• Бизнес & Қоғам
  • 04 Сәуір, 2013

БҮГІНГІ ЕРТЕҢГЕ ӨЛШЕМ ЕМЕС

Ғасырға бергісіз жиырма жылда әрбір азаматтың көкейінде өткенін саралап, бүгіні мен ертеңіне яғни болашағына көз жүгіртері хақ. Әсіресе бітпейтін көрінген тоқсаныншы жылдардың ауыртпалығын елімен, жерімен бірге көргендер бүгінгі күніне тәубе дер. Алайда барға місе тұтып, қол қусырып қарап отыруды уақыт көтермейді. Жаһандану дәуірінде өз бет-бейнең болу үшін бүгінгі білік-білімің аздық етеді.

Ұлт басшымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан–2050» стратегиялық бағдарламасында «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» - деп атап көрсеткеніндей, болашаққа жан-жақты білімді ұрпақ тәрбиелеу тек ата-ананың ғана емес, әрбір ұстаздың басты міндеті, адами парызы.

Торғай төсіндегі орта буын мамандарын даярлайтын алғашқы арнайы оқу орны – «Торғай аграрлық-техникалық колледжі» елу жылға жуық уақыт бойы мыңдаған маманға өмірге жолдама берді. Бүгінде оның түлектері – өз ісінің майталман шеберлері, олар еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті алыс та жақын шет елдерде еңбек етуде. Олардың ішінде Арқалықты ең қиын кезеңде басқарып, аянбай еткен еңбегімен халық алғысын арқалаған, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, бүгінде «АБК құрылыс-1» ЖШС және «BI-Croup» холдингінің бас директоры Жомарт Түбекбаевты, «Алюминийқұрылыс» ЖШС-інің бас директоры Абай Мұқановты, Ұлттық банктің Қостанай қалалық филиалының төрағасы Мираш Жұмашұлын, бизнес саласында аты танымал Мирам Айдаболовты, гір тасын көтеруден әлемнің он дүркін чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Владимир Крессті біздер мақтан тұтамыз, кейінгі толқынға үлгі етеміз.

Оқу орнымыз басында «Бухгалтерлік есеп және аудит», «Агрономия» мамандықтарын ғана даярлайтын болса бүгінде, заман талабына сай «Ферма шаруашылығы (бейіндері бойынша) фермер, «Менеджмент (салалар және қолдану аясы бойынша) менеджер», «Есеп және аудит (салалар бойынша) экономист-бухгалтер», «Электрлік және электромеханикалық жабдықтар (түрлері бойынша) электромеханик», «Автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету, техник-механик» осындай мамандықтар берумен қатар қысқа мерзімді курстар арқылы бастапқы да мамандықтар береміз.

Қандай да болмасын теориялық дәріс беру іс-тәжірибелік, зертханалық әзірлікке ұштаспаса онда ол жалаң, өмір айдынында қауқарсыз маман болып шығады, жұмыссыздар санын көбейтіп, сан мен сапаның арасы алшақ кетеді. Ал нарық талабы қатаң, кім білікті, білімді болса сол еңбек дариясында еркін жүзеді. Осыған орай бүгінде қандай да болмасын оқу орнына демеушілік әсіресе іс-тәжірибеден өткізуге байланысты қолдау ауадай қажет. Бұл орайда қаламыздағы «Торғай боксит кен басқармасын» - басшысы В.П.Родинді, «Алюминқұрылыс» - бас директоры А.Қ.Мұқанов, «Нұр-Жайлау» басшысы Е.Қ.Касеновты, «Арқалық жылу энергетикалық» мекемесі, басшысы Н.Әлинді, «Қостанай оңтүстікэнергосервис» мекемесі, басшысы А.О.Искендировтардың көмек қолдарын созғанын айтып өткен орынды болар.

«Қазақстан–2050» жаңа бағытында «кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек» - делінген, яғни қажеттілік сұранысқа сай болуы бірінші кезекте тұр. Колледж аграрлық салада қала мен ауылға қажетті маман даярлай отырып, жаңа мамандықтар ашуды жоспарлауда. Бұрынғы Торғай облысының Жангелдин, Аманкелді, Жарқайың, Арқалық аудандарының елді мекендері, егін шаруашылығынан гөрі мал шаруашылығына қолайлы екені рас. Ал мал шаруашылығы арнайы мал дәрігерін, зоотехникті яғни білікті маманды қажет ететіні айқын. Осы жағын ескере отырып жоғарыдағы мамандықтармен қатар, болашақ құрылысшылар мамандығын да ашуды қолға алғалы отырмыз.

Қуатты мемлекет, ұлттық тұрақтылық Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың айтқанындай «Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт» - деуі Қазақстанда тұратын барлық ұлттарға да қатысты десек те, мемлекетіміздің тұтастығының негізі біздің ұлтта екені рас, сондықтан да қазаққа артылар жүк ауыр. Бір ғана біздің колледжіміздің өзінде он төрт ұлттың өкілі дәріс алып, бір отбасының баласындай бірліктің үлгісін көрсетуде. Оларға жан-жақты жабдықталған, бүгінгі күннің талабына сай жиырма төрт оқу бөлмесі, үш зертхана, оқу-тәжірибе үшін 500 га жер телімі, 100 га шабындық жайылымдық жер, үш компьютер сыныбы, 39000 кітап қоры бар кітапхана, сәулетті де жарық 270 орындық жатақхана, шынығу-жаттығу залы мен кең де жарық спорт залы және асхана қызмет етеді. Жан-жақты сапалы білім алуға барлық жағдай бар.

Алайда, ертеңгі күнге үңілетін болсақ, бүгіннің ертеңге өлшем емес екенін түсінеміз. Колледждің материалдық базасы әлі де толықтыруды, әсіресе техникалық жарақтандыруды қажет ететіні анық, ол үшін «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұжым болып еңбек етіп, жастарымызға Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың айтқанындай «Сіздердің табыстарыңыз – ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз бен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы» дегенін, өмірімізге үлгі-өнеге, болашаққа жол сілтеу деп түсініп, болашақ Алтын ғасырға лайықты жетістіктерге жетеміз және өз үлесімізді қосамыз.

Кешегі облыс орталығы бүгінгі шағын «моно» қалалар тізіміне кіріп тұрған Арқалықтың тыныс-тіршілігі «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолы құрылысының басталып, бірер жылда халық игілігіне берілуі біздерді алға жетелеп, болашаққа деген сенімімізді арттыруда. Жас қала Торғай төсінде өркендеп дамуына біздің жастарымыз үлес қосады және ертеңге сеніммен қарайды. 

Арман Шамшин, Торғай аграрлық-техникалық колледжінің директоры.

Арқалық қаласы

516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы