• Бизнес & Қоғам
  • 14 Ақпан, 2013

Зейнетақымен қамтамасыз ету: өзекті мәселе ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ ЕСКІ СҰРАҚҚА ЖАУАП БЕРЕ АЛА МА? Рымтай САҒЫНБЕКОВА

       Жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының қаншалық тиімді және өміршең боларына байланысты алып-қашпа сөз осы жүйеге көшкеннен бері бір толастамаған болатын. Енді, міне, сол әңгімеге нүкте қойылғандай. Елбасының тапсырмасына орай, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының негізінде бір қорға біріктірілетін болды.

      Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов мәлімдегендей, азаматтардың зейнетақы жинақтары биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін МЖЗҚ-ның негізінде құрылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырлануы тиіс. Қор Қазақстан үкіметінің иелігінде, ал басқару тетігі Ұлттық банктің  қолында болады. Ұлттық банк қорды БЖЗҚ басқару кеңесінде бекітілген инвестициялық стратегияға сәйкес басқарады. Кеңестің жеке құрамын ҚР Президенті бекітеді.

      Журналистермен кездесуде осы жағдайды түсіндіріп өткен Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, зейнетақы қорларын БЖЗҚ-ға біріктіру барысында еліміздің бас банкі жиақтарды басқарушының ғана емес, кастодиан мен реттеушінің де міндетін атқарады. Мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы туындамай тұрмайды. Сондықтан БЖЗҚ-ның  Ұлттық банктің иелігінде болуы дұрыс емес. Сонымен қатар Ұлттық банк зейнетақы қорларын елімізде ғана емес, шет елдерде де инвестициялауға өкілетті. Бас банкир Ұлттық банк тарапынан Ұлттық қордың салымдарына қатысты қандай жағдай жасалса, БЖЗҚ салымшыларының жинақтарына да дәл сондай жағдай жасалатындығын айтты. Айрымашылық тек мынада: Ұлттық қордың салымдары әзірше толығымен шет елдерге инвестицияланып отыр. Ал ЖЗҚ жинақтары негізінен өз еліміздің ішінде жұмыс істеуде.

      Көптеген жылдар бойы Ұлттық қордың сыртта, яғни өзге елдерде орналастырылған активтері мен еліміздің алтын-валюта қорын табысты басқарып келе жатқан Ұлттық банк зейнетақы жинақтарының да мұртын бұзбай ие болатындығына Марченко мырза бек сенімді. Зейнетақы қорларын жинақтау 1 шілдеге дейін аяқталатын болады. Бәрін тезірек жасайтын болсақ, тіпті бұл шаруаны үш айдың ішінде үлгеруге болады дейді ол. Дегенмен бұл тұрғыда 22 заң және 8 кодекске өзгерістер енгізу қажеттігін ескеретін болсақ,  атқарылуы тиіс заңнамалық  жұмыс аса ауқымды.

      Ұлттық банк басшысы зейнетақы салымдарының қауіпсіз сақталуы қамтамасыз етіледі деп қанша мәлімдегенмен, азаматтарды жеке жинақтаушы шоттарда бүгінге дейін жинақталған  зейнетақы қаржысының болашағы алаңдатады. Осыған орай үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов мәлімдегендей, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру жинақтаушы зейнетақы жүйесінің принциптеріне еш әсер етпейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында да жеке жинақтаушы шоттар жүйесі сақталады. Міндетті зейнетақы салымдарының барлық түрлері бойынша олардың біртұтастығы бойынша мемлекеттік кепілдік сақталады. Азаматтардың зейнетақылық жинағын аудару толық түрде жүзеге асырылады.

      Дегенмен жаңадан құрылатын бірыңғай ЖЗҚ-да сақталатын зейнетақы қаржысына келер қауіп-қатер мүлдем жоқ деуге болмайды. Бас банкирдің сөзіне қарағанда,  ол үшін басты қауіп – ұзақмерзімдік, яғни алдағы алыс кезеңдерде деуге болады. Әрине, бұл қазіргі үкімет, ұлттық банктің қазіргі басшылығы тұсында болмайтындығы түсінікті дейді ол. Алайда болашақта үкіметке бюджет тапшылығын жабу немесе қандай да бір жобаларды қаржыландыру  үшін ақша қажет болуы мүмкін. Осындай қажеттіліктер зейнетақы қаржысын неге пайдалана тұрмасқа деген ойға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан жаңа БЖЗҚ-ның құрылымы мұндай нәрселерге жол берілмейтіндей болып жасалуы тиіс.  

      Ал қазіргі жинақтаушы зейнетақы қорларының ертеңіне байланысты Марченко «олар басқарушы компания ретінде немесе тек ерікті жинақтаулармен жұмыс істейтін зейнетақы қорлары болып қайта құрыла алады, екінің бірі. Болмаса ерікті түрде өзін-өзі тарқатып нарықтан кете алады», деді.

     Екінші жағдайға, ерікті зейнетақы қорларына байланысты ол бұрын салықтық жеңілдіктер болғанын атап өтті. Соған сәйкес мұндай қорларға аударылатын салымдар салықтан босатылған. Кейін бұл жеңілдіктер алынып тасталды. Біздіңше, ерікті зейнетақы жинақтау жүйесін дамыту үшін заңнамадағы норманы қайта қалпына келтіру керек. Бұл мәселеде үкімет бізді қолдап отыр, деді өз ұсынысын білдірген бас банкир.

      Өз еркімен нарықтан кетуді қалағандарға қатысты жағдайды Ұлттық банк басшысы: «Жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының өзге ұйымдардан айырмашылығы сол, олар құрылған кезде өз капиталдарын басқа емес, салымшылар жинағы салынған активке салды. Сондықтан қорлардың құрылтайшылары енді сол активтерді сатып, өз қаржысын қайтара алады. Бұл – нарыққа қатысушының әрқайсысының өз еркіндегі шаруа», – деп түсіндірді.

     Ал  басқарушы компаниялардың салымшылар жинақтарын басқаруға қатысу тетіктеріне байланысты Ұлттық банк басшысы, ең алдымен оларды таңдау тендер арқылы жүзеге асырылатындығын айтты. «Мәселен, белгілі бір сома көлемі, айталық 20 млрд теңге, корпоративтік және мемлекеттік құнды қағаздарға инвестициялануы керек. Бұл екі жағдайда да әңгіме – ел ішінде инвестиция салу туралы. Тендерге қатысатын басқарушы компаниялар  басқару мандатын жеңіп алғаннан кейін қандай компаниялардың акциясы мен құнды қағаздарын қаншалық көлемде сатып алуды өздері шеше алады», деген Г.Марченко,  басқарушы компанияларға инвестиция қоржынын белгіленген шектің аясында жасақтауына толық еркіндік берілгендігін атап өтті. Біреулер мұны жақсы жасауы, ал енді біреулер одан да жақсы жасауы мүмкін.

     Жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары жүйесі енгізілгеннен бері көптің көңілін алаңдатып келген басты сұраққа  ЖЗҚ жаңа құрылымының дүниеге келуімен де жауап табылмайтындай. Өйткені «Жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалады. Ең жақсысы –  зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі аралас болғаны жөн. Дегенмен БЖЗҚ жағдайында жинақтар жақсырақ қорғалатын болады», деп Марченко мырза айтқандай, қандай жүйе жақсы жұмыс істейтіндігін енді 15 жыл өткеннен кейін ғана салыстырып біле алмақпыз.

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы