• Бизнес & Қоғам
  • 14 Наурыз, 2013

Білім мен ғылымның Қара нары

Осы бір тамаша азаматты қатарлары ілтипатпен «білім мен ғылымның  Қара нары» деп атайды. Бұл оның зор, мығым тұлғасына ғана қарап берілген баға емес, сонымен бірге ұлттық экономикалық ғылымға  сіңірген зор еңбегі үшін де көрсетілген құрмет.             Ол өз ортасынан мүлде оқшауланып тұратын аңғал да, ақкөңіл азамат. Бұл екі қасиеті де оның ғылыми тірлігіне жарасып тұрғандай. Аңғалдығы оның жарқын болашаққа баладай кәміл сенетіндігінен көрінеді. Ол түңіліу дегенді білмейтін нағыз оптимист жан. Ақкөңілділігі – жора-жолдастарына деген пейілінің сүттей ақтығы.             Міне, Қазақстан экономика ғылымындағы тамаша тұлға жайлы осындай мәліметтер біздің бұл мақаламыздың кейіпкері осал адам еместігін әлгі мысалдардан-ақ түсінді ғой деп ойлаймын. Ғылымда өзіне-өзі сенетіндер ғана «еркін» сезінеді. Жинап-түйген біліміне сенетін ол Қазақстанның экономика ғылымы деп аталатын кеңістікте еркін сезініп, өндірісте еңбек еткен тұлға болып сомдалды.             Біздің бұл мақаламыздың кейіпкері экономика ғылымдарының докторы, академик, профессор Айтқали Шоқалиұлы Нұрсейітов мырзаны ғылым әлеміне алғашқы қадам басқан сәттерінен білемін деп айта аламын. 1938 жылы ауылдағы қарапайым шаруалар семьясында дүние есігін ашқан ол табиғатынан зерек, алғыр болды. Ұлы Отан соғысының азапты ауыр жылдарында өмір сүргендердің, әсіресе жас балалардың тіршілігі белгілі. Олар еңбекке ерте араласты. Міне, сол қасиет оны шын мәнінде еңбекқор, қажымас қайратты азамат етіп шыңдады. Бұл қасиеттер бір-бірін толықтырып, нәтижесінде Қостанай облысындағы Қарабалық сегізжылдық мектебін ойдағыдай бітірген соң Айтқали Қарталы теміржол техникумына түсіп, оны да үздік бітіріп шығады. Экономист мамандығын алғаш рет ол осы техникумда меңгерген. Кейіннен Барнаул, Уфа, Челябинск қалалаларында білімін тәжірибемен шыңдап, 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі экономика факультетінде білімін жалғастырады.             Бұл кезде университет ректоры қазақ халқының бір сүйікті ұлы академик Т.Б.Дарханбаев еді. Ал факультетте дәріс бергендер Т.Ш.Шәукенбаев, С.Б.Бәйішев, Г.Т.Чуланов секілді мемлекеттік қызметкерлер мен даңқты ғалымдар тартылған. Сол кезде университетте И.М.Бровер, А.Нейштадт секілді атақты ғалымдар Н.А.Ерофеев, М.Е.Бутин, Т.Т.Төлебаев, И.Л.Ким секілді министрлер лекция оқыды. Қазақ экономика ғылымының негізін қалаушы Яхия Аубакиров, К.Қабдиев, В.Пуриц, Ш.Надиров, М.Розманов секілді ұстаздардан дәріс алған ол курстастары арасында Лениндік стипендиямен оқыған талантты азамат болды. Мұның алдында Лениндік стипендиямен мұнда К.Сағадиев, К.Нәрібаев, К.Оқаев,   У. Шеденов, К.Бердалиевтер оқыған еді. Сөйтіп талапты да еңбекқор жас мемлекет ерекше үміт күтіп, сенім артқан санаулы топтың белсенді бір мүшесі болып шықты. Ескерте кетейін, ол кезде қатардағы стипендияның өзі талайлар қол жеткізе алмайтын арман еді. Ал Лениндік стипендия мүлде санаулы тәртібі мен білімі, университеттегі қоғамдық жұмыстарға белсенділігі ерекше ескеріле отырып берілетін үлкен мәртебе болатын. Міне, сол зор мәртебемен Айтқали 1962 жылы университетті үздік бітіріп шықты. «Болар бала бесігінде бұлқынар» демекші сөйтіп біздің кейіпкер студенттік шағында-ақ үлкен ғалым боларын дәлелдеді. Ол кезде мұндай талантты да еңбекқор жастарды оқу орнында қалдырып, ғылыми арнаға салу дәстүрлі әдет еді. Сол бойынша Айтқали да «Халық шаруашылығын жоспарлау және экономиканы материалдық-техникалық жабдықтау» тақырыбындағы ғылыми ізденіс жобасының «стажер-зерттеушісі» болып қалдырылды. Бұл топқа профессор Т.Шәукенбаев жетекшілік жасайтын. Не керек, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және Балқаш өңірінің экономикасын одан әрі жеделдете дамытуға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп кетті. 1963 жылдың өзінде сол кездегі «Народное хозяйство Казахстана» журналының төртінші санында бұл топтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелері жайлы мақала жарық көрді. 1963 жылдың қыркүйек айында Айтқали Қазақ мемлекеттік университетіндегі экономика факультетінің негізінде жаңадан шаңырақ көтерген Алматы халық шаруашылығы институтына ауыстырылып, «Құрылысты материалдық қорлармен жабдықтаудағы жаңалықтар» деген тақырыптық ғылыми-зерттеу ісімен айналысты. Бұл оның бірлескен еңбегі ретінде 1965 жылы жеке кітап болып шықты. Кейіннен Халық шаруашылығы институтының ректоры жаңа кафедра ашқанда ізденуші  Айтқали Нұрсейіт  мұнда аға оқытушы дәрежесіне көтеріліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ойдағыдай аяқтаған соң Мәскеудегі Г.В.Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтының аспирантурасына  арнайы жолдамамен жіберілді.  Екі жылдан соң-ақ Айтқали Нұрсейіт  біз мақаламыздың басында баяндап кеткендей жағдайды басынан өткере отырып, Мәскеуде ғылым кандидаты атағына диссертацияны үздік қорғап шықты. Сөйтіп, 1968 жылы ол Қазақстанға қайта оралып, Алматы халық шаруашылығы институтына доцент болып орналасты. Сол кезде жалпы адамзатқа танымал экономист, Карл Маркстің досы Фредрих Энгельстің 150 жылдығы аталып өтетін болды да, сол мерейтойға орай жазылған «Ф.Энгельс қоғамдық өндірісті жоспарлы дамыту туралы: ұлы төңкерісшіл және ойшыл» деген тақырыптағы мақаласы республиканың аға басылымы «Казахстанская правда» газетінде жарық көрді. Бұл М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен ғалымдардың бүкілодақтық форумында Айтқали жасаған елең етерлік баяндаманың өзегі болды. Ол мемлекеттік меншікті халық шаруашылығын дамытудың қозғаушы күші ретінде молынан пайдалану жөнінде жиналғандарға мүлде жаңа ой тастады. Шын мәнінде ол кезге дейін мемлекеттік меншік, колхоз меншігі, коммуналдық меншік, кооперациялық меншік дегендер болатын. Осылардың ішінде ең салмақтысы мемлекеттік меншік болғаны даусыз. Сондықтан да сол қуатты күшті тұтастай халық шаруашылығын қарқынды дамыту ісіне оңтайлы пайдалану қажеттігі жайлы айтылған бұл ой экономика ғылымы әлеміндегі ерекше елең еткізген жаңалық болды. Мұндайды Айтқали секілді ғылымдағы жүрек жұтқандар ғана айта алары және даусыз. Түсініктірек тілмен айтар болсақ, ол кезге дейін мемлекет «совхоз» дейтін ауылшаруашылығы құрылымына аста-төк қаражат және материалдық техникалық қолдау көрсетсе де мұндай қолдаудан «колхоз», «коммуналдық шаруашылық», «кооперация» деп аталатын құрылымдар шет қалатын. Ал ақиқатқа тура қарар болсақ, бұлар да КСРО халық шаруашылығы деп аталатын алып ағзаның бір бөлшегі ғой. Демек «көзқарас» және көмек бәріне бірдей болуы керек, сөйткенде ғана халық шаруашылығы қарқынды дамиды деген сөз шын мәнінде тосын ой екені даусыз. Оқырман байқаған шығар, экономика ғылымындағы дара тұлғалардың бірі Айтқали осылайша тосын ойларымен көзге түскен бір ғалым болып сомдалды.             Кейіннен ғалым Айтқали Шоқалиұлы Прага, Брно және Братислава қалаларында «стажировкадан» өтіп, мұнда зерттеген ғылыми жобалары 1977 жылғы Еуропаның экономикалық даму барыстарына бағытталды. Ол өзінің көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары талантты ғалым Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің жетекшілігімен атқарғанын мақтан тұтады. Кенжеғали екеуіміз Қостанай облысындағы Әулиекөл орта мектебін бірге бітіріп, бала кезден бірге өскен дос болатынбыз. Жоғарғы оқу орнына да бірге түсіп, бірге бітірдік. Кенжекеңнің ғалым ретінде ерекше қасиеті қазіргі тілмен айтқанда «креативті ойлау». «Қатып қалған» заңдылықтарды «бұзып», оның орнына жаңа тұжырымдамалар мен ұсыныстар енгізу Кенжекеңнің ғылымдағы негізгі ұстанымы еді. бұл жағынан алғанда Кенжекең мен Айтқали бірін-бірі тауып қосылғандай деуге болады. Екеуінің ғылымдағы ұстанымдар ұқсастығы үнемі айтарлықтай жеміс берді деу керек.             Айтқали Шоқалиұлы 1985 жылы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Оның ұйымдастырушылық қабілеті де осы «ежелгі НарХоз» қабырғасында жарқырап көрінді. Айталық, КСРО көлемінде тәрбие жұмыстарына арналған оқу-әдістемелік Одақтық конференцияны түңғыш рет өткізген біздің «НарХоз» болды. «НарХоз»-ға сол кездегі үлкен одақтың экономикалық жоғары оқу орындарының барлығынан дерлік ғалымдар қатысты. Осындай үлкен істі тындырған ол 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасына» байланысты проректорлық қызметінен қуылды. Әманда мұқалмайтын, оптимист Айтқали көп ұзамай ақталып, «НарХоз»ға В.Е.Черкасов ректор болған кезде проректорлық қызметіне қайта оралды.             Ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануды өмірлік серік еткен ғалым. 1988 жылғы Үкіметтің №487 қаулысына сәйкес «Материалдық-техникалық жабдықтау және өндіргіш күштердің көтерме саудасы» деген тақырыптағы ғылыми-зеттеу жұмыстарын зерттеуді тереңдете түсті. Нәтижесінде «Республиканы шаруашылық есепке және өзін-өзі қаржыландыруға көшіру тұғырнамасы» жасалынды. Ақиқатқа тура қарар болсақ, Айтқалидың бұл еңбегі «Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз ете алатын мемлекет бола алады» деген сенімді ғылыми негіздеп шыққан алғашқы қадам еді. Әрине, 1988 жылы Қазақстан Кеңестер Одағы дейтін алып державаның құрамында болды. Ал Республика экономикасы бір-бірімен байланыстағы алып одақтық экономика деп аталатын ағзаның бір бөлшегі еді. Мәселен, бір республикаларда машина, трактор құрастырылса, бізде олардың бөлшектік құралдарын шығаратын алып зауыт жұмыс істеді. Отандық өнім солардың тапсырысы бойынша шығарылатын. Олар тапсырыс бермесе өндіріс өзінен-өзі тоқтайды. Осындай   деңгейде ұйымдастырылған  экономикалық тұтас ағзадан «жаңа отау тігіп», ол өзін-өзі қаржыландыратындай жағдайда жұмыс істеуіне болады деудің өзі кеңестік жоспарлы экономика жағдайында «бүйректен сирақ шығару» болғанымен бүгінгі тілде «креативті ойлау» делінеді. Олай болса Айтқалидың креативті ойлау қабілеті егеменді ел экономикасының дербес жұмыс жағдайына көшіп, өзін-өзі толық қамтамасыз етуінің алғашқы ғылыми негіздемесі деу керек шығар. Әрине нарықтық-капиталистік экономика мен жоспарлы социалистік экономиканың айырмашылығы өте үлкен. Мұны мен сол Кеңестер Одағы кезінде арнайы мемлекеттер аралық келісім-шарт негізінде АҚШ елінде ғылыми стажировкадан өткенде толық түсінгенмін. Сол пікірім кейіннен екі экономикадағы ерекшеліктерді салыстырған докторлық диссертацияға негіз болды. Мен үшін өзін-өзі қаржыландыратын республика болу деген сөз «толық егемендік» жағдайында ғана көзге елестете алатын игілік. Ол шын мәнінде солай. Ал Айтқали болса одақтық «бірлестікте» мүше бола жүріп, толық өзін-өзі қаржыландыру туралы ұсыныс жасайды. Мұны «креативті ойлау» демегенде не дерсіз? Өйткені Одақ басшылығы сөздің тура мағынасында Қазақстанның «өзін-өзі қаржыландыра алатын республика болуын» қаламайды ғой. Егер қаласа экономиканы дәл сол кездегідей бір-бірімен ажырамастай деңгейде құрмас та еді.   Мақала кейіпкеріне айналған ғалым досымыздың іскерлік қабілеті әсіресе егемендіктің алғашқы жылдарында ерекше жеміс берді. Айталық ежелгі «НарХоз» осында проректор болып жұмыс жасап жүрген Айтқали Нұрсейітов басқарған ғылыми жұмысшы топ жасаған жарғы бойынша Қазақтың мемлекеттік экономикалық университеті болып қайта құрылды. 1992 жылы Кенжеғали Сағадиев мұнда ректор қызметіне тағайындалған соң университет Мемлекеттік басқару академиясы болып атауын жаңалап қана қоймай, мүлде қоғамға сай жұмыс істей бастады. Бұл кезде профессор Айтқали Шоқалиұлы жаңа қоғамдық қатынас жағдайында жұмыс істей алатын ғалымдар оқытумен айналысты. Ол сөйтіп ғылым докторларын сынақтан өткізетін мемлекеттік комиссияның белсенді мүшесіне айналды. 1982-1992 жылдар аралығында қазақ экономика ғылымының «қара нары» одақтық деңгейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына араласты. Ол бұл кезде Германия, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореядан арнайы шақыртылған танымал ғалымдармен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экономика ғылымын жоспарлы социалистік жүйеден нарықтық-капиталистік жүйеге көшіру және біз үшін мүлде соны экономикалық қатынастарды оқыту, жаңа қоғамқа қызмет ететін мамандар даярлау, оқу өндірісіне компьютерлік технологияны енгізу, нарықтық экономика ғылымын жоғары оқу орындарында оқыту құралдарымен әдістемелік көмекші құралдарды даярлау жұмысының алғы шебінде болған да осы Айтқали Шоқалиұлы еді. Ол мұндай ауқымды міндетті шешу үшін АҚШ, Еуроодақ елдерінің университеттерінде болып, тәжірибеден өтті. Білгендерін, ол оқып түйгендерін үйретіп елімізде жаңа қоғамға толыққанды және сауатты деңгейдегі мамандарды даярлау үшін Басқару академиясының ректоры Кенжеғали Сағадиевтің тікелей ұсынысымен ол академия ішінде Нарықтық  қатынас институтын ұйымдастырып, оны мүлде жаңаша, дәлірек айтсақ, акционерлік қоғам ретінде құрып шықты. Кейіннен Қазақстан Республикасының жаңа заңдарына сәйкес ол «Еуразиялық нарық институты» деген атаумен оңашаланып, ашық акционерлік қоғам қалпында жұмыс істеді. Оның ұйымдастырушысы да, алғашқы ректоры да А.Ш.Нұрсейітов болды. Бұл сөздің тура мағынасында толыққанды жаңа білім ордасы еді. Олай дейтін себебіміз, оқу орнының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңа болды, ғаламторға еркін шығу жағдайы туғызылды, отандық және шетелдік білікті ғалымдар оқу-тәрбие жұмысына тартылды. Колледж, бакалавриат және магистратура дейтін деңгейлерді біріктірген бұл оқу орнында студенттердің білім алуына заманауи тұрғыда жағдай жасалды. 19 жыл ішінде бұл оқу орнын 7400 жас бітіріп шығып, олар елдің жаңа қоғамда жұмыс істейтін экономикасын жасаудың ұйытқысы болды. Айталық, қазіргі таңда Қазақстанға кеңінен танымал Қ.Н.Келімбетов, С.У.Нұрғисаев, Б.Б.Жексенбин, З.Г.Зауырбеков. Б.А.Палымбетов, М.К.Құдышев және басқалар осы оқу орнының түлектері. Бұл оқу орнын бітіргендердің енді бір тобы Вашингтон, Нью-Йорк, Хьюстон, Сан-Диего, Торонто, Лондон, Вена, Мәскеу секілді қалалардың әлемге танымал беделді оқу орындарында білімін одан әрі шыңдап, сұранысқа ие топ-менеджерлерге айналды.    Айтқали Шоқалиұлының танымалдылығы мен іскерлігі университеттің ең беделді оқу орнына айналуының негізі болды десек артық атйқандық емес. Сол танымалдылық пен іскерлік нәтижесінде АҚШ, Еуроодақ мемлекеттері, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея секілді ежелден нарықтық қатынастағы елдердің білікті ғалымдары елімізге келіп, студенттер алдында лекциялар оқыды. Бір ғана оқу орнында шетелдік даңқты 37 профессордың лекция оқуы аса сирек кездесетін құбылыс. Профессор А.Ш.Нұрсейітовтың іскерлігі нәтижесінде жоғары оқу орны USAID және  “GARANA”  (АҚШ) гранттарын жеңіп алды. Сөйтіп, бұл оқу орны Қазақстан бойынша әлемге танымал «Ғылымхана» болып шықты. Бұл күндері республика Білім және ғылым министрлігінің ұлттық рейтингі бойынша Айтқали Шоқалиұлы басқаратын жоғары оқу орны білім беру жүйесіндегі еліміздің ең таңдаулы 75 университетінің бірі. Айтқали өзі жетекшілік жасайтын университетте білімнің сапалы болуын ерекше назарда ұстаған ректорлардың бірі болды. Ол басқарған оқу орнында 120 ғылым кандидаты, 25 ғылым докторы жұмыс істеді. Солардың бәрі де өздерінің салалық ғылым бойынша терең білімі бар екенін дәлелдегендер. Өйткені Айтқали Шоқалиұлы әрқашан да «сапалы лілімді ғалымдар ғана тәрбиелей алады» деп жүретін азамат. Осындай өмірлік ұстанымына байланысты профессор-оқытушылар ұжымын қалыптастыру кезінде ерекшелеу сөзсіз. Бұл университетте сондықтан да таңдаулы  тұлғалар ғана дәріс оқиды.   Оқырман қауым үлкен бетбұрысты шақ туғанда қазақтың ақтаңгер ақыны Махамбет Өтемісұлының «біздің бұл іске «кәтепті қара нар» керек» деп жырлағанын білетін шығар. Иә, әрбір ірі істерге нар жүгін көтеруге дайын мықтылар қажет. Егер ол іс «инемен құдық қазғандай» білім, ғылым саласында болса оған нардың нары ғана шыдары ақиқат. Қазіргі кезде «докторлар» көбейді ғой. Мен «кейін пайда болған докторлар» жайлы онша «жылы сөз» айта қоймаймын. Ал кешегі тәртібі мен талабы қатал Кеңес заманында докторлық түгіл кандидаттық диссертацияны қорғаудың өзі қиын болды. Міне, сол қиын кезеңнің докторы Айтқали сөздің тура мағынасында ақиық ақын армандаған «кәтепті қара нардың» өзі екенін бүкіл өмір жолында дәлелдеп шыққан тұлға. Оның үстіне ғылыми еңбектеріне креативті көзқарастармен қараған ол әрқашан да соны ойлар мен ұсыныстардың туғызушысы болғанын көзбен көрдік. Ғылымда ойлағаныңды тындыру үшін де үлкен төзім керек. Ал ғылым докторы атағын қорғап, одан кейін де сан салалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару үшін бұл төзім шексіз болмақ. Ғылымды қуған адамның өзі төзер, ал оның отбасы бұған төзе ме? Міне, бұл ғалым өміріндегі ең маңызды сұрақ. Алдын-ала айтып қояйын, егер серік еткен жарың осалдық танытса, сен ғылымда биікке шығу былай тұрсын, оның мұзартына өрмелеуден де бас тартасың. Өйткені ғылым жолын қуушылардың аз жалақысы отбасын қамтамасыз етуге жете бермейді. Міне, осындай жағдайда Айтқали Шоқалиұлының ғылымдағы биік белесті бағындыруына оның жары Қайыржан Ахметқызы қолдаушы, дем беруші қызметін атқарғаны даусыз. Университет қабырғасынан бері араласқан бұл отбасын мен жақсы білемін және жоғары бағалаймын.    Ол тек қана өз ісіне, қызметіне, ғылыми ізденіс жұмыстарына ұқыпты. Бұл жағынан алғанда Айтқали дос қандай мақтауға да лайық. Десек те өз басым досыммен әзілдескенде сен білім, ғылымда осындай биікке шыққаның үшін Қайыржанның алдында қарыздарсың деп қоямын. Ақиқатын айтар болсам, бұл шын сөзім. Айтқали аса бауырмал жан. Оның қарындастары Әлима, Рәбиға, Айтбике, Райхан әрқашан да ғалым досымыздың жемісті жұмыс істеуі үшін елпілдеп жүгіріп жүреді. Ал ұлы Азамат Мәскеудің Халық шаруашылығы институтын ойдағыдай тәмамдап, мемлекеттік жауапты қызметтерде жұмыс істеді. Қазір «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорында топ-менеджерлердің бірі. Нұрланы болса елімізден алған  білімін Германияда шыңдады. Вашингтонда, Нью-Йоркте, Мәскеу мен Парижде, Токиода стажировкадан өтті. Раушаны доцент. 75 жасқа толып отырған ғалым досымыздың немерелерінің алды Жания мен Асқар Назарбаев универститетінің студенттері болса, Нұрдаулет, Қуаныш, Динара, Гауһарлары мектеп оқушылары. Әмірхан, Бекарыс, Айсана және Аружан балабақшасының бүлдіршіндері. Сөйтіп, білім, ғылымда асқаралы асуды бағындырған Айтекең бұл күндері үлкен жанұяның ардақты атасы болып шықты. Бір азамат үшін осы аталғандардың өздері де жетіп-артылатын бақыт қой. Ал Айтекең болса 75-ке келдім, қолдан келгенді жасадым, енді дем аламын демейді. Өйткені жоғарыда айтып кеткенімдей, ол еңбектенуге жаратылған оптимистің өзі. Мен жастайымыздан бірге өскен құрметті досыммен жиі-жиі кездесіп тұрамын. Сонда байқағаным оның «жұмысы» соңғы кездері тым көбейіп кеткендігі. Байқағаным, оның ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың соңғы Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялап, алда атқаратын міндеттер ауқымынан ол өзі айналысатын істі тапқандай. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясына нағыз ғалым көзімен үңіле қарасаң халқымыздың сапалық жақсаруы, еліміздің гүлденуі үшін экономист ғалымдар атқаратын іс ауқымды. Біріншіден, экономикасы тұтасымен сапалық жаңару үрдісін бастан өткізетін елімізге сапалы білімді мамандар керек. Екіншіден, Қазақстанның экономикалық дамуы әлемдік дамумен тұтастықта және бір мезгілде жүзеге асатындықтан оны үйлестіруші ғылыми негізделген экономикалық жобалар қажет. Үшіншіден, халықтық менталитетті толық өзгерту үшін экономист ғалымдардың бұқараны нарықтық қоғам жағдайында өмір сүруге оқытулары керек. Кейбіреулер білімсіздікпен «экономист мамандар көп дайындалады, солардың қажеті қанша?» деген пікірлерін ашық айтатын болыпты. Ал шындығына тура қарар болсақ, онда әрбір қазақ, әрбір қазақстандық нарықтық қоғамда өмір сүруді үйренуі үшін де экономикалық сауатты болуы қажет қой. Демек, бүгін 75-тің төріне шыққан Айтқали Шоқалиұлы дәл қазіргі таңда Қазақстан үшін, қазақстандықтар үшін аса қажет ғалым. Оның елімізге, әрбір қазақстандыққа әлі талай пайдасы тиеді деп сенемін. Ұлтымыздың данышпан ұстазы Абай Құнанбайұлы «Сен де кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан», «Ондай болмақ қайда деп Айтпа ғылым сүйсеңіз» деп өсиет айтса, осы Абай мұраттарын мүлтіксіз орындағандардың бірі және бірегейі Айтқали Шоқалиұлы болды. Ол ең әуелі «ондай болмақ қайда деп» жүрексінбей, бейнетіне төзіп, еңбектеніп, ірі ғалым болып шықты. Және «қаланатын кетігін» дәл тапқан да осы Айтқали Шоқалиұлы десем мұным құрметті досымды асыра мақтағандық емес. Мерей тойында «ердің ері» Айтқалиға ғұмырың ұзақ, көргенің қызық-қуаныш болсын дер едім. Бұл турасын айтқанда еңбекқор ғалым-ұстазға ұлтыңа берерің көп болсын, еңбектене бер деген тілегім. Ал ол өз мамандығы бойынша еңбектенуден жалықпайтын, еңбектен ләззат алатын нағыз «қара нар» екендігін дәлелдеген тұлға.  

Сағындық САТЫБАЛДИН,  ҚР ғылым мен техникасына  еңбегі сінген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы