- Бизнес & Қоғам
- 20 Наурыз, 2013
ТАУ БАЛАСЫ ТАУҒА ҚАРАП ӨСЕДІ Техника ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбай Қасымбеков туралы сыр
Атақты аспантау атанған Тянь-Шань тауы шығыстан күнбатысқа қарай жөңкіле көшіп, басын мәңгілік мұзарт басқан, төбесімен көк тіреген айбарлы Алатауға ұласады. Алатау онан әрі жерінің табиғи ерекшеліктеріне қарай Жоңғар Алатауы, Қырғыз Алатауы болып атала келе, Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Ақсу Жабағылы тауларына барып аяқ тірейді. Күн сәулесімен ақ қалайыдай жарқырап көз қарықтыратын Ақсу – Жабағылы тауларының биік-биік шыңдары кім-кімнің де назарын өзіне аудармай қоймайды. Төскейінен Ақсу өзені арқырай ағып, төмендегі алқаптар мен ел-жұртты кәусар нәрімен нәрлендіріп жататын Ақсу-Жабағылы тауларының биік шыңдары мен шатқалдары көкпеңбек шыршалар мен аршаларға, қарағайларға, жабайы жеміс-жидектерге, қар барысы, қоңыр аю, арқар, таутеке сияқты аңдарға, әртүрлі құстарға да өте бай. Табиғаттың осы бір бейкүнә сұлулығын, пәктігін, табиғи байлығын ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан көрнекті мемлекет қайраткері, Мәскеуде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істеген Тұрар Рысқұлов үкімет қаулысымен Ақсу – Жабағылыны 1927 жылы мемлекеттік қорыққа айналдырған. Бұл ешкім шүбә келтіре алмайтын тарихи шындық.
Ал енді осы қорықтың негізгі аумағы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында жатыр. Ақсу – Жабағылы тауларының солтүстік қапталында батыстан шығысқа қарай созылып бір кездері Түріксіб темір жолы атанған атақты шойын жол бар.
Міне, осы аймақта, Абайыл темір жолы бекетінде, біздің кейіпкеріміз, белгілі ғалым, педагог, азамат Жақсыбай Нұрлыбайұлы Қасымбек дүниеге келген. Оның әкесі осы Түлкібас өңіріне кең танылған ұстаз Нұрлыбай Қасымбеков Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, 1946 жылы елге аман-есен оралған жауынгер еді. Соғыс кезінде Бауыржан Момышұлы полкінде қызмет етіп, жанкешті шайқастарда Отан үшін қан төгіп, екі рет ауыр жарақаттанған ол елге оралған соң, 1947 жылдан бастап, Абайыл теміржол бекетіндегі бастауыш мектепте мұғалім, мектеп директоры болып қырық жылдай қызмет істейді. Қызмет істей жүріп Шымкенттегі педагогикалық институтты сырттай бітіріп алады. Зайыбы Болай да осы мектепте ұстаздық еткен. Ерлі-зайыпты Нұрлыбай мен Болай тату-тәтті ғұмыр кешіп, 10 бала тәрбиелеп өсірді.
Нұрлыбай мен Болай балаларына жақсы тәрбие берді. «Білімдінің алды жарық», жақсы оқып, терең білім алсаңдар халыққа пайдаларың тиеді. Елі үшін емес, тек өзінің ғана қарақан басы үшін өмір сүрген азамат алысқа бармайды. Сондықтан ілім-білімге ұмтылыңдар, балаларым!» – деп отырар еді Нұрекең. Нұрлыбай аға балаларының күнделігін уақтылы тексеріп, үй тапсырмаларын қалай орындағандарын да назардан тыс қалдырмайтын. Ата-анасы ұл-қыздарының жеке тәрбиесіне де тікелей араласатын. «Үлкен кісілерді көргенде тоқтай қалып, сәлем беріңдер. Ешкімнің ала жібін аттамаңдар, пәленшенің балалары жаман екен деген сөзді бізге естіртпеңдер» - дейтін еді Нұрлыбай мен Болай балаларына. Олар өз балаларын еңбекке де жақсы баулыды.
«Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Нұрлыбайдың 10 баласы да мектепте жақсы оқып, тәрбиелі азаматтар болып өсті. Бәрі де жоғары білім алып, бүгінде қызмет істеп жүр. Бұл үйдегі он баланың үшіншісі Жақсыбай бүгінде елімізге кеңінен белгілі үлкен ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, көп жылдан бері Алматы экономикалық колледжін басқарып келеді.
Жақсыбай бала кезінде Жабағылы тауларының биігіне шығуға құмар болатын. Тау басына шыққанда Түлкібас өңірі алақандағыдай анық көрінетін. Алайда ол онан да әрі қиырларды көргісі келетін. Осындайда әкесі Нұрлыбайдың: «Жоғары оқу орнын бітіріп, жақсы қызмет істесеңдер алыс-алыс жерлерді, айдын шалқар көлдерді, елшін-елшін елдерді көресіңдер» деген сөзі есіне түсіп, қайткенде де туу алыста, үлкен-үлкен қалаларда оқығысы келетін. «Алла жастың тілегін қабыл етеді» дегендей, оның бұл тілегі де орындалды. 1969 жылы орта мектепті үздік бітірген Жақсыбай Қасымбек сол жылы Мәскеудегі Н.Э. Бауман атындағы Жоғары техникалық училищеге оқуға түсті. Ресейдің атақты конструкторларының бәрі де осы оқу орнының түлектері. Қорғаныс және халық шаруашылығы техникалары мен авиация машиналарын жасауда онан түлеп ұшқан мамандардың үлесі ерекше. Сондықтан училищенің Ресей техникаларын дамытудағы орны айрықша болатын. Ал осындай оқу орнында білім алу кім-кімге де мақтаныш...
Ауылда қазақ мектебін бітіріп келген Жақсыбай үшін орыс тілінде оқуды бірден меңгеріп кету оңайға соқпады. Әсіресе, техникалық терминдерді түсінбей қиналған кездері әлі есінде. Соған қарамай күндіз-түні жалықпай оқып, техникалық атаулардың, орыс тілінің қыр-сырына дейін терең үңіліп, үздіксіз ізденудің арқасында аз ғана уақытта қиындықты еңсеріп, жақсы оқитын студенттер қатарына ілікті. Оқи жүріп, оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене араласу арқылы көзге де түсті.
1975 жылы жоғары техникалық училищенің конструкторлық-механикалық факультетін бітіріп, инженер-механик мамандығын алды. Өзі жақсы оқыған, қоғамдық жұмыста белсенділігімен көзге түскен әрі ғылымға икемі бар жас жігітті училище басшылығы оқу орнының «Көтеру-тасымалдау машиналары» кафедрасына стажер-зерттеуші қызметіне қалдырды. Екі жылдан соң ғылымға бейімделген Жақсыбай 1977-1980 жылдары аспирантурада оқып, техника ғылымдарының кандидаты, кейін техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін абыроймен қорғады. Оның докторлық диссертациясын Жоғары аттестациялық комиссия «өз саласындағы ең үздік зерттеу жұмысы» деп жоғары бағалады. Оның ғылыми еңбегі туралы «Научные школы МГТУ (МВТУ) имени Н.Э. Баумана» кітабында атап көрсетілді.
«Ғылымның жолы – қия жол», сол жолға түстің екен, тайып кетпей, жоғары қарай өрлеуің керек. Сонда ғана нағыз ғалым ретінде мойындаласың. Жанқияр еңбек пен ізденістің арқасында Жақсыбайдың зерттеулері отандық ғылымға өлшеусіз пайда келтірді. Айталық, оның «Жүк көтергіш машиналардың металл құрылымдарының төмен температурадағы тасымал қабілеттілігі», «Көпір текті крандардың арқалықтарының жүктелу қабілеттілігін қирату механикасы тәсілімен бағалау» атты монографиялары әлемдік ғылыми зерттеулердің деңгейінде танылған жаңалықтар болып табылады.
Жақсыбай Нұрлыбайұлы – көтеріп-тасымалдау және жол құрылыс машиналарының металл конструкцияларын есептеу және жобалау жөніндегі ТМД-ға белгілі ірі маман. Термо-серппелі-пластикалық теорияны қолдана отырып, алғаш рет осы салада аяққы элементтер әдісімен (метод конечных элементов) кернеу-деформациялық жағдайдағы крандардың металл құрылымдарын пайдалану жағдайындағы олардың беріктігі мен өміршеңдігіне дәнекерлік кернеулер мен деформация қалдықтарының ықпалын зерттеді. Дәнекерлік элементтердегі қалдық кернеулерді және өсетін сызат түріндегі жинақталған зақымдарды ескере отырып, қолданыста жүрген крандардың металл құрылымдарының анық өміршеңдігін бағалаудың кешенді әдісін жасады.
Оның қатысуымен және жетекшілігімен жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары «Сибтяжмаш» АҚ (Красноярск қ.), «ВПТИТяжмаш» (Мәскеу қ.), «Узловск кран жасайтын зауыты» АҚ (Тула обл.), Карметкомбинат (Қарағанды қ.), ҚР БҒМ Механика және машинатану институты (Алматы қ.) сияқты Қазақстанның және ТМД елдерінің алдыңғы қатарлы өндірістік мекемелеріне енгізілді. Ғылыми жұмыстарының нәтижелері көрмелерге қойылып, дипломдармен, грамоталармен марапатталды.
Мәскеуде 11 жыл оқып әрі қызмет істеп туған елге оралған Жақсыбай Қасымбек 1981 жылдан бастап Алматыдағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқытушы, аға оқытушы болып қызмет істеді. 1985 жылы доцент, 1999 жылы профессор ғылыми атағын алды. 1983-1991 жылдары оқу орнының «Машина жасау» факультетінде деканның орынбасары, декан болып қызмет атқарды.
1999 жылдан бері Жақсыбай Нұрлыбайұлы Қасымбек Алматы экономикалық колледжінің директоры. 2012 жылы 70 жылдығы атап өтілген бұл оқу орны 1942 жылы, Ұлы Отан соғысы қызып тұрған кезде, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Талдықорған облысы Киров поселкесіндегі қант комбинаты аумағында Талдықорған қант өнеркәсібі техникумы болып құрылған еді. Бұл еліміздегі тамақ өнеркәсібі үшін кадр дайындайтын тұңғыш техникум болатын. Алғашқы кезде оның оқу-материалдық базасы өте төмен болғаны да жасырын емес. 1948 жылы техникум Алматыға көшіріліп, Алматы тамақ өнеркәсібі техникумы болып қайта құрылды. Кейінірек Алматы политехникумы аталып, элеватордың, диірмендер мен қоймалардың жабдықтары бойынша мамандар, астық сақтау және оны өңдеу, нан өнеркәсібі технологтары, тамақ өнеркәсібі жабдықтары механиктері мен бухгалтерлерін дайындай бастады. Кейінірек макарон, кондитер тағамдары, сыра қайнату, арақ-шарап, сусын технологтарын дайындау қолға алынған.
Жақсыбай Нұрлыбайұлы Қасымбек басшылыққа келгелі бері оқу орнында түбегейлі өзгерістер болды. Алматы экономикалық колледжі болып қайта құрылуына байланысты жаңа басшы мұндағы экономикалық блокқа ерекше назар аударды. Осыған орай мұнда бухгалтерлік есеп және аудит, қаржы, банк ісі, ақпараттық жүйлер мен есептеу машиналары, қонақ үй шаруашылығы мамандары даярлана бастады.
Бүгінде елімізде жоғары техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары баршылық. Дегенмен, заман талабына сай, бәсекелестікке қабілетті оқу орны ғана абырой-беделін сақтап қалатыны ақиқат. Бәсекеге қабілетті болу үшін, біріншіден, білім сапасын жоғары деңгейге көтеру қажет, екіншіден, оқытушылардың біліктілігі мен сапалық құрамы талапқа сәйкес болуы тиіс, үшіншіден,оқу үдерісі инновацияға негізделеді, төртіншіден, материалдық-техникалық база мықты болуы керек. Бүгінде профессор Жақсыбай Нұрлыбайұлы Қасымбек басқарған колледж басшылығы осы бағыттар бойынша жұмыс істеп келеді. Әсіресе, бүгінгі заманның басты талабы – әлемдік инновациялық технологияларды терең меңгеру, ақпарат жүйесін барынша жетілдіру десек, ұжым осы мақсатқа жету үшін күресіп келеді.
Соңғы жылдары колледж директоры Ж.Н. Қасымбектің басшылығымен материалдық-техникалық базаны заманауи деңгейге көтеру, оқу үдерісін ақпараттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл мамандардың сапалы жаңа деңгейін дайындауға мүмкіндік береді. Осыған орай колледжде 20 жаңа мамандандырылған аудитория пайдалануға берілді, 11 компьютер сыныбы, мұражай ашылды. Кітапхана мен мәжіліс залы қайта жөндеуден өтіп, интербелсенді құралдармен жабдықталды, спорт және тренажер залдары ашылды, оқу зертханалары толық жөндеуден өтті. Колледж асханасы мен оқу наубайханасы үшін жаңа технологиялық жабдықтар алынып, жатақханалар еуроүлгісімен қайта жөнделді. Мұндағы тұрмыстық техникалар мен жиһаздар толық жаңартылды.
Колледжде жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған компьютерлік сыныптар мен орталық серверлер, ақпараттық талдау орталығы, интернет-кітапхана, механикалық шеберхана, оқу, спорт және жаттығу залдары, психикалық көңіл-күйді реттеу және релаксациялау бөлімдері жұмыс істейді.
Директор Жақсыбай Қасымбек колледж студенттеріне үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен келісімшартқа отырып, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Осының нәтижесінде колледж түлектерінің көбі колледжден кейін, өз мамандықтарына сәйкес тиісті жоғары оқу орындарының ІІ және ІІІ курстарында оқуларын онан әрі жалғастыруда.
Алматы экономикалық колледжі педагогикалық ұжымының оқу үрдісін жаңартуға талпынысы техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнының жаңаруымен байланысты. Қазіргі уақытта колледждің авторлық тобы «Тамақ өнімдері өндірісінің технологиясы», «Экономика және басқару» бейіндері бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік ретінде жұмыс жасап келеді. Осы жылдарда «Нан, макарон және кондитер өндірісі», «Сыра, алкогольсіз және спиртті сусындар өндірісі», «Элеватор, ұн, арпа және құрама жем өндірісі», «Тамақ өндірісі кәсіпорындарының жабдықтары», «Қант өндірісі», «Май және май алмастырғыштар технологиясы», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша ҚР жалпыға міндетті білім беру стандарттары (ЖМББС) мен ықпалдасқан білім беру бағдарламаларын жасады.
Соңғы жылдары Алматы экономикалық колледжінің педагогикалық ұжымы «Бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастырудың тәсілі ретінде оқу-тәрбие үрдісінде инновациялық технологияларды пайдалану» атты ғылыми-әдістемелік мәселе бойынша жұмыс істеп келеді. Осы ғылыми-әдістемелік жобаны іске асыру мақсатында «Оқытудың үшөлшемді жүйесі», «Кейстер», «Өнертапқыштар мәселесін шешу теориясы мен технологиясы», «Сатылай кешенді талдау технологиясы», «Мәселе қойып оқыту технологиясы» және тағы да басқа алдыңғы қатарлы оқыту технологияларын қолдануда.
Білім саласында өзінің педагогикалық стилін іздеу, білім мазмұны мен формаларын жаңарту, облыстық, республикалық байқаулар мен халықаралық жобаларға қатысу колледждің тұрақты түрде өсуі мен дамуын қамтамасыз етіп келеді.
Алматы экономикалық колледжі – Қазақстан Республикасы техникалық және кәсіптік білім жүйесінде іске асып жатқан көптеген халықаралық жобаларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Айталық, Еуропа Білім Қоры тарапынан ұйымдастырылған жобалар: «Орталық Азия елдеріндегі ұлттық біліктілік құрылымдары», «Кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесін басқарудағы әлеуметтік әріптестіктің ролі», «Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіндегі оқу орындарының өмір бойы оқытуды қамтамасыз етуі», «Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беруді реформалау үрдісін қолдау», «Германиядағы кәсіптік білім беру мен педагогиканың инновациялық әдістері» және Британ Кеңесі ұйымдастырған жоба «Орталық және Оңтүстік Азиядағы кәсіптік білімді дамыту – жасөспірімдерге арналған кәсіптік оқытудың тәжірибесін оқып-үйрену» және т.б.
Білікті мамандарды дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі өндірістік тәжірибе болып табылады. Мұндағы мақсат – теориялық оқыту үрдісінде студенттердің алған білімдерін тереңдету және бекіту, мамандығы бойынша жұмыс орнында тәжірибе жинау.
Колледжде өндірістік тәжірибені ұйымдастыруға және өткізуге ерекше көңіл бөлінеді, себебі тәжірибеден өту болашақ маманның жұмысқа құзыретінің алғашқы қадамы екені белгілі. Қазіргі уақытта колледж алдыңғы қатардағы 60-тан астам кәсіпорындармен студенттерді тәжірибеден өткізуге бағытталған келісімшарттар жасасқан, атап айтсақ: «Ақсай» НТК ЖШС, «Алматы нан» ЖШС, «Рахат» АҚ, «Бахус» АҚ, «Kaspian beverage holding» АҚ, «Derbes сыра қайнату компаниясы» ЖШС, «ИнтерБир» ЖШС, «Қазақстан халық банкі» АҚ және т.б.
Колледж директоры Ж.Қасымбек Алматы облысы Әкімінің қатысуымен «Ақсай» НТК ЖШС және «Кока-Кола СНГ Сервисиз Лтд» Компаниясы, Қазақстан Туристік Ассоциациясы мен Қонақ үй және мейрамханалардың Қазақстандық Ассоциациясы арасында әлеуметтік серіктестік туралы Меморандумдарға қол қойды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша осы мекемелермен студенттерді дуальді жүйеде дайындауды бастап жатыр.
Колледждің биік рейтингісінің бір көрсеткіші – түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Олардың жұмысқа орналасуын табысты ұйымдастыру мақсатында жыл сайын «Бос орындар жәрмеңкесін» өткізу дәстүрге айналған. Мұнда болашақ мамандарды жұмыспен қамти отырып, еңбек нарығы мен білім беру саласындағы өзара қатынасқа байланысты өзекті мәселелер сөз болады және оқытушыларды стажировкадан өткізуді ұйымдастыру бойынша кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс жасау қарастырылып отырады.
Осы мақсатта колледжде ашылған «Мансаптық өсу мектебі» түлектердің маман ретінде жұмыс іздеу үрдісінде өзін-өзі ұсынуы мен ұстанымының тиімді технологияларына оқытады, сұхбаттан өту және басқа да бағалаудың жөн-жосықтарын үйретеді, түлектерді еңбек нарығына бағдарлау дағдысын дамытады.
Кәсіби біліктілікті қалыптастыру және тәжірибелік жұмыста қажетті ептілікке үйрету мақсатында АЭК бизнес-зертханасының базасында құрылған «Керемет» оқу-имитациялық кәсіпорны және «Сластена», «1С: Бухгалтерия», «Фотошоп», «Начинающий предприниматель», «Юный химик», «Психоанализ» сынды кәсіптік үйірмелер жұмысы, сонымен қатар қазақ, ағылшын, орыс тілдерін тереңдетіп меңгеруге арналған курстар ұйымдастырылған.
Болашағымыздың тұтқасы жастар екенін ескере отырып, колледжде жастар саясатына ерекше көңіл бөлінеді. Студенттердің өз мәселелерін шешудегі белсенділігін арттыру мақсатында жастар ісі жөніндегі комитет «Жастар Маслихаты» (КДМ) жұмыс істейді. КДМ құрамында 21 студент бар, олардың әрқайсысы әртүрлі мамандықта оқиды және олардың қоғамдық жұмысы секция жүйесінде қарастырылған.
Колледжде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған игі іс-шараларды өткізу дәстүрге айналған. Олар: «Сапта жүру және ән айту», «Екі жұлдыз», «Жаңа есімдер», «Күзгі бал» байқаулары, жылына бір рет өтетін түлектер слеті, «Студент қатарына қабылдау» кеші және тағы басқалар. Әсіресе, Наурыз мерекесі өте тартымды әрі қызықты өтеді, себебі ұлттық ән-жырға толы думанмен қатар «Алау» Қазақстан халықтары кіші студенттік Ассамблеясының құрамындағы ұлттық-мәдени орталықтар өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдениетін, ұлттық тағамдарын мерекелік тарту ретінде көрсетеді.
Белгілі жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер жиі өтіп тұрады. Жазушы-драматург Дулат Исабековпен, жазушылар Бақытжан Момышұлымен, Зейнеп Ахметовамен болған шығармашылық кештер және «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Б. Ертаевпен, Кеңес Одағының Батыры Н.И. Кременишпен, Ауған соғысы ардагерлер Қоғамының өкілдерімен болған кездесулер студенттердің есінде ұмытылмастай боп сақталған.
Колледжде көркемөнерпаздар үйірмелері тұрақты жұмыс істейді: вокал, хор, би, қазақ ұлттық аспаптар ансамблі, вокалды-аспаптық ансамбльдерге студенттер белсене қатысады.
Өмірі салауатты, тұғыры мықты, егемендігі тұрақты мемлекеттің іргетасы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу болып табылады. Демек, Алматы экономикалық колледжінің оқу-тәрбие жұмысының нәтижесі үнемі дамып отыратын әлемде өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі анықтауға, өзін-өзі танытуға қабілетті және мәдениетті, жоғары адами қасиеттерге ие, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу, заманауи Қазақстанның құрылысы мен дамуына ықпал ететін өз Отанының патриоты болуға лайықты түлектерді дайындаудан көрінеді.
Колледж ұжымының ұйымшылдығы мен қажырлы еңбегінің арқасында бұл мекеме «Білім ұясы: жылдың таңдаулы колледжі» республикалық байқауында І орынға және «Үздік кәсіптік білім беретін мекеме» Алматы облыстық байқауында І орынға, «Жыл таңдауы» агенттігі мен «Президент және халық» газеті тағайындаған «Үздік экономикалық колледжі» мәртебесіне ие болды.
Міне, мұның бәрі – талантты ғалым-педагог, үздік ұйымдастырушы, профессор Жақсыбай Нұрлыбайұлының қажырлы еңбегі мен ізденісінің жемісі. Бүгінде ол – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру директорлар кеңесінің, ҚР БҒМ жанындағы оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі және «Қазақстан Республикасы білімді дамыту тұжырымдамасын», «Білім туралы» Заңын дайындау жөніндегі жұмысшы тобының құрамында болды. Ол Халықаралық жобаларға да атсалысып келеді. Еуропалық білім қоры жобасының аясында жасалған оның ұсыныстары «Қазақстан Республикасы техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына» енді. Ғылым және білім беру саласындағы белсенді қызметі үшін Ж.Қасымбек ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «ҚР ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ҚР БҒМ Құрмет грамотасымен, Алматы облысы әкімінің, Алматы облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
...Ол бала кезінде Жабағылы тауларының биігінен айналаға көз салса, бүкіл Түлкібас өңірі алақандағыдай көрінетін. Алайда ол онан да әрі кең байтақ әлемді көргісі келетін. Осындайда әкесі Нұрлыбайдың «жақсы оқып, қызмет істесең алыс-алыс елдерді, айдын шалқар көлдерді, қиырдағы алып шаһарларды көресің» деген сөзі есіне түсіп, үлкен-үлкен қалаларда оқуға талпынатын...Бала арманы алдамады. Жақсыбай Мәскеуде оқыды, сонда жүріп ғылым қуды. Қызмет істеп талай-талай елдерді, жерлерді көрді. Тау баласы білім шыңдарына қарап бой түзеп, биіктерге өрлеп келеді...
Мырзахан Ахмет, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Ақпарат орталығының директоры, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Несіпхан Бектенов, химия ғылымдарының докторы, профессор.
1533 рет
көрсетілді0
пікір