• Бизнес & Қоғам
  • 28 Наурыз, 2013

ТАҚЫРҒА ЖҰМАҚ ОРНАТҚАН СИНГАПУР

      Осыдан қырық жыл бұрын Сингапур өз тәуелсiздiгiн алған кезде, жан басына шаққанда 200 долларға жетпес табысы бар әлемдегi ең кедей елдердiң бiрi едi. Бүгiнгi таңда сингапурлықтардың жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын табысы бар. Өзiнiң халқы, этникалық құрамы жөнiнен және басқа да "көптеген" параметрлерi бойынша бiзге ұқсас ел, Малайзия да 20 жылға жетпейтiн уақыт iшiнде өз азаматтарының өмiр сүру деңгейiн 10 есе арттыруға қол жеткiздi. Осындай табыстарының нәтижесiнде бұл елдер күллi әлемде Азия Жолбарыстары ретiнде танылып отыр.       Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

Қатаң тәртіптің арқасында биік белеске көтерілген ел

   «Адамды байлыққа кенелтетін ақылы мен іскерлігі» деседі. Бұл қанатты сөзді кең көлемде тұтас бір елге немесе мемлекетке де қатысты айтуға болатын тәрізді. Олай дейтініміз, аумағы небәрі 714,3 шаршы шақырым болатын, бірнеше аралдардан тұратын, халқы 5,3 млн.  жерінде ешқандай табиғи және қазбай байлықтары жоқ, ішетін ауыз су, тіпті құрылысқа қажетті құмның өзін көршілес Малайзиядан тасымалдайтын Сингапур елі әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Оны мұндай байлыққа кенелтіп, биік деңгейге көтеріп отырған  дана экономикалық саясаты мен тынымсыз  іс-әрекеті.  
  Қысқаша дерек:     Сингапур малай тілінен аударғанда арыстан қала деген мағына береді. Ол 63 аралдан тұрады. Ең үлкені  Сингапур ( басты арал),  сонан соң Убин, Теконг-Бесар, Брани, Сентоса, СемакаужәнеСудонг.  Бұл мекен туралы алғашқы деректер ІІІ ғаырдағы қытай жазбаларында кездеседі.  XV—XVI ғғ. Джохор сұлтандығының құрамында болған. 1617 жылғы Малай-Португал соғысында португалдықтардың шабуылына тап болды.  1819 ж. 6 ақпанда  британдық Ост-Инд компаниясының өкілі   сэр Томас Стамфорд Раффлз,   Джохор сұлтандығымен  Сингапурде  сауда-саттық өкілдігін ашу жөнінде келісімге қол қойды. 1867 ж. Сингапур Ұлыбританияның отар елі болып, ағылшындар Қытайға баратын жолдағы маңызды орын ретінде мән берді.  Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Малай мен Сингапурды ағылшындардан Жапония жеңіп алып, 1945 жылдың қыркүйегіне дейін жайлап үстемдік етіп тұрды. 1959 жылдан Сингапур Англияның құрамындағы өзін өзі басқару құқығына ие мемлекет болды. 1963 ж.референдум нәтижесі бойынша Малайзия федерациясының құрамына енді. Ал, 1965 ж. қайшылық туындап оның құрамынан шығып, өзінің тәуелсіздігін жариялады.Бұған Малайзия аса өкініш білдіре қоймады. Өйткені Сингапурдың бөлінуімен қытайлардың этникалық  басымдығы азайды. 1959-1990 жж. аралығында  Ли Куан Ю басқарып, артта қалған мешеу елден экономикасы биік деңгейдегі  индустриалды мемлекетке айналдырды.    1990-2004 жж. Сингапурды Го Чок Тонг басқарды. Ол өзі сұранып кеткен соң  орнына Лидің үлкен ұлы елі екі жастағы Ли Сянь Лун сайланды. 2011 ж. дейін Ли Куан Ю үкіметте аға министр, яғни кеңесшілік қызметін атқарып келді. _________________________________________________________________   БүгіндеСингапур жылына 162 млрд. доллардың шамасында ЖІӨ өндіріп, оны жан басына шаққандағы (51649 $) мөлшері жөнінен Еуропаның дамыған елдерінде басып озып, дүние жүзінде төртінші орынды иемденеді. Ал, алтын қоры жөнінен Жапония мен Қытайды ғана алға жібереді. Ақпараттық технологияның дамуы да ғаламат, Дания мен Швециядан кейінгі үшінші орында. Сондай-ақ, әлемнің ең бір ірі қаржы орталығы ретінде АҚШ пен Англияны қосқанда алғашқы үштікке кіреді.     Кішкентай ғана арал мемлекет Сингапурдың бүгінгі даму деңгейі мен өркендеп гүлденуіне сүйсінген саясаткерлер оны «ХХІ ғасырдың қала мемлекеті», «Батыс пен Шығыстың көпірі» немесе «Азияның Еуропасы» деп мақтап, мадақтап жатады.     Табиғаттың Сингапурге берген бар сыйы мен артықшылығы -ол «тоғыз жолдың торабында» дегендей, Үнді мен Тынық мұхиттарының ұштасқан шекарасында, Еуропа мен Азия, Австрлияға ерсілі-қарсылы кемелер өтіп жататын теңіз жолының бойында орналасқан. Географиялық  жағынан бұлай ыңғайлы орналасуы Сингапурды транзиттік тасымал торабына ғана емес, сауда-саттықтың да үлкен орталығына айналдырып отыр. Елдің басшылығы әу бастан осындай мүмкіндікті ұтымды пайдалана білді. Тарихтан талай жеке тұлғалардың қандай да бір елдің дамуы мен өркендеуінде шешуші рөл атқарғанын жақсы білеміз. Бұл жөнінен алысқа бармай-ақ Түркияны тығырықтан шығарып, экономикасын көтерген Тургут Озалды (1928-1993) және Қытайды қарқынды жаңа даму жолына салған Дэн Сяопинді (1904-1996) еске алсақ та жеткілікті. Сол айтқандай, арғы тегі қытайлық, мамандығы жөнінен адвокат Ли Куан Ю Сингапурды дұрыс даму жолына салып, оның дәулеті мен сәулетін асырғанэкономикалық реформаның авторы саналады.    1959 жылы Англияның құрамында өзін-өзі басқару құқығын жеңіп алған сингапурлықтар сайлауда жеңіп шыққан «Халықтық іс-қимыл» партиясының жетекшісі, 36 жастағы адвокат Ли Куан Ю-ді елдің премьер-министрі етіп сайлады. Бұл жері батпақты болғандықтан күріш қана өсіретін,  әдеттегідей «бананды-лимонды» республика деуге де келмейтін, кедейшіліктен әбден титықтаған елдің оған көрсеткен сенімі мен үміті еді.  Сондықтан да Лидің алдында зілбатпан жауапкершілік пен міндет тұрды. Билік тізгінін қолға алысымен ол коммунистермен одақтасу арқылы жеңіске жеткеніне қарамастанең бірінші кезекте солардың  көзін жойды. Сонан соң Сингапурды Малай федерациясының құрамынан бөліп алды. Елдің шаруашылығын басқаруда, экономикада, меншіктің түрі жөнінен батыстың әдіс-тәсілін пайдаланды. Сонымен біргеөз тарапынан батыл қадам жасап, сырттан инвестиция мен капиталды көбірек тарту үшін салық пен сауда-саттық алымдарын төмендетті. Бизнестің дамуына қолайлы климат жасады. Елдің экономикалық даму стратегиясы етіп Сингапурды Оңтүстік Шығыс Азиядағы сауда-саттық пен қаржы-қаражаттың орталығына айналдыру, мейілінше сырттан инвестицияны көбірек  тарту бағытын таңдап алды. Реформатор Ли  өзінің алғашқы саяси ұстанымы туралы (кейіннен өзі жазған «Сингапур тарихы: «әлемнің үшінші қатардағы» елінен-біріншіге» деген кітабында): «Біз Ұлыбританияның қалдырып кеткен артықшылықтарын: ағылшын тілін, ешбір партияға бұра тартпайтын әкімшілік пен құқық жүйесін тиімді пайдалана білдік. Әлеуметтік мемлекетке тән әдістерді қолданудан бойымызды аулақ салдық. Өйткені, әлеуметтік тепе-теңдікке ұмтылған ұлы ағылшын халқының қандай күйге ұшырағанын көзбен көрдік», деп еске алды. Сонан соң бұлар елді жегі құрттай жеп құртуға айналдырған парақорлық және жемқорлық күресті қатты қолға алды. Бұл жолда ешкімді де, тіпті премьер-министрдің жақын достары мен туыстарын да аяған жоқ. Жалпы Сингапурдың экономикалық-әлеуметтік дамуының «сырына» үңіліп, оның себебін ашуға ұмтылған мақалалар мен зерттеулер жетерлік. Бірақ, ол жазбалардың қай-қайсы да мына төмендегі бес факторды айырықша атап өтеді: - қатаң мемлекеттік басқару ісі; - көп жылдық макроэкономикалық тұрақтылық; - мемлекеттің жүргізген ұтымды әлеуметтік саясаты; - елдегі саяси тұрақтылық; - қолайлы халықаралық жағдай. Түсінікті болуы үшін мұның  әрқайсысына қысқаша-қысқашатоқталып өтейік.
  1. 1.      Қатаң мемлекеттік басқару. Бұлай дейтін себебі, мемлекет ешкімнің де қарсылығына, не болмаса көңіліне қарамай экономикаға тікелей араласып отырды. Әрбір іс-әрекет мемлекеттің жіті бақылауында болғандықтанмұның нәтижесі экономикада алғашқы кезден-ақ байқалып, қарқынды дамудың негізі қаланды. Өздерінде мұнай көзі болмаса да дереу мұнай өңдеу ісін дамыту қолға алынды. Оған қажетті шикізат көршілес Индонезиядан тасымалданды. Өйткені,  ол елде мұнай өңдеудің сапасы төмен болатын. Осылайша су көліктеріне сапалы жанармай сатудың нәтижесінде Сингапур Батыс пен Шығыстың теңіз жолындағы маңызды айлаққа айналды.Қосымша мол қаражат жұмсалып, қолайлы контейнерлік терминалдар салынды. Бұл айлақтың транзиттік мүмкіндігін ұлғайтып, жүктердің тасымалын шапшаңдатты. Бұған қоса, жергілікті өнеркісіптің әлемдік рыноктарға тауарлар шығуына және сырттан арзан шикізаттар әкелуіне мүмкіндіктер тудырды.Сөйтіп, экономиканың жаңа тармақ-буындары пайда болып,  тізбек-желі ұзара түсті.
 Алғашқы кезде аз шығын жұмсалып, қара жұмысты көп қажет ететін салаларға көңіл бөлінді. Өйткені, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету керек болды. Бертін келе ол бағыт-бағдар ғылым жетістігін және  капиталды көбірек талап ететін салаларды дамытуға ойысып, мемлекеттік кәсіпорындар ең озық құрал-жабдық, техникалармен жарақтандырылды. Олар біртіндеп жеке меншікке беріліп, мемлекет жаңа салаларды игеруге күш салды. Кешегі жетпісінші жылдардың аяғында Сингапур электроника тауарларын шығару жөнінен дүние жүзінде алдыңғы орындардың біріне шықты. Алайда бұл салада Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері арасында бәскелестік қарқын алып, жұмыс күші арзан елдер ғана пайда таба алатын болып қалды. Сондықтан да Сингапур ендігі жерде биотехнология мен дәрі-дәрмек шығару саласына бет бұрды. Адам үшін зәру мәселе болғандықтан бұл өндіріс салаларының келешегі зор деген болжам жасалынды.
  1. 2.      Сингапурдегі макроэкономикалық тұрақтылық. Әуелден-ақ бұл елде бизнес үшін  барынша ашық ойын ережелері белгіленді. Сондықтан мүмкіндігінше шетелдік компанияларды өндіріс орындарын ашып, жұмыс істеуге шақыру және сырттан инвестиция тарту ісіне көп көңіл бөлінді. Осы шаруаны жүзеге асыру мақсатында министрлер бүкіл әлемді кезіп кетті. Бұл жағдайды кейінен Ли Куан Ю: «Барынша инвесторлардың көңілін табуға тырысып, асты-үстіне түсіп, табанын жалағандай болдық» деп еске алды. Сингапур басқалар сияқты қауіптенбестен американдық трансұлттық корпорацияларға өз рыногын алғаш болып ашқандардың бірі. Сол себепті де ол батыспен сауда-саттық жүргізуде жеңілдікке қол жеткізді. Американдық корпорациялар осындағы кәзіргі жоғары технологиялық өнеркәсіптің ірге тасын қалап берді. Аса қолайлы жағдай мен мүмкіндік жасалғандықтан бүгінде мұнда үш мыңнан астам әлемдік танымал корпорациялардың бөлімшелері жұмыс істейді. Жылына Сингапур экономикасына шет  елдерден 10 млрд.-тай доллар инвестиция құйылып отырады. Жергілікті инвесторлардың да белсенділігі артқан, олар құйған қаражат жалпы инвестицияның 60 пайызын құрайды. Шет елдік кәсіпкерлерді қызықтыру мақсатында бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, олар алғашқы 5-10 жылда салықтан босатылады. Аса қолайлы салықтық ахуал қалыптастырылған. Оның мөлшері  аз және есептелуі жеңіл.Заңды тұлғалар небәрі 18 пайыз салық төлейді. Ал, дағдарыс кезінде ол 17 пайызға төмендетіледі. Қаржаты 100 мың доллардан аспайтын істі жаңадан бастаған кәсіпкерлер салықтан босатылған. Ең көп табыс салығының өзі 20 пайыздан аспайды. Ондай салықты елдегі азаматтардың 10 пайызы ғана төлейді. Орта дәулеттілер 3-5 пайыз көлемінде салық төлесе, мүлік салығы небәрі 3 пайыз ғана. Осы сияқты тіркеу мен есепке алу жұмыстары да мейілінше оңайлатылған. Кіші бизнесті тіркеу ісін кешеуілдеткен немесе сөзбұйдаға салып, түрлі кедергілер келтірген шенеуніктердің кезінде «зиянкестер» ретінде түрмеге жабылған кездері де болған. Сондықтан мұнда кәсіпкерлер салықтарды реттеу шаруасына  жылына әрі кеткенде үш күн уақытын жұмсайды. Үкімет инвесторлардың асты-үстіне түсіп, мәпелеп отырады десе де болады. Тіпті мұны премьер-министрдің өзі тікелей бақылап отырады. Егерде олардың қандай да бір құқығы бұзылатын болса, оған дереу өтемақы төлеттіреді.
  2. 3.      Мемлекеттің әлеуметтік дана саясаты.Мұнда сингапурлықтар үшін мүмкін деген әлеуметтік жеңілдіктер мен қамқорлықтардың бәрі қарастырылған. Ақысыз білім алу мен дәрігерлік көмек, қол жетімді баспана, жас жұбайларға жәрдем, студенттерге бонус, жұмыс істейтін балалы әйелдерге субсидия т.б.  деген сияқты.
    Тұрғын үй бағдарламасы да Ли Куан Ю саясатының ең бір  сәтті тармағы саналады. Осы бағдарламаның арқасында әрбір сингапурлық отбасы осы заманғы озық үлгіде салынған төменгі қабатында  көлік қоятын жер асты гаражы, бассейні, фитнес орталығы,   балалар алаңы бар зәулім үйлердегі 4-5 бөлмеден тұратын, жанға жайлы пәтерлермен қамтамасыз етілген. Мұны біреулер кезінде жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалған Горбачевтің бағдарламасы дегенді айтады. Жалпы Ли Куан Ю КСРО-дан көп нәрсе үйренуге болады деп отырады екен. Сондықтан да оның ақыл-кеңесімен кәзір Сигапурдың премьер–министрі болып отырған үлкен ұлы Ли Сян Лун  еркін сөйлейтіндей орыс тілін де меңгеріп алған. Бұл елдің тұрғын үй бағдарламасының мәні мынада. Тұрғын үйлердің бәрін мемлекет салады. Ол үшін орталықтандырылған қаржылық қор құрылған. Оған әрбір жұмыс істеуші жалақысының 20 пайызын аударып отырады. Жұмыс беруші де сонша қаржы құяды. Ай сайын оның пайызы өсе түседі, одан салық алынбайды. Пәтер құнының 20 пайызын адам ешбір кедергісіз көшіп кіре алады. Ел тұрғындарының 90 пайызы мемлекет тұрғызған осындай жайлы пәтерлерге ие болып, олардың 80 пайызы жеке иеліктеріне сатып алған.     Сингапурдың зейнетақы жүйесі де ұтымды жүйе болып табылады. Мұнда да әлгідей орталықтандырылған резервтік қор құрылған. Мұның да тиімді ұйымдастырылғаны соншалықты зейнеттік демалысқа шыққан әрбір сингапурлықтың жеке есебінде мол қаражат жиналып, ол бірден бай адам болып шыға келеді. Сөйтіп, қартайған шағын ешбір алаңсыз, уайым қайғысыз өткізеді. Осының әсері бар және денсаулық сақтау саласы да жақсы жолға қойылғандықтан сингапурлықтар өмір сүру ұзақтығы 80 жастан асып, бұл жөнінен әлемдегі алғашқы бес елдің қатарына жатады. Әрбір тұрғынның мейлі ол жұмыс істесін, не зейнеткер болсын, осылай қаражат жинақтауға мүмкіндігі болғандықтан олар ішкі инвестицияның бірден бір көзіне айналған.     Осы сияқты білім беру саласына да мол қаражат, яғни ел бюджетінің бестен бірі бөлінетіндіктен, биік даму деңгейіне көтерілген. Сол себепті де Сингапур мемлекеті білім беру саласын компьютерлендіру жөнінен дүние жүзінде көш бастайды. Гуманитарлық саладан гөрі техникалық салаларға көбірек көңіл бөлінеді. Білім беру саласы бойынша Азиядағы ең үздік ел болып танылған. Сингапурдың ұлттық университеті білім беру сапасы жөнінен әлемдегі ЖОО арасында 33 орынды иемденеді.     Жалпы Сингапур Азияның «жолбарыс» елдерінің ішінде экономикаға қоса әлеуметтік жағынан да ғаламат дамуға қол жеткізген ел саналады.
  1. 4.      Елдегі саяси тұрақтылық.Сингапурдың саяси үлгісінде либерализм, социализм және авторитаризм үйлесім тауып, ұштасып жатқандай. Расында  да  мұнда мемлекеттік басқарудың қатаң үлгісі қолданылады. Шет жағасын айтып өткеніміздей, Ли Куан Ю билікке келген бойда халықтың үштен бірі қолдайтындығына қарамастан коммунистерден арылды. Өзінің айтуынша оған ең алдымен тұрақтылық пен тәртіп қажет болды.
  • Сингапурде отыз жыл бойына билік ауысқан жоқ. Мұны кезінде біреулер жалғыз адамның автократтық билігі деп сынады. Дегенмен, Ли Куан Ю үнемі сайлау өткізіп, билікті халықтың сенімі арқылы жалғастырып отырды. Тек беріде, яғни 1990 жылы ғана алға қойған мақсатын орындап, елді өркендеткен соң ғана өз еркімен премьер-министр қызметінен кетіп, үкімет құрамында мемлекеттік кеңесші болып қалды.
  • Елдегі барлық БАҚ құралдары ұлттық екі компанияға бағындырылған;
  • Парламентте жартылай партиялық жүйе қалыптасқан. «Халықтық іс-қимыл» партиясы жетекші билікке ие болғанымен оппозициялық ұстанымдағы бірнеше депутат  та бар;
  • Сайлауда дауыс беру әрбір азамат үшін міндет болып табылады. Сонан соң көзбояушылыққа жол берілмес үшін бюллетеньде әр сайлаушының құжаттық мәліметтері көрсетіледі;
  • Кәсіподақ ұйымдарының жұмысы қатаң бақыланып отырады. Оған қоса, кәсіподақтың жетекшісі министр ретінде үкімет құрамына кіреді;
  • Бес адамның жиналып митингі өткізуіне, ереуіл жасауға, оппозициялық фильмдер көрсетуге, спутниктік антенналар пайдалануға тыйым салынған. Елдің ішкі қауіпсіздігі туралы арнайы заң қабылданған. Ол бойынша билікке қарсы сөз айтқан кез келген адам үкіметке жала жабушы ретінде қамалады;
  • Есірткі таратқандар, жемқорлар, қарашылық щабуыл жасағандар өлім жазасына кесіледі. Сондықтан да Сингапур өлім жазасы жөнінен жан басына шағып есептегенде дүние жүзінде алдыңғы орында.
Сингапур реформасының «атасы» Ли Куан Ю «кез келген елде өтпелі кезеңде қатал қатаң тәртіп болуы тиіс, өйтпеген жағдайда берекесіздік белең алып, анархия мен жемқорлық жайлайды, еркін сайлаудың өзі көзбояушылыққа жол беріп, қалталылар сауатсыз қараңғы арбакештер мен балықшылардың даусын сатып алады, партиялар қылмыстық топтардың қолшоқпарына айналады», деп есептейді.    Сингапурде парақорлық пен жемқорлық атымен жоқ деуге болады. Бұған қарсы ел көлемінде аяусыз күрес жүгізіліп отырады. Бұл жолда Ли Куан Ю-дің өзі тікелей үлгі көрсетіп, заңды бұзған ең жақын туыстары мен достарын да аяған емес. Басқалардан адалдықты, тәртіпті талап ету үшін басшының өзі таза болуы керек, дейді. Сондықтан да ол өзі билік басында тұрғанда  барлық жеңілдіктерден, қызметтік көліктен және қызметшілерден бас тартқан. Мұнда кез келген үкімет мүшесі өзіне үй не жер учаскесін премьер-министрдің рұқсатымен ғана ала алады.Экономикада бәрі ашық, кәсіпкерлікпен айналасу барынша оңайлатылған. Парақорлықтың жолын кесу мақсатында мемлекеттік қызметшілер мен судьяларға өте жоғары жалақы төленеді. Олардың жалақысы бірнеше мыңнан миллионға дейін өсірілген. Елдің премьер-министрі жылдық  жалақысы 3 млн доллар. Бұл бүкіл әлемдегі ең  көп жалақы.
  1. 5.      Қолайлы халықаралық жағдай. Кейде қайсы бір мемлекеттің дамуына сыртқы фактор да, яғни халықаралық жағдай да  айтарлықтай әсер етеді. Сол айтқандай,  Сингапур секілді Азия елдерінің өрлеу кезеңі әлемдегі екі ұлы державаның АҚШ пен КСРО-ның «қырғиқабақты соғыс» - текетірес кезеңіне сәйкес келді. Бұл аймақ ұзақ уақыт ол екеуінің күрес, ықпал ету алаңына айналды.АҚШ-қа арқа сүйегендіктен бұл елдерге өндірістің дамуына жол ашатындай озық техника мен технологиялар әкелінді. Көп қаражат пен инвестициялар құйылды. Әрине мұның бәрі сингапурлықтардың тыңғылықтылық пен жанкешті еңбегінсіз құмға сіңіп, далаға кеткендей болар еді.
Тәртіп пен жауапкершілік Сингапурде бірінші кезекке қойылған нәрсе. Оған халықты үкімет түрлі жазалау және айыппұлдар салу арқылы үйретіп, тәрбиеледі деуге болады.Басқа өркениетті мемлекеттер үшін ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ,  мұнда көшені орынсыз жерден кесіп өткенге, бұзақылық пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын кинофильмді көргенге, көшеде қағаз тастағанға, тіпті дәретхананың суын ғызып жібермегенге т.б. кішігірім тәртіп бұзушылықтарға 500-ден 5000 сингапур долларына дейінгі  мөлшерде айыппұлдар салынады. Күні кешегіге дейін сағыз шайнауға да рұқсат етілмеді. Тек беріде  темекі тартудан құтылғысы келетіндерге ғана арнайы рецептпен дәріханаларда сатылатын болды. Міне, осындай жағдайларға байланыстыәркез «демократияны бетке ұстайтын» батыстың сыншыл саясаткерлері менкінәмшіл сарапшылары Сингапурды адамның құқы мен бостандығы аяқ асты етілген, халқы «алтын тордың» ішінде тұратын ел деп санайды. Бұған қарсы Ли Куан Ю-дың  айтар жауабы мен уәжі  дайын. Ол кез келген мемлекеттің басты міндеті – өз халқының тұрмыс деңгейін көтеріп, әл-ауқатын жақсарту, оны еш алаңсыз өмір сүрумен қамтамасыз ету болуға тиіс,  қалғаны көкезу қисын, бос әңгіме, дейді. Басқалар үшін Ли диктатор, автократ болғанымен, өз халқы үшін елді тығырықтан шығарып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман тудырып, бақытты тіршілікке кенелткен ұлы қайраткер, ұлттық батыр.Ол билік басында тұрғанда отандастарына: «Өмірді жүгіру алаңы деп қараңыздар, оған көп ерік-жігер, төзімділік қажет. Сіздердің шаршап-шалдықпай, оза шауып жүрулеріңіз үшін үкімет керекті жағдайдың бәрін жасайды, үнемі әлдендіріп, қуаттандырып отырады», деумен болған. Өйткені,  оның пайымдауынша халықта «бәрін өкімет жасайды» деген масыл пиғыл болмауы керек, керісінше белсенді іс-әрекет болуы қажет. Себебі, жасампаздықты жүзеге асырып, барлық материалдық та, моральдық та игіліктерді жасап, елді гүлдендіретін халықтың өзі. Кешегі кеңес өкіметінің тұсында: «оқу,оқу және оқу!» деген ұран боды емес пе? Сол айтқандай сингапурлықтардың бүгінгі ұран: «жұмыс істеу, жұмыс істеу тағы да жұмыс істеу!»  Қажырлы да жанкешті еңбек, асқан тәртіптілік, кез келген іске жауапкершілікпен қарау -сингапурлықтарға тән қасиет. Өздері «біз әлемдік дамудың алдыңғы көшінде болуымыз керек, әйтпесе басқалардың аяқтарының астында  тапталып қалып қоямыз» дегенді жиі айтады. Жасыратыны жоқ, өткен 2008-2010 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыс Сингапурдың да дамуын біршама тежеді. Мәселен, бір ғана 2009 жылдың өзінде елдің ЖІӨ 2,5 пайызға төмендеп, мемлекеттің қарызы 113 пайызға шарықтап кетті. Өйткені, бұл елдің экономикасы сырттан тасымалданатын электр энергиясына, азық-түлікке тікелей тәуелді. Оның үстіне пайданың көп бөлігін сыртқа тауарлар шығарудан табады. Алайда, олар сауатты да шұғыл шаралардың қолданудың арқасында қиындықтан тез шыға білді. Ол үшін не істеді? дейсіздер ғой. Біріншіден, басшылар іс-шараны өздерінен бастап, министрлердің жалақылары 20 пайызға қысқартылды;  Екіншіден, үкіметтің жиған-терген резервтік қоры жұмыс орындарын сақтауға, компаниялардың қызметкерлерге жалақы төлеуіне, мамандардың қайта оқытып даярлауға жұмсалды; Үшіншіден, үкімет банктердің жоғалтқан шығындарының 75-80 пайызын өз мойнына алды.; Төртіншіден, өнеркәсіптік және коммерциялық жылжымайтын мүліктерге салынатын салық 40 пайызға,ал жол салығы уақытша 30 пайызға төмендетілді; Бесіншіден, табыс салығының 20 пайызын өтеуге қаражат бөлінді және жылжымайтын мүлкі бар жеке адамдарға салынатын салық 40 пайызға азайтылды; Сондай-ақ, жаңадан салынған муниципалдық үйлердегі пәтерлер кейбір елдердегідей «сарымайдай сақталмай» рыноктық бағадан әлдеқайда арзан бағалармен сатылды. Осының өзі көптеген елдер үшін ескеретін жағдай, үйренетін тәжірибе. Бір сөзбен айтқанда, кішігірім арал мемлекет Сингапурдың өсіп-өркендеуі батыстың қызғанышын тудырғанымен, осының жолымен жүргісі келетін дамушы елдері үшін үлгі-өнеге болып отыр.Әрі табиғаттың мол қазына байлығынсыз да тақыр жерге табан тіреп, іскерлікпен тіршілік етіп, елдің дәулеті мен сәулетін асыруға болатындығының жарқын дәлелі.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

саяси шолушы.

Хабараласу үшін телефондар: 8-701-718-14-21, 8-727-388-37-27, e-mail: a.ashirbek@mail.ru

4191 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы