• Бизнес & Қоғам
  • 06 Қазан, 2011

Бағалы металдар нарығы Қаржылық дағдарыс қысқан әлем алтынға бас қойды Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Адамзат баласы есін білгелі құндылықтың кепіліндей санаға сіңген бір ұғым бар. Ол – алтын.

Бұл атаудың адамзат баласына жақын болып кеткені соншалық, оған анықтама іздеудің қажеті жоқ. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» дегендей, небір қилы кезеңдерді бастан өткерген адамзат қоғамының өркендеулер мен тұралаулардан тұратын сан ғасырлық даму тарихында алтын өзінің әу бастағы құндылықтың өлшеміндей болып қабылданған қасиетін жоғалтпай бүгінге жетті. Бұлай болары, алтынның өзімен деңгейлес бағалы металдардың басқа бірінде кездеспейтін қайталанбас қасиеттеріне байланысты. Адам баласының тұрмыс-тіршілігінде жоғары бағалануымен қатар, алтын адамзаттың рухани әлемінде кір шалмайтын саф тазалық ұғымына ие.

Өзіне қатысты көзқарастың түрлі кезеңдерінен өте отырып, адам баласының өмірінде мәңгіліктің, сенімділіктің талабына сай келетін металл, құндылықтың рухани сипаты ретінде орныққан алтынның бұл тұрғыдағы рөлі мен қызметін пайдалану кеңейіп, тереңдей түсуде. Физикалық-химиялық және физикалық-механикалық ғажап қасиеттері алтын мен басқа да бағалы металдардың өндірісте және экономиканың түрлі салаларында жоғары технологияларға пайдаланудағы теңдессіз тауар ретінде тұтыну құндылығы мен бағасына деген қызығушылықты соңғы жүзжылдықта бірден арттырды. Болашақта адамзат қоғамының дамуындағы алтынның рөлі бұдан да жоғары болатындығын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жарық көрген «Қазақстан алтыны» атты зерттеу еңбегінде дәлелдеп берген белгілі ғалым, қоғам қайраткері Сауық Тәкежановтың тұжырымдары бүгін алдымыздан шығып отыр.

Міне, қаржылық дағдарыс қысқан шақта жалпақ әлем алтынға бас қойды. Біз де елімізде өндірілетін барлық алтынды қазына қорына сатып алуға кірістік. Еліміздің бағалы металдар нарығындағы өзгерістерге орай өткізген соңғы баспасөз мәслихатында Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко: «2012 жылдың 1 қаңта­рынан бастап Ұлттық банк еліміздегі тазартылған алтынның бәрін сатып алатын болады. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Оны орын­ды және қажетті тапсырма деп біле­мін», – деді.

Төрағаның сөзіне қарағанда, ұлттық банк қазіргі күні елімізде өндірілетін барлық алтынды сатып алуға мүдделі. Кемінде алдағы екі-үш жыл бойы осылай болмақ. Еліміздің бағалы металдар нарығы баяғыда ырықтандырылғаны белгілі. Соңғы уақытқа дейін жекеменшікке өткен кеніштерден өндірілген қазба байлық қорытпа күйінде сыртқа тасылып келді. Ешкім мемлекетке алтын сатқан жоқ, оны қажет еткен мемлекет те болмады. Енді ұлттық банк басшысының айтуынша, еліміздегі алтын өндірісінің бар көлемін то­лық­тай сатып ала аламыз. «Алтын­ көлемі белгілеген шектен асатындай болған күнде, біз өз ұсынымымыз­дың тәртібін өзгертуіміз мүмкін. Яғни мұн­дай жағдайда Ұлттық банк өндіріліп жатқан алтынның бір бөлігін игеріп, қалғанын экспортқа шығаруға келісімін береді. Немесе қазынадағы ал­тын­ның бір бөлігін сыртқы нарық­тар­ға өткізу және орналастырумен өзіміз де айналысатын боламыз. Ұлттық банктің қорын­дағы алтынның біршама бөлігін елден жырақ­та сақтау бізге де оңайға түседі. Қалай дегенмен де бағалы металдар нарығындағы ырықтандырылудан кейін алтынды экспортқа шығару тәртібі күмән туғызатын жағдайда деп есептеймін. Ал жаңа тәртіп бойынша жүзеге асырылатын шаралар ашық болатындығына сенімдімін», – дейді Марченко мырза.

Мәліметтерге сәйкес, соңғы жылдары елімізден шамамен 30 тонна көлемінде «Доре» қорытпасы сыртқа шығарылған. Аталған қорытпа құрамына алтын, күміс, платина секілді өзге де бағалы металдар кіреді. Айталық, 30 тонна «Доре» қорытпасынан 20 тонна тазартылған алтын алуға болады. Алайда одан қолға тиетіні 13-14 тонна болатын. Ал қалған 6 тонна алтын, платина мен өзге бағалы металдар қайда кетеді, бұл жағы түсініксіз болып келген еді. Еліміздің бағалы металдар нарығында орын алған осындай келеңсіздік­терді ескере отырып, Ұлттық банк өз есебінен алтын мен өзге металдардан тұратын «Доре» қорытпасының құрамын бақылайтын тәуелсіз зертхана аша­тын болды. Алтын өндірушілер оны қазақстандық қоспаны айыру зауыттарына жеткізіп отырады. Мұндай зертхананың жұмыс істеуінің нәтижесінде алтын­ өндіру жұмыстарының барысы мен тазартылған алтынға салы­на­тын салық мөлшерінің мей­лінше жариялы болуына мүмкіндік туады.

Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл үдерістің айқын болуы үшін, Марченконың айтуынша, барша алтын бір келісімшарт бойынша сатып алынатын болады. Бұл тұрғыда оның бағасы өзара келісім негізінде белгіленеді. Осыған байланысты қазіргі күні бұл мәселеге мүдделі тараптар келісімшартқа қатысты өз ұсыныс­тарын әзірлеп жатыр.

Иә, алтын мен бағалы металдарға деген адам баласының ықылым заманнан бергі қарым-қатынасы ерекше. Ғаламды шарпыған дағдарыс басталғалы бері алтын мен бағалы металдарға деген көзқарас тіпті ерекшелене түсті. Үздіксіз өсу үстінде болған алтын унциясының бағасы қазірде 1919 долларға жетті. Еуроаймағы мен АҚШ экономикасындағы жағдайдың оңалмауына қарай алтын құны қымбаттай түсуде. Өткен айларда АҚШ-та жұмыссыздық қысқармады. Білгір экономистер мен сарапшылар әлемдегі ең ірі экономика құлдырау үстінде дегенді тағы айта бастады. S&P рейтинг агенттігі АҚШ-тың кредиттік дәрежесін төмендеткен бұдан біршама уақыт бұрын сарапшылар «алтын бағасы 2000, тіпті 2500 долларға жететін күн де алыс емес», деген болатын. АҚШ рейтингінің төмендеуі инвестқорлар үшін төбеден жай түскендей болды. Енді ААА дәрежесі тек Францияның, Англия мен Германия, Сингапур және Канаданың бағалы қағаздарында ғана қалды. Бірақ аталған елдердің бағалы қағаздар нарығы тым шағын. Сондықтан инвесторлар өз капиталын алтынға ауыстыра бастады. Бұл соңғы уақытта көріп отырғанымыздай, алтын бағасының көтерілуіне әкелді.

Жалпы алтынның әу бастан ерекше рөлге ие болуы әлемдегі ақша айналымының бастауы болып, ақша-несие қатынастарының дамуына негіз салғандығына байланысты. Яғни қай елде болмасын алтын-валюта қорының жасалып, ұлғайтылуы ұлттық банк пен төменгі деңгейдегі банктер және сол ел үшін сенімділік, қуаттылық кепілі, сондай-ақ отандық экономиканы қаржыландырудың және болашақта экономикадағы басқаруға икемді құрылымдық өзгерістердің сенімді негізі болмақ. Олай болса алтынның тұтастай алғанда экономикадағы, ішкі және сыртқы ақша айналымындағы атқаратын рөлін ештеңе де, ешкім де ауыстыра алмайтындығы даусыз. Дәл бүгінгідей, адамзат баласы қашанда қиналған шақта алтынға табан тірейді.

1489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы