орнынан айырылғандар бүкіл дүниежүзіндегі экономикалық белсенді халықтың 6% шегінде қала бермек. Тізімдегілердің үштен бірінің жұмыссыз жүргеніне бір жылдан асқан. Халықаралық Еңбек Ұйымы жұмыс орындарының азаюы әсіресе 24-ке жасы толмаған жастарға ауыр тиіп жатқанын, олардың  13%-ы (74 миллион адам) жұмыссыздықтың қамытын киіп жүргенін айырықша баян етті. Жұмыссыздардың 25%-ы дамыған елдерге, 75%-ы Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік Африка аймақтарындағы дамушы елдерге тиесілі. Ең қорқыныштысы жұмыс таба алмай сабылғандардың 67 миллионы жұмыс іздеуден де бас тартқан. Яғни, олар өздерін күніне 1-2 доллар ғана жалақы табатын жер бетіндегі 1 миллиардқа жуық кедей-кепшіктің қатарына қосты деген сөз. ЕуроОдақтағы еңбекке жарамды тұрғындардың 10,7%-ы жұмыссыз жүрсе, Испанияда бұл көрсеткіш 26,6%-ға жетіпті. Мамандар жұмыссыздықтың шарықтау себебін баяу экономикалық өсіммен байланыстырады. Халықаралық Еңбек Ұйымының басшысы Гай Райдер «Мен Тунистегі төңкеріске екі жыл толуына орай сол елге барғанымда, жұмыссыз адамдар мен бос жұмыс орындары арасындағы сәйкессіздікке куә болдым. Тунис басшылары елде жұмыссыздықта, маман тапшылығы да орын алып отырғанын айтты. Сол себепті бұл мемлекетте жастардың арасындағы жұмыссыздық 30%-ды құрап отыр»,– деп экономикалық қайшылықтарды да сөз етті. Естеріңізде болса, 2010 жылдың желтоқсан айында Тунисте Мұхаммед Буазизи есімді саудагер жігіт милиция қызметкерлері жеміс таситын арбасын тартып алғаны үшін өзін-өзі өртеп жіберген еді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі «Араб көктемінің» басталуына саясаттанушылар осы оқиға себепші болды есептеп келеді. Жастардың арасындағы жұмыссыздық әлеуметтік тұрақсыздық туғызатындықтан, олардың тыныс-тіршілігіне аса мән берілу керек дейді Райдер мырза. Сонымен бірге, ол өз баяндамасында алдағы бес жылда дамыған елдердегі жұмыссыздықты азайту мәселесі дұрыс жолға қойылатынын, оны шешу үшін арнайы бағдарламалар қабылданғаны туралы хабардар етті. Алайда, Шығыс Еуропа, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінде мұндай жүйелі қадамдар жасалмағандықтан, ол аймақтарда жұмыссыздық өршімесе, әзірге бәсеңдемейді. ХЕҰ дамыған мемлекеттер дайындаған бағдарламаны жоғары бағалап, өзге елдерді осы тәрізді бағдарламалар даярлауға шақырды. Ал, Қазақстандағы экономикалық белсенді болып есептелетін 8 миллион 976 мың 800 адамның 5,3%-ы жұмыссыз, яғни 475 мыңға жуық еңбекке жарамды адам елімізде жұмыс іздеп жүр. Бұл көрсеткш халықаралық межемен салыстырғанда 0,7%-ға төмен. Қазақстандағы еңбек нарығының халықаралық көрсеткіштерден ерекшелігі – елдегі жастардың арасындағы жұмыссыздық мөлшері төмен: 4% шамасында ғана. Елімізде біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» және Индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары жұмыссыздық деңгейінің шарықтап кетпеуіне тосқауыл болып, экономикалық тиімділігін көрсетіп отыр.

Бейбіт Нәлібаев, экономист

495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы