• Бизнес & Қоғам
  • 21 Ақпан, 2013

Жақсылығың әр кез жадымызда

Қасиетті қазақ елі ерен істерімен, шарапатты шапағаттарымен өшпес із қалдырып кеткен ұрпақтарын әмәнда естен шығарған емес.  Туырлықтай жер үшін де жанын аямаған аталарымыз  "қара қазан, сары баланың " қамын жеп өткені ақиқат.  Ендеше өлі риза болмай, тірі жарымайды деген қанатты сөзді бүгінгі ұрпақтарымыз ту еткені ләзім. Осындайда халқы  үшін қанатымен су тасыған қарлығаштай, сан салада ізгілік іздерін сайратқан түлғаларды сағына еске алады екенсің!

Иә, құдай бұйыртса, қазір аламан бәйгеге түскен тұлпарларша ауыздықпен алысқан озық ел болуға ниеттеніп отырмыз. Қысқасы, іргелі елдердің алдыңғы қатарынан табылмақпыз. Шүкір, оған себептер де жоқ емес. Дегенмен, осы біздің намысты қолдан бермейтін  жау-жүректігіміз, қара тасты да жібітер ділмарлығымыздың сыртында ғылымнан да құр алақан еместігіміз әмбеге аян ба екен? Фараби дана сияқты мәшһүрлеріміздің өкше басарларынан кімдерді білеміз, кімдерді арқа тұтамыз, кімдердің ұлық істері ұмытылмақ емес? Қай саладан алдыңғы қатардамыз? Жалпы кімдерді өнеге тұтамыз? Қанында қазақ исі бұрқырағандардан кімдерді білеміз?

            Менің түсінігімше ғылымдардың патшасы саналатын математика әлемінде баршаға қазақ халқын танытып өткен бірегей тұлға Шалтай Смағұлұлы болатын.

            Қайран, Шәке! Өрелі істерің өрнектей өрілген, өнегелі өмірің жадымызда жаңғыра берері һақ! Өмір өзенінде қарыңыз талмай, бойыңдағы барыңды халқың үшін сарп етіп, қара басың үшін қазынадан сабақты ине алмай өттің-ау! Қазіргі рақым мен пейіл кемшіндеу соғып жатқан заманда орныңыздың олқылығы көзге ұрып тұр. Ақыра теңдік сұраған Исатай бабамыз секілді математика саласынан дуалылардың ортасынан  қазаққа ойып орын алып бергеніңнің өзі неге тұрады! Күні бүгінге дейін Новосібір білім ордасының әйгілі өкілдері Қазақ университетіне келіп тәу етіп тұратыны осыған айғақ емес пе?! Оның сыртында ғарышының улы отыны  Қазақстанға төгілген мүйізі қарағайдай Ресейге кінәларын бетіне басып, бұлтартпас дәлелмен айып пұл төлеуге мәжбүрлеген оқушы дайындағаныңызды қайда қоямыз? Өзіңнен тағылым көрген қыруар шәкірттеріңіздің  еліміздің басты оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде шешуші тізгінге ие болып отырғандары қандай ғанибет! Сіздің мұрындық болғаныңыздың арқасында курстастарыңыздың барлығы да ғылыми атақ қорғап, шәкірттер дайындау додасында тер төгіп жүргені де баршамызға мәлім. Олардың ішінде отыздан жаңа ғана асқандары да бар! Студент кезіңізден қимас дос,  Нарғозы Тұрсынбайұлы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер атанғанда, қуаныштан жанарымыздың ысығаны жалған емес.  Міне, мұның бәрі жауындай жауған жақсылықтарыңыз емес пе?!  Әсіресе кішілердің өзіне "айналайын ағатай-ау, бұл былай еді ғой"-дейтін биязылығың жүректі жаулайтын. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда аңызға айналып, аяулы жар, қамқор әке, тарлан тұлға тағдыр кештіңіз. Нарықтың науқаны есіктен сығалап, кеңестік кереге керексізге бет бұрғанда ғылыми мектебіңіздің іргесін математиканың құдыретімен нығайта түстіңіз.  Қандай істе де талап, еңбек, терең ой, қанағат пен  рақым тұтасып тұруы қажеттігін саналарға сіңіріп, үлгі бола білген Сіздей жанды қалай сағынбасқа? Сол берілген кәсібің математиканың құпияларын ақтарудан жалықпай, қаламың қолдан түспеген күйі бір-ақ сәтте бақилық болғаныңызға он жылдың жүзі болыпты. Қазақ қандай десе қызармай көрсететіндей сом тұлғалы дене бітімі, көңілдің көтеріңкі кезінде әуелете шырқайтын "Гүл-гүл жайнасы", "қазақ әу бастан математик болатын" деген пайымы есіміздегі, есімі  ескірмес кәміл ұлағатты ұстаздың пейіште нұры шалқысын!

Төлеухан ИМАНҚҰЛ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы