• Бизнес & Қоғам
  • 28 Наурыз, 2013

ТАУ ТҮРГЕННІҢ ТҮЛЕГІ

Сонау аласапыран заманда, яғни қазақтың бетке ұстар азаматтары «халық жауы» деген жаламен шетінен атылып жатқан қиын кезеңде бұрынғы Талдықорқан облысына қарасты Тау Түрген ауылында Аюбай ақсақалдың баласы Рәштің отбасында 1937 жылы 10 наурыз күні дүниеге Ахат атты ұл бала келді. Оның балалық шағы басқа балалар секілді ауыл өміріне тығыз байланысты болып, еңбекке етене жақын болып өсті. Ол мектептен кейін ауылшаруашылық техникумында оқып, мал мамандығын алып шықты. Соғыстан кейінгі жылдары ауылдағы қой, сиыр және жылқы фермаларында есепші бола жүріп, Алматыдағы зоовет инситутын сырттай оқып бітірді. Өз бастамасымен аудан басшыларының көмегемімен жер алып, оған шекілдеуік, жүгері екті. Күні-түні аянбай еңбек етуінің арқасында еккен егіні бітік шығып, жақсы өнім берді. Ахат онымен шектеліп қалмай жер көлемін кеңейтіп, егісті молайта түсті. Арада ек-үш жыл өткенде ауылдастары Ахатқа қаумалай көмектесіп, түскен өнімнен өз үлестсрін алып, таршылықтан біртіндеп шығып, тамақтары тоя бастады. Ахат егін мен бірге мал шаруашылығын өркендетуге де көп күш жұмсады. Сол тұста ауыл адамдарының арасында: «Малды баққан біледі, отты жаққан біледі, ебін тапқан біледі. Оның бәрін Ахаң біледі» деген мәтел сөз қалыптасты. Иә, десе дегендей, Ахат ала таңнан оянып, қас қарайып, түннің бір уақытына шейін мал мен егіннің басында жүрді. Шаршау, демалу дегенді мүлде ұмытып кеткендей еді. * * * Ахат Қызылжарда бастық болып тұрған кезде аудан әр шаруашылыққа мал бөліп беріп жатты. Мал алушылардың көпшілігі қонды, семіз малға ұмтылып жатқанда Ахат арық-тырық тоқтылар мен көтерем қойларды Көшербайға бөліп беріп, Жыланды деген жерге жұмсады. Көшербай алғаш бұған қатты қапаланды: - Бергенің кілең көтерем қойлар мен арық-тырық тоқтылар. Оның үстіне адам бармайтын Жыландыға жұмсап отырсың. Онда қаптаған қарақұрттар мен жыландар Мұның қалай, қастығың ба әлде достығың ба? - Қапаланба, Көшербай, - деп Ахат күлімсірей қарады. - Бір қарағанда саған қастық жасап отырған сияқтымын. Шындап ойлап қарасаң бұл - саған жасап отырған достығым. Оның мәнісі былай: Жыланды көптен мал аяғы тименген тың жер, шөбі қалың да шүйгін. Екіншіден, қарақұрты көп дейсің. Қайта сонысы жақсы емес пе? Қой қарақұрттан қорықпайды, керісінше, көзіне көрінсе жеп қояды. Қарақұрт жеген қой семіз болады дегенді білмеуші ме едің? Үшіншіден, мейлі, жылан көп бола берсін, қой жыланнан да қорыкпайды. Қой жүнінен жасалған киіз, текеметтерге жылан жоламайды. Демек, жылан сенің үйіңнің айналасы түгіл, отарыңның маңына да жоламайды, өзінен-өзі басқа жаққа ауып кетеді. Көшербай сәл саябыр тапқанымен, Ахаттың сөзіне толық сеніңкіремеді. Бірақ, бастық айтқан соң, көнбеске шара жоқ. Жыландыға сескене-сескене барып, қонысын тікті, отарын жайғастыратын қамыс қоршауын жасады. Алғашқы күндері алаңдағанымен, онша қауіпті көре қоймады, біртіндеп бойы үйрене бастады. Арада бір-екі апта өткен кезде отарларды аралап көріп жүрген Ахаттың өзі де келді: - Көшербай, көңіл-күйің қалай? Жылан немесе қарақұрт шағып алған жоқ па? - деді әзілдеп. Көшербай алғаш сәл қысылғандай біраз қипақтап қалды да, сәлден соң есін жипағандай: - «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген сөзге көзім енді жеткендей болды. Құдайға шүкір, қойлырм да, тоқтыларым да тойынып қалды, бүйрлері де шығып, жүндері жылтырай бастады, - деп, Ахат бастығына әрі досына шын ризашылығын білдірді. Міне, жердің жағдайы мен малдың жайын Ахат осылайша жақсы білетін. * * * Көшербайдың қойлары да, тоқтылары да өлім-жітімсіз әбден семіріп, аудан бойынша ел алдына шыға бастағанда Ахат оны шақырып алып: - Аудан шақырып жатыр, сонда барамыз, жолға дайындал, - деді. Көшербай не болып қалғанын түсінбеді. Аудан орталығына жеткендс Ахат мән-жайды түсіндірді: Көшербай, сенің ерен еңбегіңді бағалап, аудан басшылары саған сыйлығын беріп, алғыстарын айтпақшы. Сонымен бірге саған үлкен сенім артып, енді жылқы үйірлерін тапсырмақшы. Сен ат-тоныңды ала қашпа, қойдың тілін таба білген адам, жылқыны да баға біледі. Амандық болса, бүгін түс қайта бізге бөлген жылқыларын ауылға айдап қайтамыз. Бастық айтса болды, көнбеске шара бар ма? Бұл жолы Көшербай ләм-мүмсіз келісім бергендей басын изеді. Үйір-үйір жылқыларды әр шаруашылыққа 25-тен бөліп беріп жатыр екен. Қызылжарға деген жылқылар бір шетте. Көшербай санап көріп еді, 25 емес, 24 екен. Біреуі қайда деп ойлады. Ахат болса бір қоңыр биенің қасында тұр. Ахат, бізге бөлінген жылқы 25 болу керек қой, ал мына жерде 24 жылқы ғана, біреуі қайда? - деп сұрады. Мына қоңыр биенің құлыны анау тұр ғой, - деп, бір кішкентай құлынды көрсетті. Ой, мынауың өзі кішкентай, енесі де арық, өлейін деп тұрған бірдеме ғой. Осынша жылқының ішінен таңдағаның осы ма деп, ренішін білдірді Көшербай. Ахат болса сабырмен былай деді: - Бұл басында бас бәйгені бермеген жануар еді, байғұсты баға білмей, өлермен халге жеткізіп, арықтатып жіберіпті. Енді осыны күтіп-бағамыз. Түбі еңбегіміз ақталатын болады. - Сонда мұны арбаға саламыз ба? - деді көңілі көншімей тұрған Көшербай. - Сен түсінбедің, Көшербай, мен мұның құлыны жайында, оның төсі мен басы жайында айтып тұрмын. Құлынның басы шашақтай, танауы кең. Осы құлын біздің атымызды шығаратын болады, - деді Ахат сеніммен. Бірақ, Көшербай оған күдіктене қарап: - Өзі өте кішкентай, жәшік секілді екен, - деп бір тоқтады. Ахат бұл сөзді бірден қоштағандай: - Онда, бұл құлынның аты «Яшка» болсын, әрі тіл-көзден сақтайды, елусіз ат қоя салғанымыз дұрыс, - деп қуанып кетті. - Келесі жылы тай жарысына қосамыз, соған дайындала бер. Көшербай қойын Тоқтасын деген туысына тапсырып, өзі сол Жыландыда жылқы бағуға кірісті. Ахат болса оған бар білген ақылын айтып, кеңес беріп отырды: - Көшербай, сұлы - жылқының жаны, одан кейін жоңышқа. Бірақ оларды алдына бос тастай салмай, ішіне қызылша, қант араластырып, дорбаға салып жемдейсің. Көшербай айтқанын бұлжытпай орындағанымен, жұмыстан кейін келіп, Ахаттың өзі бақылап жүрді. Құлынның маңдайынан иіскеп, мойынынан сипап, еркелеткендей болады. Ахаттың ол қылығына Яшка да үйреніп алды. Кейде Ахат келмей қалса, біразға дейін жемін жемей, елеңдеп тұратын болды. Алыстан машинаның гүрілі естілсе болды, Яшка солай қарай шауып, машинамен қабаттаса қораға беттейтін. Сол кезде Ахат Көшербайға: - Мен келе жатқанда арпа, сұлысын араластырып, қызылша мен жоңышқасын турап, Яшканың жемін алдын ала дайындап қой, өйткені, ол жемді менің қолымнан сүйсіне жейді, - дейтін.   Шынында да солай еді, Ахат пен құлынның достығы күннен-күнге жараса түсті. Яшка да тез арада домалайып шыға келді. Бір күні Ахат кешеуілдеп қалып еді, Яшка биіктігі екі метрдей ағаш қоршаудан қарғып шығып, Ахаттың машинасының дауысы шыққан жаққа қарай құйғыта жөнелді. Ахат та машинасынан түсе сала, Яшканың маңдайынан сүйіп, қалтасынан кәмпит, қант беріп жатты. Сол кезде құлын оқыранып, анадай жердегі жылқыларға мақтанғандай паңдана қарады. Шіркін-ай, адамдар арасындағы достық та осынай болса ғой. - Яшка тез арада-ақ жүні жылтылдап, домаланып шыға келді. Келер жылы Жеңіс күні - 9 май мерекесіне орай аудан бойынша ат бәйгесінде Яшка тай жарысына қосылып, бас жүлдеге қол жеткізді. Сөре маңында Ахат та, Яшка да бір-біріне қарай ұмтылысты. Демек, әу бастан-ақ Ахат сол құлынның тұлпар болатынын танып, әдейі тандап алған екен ғой. Сол жылы 6 айдан кейін облыс бойынша аламан бәйге өтіп, Яшка бұл жолы да топ жарды. Содан Яшкаға көз салушылар көбейді. Келер жылы Алматыда Республикалық ат жарысы ұйымдастырылып, оған Яшка да қатысатын болды. Ахат пен Көшербай қонақүйге жайғасып, ертең қатысамыз деп дайындалып жатқан түнде Көмекбаевтың жігіттері қаскөйлік ниетпен аттың аяғына шеге қағып жіберіпті. Ауылдың зоотехнигі болып істейтін ол баста Яшкаға қатты қызығып, оны өзінің қарамағына алу үшін Ахатқа сөз салғанда, бермей қойған. Ішінде сол ызасы, бір жағынан қызғанышы бар арамза тап қысылтаяң кезде аяқтан шалғысы келген. Аттың сылтып шыққанын көрген Ахаттың қабағы түйіліп, салы суға кеткендей болды. Бірақ, Көшербай табандылық танытып, Яшканы шапқалы тұрған жүздеген аттың қатарына жетектеп келіп, шабарман балаға мін деген ишара білдірді. Бала қипақтап тұр еді, Көшербай: - Мін атқа! - деп айқайлап жібергенде, арқасында 8 деген белгісі бар шабарман бала ат үстіне қарғып мінді де, опыр-топыр шауып бара жатқан аттардың легіне қосылды да кетті. Ахат басын салбыратып, төмен қарап ойланып отырып қалды. Бірінші айналымда Яшка үшінші болып келе жатты. Әлі алда 24 шақырым, яғни бес айналым бар. Үшінші айналымда Яшка алға суырлып жеке шыға бастады. Сол кезде Көшербай ойланып төмен қарап отырған Ахатқа қарап: - Аха, көтер басыңды, Яшка алда келеді, - деді айқайлап. Ахат орнынан атып тұрып, алдыңғы жақтағы жақтауға бір қолын тірей ұстап, екінші қолын көтере бұлғап: - Яшка, алға! - деп бар даусымен айқай салды. Алда әлі екі айналым бар. Ахаттың дауысын естіді ме, әлде бар болмысы сол ма, Яшка соңғы айналамда өзге аттардан оқ бойы алға шығып, сөреге жеке дара жетгі. Ахат қуанғаннан көзіне жас алып: - Жарайсың Яшка! Жарайсың Яшка! - деп, көзін беторамалмен сүрте берді. Сөйтіп, қаскөйлердің «Яшканы енді етке өткізеді» деген арам ойлары іске аспай қалды. Керісінше, Ахат аудан орталығындағы мал дәрігерлік мекемеге апарып емдетіп, Яшканы қайтадан қатарға қосты.   * * * Ахат сиырдың да сырын жақсы білетін. Сондықтан ол: - Сиырдың қасиеті тілінде, - дейтін. - Сауын сиырлары нәзік келеді, оларға ерекше күтім мен тазалық керек. Қораның еденін ағаштан жасап, жапаларын астында қалдырмай, күн сайын тазалап тұрған абзал. Сиырлар өрістен оралғанда алдындағы науада суы тұратын болсын, сонымен бірге аз да болса алдына шөп салып қою керек. Сонда жайылымға шыққанда мал қалаған шөбін жейді. Ал, аш болса, қорадан шыға сала көзіне көрінген шөпке ауыз сала береді. Сиырды жайғанда да ауылдың күн батыс жағына жайған жөн. Ал, күн шығыс жаққа жайылған сиыр күніне 5-6 литрдей сүт берсе, солтүстік жағына жайылған сиырлардың сүті күніне 10-12 литрге жетеді.      Ахат Аюбаев осы жайларды сиыршылар мен сауыншыларға айтып, оны өзі үнемі қадағалап отырды. 1958 жылы Ахат өмірлік жан серігі Қаниямен отау құрды. Ел еңсесін жаңадан көтеріп келе жатқанымен, жарқырап көріне қою жас отауға оңайға соққан жоқ. Жастайынан еңбекпен біте қайнап өскен Ахат келіншегін қасына қосып алып, күні-түні еңбек етті: үйдің айналасындағы егістік жерге бау-бақша салды, шекілдеуік екті, жүгері де өсірді. Бұл істері жақсы өнімдерін беріп, біртіндеп көрші-қолаңдары да қызығып, қолдай бастады. Артық өнімдерін базарға шығарды, ағайындарға көмектесті. Сөйтіп жүріп жұмысын да тындыра білді, сырттай болса да оқуын да бітірді. Мал мен егіннің жай-жапсарын бірдей жақсы меңгерді. Ауыл шаруашыығын алғаш егін салудан бастаса, кейіннен төрт түлік малдың фермаларын басқара, колхозда бастық бола жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Ол өзі ғана меңгеріп қана қоймай, білгендерін басқаларға үйретуден жалыққан емес. Ахат Аюбаевты осындай игі істеріне, мол тәжірибесіне қарап Ауылшаруашылығы академиясының академигі десе де болады. Тіпті, кебір достары оны «Академик Ахат» деп те атады. Ол бастық ретінде шаруашылыққа мамандар дайындағанда механизаторларды немістен, аграномия мамандарын кәрістен, есп-қисап мамандарын ұйғырдан, ал мал мамандарын қазақтардан іріктеді. Оның ішінде өзінің сенімді серігі, досы, ақылшысы әрі құдасы Әкішті арнайы таңдап алды. Ахат Рәшұлы Аюбаевтың ерен еңбегі ел аузында аңыз болып айтылып жүрсе, өкімет тарапынан да елеусіз қалған жоқ. Ахат Аюбаев ауыл шаруашылығының аса білгір маманы әрі басшысы ретінде алдымен Еңбекші қазақ ауданының, содан кейін Кербұлақ ауданының, соңында Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. Кербұлақ, Еңбекші қазақ аудандарында басшы қызметтер атқарды. Бірде Мәскеуден бір журналист келіп, орталық «Советтік Қазақстан» деген ауылшаруашылық журналына Ахат жайында «Ат үстіндегі адам» деген очерк жазып, оның атын одақ бойынша бір дүркіретіп кеткен жайы бар. Ахат Аюбаев сүйікті жары Қаниямен 52 жыл бірге тату-тәтті өмір сүріп, өзі өмірден өткеннен кейін сол сүйікті жары «Кең даланың кемеңгері» атты көлемді естелік кітап шығарды. Сол кітапта Ахат жайында жан-жақты айтылған. Иә, артында ерен еңбекқорлығы, асқан адамгершілігі, мол мейірімділігі, ақжүрек адалдығы, ақжарқын мінезі жайында әсерлі әңгімелер қалды. Мұхтар, Мұрат, Мейрам, Маркс, Дина, Айгүл секілді асыл ұлдары мен қызғалдақ қыздары қалды. Бір отбасындағы ұлдарының екеуі генерал, біреуі полковник атағын алса, бұл шынында да Ахаңның өзі үшін ғана емес, ауылы, ауданы, облысы үшін үлкен мақтаныш емес пе? Туғанына 75 жыл толуына орай Тау Түрген ауылында қазақ орта мектебіне Ахаттың атын беріліп, оның жанынан Ахат Рәшұлы Аюбаевтың атына мұражай ашылды. Мұның өзін нұр үстіне нұр деп білеміз. Ер есімі ел есінде, рухы төбесінде деген осы да. Енді мақаламның соңында ақын досым Абдрахман Асылбектің «Ахат ата» деген өлеңін ұсынғым келеді.
    AXAT ATA   Ахат ата - Тау Түргеннің түлегі. Жастайынан еңбекпенен түледі. Бірте-бірте көтеріліп биікке, Ахат десе, елдің бәрі біледі.   Қиын кезең орнағанда елімде, Туған екен Тау Тургеннің төрінде. Атын қойған Аюбайдай атасы, Қарап тұрсаң, Ахат деуі тегін бе?   «Ахат» құнды Құран сөзі, біл деген: Жеке дара, жалғыз деген, бір деген. Ахат жалғыз туғанымен әкеден, Өсе келе өркен жайып гүлдеген:   Мұхтар, Мұрат, Мейрам, Маркс,                                     Дина, Айгүл, Алтау болып отбасына құйған нұр. Қос генерал, бір полковник ұлдары, Зор бақыт қой бір отауға сиған бұл.   Ахат ата атасынан бата алған, Қос ауданға азамат боп қатардан, Алматының да азаматы құрметті, Ел аузында академик атанған.   Бар ғұмыры малмен берік байланған, Білгірлікпен аты аңызға айналған. Аудандық та обылыстық кеңеске Қатарынан депутат боп сайланған.   Қаниядай жан жарымен сүйікті, Елу үш жыл қызықты өмір сүріпті. Жеңе жүріп қиындықтың бәрін де, Тәуелсіздік бағасын шын біліпті.   Еңбегімен елге үлгі көрсеткен, Жетпіс бес жыл маңдайынан тер төккен. Мәңгі өмірге кетті аттанып ерен ер, Дей алмаймыз дүниеден ерте өткен.   Көп ойларын жарқын іске асырып, Ізі қалды шежіре боп басылып. Мұндай жанды өлді деуге бола ма, Жатса бүгін мұражайы ашылып?  

                            Ұзақбай ҚОЖАНТОВ, Қазақстан журналистер одағының мүшесі,

Абай атындағы әдеби сыйлыктың лауреаты

1073 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы