• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қазан, 2011

Егін орағы Астық ешқашан артық болмайды Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Биыл бітік еген өсірген шаруаның қуанышы ұзаққа бармады. «Артық астық – зиян», деп ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков бір шошытса, енді жауын-шашын қол байлауда. Соңғы аптада еліміздің бар аймағында сылбырап жауған жауынның аяғы қарға ұласатын түрі бар. Ауа-райын болжаушылардың айтуынша, қар түсіп, жер қатады. Ал қазіргі таңда биыл 25 млн тонна жинаймыз деген астықтың дені далада жатыр. Орылмағаны бар, орылып бастырылғаны бар, маңдай термен өсірілген мол астықтың бұдан екі жыл бұрынғыдай тағы да қар астында қалмасына кім кепіл? Бүгін жер емген диқан қауымын ғана емес, нан қадірін білер әрбір адамды алаңдатып отырған мәселенің үлкені осы.

Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков «біздің дәстүрлі экспорттаушыларымыз 6 млн тонна астық сатып алады, ішкі қажеттілікке керегі 8 млн тонна. 14 млн тонна астық бізге жеткілікті. Ал артық өсірілген астық – зиян» дегенді айтты.

Басқа жұрт астыққа жете алмай зар, ал біз егін мол шықса қиналамыз. Неге? Өйткені мол астықты сақтайтын қоймаларымыз жоқ. Бұрын, кеңес жылдарында астық негізінен Ресейге жіберіліп, сақталынатын дегеннің өзінде, біздің республикамызда мемлекеттік қоймалардың сыйымдылығы 24 тонна болған екен. Оған жалпы сыйымдылығы 18 млн тонна болатын колхоз-совхоздардың қоймаларын қосыңыз. Сонда 40 млн тоннадан астам астық сақтайтын мүмкіндігіміз болды. Өкінішке орай, қазіргі күні олардың барлығы жұмыс істеп тұрған жоқ. Кешегі өтпелі кезеңде қараусыз қалды, қирады-құлады. Жаңадан салынып, қатарға қосылғаны аз.

Сөйтіп, мол астыққа қуана алмауымыздың басты себебі – оны сақтайтын орынның жоқтығы. Қазіргі күні қамбаларға ішкі қажеттілікке жеткілікті көлемді құйып алар орын бос емес. Ресми мәліметтерге қарағанда, элеваторларда былтырғы, тіпті алдыңғы жылғы астық жатқан көрінеді. Астықты Ақмола облысындағы элеваторлардың 46 пайызында мемлекеттік қордың астығы жатыр. Сарапшылардың пікіріне сүйенер болсақ, қоймада бұрынғы астықтың жатқаны жаман емес. Қоймада міндетті түрде стратегиялық қор – белгілі бір көлемде астық сақталуы керек. Алайда бұл жаңа астықты құюға кедергі болмаса керек-ті. Еліміздің астықты өңірлері – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында сақталған астықты жаз шыға өзге өңірлерге қарай жылжытып, қоймаларды босату керек еді. Осылайша жаңа егіннің астығын қабылдауға ертерек дайындық жасағанда, ораққа түскен астықты қайда құюрымызды білмей бүгінгідей әбігерге түспес едік.

Сонымен жылына 14 млн тонна астық бізге жеткілікті болғанымен, бітік егін өсіре алсақ, астық ешқашан артық болмайды. Биыл соңғы алпыс жылда болмаған бітік егін өсірдік, 25 млн тонна астық аламыз дегенмен, кезінде біздің республикамызда 30-34 млн тонналап астық жиналған. Әлемдегі астық экспорттаушылардың алдыңғы шебіне шығуымыз – міндет болып отырған бүгінгі күні жеріміздің осы мүмкіндігін неге пайдаланбасқа. Экспорттық әлеуетімізді сол 6 млн тоннадан асырмаған күннің өзінде, табиғаттың мінезіне тәуелді бұл салада осы көлемнің өзін жылма-жыл қамтамасыз етуді ойластыру керек қой. Бұл жерде де алдыңғы кезекке қойма, астықтың дұрыс сақталу мәселесі шығады. Талапқа сай қоймаларымыз болса, жыл сайын сыртқа шығарымыз деген 6-7 млн тонна асықтың жартысы жылдан-жылға ауысып отырар еді. Егін аз шыққан жылдарда бұл біздің экспорттық әлеуетімізді келісім деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдарға көз жүгіртсек, нақ осы қоймалардың жетіспеушілігінен бітік шыққан егінді қар астында қалдырамыз. Керек көлемді ғана жинап, сақтай аламыз. Ал табиғат сараңдық танытқан жылдары сыртқа келісілген көлемді шығара алмаймыз. Сондықтан экспорттық әлеуетімізді келіссөздер көлемінде ұстап тұруда тұрақтылық жоқ. Нарықты болжап отыру саясаты да жасалмаған. Мұндай жүйесіздікпен біз әлемде астық экспорттаушы елдердің алдыңғы легінен тұрақты орын алмақ түгілі, дәстүрлі сатып алушыларымыздан айрылып қаларымыз ғажап емес.

580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы