• Бизнес & Қоғам
  • 14 Наурыз, 2013

Цехтың жұмысы қайта жанданды

Еліміздің әр аймағында жүзеге асып жатқан индустриалды-инновациялық  даму бағдарламасы аясында көптеген ірі жобалар қолға алынып, қайта жандану үстінде. Осы бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесін Жамбыл облысында қайта жанданған ірі өндіріс ошақтарының іске асырылуынан аңғаруға болады. Халықтың әлеуметтік-экономикалық қажеттілігі бәсеңдеген жылдары өз жұмысын тоқтатқан өңірдегі Жүн өңдеу фабрикасы бүгінгі таңда бастаған ісін одан әрі жалғастыруда. Барлығы 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған кәсіпорынның бүгінгі жағдайы жақсы. Себебі мұнда игеріліп жатқан өнімдер Еуропа елдеріне экспорттауға үлкен жол ашып отыр. «ТОПС» деп аталатын жартылай дайын өнім шығарумен айналысатын Тараз жүн өңдеу зауытында шикізат жуылып, өңделгеннен кейін одан биязы жүн түтіледі. Сапасы жоғары технологиялардың көмегімен өңделіп жатқан отандық өнімге деген сұраныс бүгінде молая түсуде. Қазірдің өзінде қазақы қойдың жүні Испания, Италия, Қытай мемлекеттеріне экспортталуда.             Маңызды жоспарлардың жүзеге асуын мақсат етіп отырған кәсіпорынның қауқары жылына 800 тонна топс өндіруге жетеді. Жақында аталмыш фабрика ішінен жіп иіретін жаңа цех пайдалануға берілді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына оң септігін беруде. Осылайша, қой жүнінен алынған ақ ұлпадан жіп иіріліп, өндіріс ошағының «тынысы» кеңейіп жатыр.             Құрылыс жұмыстары жарты жылға созылған цех бір жыл ішінде 500 тонна иірілген жіп шығаруға мүмкіндік алып отыр. Толықтай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейтін цехта 10 жіп иіретін мәшине орналасқан. Осындағы «Зинзер» маркалы итальяндық мәшиненің сапасы өте жоғары. Бұл құрылғының көмегімен 25, 31, 40 жіптер шығарылады. Сондай-ақ, жіптен мата, костюм, көйлек тоқитын маталар да дайындалады.             Цехтың қаржыландыру жұмыстарына жергілікті әкімшілік жанынан құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның көмегі айтарлықтай көп. Бір шетінен бұл жобаға шетелдік инвестиция да тартылған. Атқарылған ауқымды шаралардың нәтижесінде бүгінде жұмыссыз жүрген 100 азамат жаңа қызмет орнына кірісті. Осылайша, кәсіпорыннан бюджетке жылына 52 милионнан астам табыс көзі кіретін болады.             Жаңадан жұмысқа кіріскен бұл жобаны жандандыруға «Тараз» ӘКК-нан 395 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, цехқа қажетті арнайы қондырғылар «Сервим» атты итальяндық компаниядан 150 миллион теңгеге сатып алынған. Мол өнім көру үшін, құрылғылардың сапасы жағынан төзімді болуын қадағалайтын басшылық 100 миллион теңгеге шетелдің тағы бір жабдығын сатып алмақ. Нәтижесінде, цех қызметкерлері жылына 1000 тоннаға дейін өнім шығаруды жоспарлап, сол межені бағындыруды мақсат етіп отыр.               Бүгінде бірқатар шет елдерден қазақстандық иірілген жіпке деген сұраныс жоғары. Сондықтан, дайын өнім Ресей, Түркия және Еуропаның біршама елдерінде экспортталады. Қазіргі таңда Италияның кәсіпкерлерімен келісімшарт жұмыстары жүзеге асырылуда. Жақын күндері италиялықтар киім тігерде біздің еліміздің отандық өнімдеріне жүгінбек.

Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы