• Бизнес & Қоғам
  • 14 Наурыз, 2013

Одердегі қоңсы қонған қос қала

Орталық Еуропаның мүлгіген орманды даласымен асықпай ағып, қоймалжың суын Балтық теңізіне қотара құятын Одер өзені Польша, Германия және Чехия аумағымен өтетін көліктік маңызы бар дария. Герман-поляк шекарасының 187 шақырымы осы Одердің бойында. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған бұл өзен бүгінгі әлемдегі жаңа саяси-экономикалық ақиқаттың да жансыз куәгеріне айналып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысына сәйкес 1945 жылы Одердің қос жағалауына қоныс тепкен Франкфурт қаласы екі мемлекеттің-Германия мен Польшаның еншілігіне өтіп, қырық жылдан астам уақыт бойы Батыс пен Шығыстың шекарасы іспетті символды шаһарға айналды. Қаланың батыс жағы Одердегі Франкфурт атанып, шығыс жағалаудағы бұрын Дармштадт  делініп келген шағын қала Слубице атауын иеленді.

«Темір қорған» құлаған 1989 жылдан бастап қос қала арасындағы қарым- қатынас жандана бастады. Одердегі Франкфурт пен Слубицені жалғап жатқан үш көпірге жан кіріп, көлік қозғалысы жиіледі, жыл өткен сайын өзара сауда жақсарып, алыс-беріс те арта түсті. Бауырлас қалалар мәртебесін иеленген соң «Одердегі Франкфурт және Слубице стратегиясы» дүниеге келді. Ынтымақтастықтың мәуелі жемістерінің бірі-өзеннің қос жағалауына қанат жайған Еуропа бағы немістер мен поляктардың сейіл құрып, серуендейтін сүйікті орындарының бірі саналады.

.   Қос қала бүгінде Еуропалық одақ идеясы өміршеңдігінің баянды бейнесіне айналып отыр. Слубице қаласы Еуропаның батысы мен шығысы  тоғысатын қала болғандықтан 2005 жылы мұнда Еуропалық одақ кеңеюінің салтанатты ресми жиыны өткізілді. Жиырма мыңға жетер–жетпес тұрғыны бар Слубице  Еуропадағы ең шағын унверситетті қала болып табылады. Шекаралық сауда, туризм орталығы болумен қатар ол сондай-ақ түрлі халықаралық жиындар, конференциялар, семинарлар, ғылыми шаралар өткізілетін танымал орталық та. Ғалымдар мен саясаткерлердің, журналистердің бас қосуларының шығынын Еуропалық одақ көтеріп отырады.

    Міне, сондықтан да Еуропадағы қауіпсіздік мәселелерін талқылаған, өткен ақпан айының алғашқы онкүндігінде өткен алқалы ғылыми жиынның нақ осы Слубице қаласында өтуі еш таңданыс туғызбаса керек. Әлемнің азуын айға білеген аналитиктері мен сарапшылары қатысқан халықаралық конференцияны Познань қаласындағы ұлы ақын Адам Мицкевич атындағы мемлекеттік университеттің саясаттану және журналистика факультеті 13 жылдан бері өткізіп келеді. Слубице қаласындағы жоғарғы оқу орыны нақ осы Мицкевич университетінің және Франкфурттағы Одер университетінің ортақ бөлімшесі болып табылып, поляк тілін зерттейтін «Полония коллегиясы»-«Полоникум коллегиум» деп аталады.

Биылғы конференция әлемдегі саяси және экономикалық дағдарыс сияқты өте маңызды тақырыпқа, Еуропалық Одақты ғана емес, құрылық ретінде бүкіл Еуропаны шарпыған қазіргі қаржы дағдарысы тақырыбына арналды. Жиында сондай-ақ Еуропалық Одақтың посткеңестік елдермен арадағы ынтымақтастығы мәселеріне де көп көңіл бөлінді. Атап айтатын болсақ, Еуропалық одақтың әлемдік экономика мен халықаралық ынтымақтастықтағы рөлі мен маңызы, одаққа мүше мемлекеттердің бірқатарында орын алып отырған қаржы дағдарысының экономикалық және валюталық одақтың болашақ ахуалына әсері жан-жақты талқыланды. Еуроаймақ және Еуроодақ ауқымындағы ынтымақтастық пен Еуроодақтың одан әрі кеңею перспективалары; Еуропа мен Еуроодақтағы бұрынғы шекаралардың сақталуы мен жаңаларының пайда болуы нақты мысалдармен өрнектелді. Соынмен қатар дағдарысты еңсерудегі ұлтаралық мүдделердің маңызы, дағдарыстың мемлекет пен оның азаматтары қауіпсіздігінің түрлі қырларына ықпалы, экономикалық проблемалар мен қоғамның әлеуметтік алуан түрлілігі тереңдеуінің салдары ретіндегі жаңа әлеуметтік қозғалыстар мәселелері де қарастырылды.

Конференцияда пікірталас өзегіне айналған тақырыптардың бірі посткеңестік елдердің бүгіні мен болашағын қамтығанын атап өткеніміз жөн. Украиналық ғалым, профессор В.Емельяновтың  Украина және Еуроодақ қарым-қатынасына қатысты баяндамасы қатысушылардың шынайы ықыласын туғызды. Ақпараттық саясат мәселелері де назардан тыс қалмады: еуропалық интеграция идеяларын көпшілікке таратудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі, еуропалық институттардың имиджін жасау мәселелері, Еуроодақтың құқықтық және институционалдық жүйесіндегі өзгерістер және осыған байланысты саясаткерлердің, ғалымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің міндеттері киевтік және воронеждік ғалымдар сөздерінің өзегі болды. Конференцияға қатысқан республикалық «Дала мен қала» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Сапарбай Парманқұлов баспасөз және қоғам тақырыбына қатысты баяндамаларға өз пікірін білдіріп отырды.  

Осы орайда танымал саясаттанушы ғалым, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалиннің «Адольф Янушкевич-қазақ және Еуропа мәдениеттері арасындағы алтын көпір» атты танымдық мәні баяндамасы поляк ғалымдарының үлкен қызығушылығын туғызғанын атап өткеніміз жөн. Тарихи деректер бүгінгі күн ақиқатымен астастыра баяндалатын ғылыми еңбек жуырда Польшаның «Саясаттану зерттеулері» атты беделді ғылыми  басылымында жарық көрмек.

Жиында шартараптан жиналған ғалымдардың жемісті жұмыс істеуіне қажет жағдайдың бәр жасалды. Конференцияның жұмыс тілі полякша болғанымен, талқылаулар ағылшын және орыс тілдеріне ілеспе аударма арқылы жүргізілді, отырыстар да осы тілдерде өткізілді. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жүріп-тұруын жоғары деңгейде қамтамасыз етті.

Жалпы, Польшада саясаттану ғылымына, саяси зерттеулерге мемлдекеттік деңгейде көңіл бөлінеді. Мұның бір айқын айғағы өткен қыркүйекте Адам Мицкевич атындағы университетте өткен Екінші Бүкілпольшалық саясаттану конгресіне ел президенті мен білім және ғылым министрінің қатысуы  болды.  «Қазіргі заманғы даму түйткілдері: Еуропа мен Польшаның не күтеді?» деген көкейтесті тақырыпқа арналып, поляк ғылымы үшін аса мәнді оқиға болған конгреске саясат, халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция, БАҚ және бұқаралық коммуникация салаларын зерттеуші бес жүзден астам маман жиналды. Шет елдік  ғылыми бірлестіктер өкілдері, атап айтқанда Саяси ғылымдар халықаралық ассоциациясының екі вице-президенті конгресс қонағы болды.

Еліміздің сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес Еуропа елдерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның  стратегиялық мүддесін білдіреді. Өйткені, Еуропалық Одақ елдері тұтас алғанда Орталық Азия мемлекеттерімен, атап айтқанда, Қазақстанмен ынтымақтастыққа да айрықша назар аударып отыр. «Еуроодақ және Орталық Азия: әріптестіктің жаңа стратегиясы» біздің елдеріміз үшін маңызды құжат болып табылады. Сондықтан Еуропалық одақпен арадағы қарым-қатынастар мәселелері талқыланатын ғылыми конференциялар өткізіп, даму көкжиегіне көз тастау бүгінгі қазақ саясаттану ғылымы үшін маңызды міндеттердің бірі болса керек.   Өйткені, бірқатар посткеңестік кеңістік  елдерінің Одақтың  еуропалық құрылымдарына интеграциялануға ұмтылысы, сондай-ақ  олардың еуропалық көршілік саясат шеңберінде Одақпен өзара іс-қимыл жасауы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың түрлі салаларында белгілі бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл фактілер ғылыми сараптаудан өтіп, нақты ұсыныстар мен іс-қимыл бағдарына айналуға тиіс.

     Поляк жерінде ақпан айында жұмысын аяқтаған тағы беделді ғылыми жиын екіжақты тиімді экономикалық байланыстарды жедел дамытып отырған поляк жұртшылығы сонымен қатар қазақтың дәстүрлі және қазіргі заманғы мәдениетіне қызығушылық білдіретінін байқатқан елеулі оқиға болды. «Польша – Қазақстан: мәдениетаралық сұхбаттастық» тақырыбымен  екі елдің ғылым, білім беру, өнер және азаматтық қоғам салаларының мамандарының басын қосқан мәртебелі ғылыми-тәжірибелік конференция ежелгі Краков қаласында өз жұмысын үлкен табыспен аяқтады.  Конференция осы шаһардағы негізі 1364 жылы қаланған көне Ягеллон университетінің Шығыстық бастамалар институтының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Варшавадағы елшілігі, Польшадағы қазақстандық жастардың «Барыс» қоғамы және бірқатар жергілікті қоғамдық ұйымдардың қолдауымен өтті. Конференция барысында елшілік кеңесшісі Асқар Абдрахманов сыртқы саяси мекеменің Польшадағы қазақ мәдениетін насихаттаудағы жұмысы туралы баяндама жасап, жиналғандар назарына поляк тілінде шығарылған бірқатар кітаптарды ұсынды. «Қобыланды батыр», «Қыз жібек», «Қазақ ертегілері», А. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» мен «Қазақстандағы поляктар тарихынан» басылымдары поляк оқырманының ерекше қызығушылығын туғызғанын атап өткен жөн. Мұндай басқосулар үстіміздегі күзге белгіленіп отырған екі ел аймақтарының жиынында жалғасын табатын болады.

 

Жетпісбай Бекболатұлы,

«Экономика» газетінің Польшадағы тілшісі

 

509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы