• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қазан, 2011

Болашақтың іргесін бірге қалаймыз Қазақстан дамуының жаңа көкжиектері Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Елордамызда VІ «KAZENERGҮ» еуразиялық форумы өтті. Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған форумның басты тақырыбы «Қазақстан – орнықты дамудың 20 жылы, инвестициялар мен тұрақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» деп аталды. Әлемдегі мұнай-газ саласындағы іргелі халықаралық басқосулардың біріне айналып үлгерген Астана төріндегі осынау алқалы жиынға жер шарының түкпір-түкпірінен келген энергетиканы жіліктеп шағатын білгір мамандар мен сарапшылар ғана емес, шет елдердің жоғары лауазым ды тұлғалары, белгілі саясаткерлер қатысты.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған бұл жиын «Қазақстанның инвестициялық климатын, сондай-ақ энергетикалық әріптестікті нығайтады», деп мәлімдеді форумды ашқан KAZENERGҮ қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев. Еліміз тәуелсіздік алған осы жылдар ішінде экономикасы тұрақты да қар­қын­ды дамып келе жатқан мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтың белсенді мү­ше­сі бола білді, деп атап көрсеткен ол, шетелдік инвесторлармен жүр­гі­зілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2010 жылы Қазақстан жаһандық мұнай нарығында өз үлесін екі есе арттырып, уран өндіруден (жылына 17,8 мың тонна) әлемде бірінші орынға шыққандығын айтты. Еліміз 2015 жылдары мұнай және конденсат өндіруді жылына 95 млн тоннаға, табиғи газ шығаруды 15 млрд тек­ше метрге жеткізбек. Сондықтан «Форумның басты тақырыбы ретінде біз Қазақстанның Тәуелсіздік жылдардағы даму динамикасы, инвестициялар мен энергетикалық ынтымақтастықтың жаңа келешегі мәселесін таңдап алдық», – деді «Kazenergy» қауымдастығының төрағасы. Айта кетейік, қауымдастық 50 ірі компанияның, соның ішінде елімізде жұмыс жасайтын әлемдік мұнай-газ саласы алпауыттарының басын біріктіреді.

Форум жұмысына қатысқан үкімет басшысы Кәрім Мә­сімов бұл халық­аралық басқосудың еліміз тарихындағы айтулы оқиға – ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына орайлас өткізіліп отырған­дығын ерекше атап өтті. Қазақстанның қар­­қынды дамуында индустрияландыру бағыты әрқашан шешуші рөл атқарып келеді. Елімізге келген ең алғашқы инвесторлар шетелдік энер­гетикалық компаниялар болды және олар бүгінде де Қазақстанның ірі инвес­тор­лары болып отыр. Сондықтан біз шетелдік инвесторларға ерекше көңіл бөлеміз, деді өз сөзінде үкімет басшысы. Қазіргі кезде әлемдік экономикалық даму үрдісінде бәсеңдік байқалады, АҚШ-тың қаржылық ахуалының нашарлауы және Еуропадағы қарыз дағдары­сының қордалануы сенім тұғырын шайқалтып, экономикада құлдырау қаупін ту­ғызуда. Инвесторлар кейбір елдер үкі­метінің шешуші саяси қадамдарға қолдау көрсету мүмкіндігіне күдікпен қарайтын болды. Орасан инвести­циялық капиталды қажет ететін өндірістер үшін бұл ерекше ауырт­палық туғызуда. Осыған байла­нысты Қазақстан үкі­меті инвестициялар тартуда және оларды сақтап қалуда, елге келген капиталдың алаңсыз жұмыс істеуіне ай­рықша көңіл бөлудің қажет екендігін жете түсінеді.

Қазір адамзат алдында тұрған қатерлер ауқымды. Жаһандық климаттың өзгеруі барған сайын үлкен қатер төн­діруде. Энергетикалық қауіпсіздік және экологиялық қатерлер энер­гетикалық табиғи қорлардың азаю­ы­на әкеп соғуда. Міне, бұл қатерлер жұмыр жер бетіндегі барша адамзаттың ғаламдық ауқымда бірігуін, ортақ қиындықтарға қол ұстасып қарсы тұруды қажет етеді, деген Қазақстан үкімет басшысының айтуынша, бұл тұрғыда біздің еліміз баршаға тиімді ортақ шешім табуға тырысады. Бұл жерде көңіл аударатын мәселе экологиялық жағынан қауіпсіз экономикалық даму жағдайына қол жеткізу бо­лып табылады. Еліміз энергети­ка­лық тиімді экономика қалыптас­ты­рудағы жаңа технологияларға барынша басымдық беруде. Биыл тамыз айында үкімет «Энергетикалық тиімділік және энергия үнемдеу туралы» заңды мақұлдады. Бұл заң өнеркәсіпте пайдаланылатын энер­гия қуатының көлемін 2015 жылы 10 пайыз, ал осы он жылдықтың аяғында 25 пайызға төмендетуді көздейді.Бұл ретте біз бейбіт атомды да­мытуда алғашқы қадамдар жасап жатыр­мыз. Осы тұрғыда маусым айында қабылданған энергетикалық дамудың жаңа бағдарламасы, бір жағынан Қазақстанда ал­ғашқы АЭС салу мәселесін де қарас­ты­рады. Қазақстанның бейбіт атомды дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар. Біздің ойы­мызша, Фукусима оқиғасы ең алдымен, барынша қауіпсіз энергетикалық саланы қалыптастыру үшін баршамызға сабақ болуы керек, деді Үкімет басшысы.

Алқалы жиын мінберінен көп айтылған мәселенің бастысы – энергетикалық қауіпсіздік, мұнай-газдың экспорттық дәліздерінің тиімділігі болды. Сондай-ақ форум барысында «Мұнай-газ саласына инвестиция салу» мәселесі талқыланады. Жиында әлемнің алпауыт компанияларының топ-менеджерлері Қашаған кенішіндегі өндіріс, экстремалды суық жағдайларда мұнай операцияларын жүргізу, Қарашығанақ кенішінде сұйық көмірсутегін өндірудің жаңа мүмкіндіктері сияқты мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Энергетикалық ресурстарға бай қазақ еліне қызыға қарап отырған Батыс өзінің осы саладағы қауіпсіздігін әріден ойластыруда. Көгілдір отынды қысым жасаудың саяси құралына айналдырып алған Ресейге тәуелділіктен құтылу әрекетімен Еуропалық одақ Қазақстанды осы бағыттағы жобаларға қатысуға шақырады. Соның бірі – Транскаспий газ құбыры жобасы. Қарт Каспийдің жағалауындағы Ресейден басқа елдерді өз жағына тарту үшін Еуропа қолдан келгеннің бәрін жасамақ. Форум мінберінен Еуроодақтың биік лауазымды өкілі Қазақстанды энергетика және оған қатысты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырып, бұдан ұтылмайтындығына сендірді. «Еуроодақ өзін қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы қатаң сақтаушы ретінде таныта алды. Бірде-бір инфрақұрылымдық жоба табиғатқа келер экологиялық ықпалы бағаланбай, қолға алынбайды!» деген ЕО-ның энергетика жөніндегі комиссары Гюнтер Оттингер ресми Астананы Ресейді айналып өтетін жаңа тасымал бағыттарын талқылауға шақырды. «Біз Қазақстанды NABUCCO газ құбыры жобасына арналған Будапешт саммитінде, сондай-ақ Оңтүстік дәліз бойынша Прага саммитінде көруге құштармыз! Біз Қазақстанды одан әрі Оңтүстік дәліз жобасына қатысуға шақырамыз!» Міне, көмірсутегі қорына бай Қазақ елін Еуропа осылайша өз қатарынан көргісі келеді.

Салалық министрліктің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан барланған мұнай қоры жөнінен қазір әлемде 9 орында тұр. Ал жер қойнауында жатқан қазына қанша? Сондықтан Елбасының тапсырмасымен еліміздің бұл тұрғыдағы жерасты байлығын барлап біліп, әлеуетті арттыру мақсатында үкімет қазіргі күні кең ауқымды геологиялық зерттеу жұмыстарын өрістетуде. Осы мақсатта жаңадан мемлекеттік геологиялық құрылымдар құрылды. Жалпы еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бергі 20 жылдың ішінде елімізде мұнай өндіру көлемі 3 еседен астам ұлғайған. «Қазақстан өндірістің шырқау шегіне әлі жетпеген әлемдегі аз ғана елдің бірі болып табылады» деген мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, болашақта көмірсутегін өндіру көлемі елеулі түрде өседі деп күтілуде.



458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы