• Бизнес & Қоғам
  • 11 Сәуір, 2013

Жүректі емдейтін Еуразиядағы жетекші орталық

 

Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесі еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан мемлекеттің айрықша назарында болып келеді.


Еліміздің жаңа даму дәуіріндегі саяси бағытын айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясында халық денсаулығын қорғау саласындағы негізгі басымдықтар белгіленді. Республикамызда денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында  қолға алынған жұмыс, жүзеге асырылып жатқан шаруа ұшан-теңіз. Солардың қатарында осынау аз ғана уақыттың ішінде елордамызда атқарылған істер қаншама. 

Бас қаламыз – Астана бүгінде алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсету орталықтары шоғырланған ғылым мен білім ордасына айналып отыр. Елордамыздағы ғылым мен технология жетістіктеріне сүйене отырып, халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету жолында үздіксіз ізденіс үстіндегі осындай еңбек ұжымдарының бірі – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы.

Құрылу тарихына көз жүгіртер болсақ, 180 төсек орынға арналған кардиохиургиялық орталық  құрылысын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы  бойынша «MABCO Constructions s.a.» фирмасы салған. 2011 жылдың 12 қазанында пайдалануға берілген ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы Орталық Азия өңірінде медициналық қызмет көрсету деңгейі мен сапасы жөнінен дүниежүзілік талаптарға сай, ғылым-білім беру қызметімен отандық және әлемдік дәрежеде танымал, қуатты кадрлық әлеуеті, тиімді корпоративті және бизнес-бағытты басқаруы бар жетекші кардиохирургиялық орталық болып табылады.

Орталық заман талабына сай кардиология, кардиохирургия және интервенциялық кардиологияның барлық бағыттарын біріктіреді және ересектер мен балаларға көмек көрсетеді. Орталықтың негізгі клиникалық бағыты – туа біткен және кейін пайда болған жүрек ақаулары, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, жүрек ырғағының бұзылуын емдеу.

Бұл орталықтың бірегейлігі  «жабық кезеңді» науқастарға кардиологиялық көмек көрсете алуында дер едім. Яғни амбула­торлық тексерістен жоғары мамандандырылған кардио­хиур­гиялық және интервенциялық көмекке, сонымен қатар кешенді оңалтуға дейін қызмет көрсете алуы болып табылады. Орталық Назарбаев Университеттің ғылыми және білім беру базасы болып табылады.

 

 

 

Стационарлық көмек көрсету үшін Орталық медициналық техниканың соңғы үлгідегі заман талабына сай диагностикалық және емдеу жабдығымен жабдықталған: ARTIS zee biplane бипланды ангиографиялық жүйесі, ARTIS zee floor ангиографиялық жүйесі, iLED светодиодтарда операциялық шамдар, Stockert S5 жасанды қан айналымы аппараты, жүректі зерттеу үшін ультрадыбыстық аппараттар.

Орталық құрылымында 30 төсекорындық кардиология бөлімшесі, 22 төсекорындық екі кардиохиургия бөлімшесі, 26 төсекорынға арналған интервенциялық кардиология бө­лім­шесі, ересектер мен балалар үшін 30 төсекорындық екі оңалту бөлімшесі жұмыс істейді. Ересектер үшін 24 төсекорын және балалар үшін 12 төсекорын, интервенциялық араласуларды жүргізу үшін 4 рентген операциялық бөлмелер, кардиоторакалды операцияларды жүргізу үшін 6 операциялық бөлме, оның ішінде 2 балалар бөлмесі ескерілген. Бұдан басқа, Орталық құрылымында ауысымда 110 келушілерге амбулатория, 350 орындық мәжіліс залы, 350 орындық асхана, қызметкерлер үшін 49 пәтерлік тұрғын үй бар.

Орталықта 700-ге тарта адам қызмет етеді, оның ішінде 150 дәрігер және 267 орта меди­циналық қызметкерлер (ОМҚ). Дәрігер­лердің 50 пайыздан астамының және ОМҚ  35 пайызының біліктілік санаттары бар. 24 дәрігердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 11-і – медицина ғылымының докторы болса, 13 дәрігер кандидаттық дәрежеге ие. «Кардиохирургия» мамандығы бойынша 9 дәрігер және «кардиология» мамандығы бойынша 7 дәрігер оқытушылық қызмет жүргізеді.

«Ауруханалық басқару аясында халық­ара­лық стандарттарды енгізу» 031 бюджеттік бағ­дарламасын жүзеге асыру шеңберінде Орта­лықта JCI ұйымдастыруды аккредитеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, бұл үшін «Вамед» компаниясының маманы Амареш Парикшья тартылды.

«Медициналық туризмді» дамыту мақса­тын­да кардиохирургиялық операциялар, интер­вен­циялық араласулар мен операциядан кейінгі оңалту және емделушінің қозғалысы логистикасынан тұратын ұсынымдар пакеті әзірленді (әуежай\ТЖ вокзалында кездесу, VIP палатада орналастыру, әуежай\ТЖ вокзалына дейін шығарып салу).

– Алдағы жылдары Орталық қазақстандық сәйкестікті, денсаулық сақтаудың үздік ха­лық­аралық үлгісі мен ғылыми тәжірибесін үй­лестіретін кардиохирургиядағы ұлттық бренд ретінде дамитын болады. Бұл бағытта Германия, Италия, Бельгия, Франция, Түркия, АҚШ, Израиль елдеріндегі әлемнің жетекші клиникалары Орталық серіктестіктері болып табылады,– деді бізбен әңгімесінде «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы Юрий Владимирұлы Пя. 

Бұрынғы кеңестер одағының іргелі медици­налық орталықтарында кардиохирург болып қызмет еткен жылдарында тамаша тәжірибе жи­нақтаған білікті маман, халықаралық деңгей­дегі кардиохирург, Н.И.Пирогов атында­ғы Ресей ұлттық медициналық зерттеу университетінің түлегі Юрий Пя  Астандағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының тізгінін қолына алған 2010 жылдан бері ұйымдық және емдеу қызметінде тынымсыз ізденіс үстінде. Пя мырзаның жетекшілігімен осы жылдар ішінде орталықта бірқатар бірегей технологиялар енгізілді. Атап айтқанда, оның ішінде республикамызда алғаш рет RОС Safe жүйесін қолдану­мен сол жақ қарыншаның имплантациясы, Cardioblate жүйесін қолданумен АКШ операциясы, Cardioblate радижиілікті аблациясы жүйесін қолданумен жүрек қақпақшаларын протездеу, жүрек трансплантациясы, ЭКМО қолданумен асқазан аралығы ақауының транскатетерлік жабылуы әдісімен операция, аорталды қақпақ­шаның транскатетерлік имплантацисы бойынша операция, бүйрек артерясының денервациясы және т.б.

Орталық дәрігерлері 2011 жылдың 7 қара­шасында Қазақстанда алғаш рет қосалқы қан айналым қондырғысын имплантциялады (Heart Made II), 2011 жылдың 13 желтоқсанында Heart Ware Ventricle Assist Device (VAD) соңғы үлгідегі қондырғысы имплантацияланды. Осы­ның нәти­жесінде Қазақстан ашық жүректе жоғары технологиялы бірегей операцияларды жүргізетін дүниежүзіндегі 22 елдің қатарына енді. 

Алғаш рет біздің елімізде 2012 жылдың 8 тамызында созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар науқасқа донорлық жүрек трансплантациясы жасалды. 

2014 жылға дейін Орталық базасында 20 жуық инновациялық технологиялар енгізіледі, соның ішінде: жүрек жетіспеушілігінің шағын инвазивті емдеу әдістері, гибридті хирургия, трансплантологияның дамуы, жүректің ишемия­лық ауруының хирургиялық емес әдістері, неонаталды кардиохирургияның дамуы, феталды кардиохирургияның дамуы.

Юрий Пя мырза Орталық туралы айта отырып, ол бүгінгі таңда әлемдегі жүзеге асырылып жатқан инновациялық технологияларды енгізу басты мақсаты болып табылатын Ұлттық Медициналық Холдинг жүйесіндегі жас құрылым екендігін атап өтті. «Әлемде жасалатындардың бәрі біздің Орталықта да жасалуда. Біз өткен жылдың тамыз айында трансплантацияны да енгіздік. Осының барлығы қазақстандықтар үшін қолжетімді болуын жоспарлап отырмыз. Шет елдердің азаматтарына көмек көрсету де жоспарымызда бар, бірақ әзірше мұндай мүмкіндік жоқ», –  деді ол.

Орталықтың басты мақсаты – жүрек-қан тамырлары аурулары бар тұрғындардың ден­сау­лығын жақсарта отыра, күтілетін өмір ұзақ­тығын арттыруға көмектесу. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдмыен халықаралық талаптар бойынша ғылым-білім беру қызметіне дайындалған жоғары білікті кадрлар тобын жасақтау; кірісті арттыру және қызметтің лайықты қаржыландырылуын қамтамасыз ету; ме­дициналық көмек көрсетудің емделуші бағыт­талған жүйені құру; ауруханалық менедж­менттің тиімділігін және клиника қыз­метінің өнімділігін арттыру; халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ғылыми инно­вациялық қызмет; Назарбаев Университеті Медицина мектебі кли­никалық базасының әлемдік талаптарына сәйкес болу; еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне тиімді трансферт технологиясын қамтамасыз ету. Нәтижесінде Орталық Азия және ТМД елдерінде алдыңғы қатарлы озық медицина қызметін көрсетудегі жетекші орталыққа айналу.

Еуразия өңірінде жетекші кардиологиялық  орталық болуға ұмытылып отырған еңбек ұжымының негізгі стратегиялық ұстанымдары қатарында сапа, емделушілер мен келушілер үшін қауіпсіздік және қолайлылықты қамтамасыз ете отырып, әр емделушінің жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету алдыңғы орында тұрады. 

Ғылыми тұрғыда, кардиохирургиялық орта­лық Назарбаев Университеттің клиникалық базасы болып табылады. Бұл медициналық кадр­лардың жаңа формациясын қалыптастыруға және кәсіби қызметтің барлық деңгейінде үз­діксіз білім беру үрдісін қамтамасыз етуге сеп­тігін тигізеді. 

Халықаралық сапа өлшемі тұрғысында, ме­ди­циналық қызмет көрсетудің үздік үлгілерін қамтамасыз ету.

Бәсекеге қабілеттілік: Әлемдік деңгейде бә­секеге қабілеттілікті қамтамасыз ету, халық­аралық ғылыми клиникалық және білім беру қауымдастығына бірігу және медициналық қыз­меттердің халықаралық нарығына шығу.

Сабақтастық және кешенділік: халықаралық стандарттар деңгейінде медициналық қызмет­тердің барлық деңгейлері мен түрлерін ұсыну. 

Әлеуметтік жауапкершілік: емделуші игілігі үшін қызмет ету, ал тұтас алғанда халқымыз үшін – денсаулықты сақтау және жақсарту, өмір сапасын арттыру. 

Қаржы тұрақтылығы: Академиялық қызмет­тің алдағы дамуы мен қолдауы үшін жеткілікті қаржы бөлуді қамтамасыз ету.

Басқарудың безендірмесі: клиника қызметі­нің ашықтығын, соның ішінде толыққанды және шынайы ақпаратқа қауымдастықтың қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Орталықтағы басты және ең негізгі тұлға емделуші болып табылады. Сондықтан мұндағы бар қызмет емделушінің талап-тілегі төңірегінде орайластырылады, оның құқы қатаң сақталады.

Біздің клиника жүрек ауруынан қиналып, өз жүрегін бізге сеніп тапсырған емделушілер үшін ашылған. Мойынға артылған орасан міндет пен жауапкершілік жүгін осылай бір ауыз сөзбен әдемі түйіндеген ұлттық кардиохирургиялық орталық  жетекшісі Юрий Владимирұлы айтса айтқандай, аурудан қиналып келген жандар мұнда ақ халатты дәрігерлер қолынан жан-тәніне шипа тауып қайтады. 

 

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта емделіп шыққандардың бірі ретінде мен  көзбен көргендерімді қағазға түсіріп, алдына келген жанға күн-түн демей қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген абзал жүректі азаматтар – орталық дәрігерлеріне осы жолдар арқылы шексіз алғысымды білдіргім келеді.

 

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасының 

еңбек сіңірген журналисі

 

546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы