• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қазан, 2011

Жиналған астық толық сақталады

Ауыл шаруашылығы, оның ішінде қазіргі жауапты науқан – егін жинау және бастырылған астықты сақтау мәселесі қаралған үкімет отырысында ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков жаңа егіннің астығын сақтауда ешқандай қиындық болмайтындығын айтты.

Министрдің айтуына қарағанда, бүгінгі күні республикада жалпы сыйымдылығы шамамен 13,6 млн тоннаны құрайтын 217 лицензияланған нан қабылдау орны бар. Сонымен қатар ауылшаруашылық құрылымдарында жалпы сыйымдылығы 9 млн тонна болатын шағын астық қоймалары бар. Екеуін қосқанда бүгінде еліміздің астық сақтайтын әлеуеті 22,6 млн тонна болады. Мұның үстіне нан қабылдау орындары мен ауылшаруашылық тауар өндірушілерінде уақытша астық сақтауға мүмкіндік беретін асфальт төселеген алаңдар бар. Оларда шамамен 3 млн тонна астық сақтауға болады. «Бір атап өтерлігі, – деді А. Мамытбеков. – Біз астықтың негізгі көлемін жауын-шашынға ұшыратпай, құрғақ түрде жинап алдық. Астықты аймақтарда 20 қыркүйекке дейін жауын-шашынсыз болды. Бұл астықты қоймаларда кептірмей-ақ сақтауға мүмкіндік берді».

Оның айтуынша, қазіргі таңда нан қабылдау орындары 50 пайыз ғана астықпен толтырылған. Елдің үш өңіріндегі бос элеваторлардың сыйымдылығы 5 млн тоннаны құрайды. Ал ендігі бастырылатын астық көлемі шамамен 5 млн тонна. Сондықтан астық сақтауда ешқандай қиындық болмайды.

Осы отырыста үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев облыс әкімдеріне астық сатып алу штабтарын құруды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде шамамен 5 млн тонна астық сақтайтын қойма бар. Ал айына 1 млн тонна астық экспортталатын болса, элеваторларда шаруалардың астығын сақтайтын орын босап отырады.

Қазір астық негізінен шаруалардың қолында. Олар астықтың бағасы көтеріледі деген үмітпен бидайды сатуға құлшыныс таныта қоймай отыр. Ал «Азық-түлік корпорациясы» астықтың бір тоннасын 170 АҚШ доллары көлемінде сатып алмақ. «Азық-түлік корпорациясы» ұсынып отырған баға шаруалар үшін өте тиімді. Сондықтан бар аймақта әкімдер бұл істі бақылауға алып, жергілікті жерде астық сатып алу штабтарын құруы қажет. «Бар астығын Азық-түлік корпорациясына сатып, оны қайтіп сақтаймын деген мәселеден арылу – шаруалар үшін ең тиімдісі осы, – деді Ө. Шөкеев. – Әкімдер астықты мемлекеттік сатып алу, ал Ауыл шаруашылығы мен Көлік және коммуникация министрліктері теміржолмен тасымалдау мәселелерін реттеумен айналысулары қажет».

Елбасының «диқан қауымының маңдай терімен өсірілген егіннің бір дәні далада қалмай жиналып, Отан қамбасына құйылсын» деген ескертуінен кейін, жағдай осылайша бірден өзгерді. Бітік шыққан астықты құйып алатын қамба да, сақтайтын қойма да табылды. Енді астық артық болмайды.

717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы