• Бизнес & Қоғам
  • 18 Тамыз, 2011

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерін импорттаушы елден, экспорттаушы мемлекетке айналуы тиіс Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Елбасы 27- шілде күні Алматы облысына келіп, кезекті іссапарын тұтастай Еңбекшіқазақ ауданына арнады. Ауданның тыныс-тіршілігімен кеңінен танысып, экономиканың басты салаларының бірі – ауыл шаруашылығының бұл аймақта қалай дамып жатқанына көбірек көңіл бөлді. Өңірдің бірқатар агроөнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын көзімен көрген Нұрсұлтан Әбішұлы шаруа қожалықтарының бүгінгі бағындырған биіктері мен алдына қойған бағыт-бағдарын жақсы бағалады. Президент алдымен Бәйтерек ауылындағы жерінің жалпы аумағы – 4 гектар, оның 2 гектарына 19 жылыжай орналастырған «Ким А.Г.» жылыжай шаруашылығының жұмысымен танысты. 2012 жылы бір гектарға егілген көкөністің өнімділігін 150 тоннаға дейін жеткізу және 300 тонна өнім жинауды жоспарлаған шаруашылық биыл 2 гектардан 240 тонна көкөніс алуды көздеп отыр. Көкөніс озық технология бойынша – жабық түпті тамшылатып суару әдісімен өсірілуде. Өндірісі үшін барлығы 12 млн теңге салынған жылыжай 2007 жылыдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінгі күні мұнда 20 адам жұмыс істеп отыр. Орташа жалақылары 40-50 мың теңге көлемінде. Ал Елбасы жол тартқан Ерік Айдарбаевтың «Айдарбаев» шаруа қожалығы бүгінгі күні бес бірдей салалық бағыт бойынша жұмыс жүргізіп отыр. Шаруашылықтың егістік көлемінің өзі 1200 гектар болса, соның 1100 гектары – суармалы алқаптар. Онда орналастырылған жүгері, майбұршақ, арпа, бидай, жоңышқа, алма мен жүзім, қызылша сынды дақылдардан алынатын өнім көлемі де артып отыр. Биыл 500 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен қызанақ өсіріліп, алғашқы түсімімен қуантып отыр. Егіншілікті өркендетіп отырған шаруа қожалығы 2005 жылдан бері шетелдерден асыл тұқымды мүйізді ірі қара әкеліп, өсіру арқасында «ҚазАгроҚаржы» арқылы 270 млн теңгеге қол жеткізіп, тауарлы-сүт фермасын қайта жабдықтаудан өткізді. Сонымен бірге 50 гектарда 25 түрлі алма өсіріп, баптап отырған бақтың жағдайы да қуантарлық. Тұқымбаққа арналған 27 гектарда бірқатар ағашты-бұталы өсімдіктердің көшеттері өсіріліп, саудаға шығарылады. Сонымен қатар Саймасай ауылындағы «Айдарбаев» шаруа қожалығының бекіре тұқымдас балық өндіретін цехы да бар. Қазіргі уақытта форель цехы 114 шаршы метр аумақты алып жатыр. Бекіре балығын өсіретін цех 81 шаршы метр аумаққа орналасқан, онда сиымдылығы 20 текше метр суға арналған бассейн және аумағы 540 шаршы метрлік тауар бассейні, сиымдылығы 180 текше метр суға арналған бассейн бар. Қазіргі уақытта шаруашылық саны 7 мың болатын, өсуі тез сүйрік (стерлядь) тұқымын өсіруде. Қазіргі заманға сай жабдықталған цехтарда жылына 30 мың тоннаға дейін балық өндіру жоспарланып отыр. Қазіргі кезде мұнда бағалы балықтардың шабақтары өсірілуде. Қайнар ауылында жұмысын жандандырып отырған «Есік жеміс-жидек зауыты» да Елбасы назарынан тыс қалмады. еңбек етеді. 2009 жылы құрылысы басталып, 2010 жылдың шілдеде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған зауыттың қуаты тәулігіне 600 тонна томат пен 300 тонна жеміс жидекті өңдеуге жетеді. Ал маусымына 40 мың тонна томат өңделіп, 4 мың тонна дайын өнім шығарылады. Итальян технологиясымен жарақтандырылған кәсіпорынға 717 миллион теңге жұмсалды. Зауыттың өз өнімдерінің сапасын тексере алатын зертханасы да бар. Бүгінде «Есік жемісконверві зауыты» өнімдерін тұтынушы шырындар шығаратын отандық ірі кәсіпорындар – «Golden Food» пен «Райымбек Боттлерс». Аталған шаруа қожалықтарының жұмысымен танысқан Елбасы: «Біз көкөніс пен жемісті тасымалдаушыдан экспортаушы мемлекетке айналуымыз қажет, Кеден одағы арқасында шекара ашық. Орасан экспорттық мүмкіндіктер пайда болуда. Енді мұнда көкөністерді, жеміс-жидіктерді, жеміс ағаштарын өсіру міндетін алға қоюмен бірге, апортты қалпына келтіру керек. Ол Алматы облысының бренді болады. Апорт көп еңбекті қажет етеді, 700-ден 1000 метрге дейінгі биіктікте өседі, ерекше күтімді, тазалықты қажетсінеді, алайда ондай алма әлемде жоқ деуге болады», – деп облыстың мақтанашы – апортты да ерекше атай отырып, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру керектігін, ал ол үшін барлық жағдайдың бар екенін де еске салды. Мемлекет басшысы Есік қаласындағы орталық аудандық аурухана мен емхананы аралап көріп, медициналық кешеннің қызметкерлерімен кездесті. Аурухана кешенінің жалпы аумағы – 34762 шаршы метр. Аурухана 250 орынға арналған, ал емханада ауысыммен 500 адам ем алады. Аурухана ғимараты 7 блоктан тұрады. Кешен озық медициналық жабдықтармен жабдықталған. Жалпы жобалық-сметалық құны – 4 млрд 964 млн теңге. Елбасы медициналық орталықтың қызметкерлерімен кездесуінде: «Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту үшін жасалып жатқан істің бәрі де қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзарту үшін қолға алынып отыр. Жаңа туылған нәрестелер шетінемеуі және аналар өлімі азая түсуі үшін, ауыр соғатын негізгі ауру түрлері: яғни жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, туберкулез аурулары азайып, нақты нәтиже болуы үшін жұмыстар жасалып жатыр. Бұл медицинаға, жалпы алғанда, сіздерге қойылатын талап. Өзге елдердегі аудан орталықтарында осындай жабдықтармен жабдықталған аурухана жоқтың қасы. Қазір әлемде дағдарыстан кейін барлық дәрігерлердің, мұғалімдердің еңбекақылары қысқартылуда, бірде-бір нысан салынып жатқан жоқ, ал біз бұған керісінше, әлеуметтік саясатқа зор көңіл бөліп отырмыз», – деді. Ауыл шаруашылығындағы жаңалықтарға зер салған Мемлекет басшысы сапары соңында Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының малшылары жаз айларында отыратын Асы жайлауындағы мал шаруашылығы мамандарының басқосуына қатысты. Қыстан аман-есен шыққанын, өрісі малға толғанын атап өту үшін жиналған малшы қауымы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, озаттарды марапаттап, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырған болатын. Жиылған қауымды төл мерекесімен құттықтап, сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Жетісудың шұрайлы жерінде кездесіп отырмыз. Төрт түлікті қасиет тұтқан қазақ халқының ата кәсібі бүгін кең жайлауда аталып өтуде. Жайлаудың нағыз құлпырған кезінде екі ауданның шопандары жиналып, мерекелеп жатыр. Мал бағудың қиын екенін білемін. Кеңес Одағы күйреп, алғаш тәуелсіздік алған жылдарда Алматы облысында мал басы жұтап, ұсақ малдың саны 1,5 миллионға төмендеген, ал қазір 4 миллион болды. Ірі қара малы сол кезде 300 мыңға төмендеп кетіп еді, қазір миллионнан асты. 2002 жылы ауыл шаруашылығына 200 млрд-тан астам қаржы бөлінді. Тұралап қалған ауылдарды тұрғызуға жағдай жасалды. Оның бәрі көз алдымыздан өтті. Қазір малдың санын миллиондап санаймыз. Барлығы термен келеді. Жұмыс істейтін адам бізде жақсы тұрады. Бүгінде ауылдағы ақсақалдар қойды «Джипке» мініп бағатын дәрежеге жетті. Бүкіл Қазақстан бойынша осылай. Ауылдағылардың тұрмыстары жақсарып келеді, олар ауылда қалу үшін, ал қалаға көшкендер ауылға қайту үшін осындай жағдайларды жасап жатырмыз. Ауылда фермерлер қанша мал асыраймын десе де өз еркінде. Малдың санын көбейту керек, оның санын жасырып керегі жоқ. Хрущевтің тұсындағыдай ешкім тартып алмайды. Есепке алынбаған, сырғасы жоқ малдар сатуға, етке өткізілмейді. Бүгінде халықтың әл-ауқаты үш есеге жақсарды. Әрбір жүз отбасында 200 автокөлік бар. Шетелдерге демалуға Ресейден кейін қазақтар көп шығады. 1994 жылмен салыстырғанда, ішкі жалпы өнім әрбір тұрғынға 12 есеге өсті. Республиканың бұл жағынан алғанда көрсеткіші Шығыс Азия мемлекеттерінен озып, ТМД елдері ішінде Ресейден кейін екінші орынды иемденді. Бұрын алдымызда тұрған Украинадан 25 пайызға артты. Әлеуметтік жағдайымыз жағынан да мақтанышпен айта аламыз, соңғы жылдарда елімізде 700 мектеп салынды. Соның ішінде Алматы облысында 40 мектеп іске қосылды. Әлем дағдарыстан шыға алмай жатыр, ал бізде соңғы үш жылдың ішінде зейнетақы үш рет өсті. Жалақы 25 пайызға жақында тағы көтерілді. Тарихымыз түзелді, мәдени мұраларымыз жаңғырды. Ертең ел ағасы болған ақын Мұқағалидың 80 жылдығы тойланайын деп жатыр, осының бәрі әдебиетке, мәдениетке деген ықыласта. Тәуелсіздігімізді өмір-бақи сақтауымыз үшін жастарды оқытуға көп көңіл бөліп жатырмын. Балаларыңызды оқытыңыздар, ақшаны аямаңыздар, сөйтіп қана біз озамыз. Міндетті түрде бастық болу емес, аспазшы болса да, соның түбіне дейін жетіп, білім алу керек. Сонда ол ешқандай ғалымнан да, бастықтан да кем болмайды. Қазіргі заман солай. Еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мықты болуы керек. Біз бірге болсақ, ешкім де бізге бата алмайды. Ауызбіршілік болса, әлі алда талай той болады», – деп аяқтады. Өз кезегінде сөз алған Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов облыстың жетістіктерінен Елбасын хабардар етті. Облыстың қарқынды дамуына Еңбекшіқазақ ауданының қосып отырған үлесі қомақты. Соңғы жылдары аталған аудан экономикасы қарқынды дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени дамуы шешімін тапқанын атап өткен орынды. Биылғы жылдың өткен мерзімінде өнеркәсіп саласында 7557,6 млн теңгенің өнімі өндірілсе, экономиканың дамуына биылғы алты айдағы тартылған инвестиция көлемі едәуір. Қазіргі кезде шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 15 539 бірлікті құраса, осы салада 45 087 адам жұмыспен қамтылған. Ауданда өткен алты айда ғана 23 972,7 млн теңге инвестиция тартылып, алға басқандықты байқау қиын емес. Еңбекшіқазақ ауданында 200-ге тарта асыл тұқымды мал шаруашылығы бар болса, жыл сайын мемлекеттен қомақты мөлшерде субсидия төленіп келеді. Асы жайлауындағы дүбірлі тойда Президент Нұрсұлтан Назарбаев мал шаруашылығын дамытудың бүгіні мен келешегіне, атакәсіптің абыройын арттырып, төрт түліктен алынатын өнімді молайту, тағы басқа мәселелерді жиналғандар назарына салды. Жұмыс сапарында шаруа қожалықтарының озық технологияны пайдалану арқылы азық-түлік молшылығын жасаудағы қолға алған игіліктері құптарлық екенін атап көрсетті. Сонымен бірге, өңірде экономиканы әртараптандыру, бәсекеге қабілеттілік пен инвестиция тарту, өңір дамуының негізгі бағыттарына айналғанын нақтылап, жауапты міндеттерді жұмыла орындау қажеттігін атап өтті. Бүгінгі күні екі ауданда да түлік санына шаққанда асыл тұқымды малдың үлес салмағы артып, қолда бар тұқымның гендік қорын сақтауда нәтижелі жұмыстар қолға алынған. Алматы облысы Ел экономикасы мен әлеуметтік, ғылыми, мәдени өмірінде маңызды орынға ие аймақтардың бірі – республиканың оңтүстік шығысында орналасқан – Алматы облысы. Көп салалы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік пен байланыс және сауда құрылымдарынан тұратын экономикалық әлеуеті (потенциал) жоғары Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген әлеуметтік жаңғырту және облыстың индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Жолға қойылған бағдарламалар жоспарлы түрде орындалып, халықтың әл-аухаты жақсарып, тұрмыстары түзелген. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп Алматы облысының жыл басынан бергі көрсеткіштеріне қарағанда, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны едәуір өскен. Өнеркәсіпте 190,6 млрд теңгенің өнімдері өндірілген. Биылдың өзінде жаңадан 29 өнеркәсіп нысандары іске қосылып, жұмыс жасап тұрған 6 өндіріс кеңейтілген, қосымша 813 жұмыс орны құрылған. Өткен мерзімде жалпы аумағы 407,5 мың шаршы метр 2727 тұрғын үй пайдалануға берілген. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 265,1 мың адам еңбек етсе, осы мерзімде тұтынушыға 203,9 млрд теңгенің қызметі көрсетіліп, сапалы өнім өндіріліпті. Елбасының тапсырмасына орай қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 147,2 млрд теңгені құраған. Жұмыссыздықтың алдын алу, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де оңтайлы шешілген. Жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беру, халықтың денсаулығын жақсарту, тағы басқа салалардағы жұмыс нәтижесі де қанағаттанарлық. Экономиканың басымдықты секторларын дамытуда көшбасшылар қатарынан көрінген облыс «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасы Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін екінші орында тұр. Аймаққа бөлініп отырған жалпы сома 973 миллион 327 мың теңгені құрайды. Экономиканың шикізаттық емес секторларында кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау мақсатында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспортқа бағытталған өндірістерге демеу болу негізінде қолға алынған «Бизнестің жол картасы – 2020» арнайы бағдарламасы облыста жүйелі орындалып отыр. Аталған бағдарламаны қолға алып, Алматы облысындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2011 жылға мемлекеттік бюджеттен 5 043 058 000 теңге бөлінсе, былтыры бұл бағдарламасы бойынша облысқа 1 млрд 482 млн теңге бөлініп, нақтыланған жобалар іске асырылған-ды. Алматы облысы бойынша Индустрияландыру картасына 2,5 мың жұмыс орнымен 25 жоба енгізілді. 2010 жылы он объекті іске қосылды. Ағымдағы жылы сегіз объектіні іске қосу жоспарланған. Бірінші жартыжылдықта бес объекті – премикстер мен концентраттарды өндіру зауыты «Кормовик-Евротехнология» ЖШС, асфальт өндіру зауыты «ЮрИнвестСтрой» ЖШС, сүт өнімдерін өндіру зауыты «Байсерке Агро» ЖШС, пішінді құбырларды өндіретін зауыт «Компания SONIK» ЖШС, Хюндай жүк автомобильдері мен автобустарын ірі-тораптық жинақтау бойынша жоба «ХюндайАвтоТранс» ЖШС. Осы жылы 4 шілдеде телекөпір арқылы тікелей байланыстың барысында Мемлекет Елбасына «Компания SONIK» ЖШС пішінді құбырларды өндіретін зауыт таныстырылса, жылдың екінші жартыжылдығында Индустриялық (стационарлық) қорғасын-қышқыл аккумуляторларын игеру «Қайнар-АКБ» ЖШС, жылыжайдың құрылысы «Green House - жасыл үй» ЖШС, «Байсерке Агро» ЖШС-да вакуумдық орауышта блокты ет және ірі тілімді еттерді шығару бойынша етті қайта өндіру кешенін құру сияқты үш жоба іске қосылады. Сонымен қатар, Республикалық Индустрияландыру картасының аясында 2011 жылы Мойнақ СЭС-і мен «Жетіген-Қорғас» теміржол желісін іске қосу жоспарланған. Ауылшаруашылық Алматы облысының аграрлық секторы – өңір экономикасының локомотиві. Облысты өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 228 миллиард теңгені құрады. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға жоғары. Ал үстіміздегі жылдың 6 айында 69,8 млрд теңгенің жалпы өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 миллиард теңгеге артық. Шаруашылықтың барлық санаттары бойынша 127,4 мың тонна мал және құс еті өндірілген. Аймақта ауыл шаруашылығы саласында сындарлы жобалар жүзеге асырылып, мал басы көбейіп келеді. Мысалы ірі қара – 1057,5 мың, қой мен ешкі – 4118,3 мың, жылқы 287,2 мыңды құраған. Облыс аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жөнінде республикалық өңірлік карта бойынша инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Шеңгелді алқабындағы тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып, көкөніс және жеміс өндіру жөніндегі жоба. Онда 2014 жылға дейін тамшылатып суғару технологиясын пайдаланып, 1400 гектар жер игеріледі. Сонымен қатар 13 мың тонналық жеміс-жидек, көкөніс қоймасы және қызанақ өңдейтін өңдеу зауыты салынады. 2010 жылы өндірілген өнім көлемімен Алматы облысы республика бойынша бірінші орынға шыққан болатын. Биыл да облыс диханшылары өнімнің жақсы болатынын айтып, жұртты қуантуда. Берілген жедел мәліметтер бойынша, өңір ауыл шаруашылығындағы егістік жерлер жоспардың 100 пайызын толықтай орындап, 907,1 мың гектарды құрайды. Дәнді дақылдар егісі 471,3 мың гектармен жоспардың 97,6 пайызына пара-пар болса, оның ішінде дәндік жүгері – 63,4 мың га (105,2%), күріш – 14,1 (101,3%), қант қызылшасы – 14,1 (100,0%), темекі – 700 (88,6%), майлы дақылдар – 142,7 (117,1%), картоп – 35,3 (100,1%), жалпы бақша дақылдары – 31,5 (103,8%), мал азығы дақылдары 211,5 мың гектарға (95,3%) жеткен. Қазіргі уақытта ауылшаруашылық дақылдарын егу, күтіп-баптау (шөптеу, түптеу, минералды тыңайтқыштармен тыңайту) бойынша агротехникалық шаралар жүргізілуде. Облыста ауыл шаруашылық дақылдарын ерте жинау жұмыстары басталды. 2011 жылдың 11 шілдесіне берілген мәліметтер бойынша, 739 га жерден орта түсімі 143,8ц/га болатын 10,6 мың тонна картоп, 826 га жерден орта түсімі 135,8ц/га болатын 11,2 мың тонна көкөніс жинап алынды. Мал азығын дайындау жұмыстары да жалғасуда. 591,0 мың тонна шөп дайындалды, ол 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,7 мың тоннаға көп, пішендеме – 62,6 мың тонна (81%) немесе 4,0 мың тоннаға артық.

1225 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы