• Бизнес & Қоғам
  • 14 Наурыз, 2013

МАҢДАЙЫ ЖАРҚЫРАҒАН МАЛАЙЗИЯ

Мол мұнай-газ қорына ие болса да, электроника арқылы алға шықты

Кешегі ХХ-шы ғасырдың елуінші  жылдарының аяғында Англиядан тәуелсіздігін алған Малайзия небәрі қырық-елу жылдың ішінде экономикасы өрлеп, артта қалған агаралы елден - өркендеген индустриалды елге айналады деп ешкім ойлаған жоқ. Бұл дәстүрлі дамудан заман талабына орай модернизациялық бағытқа бет алудың жемісі.

Территориясы Батыс және Шығыс бөліктерден тұратын, арасын Оңтүстік Қытай теңізі бөліп жатқан Малайзия табиғаты көркем, климаты қоңыржай, жері мұнай мен газға, темір мен қалайы кендеріне бай мемлекет. Соған қарамастан Малай елі 1970 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мен қазба байлықтарды өндіріп сатудан гөрі өнеркәсіп саласына бет бұрып, оны дамудағы жетекші салаға айналдыруды дұрыс көрді. Сайып келгенде,  бұл қадам оның өндірісіне нәр беріп, экономикасын алға жетеледі. Бір жағынан Малайзияның мұндай бағыт таңдап, өнеркәсіпті дамытуына шет елдерден әсіресе, Жапония мен Батыс елдерінен келген инвестиция септігін тигізді. Нақты алғанда, жеңіл өнеркәсіппен қатар, жоғары технологиялық электрониканы дамытуға ден қойылды. Басқалармен салыстырғанда Малайзияда анағұрлым  арзан да сенімді, әрі тындырымды жұмыс күші болғандықтан әлемнің көптеген елдерінің, әсіресе Жапонияның жетекші фирмалары осыннан өздерінің жинау мен жинақтау цехтарын ашып, табысты жұмыс істей бастады. Көп өтпей-ақ Малайзия үлкен сұранысқа ие электрондық тауарларды шығарудан алдыңғы орындардың біріне шықты. Бұл өз кезегінде экономиканың дамуына ықпал етті. 1980-90 жылдар аралығында ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі 8 пайызды құрап отырды. Құнсыздану көрсеткіші төмен болды. Жалпы ішкі өнімдегі өнеркәсіптің үлесі 13,9 пайыздан 30 пайызға өсіп, ауыл шаруашылығы мен өндіруші өнеркәсіптің үлесі керісінше 9,3-тен 7,3 пайызға төмендеді. Малай халқының бағына 1981 жылы елдің премьер-министрі болып, үлкен кедергі қиындық-қиындықтарды еңсеріп, мамандығы жөнінен дәрігер,  ұлтжанды Махатхир Мохамад сайланды.

__________________________________________________________________

 

Қысқаша анықтама: Мохамад Махатхир  20.12. 1925 ж.Малайзияның Алор-Сетра қаласында мектеп мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Әкесінің арғы тегі үнділік те шешесі малай. Ол өзін бүкіл жан-тәнімен малайлық санайды. Сондықтан өз халқының бақыты үшін  өмірбақи күресіп, қызмет етіп келеді. 1953 ж.  Сингапур университетінің  дәрігерлік факультетін тауысқан, болашақ жары  Сите Хасме Мохамед Әлимен сонда танысып, жанұясында  жеті бала тәрбиелеп өсірген (оның екеуін асырап алған). 1946 ж. 19  жасында жаңадан құрылған БМҰҰ (Біріккен малай  ұлттық ұйымына)  мүше болып кіреді.  Жеті жылдай өзінің туған мекені Кедах штатында дәрігер болып қызмет етеді. 1964 ж. әлгі БМҰҰ партиясынан парламентке сайланып, елдің саяси өміріне белсене араласа бастайды. 1969 ж. елдің премьер-министрі Тенку Абдул Рахманды «жергілікті халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлмейсің» деп қатты айыптап, ашық сынағаны үшін партия қатарынан шығарылып, депутаттық мандаттан айырылады. Саясаттан шеттетілген осы тұста ол өзінің идеясы мен көзқарастарын жинақтап, «Малай диллемасы» деген кітап жазады. Бұл еңбегі жұртшылық арасында үлкен пікірталас, қозғалыс тудырып, БМҰҰ-дағы жаңа толқын жастар оны партия қатарына қайта шақырады. 1974 ж. ол тағы да парламентке сайланып, үкіметте білім министрі қызметін атқарады. Осыдан бастап, оның тасы өрге домалап, алдымен БМҰҰ-да төрағаның орынбасары, ал 1981 ж. Малайзияның премьер-министрі болып сайланады. Үкімет басшысы болған (1981-2003) 22 жыл ішінде Махаткир Мохамад елін зор табысқа жеткізіп, Малайзияның тарихында реформатор ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

__________________________________________________________________

 

Малайзияның мемлекеттік құрылымы туралы бірер сөз.

     Бұл федеравтивтік монархиялы мемлекет болғанымен жоғарғы басшы саналатын король (сұлтанның) өзі сайланады. Оны және оның орынбасарын (вице-король) федерациялық штаттардың монархтары өз араларынан тәжірибелі сыйлы адамдарды бес жыл мерзімге сайлайды. Бұлар өкілетті өкілдер ретінде барлық заңдар мен Конституцияға енгізілетін өзгерістерді бекітеді. Ал, мемлекетті федералдық премьер-министр жетекшілік ететін парламент пен министрлер кабинеті басқарады. Сайлауда жеңіске жеткен партияның көшбасшысы премьер-министр болып, кабинетті жасақтайды. Алайда үкімет құрамына енген министрдің қай-қайсы да сайлауға түсіп, жеңіп шыққан депутат, яғни  парламент мүшесі болуға тиіс.

   Доктор Махаткир Мохамад үкімет билігіне сайлауда көпшілік дауысқа ие болған Біріккен Малайзия ұлттық ұйымы партиясының көшбасшысы ретінде келді.

Елде үш партия: малайзиялықтар, қытайлықтар және үндістандықтар партиясы құрылды. Олар парламентте коалициялық көпшілік фракцияға бірігіп, бірауыздан премьер Махаткир Мохамадты қолдайтындықтарын білдірді. Осының арқасында Махаткир Мохамедтің саясатын қолдайтын заңдардың қабылдануына мүмкіндік туды. Ол өзінің алдына ең алдымен елдегі табиғи байлықтардың қызығы мен пайдасын жергілікті халық пен инвесторлар бірдей көріп, материалдық игіліктерді тұрғындардың бәрі пайдалана алатындай болуы керек деген мақсат қойды. Өйткені, Қытай мен Үндістаннан келген мигранттардың тез арада байып кететініне жергілікті халық наразылық білдіріп отыратын. Халықтың көңіл-күйін дөп басқан көреген саясаткер аса ақылды діни және этникалық саясат жүргізді. Осыған байланысты табиғи байлықтарды бөлу жөнінде келісім құжаттары қабылданып, қол қоюдың нәтижесінде бұған дейін орын алған қайшылық пен келіспеушілік жойылды.

Жоғарыда айтылғандай экономиканы индустрияландыру бағыты таңдалды. Батыстық емес, «азиялық» және «малайзиялық» құндылықтарға ден қойылып, өзіне дейін басталған ЖЭС (Жаңа экономикалық саясат: 1971-1990) бағдарламасын аяғына дейін жеткізіп, ДҰС (Дамудың ұлттық саясатын: 1991-2000), яғни барлық салада, әсіресе ең бірінші кезекте экономикада малайлықтардың рөлін көтеруді жүзеге асыруды қолға алды. Былайша айтқанда, кезінде бірқатар мемлекеттер үшін аса бір нәзік әрі кінәрәтті болған жергілікті ұлттың мәртебесі мәселесі ешбір төңкеріссіз, наразылық пен қарсылықсыз тиімді шешімін тапты. Елде 60 пайыз мұсылмандар, ал қалғандары өзге дін мен концессия өкілдері болса да бәрінің көңілі мен тілі табылды. Сондықтан да кәзіргі кезде бұл елде саяси тұрақтылық, діни түсіністік, жаңалыққа ұмтылыс, сондай-ақ ұлттық ерекшелікті сақтау мен бағалау ахуалы қалыптасқан деуге болады.

Махатхир Мохамад: «Біз о баста Ұлыбританияның отары болдық. Ал, ол елде әуелден   капиталға ешқандай шектеусіз еркін рынок қалыптасқан. Сол бізге көп нәрсені үйретті»,- дегенді үнемі айтып отырады.

Басқару барысында ешкімнен ешқандай пара алмай, басқалардың да алуына жол бермей, осында келіп бизнеспен айналысқылары келетін қытайлық және үнділік кәсіпкерлерге  қолдау көрсетіп, жергілікті кәсіпкерлерді солардан үйреніп, солардың деңгейіне жетуге шақырды. Шетелдіктер мен жергілікті халық құқықтық жағынан теңестірілді. Инвесторлар барлық салық түрінен босатып, жұмыс істеулеріне қолайлы жағдайлар жасалынды. Осының арқасында олар жаңа кәсіпорындар: зауыт-фабрикалар ашып, оларға жергілікті тұрғындарды жұмысқа алды. Шет елдерден инвестиция тартып қана қоймай, өзіндегі ауқатты адамдарды елдің экономикасын дамытуға қаржы салуға иландырып, қызықтыра білді. Жаңа технологияларды батыл енгізіп отырды. Кәсіпкерлермен дұрыс қарым-қатынас орнатып, олардың үкіметтің «жауына» емес, іскер әріптестеріне айналдырды. Оларды қорғап, қолдайтындай заңдар қабылдаттырды. Акционерлік компаниялардың үштен біріне тұрғылықты халық малайзиялықтар бірігіп жұмыс істеу міндеттелді. Ал, қалған бөлігіне, әсіресе, жаңа сауда орындарын, супермаркеттер ашып жұмыс істеулеріне толық мүмкіндік пен  еркіндік берілді. Соның өзінде оларға жергілікті халықты қызметке алып, жұмысқа тарту тиімді болды. Сөйтіп, ел көлемінде жұмыссыздық азайып, әлеуметтік тұрақсыздық пен наразылық қаупі сейілді. Малай жастарының экономикасы мен дамуы озық елдерден оқып келуіне жағдай жасалынып, даңғыл жол ашылды.

Ендігі кезекте үкіметтің алдында экспорт мәселесімен айналысу, алыс-жақын шетелдердің рыноктарын зерттеп білу міндеті тұрды. Бұл ретте шет елдерден әкелінетін тауарларға салынатын алым жойылып, малайзиялықтар осы заманғы электрониклық бұйымдар, сағаттар, теледидарлар, жеңіл автокөліктер, тұрмыстық техникаларды арзан бағалармен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінде Малайзия Азия «жолбарыстарының» ішінде саяси өткелдер мен экономикалық реформаның бірнеше маңызды  сатыларын сәтті басып өткен бірден бір мемлекет. Бір қызығы мұнда экономиканы басқару ісі (кезіндегі Кеңес одағындағыдай) бес жылдық даму негізіндегі орталықтанған стартегиялық жоспарлау арқылы жүргізіледі. Мемлекет тарапынан бәрі қатаң бақыланғанымен, кәсіпкерлікке қолдау жасалынып, түрлі тексеру мен қысымдардан  қорғалып отырады.

Ең бастысы Махаткир Мохамад: «біз ешкімның идеологиясына ермейміз. Біз прагматиктерміз. Мейлі капиталистік, не мейлі социалистік болсын. Бізге  ол керек пе,  біз оны жасап, жүзеге асырамыз» дегенді жиі айтып, «Біз малайлықтар да басқалардың істегенін істей аламыз. Біздің қолымыздан келеді» дейтін ұран көтеріп, отандастарының бойына сенім ұялатты, іскерлік «дәнін» себе білді.

Малайзияның даму жолында бәрі төрт аяғын тең басқандай сәтті әрі табысты болды десек,  ақиқаттан алыс кеткен болар едік. 1997 жылғы Азияны жайлаған қаржылық дағдарыс бұл елге де ауыр тиді. Шет елден келетін инвестиция күрт азайды. Ұлттық ақша рингит долларға шаққанда екі есеге құнсызданып кетті. Малай компанияларының акциялары да  1300-ден 400-ге дейін арзандады.ЖІӨ 7,5 пайызға төмендеді. Дағдарыстан шығу үшін үкімет шұғыл шаралар қолданып, рингтің құнын көтерді, тиімсіз деп санап, Халықаралық валюта қорының көмегінен бас тартты. Басты реформатор, премьер-министр  Махаткир Мохамадтың Азиядағы дағдарысқа - «халықаралық еврей капталы», ал өз елінің мұндай қиындыққа тап болуына экономика жөніндегі орынбасарынн кінәлі деп, айыптайтыны осы тұста. Дегенмен, ол жүргізген сауатты реформалардың  нәтижесінде малай елі қаржылық дағдарысты тез-ақ еңсеріп, ЖІӨ 1999 жылы – 5,4 пайызға, ал 2000 жылы – 7,8 пайызға өсті.

Малайзияның ЖІӨ-ның көлемі 450 млрд. долларға жуық, жан басына шаққанда 15,8 мың доллардан келеді. ЖІӨ-нің құрылымы сан салалы. Мұнда өнеркәсіп 33,5 пайызды, қызмет көрсету саласы 59,1 пайызды, ауыл шаруашылығы 7,3 пайызды құрайды. Бұдан қызмет көрсету мен өнеркәсіптің жетекші рөл атақартынын, әсіресе қызмет көрсету саласының айтарлықтай дамығанын аңғарамыз. Жұмыс істейтін халық та әр саланың сұранысы мен көлеміне қарай бөлінген. Мәселен, олардың 27 пайызы өнеркәсіпте, 17 пайызы жергілікті сауда мен туризмде, 15 пайызы қызмет көрсетуде еңбек етеді.

Бұл елдің ауа райы, климаты ыстық та ылғалды болғандықтан каучук өсімдігі, май алынатын пальма ағашы, көптеген жеміс-жидектер өсіріліп, олардан мол өнімдер алынып отырады.Сондай-ақ жерінің теңізбен ұштасып жатуы да балықтың түрлерін, басқа да теңіз өнімдерін молынан аулауға мүмкіндік береді. Ағаштың түрлеріне бай тропикалық орамандары ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытудың бірден бір көзі.

     Сыртқы сауда Малайзияның экономикасында елеулі рөл атқарады. Жылына шамамен 130 млрд.доллардың тауарлары сыртқа шығарылып, 100 млрд. доллардың тауарлары сырттан әкелінеді. Бұдан экпорттың үлес салмағы басым екені көрінеді. Мұның өзі экономиканың дамуына жағымды ықпал ететіні белгілі. Сыртқы саудадағы ең негізгі әріптесі - алпауыт АҚШ елі. Екі арадағы тауар айналымы 30 млрд. доллардан астам. Мұнан соң Сингапур, Жапония, Қытай, Таиланд елдеріне де түрлі тауарларды экспортқа шығарады. Малайзия әлемдік бәсекеге қабілетті де сапалы тауарлар шығаратындықтан оның ДСҰ-на, APEC ( Оңтүстік Шығыс Азия елдері ассоциацияс), ASEAN (Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы) ұйымдарына мүшелігі оның сыртқы экономикалық әлеуетін арттыруға даңғыл жол ашып отырады.

 Туризм Малайзияда көршілес Сингапур мен Таиланд елдеріндегідей  жоғары деңгейде болмағынымен кейінгі кездері бұл салада  қолға алынып, оның дамуы біртіндеп қарқын ала бастады. Сондықтан инфрақұрылымы дамыған осы заманғы көрікті де сұлу қала Куала-Лумпурды және Малай елінің ғажайып табиғи парктерін көріп, тамалашалағысы келетіндер саны уақыт өткен сайын артып келеді.

      Малай елінің «кибер-қалашық», «кибер-дәліз» тәжірибесі де әлемнің көптеген елдерінде қолданыс табуда. Өйткені, үлкен қалалардың жанын мұндай қосымша қалашық пен құрылымдар салу мегаполистерге түсетін көптеген ауыртпалықтар мен қиындықтарды азайтып, жеңілдететін болады. Біздегі ірі қала саналатын Алматы маңындағы Қаскелең, Талғар және Қапшағай қалаларын дамыту жобасы да осының ықпалы мен әсері.

     Малайзияның соңғы 40-50 жылда қол жеткізген жетістіктері мен көтерілген деңгейіне  таңқалған жұрт мұны «экономикалық кереметке» балағанымен, мұндай атау ондағы реформаның бірден бір авторы доктор Махаткир Мохамедке ұнамайтын көрінеді. Сондықтан да ол: «Мұндай жетістікті бізге сырттан келіп, әлдеқандай бір сыйқыршы жасап берген жоқ. Экономикада ешнәрсе ғайыптан-тайып, өзінен өзі бола салмайды. Бұл біздің халқымыздың, малай елінің маңдай терімен, қажырлы еңбегімен, керек болса қанымен және көз жасымен, талант-дарынымен келді» дегенді үнемі айтып отырады екен. 

Сондай-ақ, одан «Сіз жұмысты неден бастадыңыз?» деп сұрағанда: «Батыстық емес, жергілікті құндылыққа ден қоюдан, етпетінен жатып қалған малай тілін көтеруден бастадым!» деген жауабы да басқалар үшін үлгі-өнеге боларлықтай терең ой, көреген саясатты меңзейді..

      Демек, елді өрге сүйреп, өркендеткісі келетін  басшысы  экономикамен қатар рухани саланы да естен шығармауы тиіс. Өйткені, мәдениетсіз, руханиятсыз экономика тұл.

      Осы сияқты Малайзияның өзінің қалауымен қызметінен кеткен бұрыңғы премьер-министрі М.Мохамедтің: «Менің бар тындырғаным өзіме дейінгілердің түзген формуласын, жасаған жоспар-жобасын жүзеге асырып, Малайзияны аграралы елден - индустриалды мемлекетке айналдырдым. Басқа ештеңе емес!» деуі де оның қарапайым, мақтангершіліктен аулақ екенін аңғартады. Ал, қарапайымдылық әр кез адамның көркін арттырып, абырой-беделін биіктете түседі.

 

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

саяси шолушы.

Хабараласу үшін телефондар: 8-701-718-14-21, 8-727-388-37-27, e-mail: a.ashirbek@mail.ru

1513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы