• Бизнес & Қоғам
  • 11 Сәуір, 2013

ОРНЫҚТЫ ДАМУ ӨЗЕКТІ ШАРАЛАРДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Ғаламдық шаралардың бірі ретінде энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізудің басты амалы – энергия үнемдеу қағидаларын қатаң ұстану екендігі белгілі. Соған орай энергоаудит пен энергоменеджмент елімізде энергия тиімділігін арттыруды жоспарлау мен оны жүзеге асырудың нақты құралы болып отыр.

Қазақстандық тұрғын үйлердің 65%-ы Еуропа елдеріне қарағанда энергияны 2-3 есе көп пайдаланады екен. Осыған орай республикамызда энергия көзін үнемдеу мақсатында жан-жақты іс-шаралар қарастырылуда. Бүгінгі таңда энергоаудит жүргізу мен энергоменеджментті енгізудің қазақстандық моделінің кең ауқымды картасы әзірленіп, ол нақты дәлелдерден және қадам-қадаммен көрсетілген алгоритмнен құралған. Өйткені, бүгінгі таңда Қазақстан нарығында энергоаудит пен энергоменеджмент өткізудің көптеген шетелдік әдіснамалары мен жүйелері дендеп еніп жатыр. Салалық белді ұйымдар мен кәсіпорындардың басын біріктіретін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс ұлттық палатасы өзге ұйымдармен бірлесе отырып, үстіміздегі жылы ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында еліміздің бірнеше қалаларында «Энергетикалық тиімді шағынаудан» жобасын іске асыруды көздеуде. Жоба шеңберінде энергия қорларын шығындауды азайтатын шағынаудандарды басқарудың тиімді моделін ұсынуда.

Энергетикалық тұрақты дамудың ажырамас бөлігі боп табылатын екі мәселенің – энергоаудит және энергоменеджментті енгізудің жай-жапсары талқыланған ғылыми-тәжірибелік конференцияда БҰҰ даму бағдарламасы энергоаудит жүргізудің қорытындысы бойынша ғимараттарды пайдалануға беру кезінде энергия тиімділігі класын көрсетумен энергетикалық паспорт беруді енгізу туралы ұсынысымен шықты. БҰҰДБ сондай-ақ, мемлекеттік сараптамалар шеңберінде жобалардың энергия тиімділігіне сараптама жүргізу, тұрғын үй қорында жылу энергиясын есептеу құралын жобалау және орнату тапсырмаларында энергия тиімділігі класын көрсету туралы заң талапарын міндетті түрде сақтауды қамтамасыз етуді және энергия тиімділігі кластары бойынша әрі қарай ғимараттарды паспорттау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, энергоаудитті сапасыз жүргізгені, есептеу қондырғыларын орнатпағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қажеттігін де пысықтады.  

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда энергоаудит әдістемесінің болмауы энергетикалық аудит жүргізу идеясының тежелуіне әкеледі. Оның үстіне бизнесін осы салаға бағыттауға шешім қабылдаған көптеген мекемелердің барлығын басынан бастауларына тура келеді. Соған орай Қазақстан энергоаудиторлар қауымдастығының мүшелері жай ғимараттарға энергетикалық аудит жүргізу әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізді. Озық тәжірибелер базасында жасалған әдістеме ғимараттардың нақты энергия пайдалануын анықтау және олардың энергия тиімділігін арттыру тәсілдерін табу мақсатында энергоаудит жүргізуді ынталандыра алады. Сонымен бірге, әдістеме мақсаты – республикамызда тұрғын үйлердің энергетикалық аудитін жүргізгенде энергоаудиторлардың жаппай келесі практикалық пайдалануы үшін тұрғын үй ғимараттарының энергетикалық аудитін жүргізу болып табылады.

Бүгінде энергия тиімділігін құру саласында мамандар даярлау қажеттілігі өзекті болып тұр. Энергия үнемдеу бағдарламасы аясында биылдан бастап еліміздің жоғары оқу орындарында энергоаудит және энергоменеджмент бойынша мамандар даярлау қолға алынуда. Энергия үнемдеу саласындағы мамандарды әлемдік стандарттар бойынша оқытуға халықаралық оқу және кәсіптік орталықтар тартылып отыр. Олардың қатарында Германияның Энерготиімділік және орны толатын энергия көздері мәселелерімен айналысатын білім орталығын, Масдар ғылым және технологиялар университетін, Кореяның экологиялық өсу институтын және Норвегияның «ЭНСИ» компаниясын атап айтуға болады.  Жалпы алғанда республика бойынша энергоаудиторларды оқытумен 6 мекеме айналысуда. Олар Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде тіркелген. Қазір энергоаудит мамандарын оқытудың бірінші кезеңі жүзеге асырылып, 20 адам даярлықтан өткен. Сондай-ақ, жаңадан оқытылған энергоаудиторларға практикалық сабақтарды көбірек өткізу қажет. Бұл өз кезегінде тұрғын үй қорын энергетикалық тиімді дамытуды іске асыруға жол ашады.

Айтулы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдаған қазақ елі үшін энергия үнемдеудің озық шараларын жүзеге асыру тіпті өзекті бола түспек. Өйткені, Қазақстан әлем алдына барлық энергия үнемдеуші және балама технологиялар бағытындағы инновациялық бастамаларымен және шешімдерімен шығатын болады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы