• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қазан, 2011

Жанармай нарығы Ең алдымен ішкі нарық қамтамасыз етілуі тиіс Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Қазақстандықтар жанар-жағармай өнімдерімен ең алдымен ішкі арық толық қамтамасыз етілуі тиіс деп санайды.

Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, қазақстандықтар бәрінен бұрын мұнай өнімдерінің бар түрімен ішкі нарықтың толық қамтамасыз етілуіне мән беретін көрінеді. Елордадағы 6-энергетикалық форумның мінберінен министр мырзаның осылай деуі де қызық. Бүкіл өмір-тіршілігі мұнай бағасына байлаулы елде басқаша болуы мүмкін бе?

– Елімізде ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін шығаратын үш мұнай өңдеу зауыты – Атырау, Шымкент, Павлодар зауыттары бар. Алайда ішкі нарықтың жанар-жағармайға деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге бұлардың өңдеу қуаттылығы жетіспейді, – деді Астанада өткен VI KAZENERGI еуразиялық форумында сөйлеген сөзінде министр.

Сондықтан, министрдің айтуына қарағанда, бүгінде ел ішінде пайдаланылатын жоғары октанды бензиннің бір бөлігі  сырттан тасымалданады. Міне, осы импортқа тәуелділіктің нәтижесінде кей кездерде жанармай бағасының ауытқуы орын алып, ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтасыз етуде қиындық туындап жатады. Бұған байланысты: «Нарықтық қатынастарға негізделген ашық экономиканы құра отырып, біз жаһандық баға үрдісінен шет қала алмаймыз. Дегенмен басқа салалардағы өзіндік құнның өсуіне әсер етіп, қымбатшылыққа әкелетін жанармай бағасының күрт ауытқуларынан ішкі нарықты сақтап қалу – біздің басты бір міндетіміз және оған шамамыз жетеді. Ішкі заңнама да осыған бағытталған», – деді Сауат Мыңбаев.

Ішкі нарықтың жанар-жағармайға деген сұранысын толығымен өтеу, сөйтіп күрт баға өсуіне жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан шаралардың қатарында министр ең алдымен еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту-жаңғырту жұмыстарын атады. Бұл жобалар ойдағыдай жүзеге асырылған күнде, елімізде жылына 17 млн тоннаға дейін мұнай өңдеуге қол жеткізілетін болады. Қазіргі 4-5 миллион тоннамен салыстырғанда, бұл жыл сайын өсіп отырған ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға мол мүмкіндік берері сөзсіз. Сондай-ақ мұнай өңдеу қуаттылығының артуымен қатар, жаңа технологиялар негізінде барынша тереңдеп өңдеуге жағдай жасалады. Яғни мұнай өнімдерінің көптеген басқа да түрлерін сапалы шығаруға мүмкіндік туып, «Еуро-5» өлшеміндегі жанармай өндірісі жолға қойылады.

Энергетика саласының Еуразия аймағы мен әлемге аты мәшһүр небір білгірлері бас қосқан мәртебелі жиынның биік мінберінен Сауат Мыңбаев мырза осылай мәлімдеді. Биіктен айтылған сөздің жауапкершілігі де жоғары болмағын ескерсек, қазақстандықтар жанармайға қарық болар күн де ұзай қоймас дейміз.

644 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы